Жаңалықтар

ЕЛБАСЫНЫҢ ЕҢ ҮЛКЕН АРМАНЫ

ашық дереккөзі

ЕЛБАСЫНЫҢ ЕҢ ҮЛКЕН АРМАНЫ

Мемлекеттік тіл жолындағы күрес ешқашан тоқтамайды. Бұл – дамыған және дамушы мемлекеттерге де тән құбылыс. Өзін-өзі сыйлайтын, өткенін құрметтейтін, келешегіне сенімі берік ұлт қана Ана тілін қастерлей алады. Әйтпесе ұрпақтар сабақтастығы үзілген талай тіл Жер бетінен мүлде жойылмас еді.

Тіл үшін күрес тоқтамайды

Жуырда Қазақстан халқы Ассам­блеясының сессиясында ҚР Пре­зиденті Н.Назарбаев: «Егер Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен бүкіл көпұлтты Қазақстан мемлекеттік тілге бет бұрса, біз бұдан бір-бірімізге жақын бола түсіп, бір-бірімізді жақсы түсінетін боламыз… Мен, сірә, екі тілде бірдей сөйлеуге тура келетін сирек Президенттердің бірі шығармын. Ал мен тек мемлекеттік тілде ғана сөйлейтін және бәрі мені түсінетін күнді армандаймын», – деген болатын. «Адамның жаны бар сияқты ұлттың да жаны бар, оның тілі мен жаны табиғи тығыз байланысты. Тілінен айырылған халық міндетті түрде ұлттық қасиетінен айырылады», – депті марқұм Қадыр аға Мырза Әлі бір сөзінде. Негізі тіл ұлттың жанды жері екеніне ешкімнің дауы жоқ. Өйткені тілі жоқ ұлттың аты мен заты да жоқ. Сондықтан мемлекеттік мәртебеге ие тіл жолындағы күрес дамыған және дамушы елдерде аса маңызды. Мысалы Латвияның Сеймі жергілікті өзін-өзі басқару депутаттарын егер латыш тілін білмесе, мандатынан айыру туралы заңды қабылдады. Латыштардың «Тіл туралы» заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, «…латыш тілін білмейтін немесе жарты жылдың ішінде оны үйреніп алуға қабілеті жетпеген депутаттың мандатын аймақтық сот кері қайтарып алуға құқылы». Алты айлық тіл үйрену сабағының ақысын жергілікті өзін-өзі басқару органы төлеуге міндетті. Халқының саны 2,3 млн. адамға жуық Латвияда азаматтардың 44 пайызы орыстілділер болатын. Бірақ жаңа заң шыққан бойда латыш тілін үйренуге ұмтылған депутаттар қатары арта түспесе, кеміген жоқ. Бұл сол елдегі мемлекеттік тілдің дамуына сеп. Ал кеңестік империя кезінде он бес одақтас республиканың бәріне күштеп таңылғаны сияқты Балтық жағалауы елдеріне де орыс тілін білу міндеті жүктелген еді. Қазір орыс тілі шетелдік тіл мәртебесіне ие болғанымен мемлекеттік маңызы бар орындардың барлығында орыстілділер көп. Дегенмен 2012 жылдың басында өткізілген жалпыхалықтық референдумда Латвия халқының басым бөлігі орыс тілін мемлекеттік тіл етуге қарсы дауыс берді. Саяси науқан аяқталған кезде Латвия президенті латыш тіліне қолдау білдірген халқына ресми түрде алғыс айтты: «Мемлекеттік тіл мен Латвияны қорғап, дауыс бергендеріңіз үшін алғыс айтамын. Латыш тілі мен латыштарға тән ұлттық құндылықтар тек Латвияда ғана өмір сүреді. Латыш тілі осы елдің нағыз патриоттарын бір арнаға тоғыстырады», – деп өз ұстанымын ашық білдірді. Кремльдік саясаттың сойылын соғушылар ғана бүйректен сирақ шығаруға тырысқанмен, ешкім Латвияны «мемлекеттік тіліңді қорғадың» деп өзекке тепкен жоқ. Мұндай батыл қадамға осыдан 3 жыл бұрын тәжіктер де барған. 2009 жылы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон бұған дейін қабылданған «Тіл туралы» заңдағы орыс тіліне ресми тіл мәртебесін беретін бапты алып тастауға қатысты Жарлыққа қол қойды. «Ұлтаралық қатынас тілі» мәртебесінен де айырылды. Осының нәтижесінде тәжіктер ресми құжаттар, білім алу т.б. маңызды мәселелерді тек мемлекеттік тілдерінің күшімен шешуге кірісті.

Бүгінде орыс тілінің ықпалын біртіндеп жоюға қырғыздар да мүдделі. Өйткені билік басында Отынбаева отырған кезде Мемлекеттік тіл жөніндегі мемлекеттік комиссия елдегі орыс тіліндегі елді мекендер мен географиялық атауларды ауыстыруды ұсынды. «Елді мекендердің көпшілігі Васильевка, Константиновка, Лебединовка, Малиновка, Алексеевка, Петропавловка, Федоровка, Александровка, Вознесеновка, Военно-Антоновка, Петровка, Гавриловка, Ивановка, Юрьевка, Серафимовка, Григорьевка сияқты қырғыздарға үш қайнаса сорпасы қосылмайтындардың есімімен аталады. Манас жеріне аттары беймәлім әлгі кісілер қандай пайда әкелгені, өздерінің аттарын қырғыздар тарихында қалдыру үшін қандай ерлікке барғаны барғаны белгісіз» делінген құжатта Қазақстан мен Өзбекстанның мұндай қадамға әлдеқашан барғаны және Қырғызстанның Ресей ықпалынан әлдеқашан шығып кеткенімен кеңестік заман кезіндегідей өмір сүруін жалғастырып отырғандығы, барлық жер-су аттарын қырғыздарға қатысты атаулармен өзгерту керектігі айтылған.

Украинаның Жоғарғы Радасының төрағасы Владимир Литвин орыс тілін екінші мемлекеттік тіл ретінде заңмен бекіту туралы ұсынысты сынға алды. «Дәл қазіргі жағдайда, егер орыс тілін екінші мемлекеттік тіл деп таныған сияқты ой түйсек, бізде бір ғана мемлекеттік тіл – орыс тілі үстемдік құратыны анық. Украин тілі ғылыми орта, ақпараттық сала және байланыс саласындағы бәсекелестікке төтеп бере алмайды», – деп ашық мәлімдеген спикер орыс тіліне қысым жасауға қарсы екендігін, сондай-ақ, украин тілін әлсіретуді де қолдамайтынын жеткізді. Негізі украиндар жеріндегі тіл туралы дау қазіргі президент Виктор Януковичтің сайлауалды кампаниясында орыс тілінің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты берген уәдесінен («екі тіл – бір мемлекет қағидасы») кейін туындаған еді. Бірақ қазір Украинадағы мемлекеттік тілді күшейтуге, оны дамытуға қатысты мемлекеттік деңгейде жүргізіліп жатқан шаралар өте кең әрі кез келген ел үлгі алуға тұрарлық. Бір ғана мысал, украин тіліндегі жарнама орыс, ағылшын немесе басқа да шет тіліндегі жарнамаға қарағанда екі есеге арзан. Сондықтан көшелерге ілінген жарнама біткен тек украин тілінде.

«АҚЖОЛДЫҚТАР» МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ КҮШЕЙТПЕК

2012 жылдың наурыз айында «Ақ жол» партясының парламенттік фракциясы мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге қатысты заңнамалық құжаттарға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге ұсыныс жасады. «ҚР «Тіл туралы» Заңының 4-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының әрбір азаматы Қазақстан халқын біріктірудегі маңызды жайт – мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға ниетті тұлғалардың мемлекеттік тілді меңгеруіне жағдай жасау мақсатында «Азаматтық туралы» заңның 16-бабына өзгерту енгізуді ұсынамыз» деп басталатын құжатта шетелдіктердің ҚР азаматтығын қабылдауда мемлекеттік тілден сынақ тапсыруды міндеттеу керектігі айтылады. Бұл талап кәмелеттік жасқа толмағандарға, мүгедектерге, жаппай саяси қуғынға ұшыраған құрбандарға т.б. қатысы болмайды. «Ақжолдықтар» ұстанып отырған бұл қағида Германия, Австрия, Венгрия, Грекия, Хорватия, Эстония, Литва т.б. елдерде қолданылады екен. Мысалы Германияда азаматтық алудың басты талабы – немістер жерінде кем дегенде 8 жыл өмір сүру, өзін және қарауындағы отбасы мүшелерін материалдық тұрғыда қамтамасыз етуге қабілеттілік, неміс тілін жетік білу т.б.

Бірнеше ұлт пен ұлыстың басын қосқан Қазақстанда мемлекеттік тілді дамыту, оның қолданыс шеңберін кеңейту мәселесі қашан да өзекті. 2005 жылғы халыққа Жолдауында ҚР Президенті Н.Назарбаев: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға күш – жігерімізді жұмсауымыз керек», – деп мәлімдеген еді. Бұл ұстанымынан Елбасы ешқашан тайған емес.

Мамандар қауымы бүгінгі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және мемлекеттік тілдің беделін одан әрі нығайту үшін, ең алдымен, бірнеше мәселені шешу қажет деген пікірде. Біріншіден, мемлекеттік тілді білуге қажеттілік туғызу. Ол үшін мемлекеттік мекеме басшылары өзге ұлт өкілдері мен орыс тілді отандастарымызға мемлекеттік тілді білудің міндеттілігін түсіндірулері керек. Екіншіден, бүгінгі таңда екі тілде жүргізіліп отырған іс қағаздарын біртіндеп мемлекеттік тілде дайындауға басымдық беру, яғни іс қағаздарының орыс тіліндегі нұсқасынсыз, тікелей мемлекеттік тілде дайындау немесе мемлекеттік тілде келіп түскен құжатты орыс тіліне аударып жатпай, келіп түскен тілде жауап беруді қолға алу керек. Үшіншіден, құжаттарды мемлекеттік тілде дайындай алатын мамандар даярлау. Төртіншіден, заң терминдерінің бірыңғай үлгілерін қабылдау кезінде әр саланың мамандарын қатыстырып, ресми құжаттардың мемлекеттік үлгілерін қалыптастыру.

Өкінішке қарай, қазақ тіліне жаңа терминологияны енгізуге ұмтылған сайын ресми мемлекеттік тіл тар ауқымдағы салаға арналған тілге ұқсап барады. «Тілді қолдануда тіпті білімді қазақ тілінде алғандар да қиындыққа ұшырайды. Мемлекеттік тілден халықаралық ұғымдағы қазақ тіліне мықтап орныққан терминдер мен сөздер жиі алынып тасталады. Осы себепті мемлекеттік тілге енгізілетін жаңа терминдер қоғамдық талқыға салып, арнайы заң қабылдау арқылы сүзгіден өтуі тиіс. Мұндай тәжірибе тіпті мемлекеттік тілі қоғам тіршілігіндегі барлық салада кеңінен қолданылатын елдердің өзінде бар» делінген «ақжолдықтар» ұсынысы балаларына мемлекеттік тілде тәрбие беріп, оларды оқыту кез келген ата-ананың парызы саналып, мемлекет тарапынан қолдауға ие болуы тиіс деген негізде.

Көп шенеунік қазақшаға шорқақ

Кез келген елдің ұлттық әрі мемлекеттік құндылықтарының бірі – тіл. Демек белгілі бір елдің азаматтығын алған әрбір адам мемлекеттік тілді білуге міндетті. Өкінішке қарай, бұл қағида Қазақ еліне келгенде қауқарсыз. Өйткені Қазақ елінде мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілі ондаған жылдар бойы қағажу көріп келеді. Бұл шенеунік шекпенін кигендер кейбір азаматтарға да тән. Жуырда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы бойынша ҚР Парламенті депутаттарының алдында баяндама жасаған Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік басшысы Әлихан Байменов мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлер жайлы көтерілген сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, тіл проблемаларының барлығын арнайы бағдарлама аясында шешу көзделіп отыр. Сенатор Болат Жылқышиев: «Кейінгі жылдары мемлекеттік қызметте мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілінің пайдалану дәрежесі төмендеп кетті. Ашығын айтайық, үкімет те мемлекеттік тілде аз сөйлейді, тіпті, кейбір министрліктердің жұмысы толық орыс тілінде жүреді. Мемлекеттік қызметке келген әрбір адамның мемлекеттік тілді білуін міндеттейтін уақыт келген жоқ па!? Менің ойымша, уақыт келді», – деп мәселені төтесінен қойған болатын. Қазіргі қазақ тілінің тағдырына араша түскен халық қалаулысы мемлекеттік тілге қатысты талаптарды күшейту керектігін көлденең тартқан: «Егемендіктің 20 жылы өтті, сол 20 жылда үйренгісі келгендер үйренді, үйренгісі келмегендерге міндеттеу мәселесін заңға енгізу керек дегенге қалай қарайсыз?». Депутаттың сауалына жауап берген Әлихан Байменов соңғы жылдары мемлекеттік қызметкерлер арасында тілді меңгеру барынша жақсы жолға қойылғанын айтты: «Біріншіден, қазір мемлекеттік қызметшілерді оқыту жүйесінде мемлекеттік тілді оқытуға едәуір қаржы бөлініп, жүйелі жұмыс жүргізілуде. Әрбір мемлекеттік орган жыл сайын өзінің қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіруге бағытталған қаржы аясында оларды мемлекеттік тілді үйрену курсына жіберіп отырады. Екіншіден, қазір байқағаным – іс жүргізуде, мемлекеттік органдардың арасында хат алмасу, бір-біріне ақпарат беруде мемлекеттік тілдің қолдану аясы әлдеқайда кеңейген. Әсіресе, Президент Әкімшілігі, Үкімет кеңсесімен арадағы хат алмасуда мемлекеттік тіл пайдаланылып келеді». Оның айтуынша, тіл мәселесінің үлкен саяси астары ескеріліп, ондағы проблемалардың барлығы мемлекеттік және басқа да тілдерді дамыту жөніндегі бағдарлама аясына топтастырылған көрінеді. Сенат талқысына ұсынылған заң жобасын жуырда мәжілісмендер мақұлдаған. Аталған құжат еліміздегі мемлекеттік қызметке орналасудың тиімді әрі айқын тетіктерін, бағалау және мансаптық жоспарлау жүйесін енгізу, басқарушылық корпусын құру секілді мәселелерді қарастырған. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтегі мамандардың жұмыс сапасы мен олардың рөлін арттыру, мемлекеттік қызметкерлерді мансап баспалдақтарында көтермелеу және ынталандыру шаралары, қызмет этикасын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды жетілдіру арқылы мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен тиімділігін арттыруға негізделген.

Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру негізгі төрт міндеттен тұрады. Біріншісі – мемлекеттік тіл ұлт бірлігінің басты факторы екендігін нығайту, екіншісі – мемлекеттік тілді кеңінен қолдауды көпшілікке тарату, үшіншісі – дамыған тіл мәдениеті зиялы ұлттың басты күш-қуаты екенін көрсету, сондай-ақ соңғы мақсат – Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту. Қазіргі кезде Қазақстан дамудың сапалы жаңа деңгейіне көтерілді. Ашық демократиялық қоғам орнатып, әлемдік кеңістікке кіру үстінде. Қазақстанның даму жолы бүгінгі күні посткеңестік елдердің көпшілігіне үлгі – өнеге боларлық деп түсіндіріледі. Мұндай жетістіктерге қол жеткізуде көптеген даму стратегиялары белгіленіп, сол стратегияларды жүзеге асыруды басымдықтармен жіктеп, жүзеге асырылуын елбасымыз қатаң қадағалап, жыл сайынғы халыққа Жолдауында дәйім жұртқа мәлімдеп отырады. Осындай басты нысананың бірі – мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тілінің, ұлттық тіліміздің даму үрдісін үдету, мерейін асқақтау, толыққанды өз қызметін атқара алатын, еркін өмір сүре алатын жанды, өшпес жүйе ретінде орнықтыру. Ата – бабамыздың ғасырлар бойы бойтұмардай сақтап, ұрпақтан – ұрпаққа мирас етіп қалдырған ана тіліміздің тұнықтай мөлдір тазалығын, ата түркі тілдерінің ішіндегі еш қаймағы бұзылмаған даралығын мақтан тұтып, бүгін бізде өскелең ұрпаққа өз қолымыздан аманат етуіміз – парыз іс.

Яғни Қазақстанның Конституциясын сыйлайтын әрбір отандас ұлтына, тегіне, жынысына қарамастан, қазақша үйренуге міндетті. Осы ұстаным бүкіл Қазақстан азаматы бой түзейтін темірқазығымыз болуы тиіс. Елбасы қазақ тілінің дамуы мен қоғамдағы орны туралы мәселеге жиі көңіл аударады: «Қазақстанның бірлігінің белгісі – мемлекеттік тіліміздің, ана тіліміздің дамуы,жетілуі – қажеттілік». Ресми деректерге сүйенсек, 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама толығымен жүзеге асты деп айтуға болады, себебі қазірде мемлекеттік мекемелер арасындағы құжат айналымы толықтай қазақ тілінде. 2007 жылдың құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі 45-47 пайызды құраса, 2008 жылы 54 пайызға өсті. 2009 жылы құжат айналымы 66 пайызды көрсетті, ал соңғы жылдары 75 пайызға дейін жетіп, мемлекеттік тілдегі шығыс және кіріс құжаттары санының өскенін дәлелдеп берді. Мемлекеттік органдардағы басқару, реттеу, азаматтық қарым-қатынастарды рәсімдеу, нормативтік актілерді даярлау сияқты ресми құжаттардың негізгі үлгілері қазақ тілінде көшірілді. Әрбір қызметкер немесе жоғары лауазым иесі әртүрлі іс-қағаздардың хат, арыз, түсініктеме, нұсқау немесе құжаттардың толтырылуын және жазылу үлгісін білу қажет. Басқару құжаттары ұйымдастыру бағытындағы істермен қатар күнделікті ағымдағы басқару мәселелерін қамтиды. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Қазақстан азаматтары мемлекеттік тілді – өзінің жұмысында, күнделікті өмірінде қолдана білсе, ол мемлекеттік ұстанымның игі көрінісі болар еді. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан құжаттарды мемлекеттік тілде әзірлеу, мекемелердегі қазақ тілі кабинетін оқу құралдарымен жабдықтау, қызметкерлердің қазақ тілі сабақтарына тұрақты қатысуларын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілде іс-қағаздарды дайындау біліктілігін арттыру, басқармалар мен мекемелердегі аттестациялау комиссияларының құрамына мемлекеттік тілдің дамуына жауапты қызметкерлерді енгізу, қызметке орналасу кезінде үміткерлердің мемлекеттік тілде меңгергенін ескеру бүгінгі күнгі негізгі талаптар болып отыр. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген, елдің тарихын, салтын, дәстүрін жақсы білетін, Қазақстанды Отаным деп санайтын азамат, шыққан тегі қай ұлт екеніне қарамастан, кез келген лауазымды қызметке көтеріле алуы тиіс. Сондықтан мемлекеттік тілді өз дәрежесінде меңгеру мемлекеттік қызметкер үшін Конституциялық міндет екенін айтуымыз керек.

Халық тілді меңгеруге

жұмылуы тиіс

Былтыр Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдаған “Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!” атты Жолдауында мемлекеттік тілге қатысты ойларын білдірді. Елбасымыздың тіл турасында, бүкіл Қазақстан халқының ұйытқысы мемлекеттік тіл екенін, барша отандастардың осы тілдің айналасында бірігетінін үнемі айтып жүргені бәрімізге белгілі. Жолдауда: «Бүгінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген ересек тұрғындардың үлесі басым көпшілікті құрайды. Бұл Тәуелсіздіктің орасан зор жетістігі, біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады. Ол үшін бәрін де жасап жатырмыз. Біз сол сияқты орыс тілін және өзге де қазақстандық этностар тілін дамытатын боламыз. Мен қазіргі қазақстандық үшін үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты екендігін әрдайым айтып келемін. Сондықтан 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс деп есептеймін» деп атап көрсеткен. Елбасының «Біз қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы сай Қазақ елінің айбынын асырып, атағын әлемге әйгіледік… Біз сияқты халқының саны аз, экономикасы даму үстіндегі елге технология ауадай қажет. Сонда ғана әлемнің алып мемлекеттері мен төңірегіміздегі елдер бізбен санасады. Бұл бағдарламаның түпкі мақсаты еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тіл мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу», – деген мәлімдемесі де кез келген отандастың бой түзейтін Темірқазығына айналуы тиіс. Тіл – халықтың жан-дүниесі, рухани негізі мен ел еркіндігін, ұлттың ұлылығын танытатын басты күш. Ұлт болмысын ұғындырып, жалпы жұртты төңірегіне топтастырушы, біріктіруші ретінде де саналады. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі деген жөн. Тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өзінің азаматтық міндетін атқарғанда ғана ол нәтижелі болатынына күн сайын көз жеткізіліп келеді.

БАҒДАРЛАМАНЫҢ

БАСТЫ БАҒЫТЫ –

ТІЛДІ ДАМЫТУ

ҚР Президентінің тапсырмасымен түзілген «Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың мемлекеттiк бағдарламасы» Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығымен қабылданды. Құжаттың басты мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тiлдерiн сақтай отырып, ұлт бiрлiгiн нығайтудың аса маңызды факторы ретiнде мемлекеттiк тiлдiң кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететiн үйлесiмдi тiл саясаты. Анығырақ айтқанда, мемлекеттiк тiлдi оқытудың әдіс-тәсілін жетiлдiру және стандарттау; мемлекеттiк тiлдi оқытудың инфрақұрылымын дамыту; мемлекеттiк тiлдi оқыту процесiн ынталандыру; мемлекеттiк тiлдi қолданудың мәртебесін арттыру; мемлекеттік тілге сұранысты арттыру; қазақ тiлiнiң лексикалық қорын жетiлдiру және жүйелеу; тiл мәдениетiн жетiлдiру; коммуникативтiк-тiлдiк кеңiстiктегi орыс тiлiнiң қызмет етуi; Қазақстандағы тiлдiк әралуандықты сақтау; ағылшын және басқа да шет тiлдерiн оқып-үйрену. Қазақстанда Тілдерді дамыту мен қолдану бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде мемлекеттiк тiлдi меңгерген ересек тұрғындардың үлесiн («Қазтест» тапсырудың нәтижесi бойынша 2014 жылға қарай – 20%, 2017 жылға қарай – 80%, 2020 жылға қарай – 95%); мемлекеттiк тiлдi В1 деңгейiнде меңгерген мектеп түлектерiнiң үлесiн (2017 жылға қарай – 70%, 2020 жылға қарай – 100%); мемлекеттiк бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тiлiндегi контенттiң үлесiн (2014 жылға қарай – 53%, 2017 жылға қарай – 60%, 2020 жылға қарай – 70%); тұрғындардың ономастикалық комиссиялардың жұмы­сындағы шешiм қабылдау процесiн талқылау кезiнде қоғамдық қолжетiмдiлiк пен ашықтық қағидаттарының сақталуына қанағаттанушылық дәрежесiн (2014 жылға қарай – 60%, 2017 жылға қарай – 75%, 2020 жылға қарай – 90%); қазақ тiлiнiң реттелген терминологиялық қорының үлесiн (2014 жылға қарай – 20%, 2017 жылға қарай — 60%, 2020 жылға қарай – 100%); республикадағы орыс тiлiн меңгерген ересек тұрғындардың үлесiн (2020 жылға қарай – 90%); ұлттық-мәдени бiрлестiктер жанындағы ана тiлдерiн оқытатын курстармен қамтылған этностардың үлесiн (2014 жылға қарай – 60%, 2017 жылға қарай – 80%, 2020 жылға қарай – 90%); республикадағы ағылшын тiлiн меңгерген тұрғындардың үлесiн (2014 жылға қарай – 10%, 2017 жылға қарай – 15%, 2020 жылға қарай – 20%); үш тiлдi (мемлекеттiк, орыс және ағылшын) меңгерген тұрғындардың үлесiн (2014 жылға қарай – 10%, 2017 жылға қарай – 12%, 2020 жылға қарай – 15 %-ға дейiн) ұлғайтуды көздейтін бұл құжат барлық iс-шаралар ұлт бiрлiгiн нығайтудың маңызды факторы ретiнде мемлекеттiк тiлдi дамытудың басымдығына негiзделген және азаматтардың рухани-мәдени және тiлдiк қажеттiлiктерiн толық қанағаттандыруға бағытталған.

Қазақстандағы мемлекеттік тілді дамыту мен оның қолданыс шеңберін кеңейтуге Қазақ Үкіметі де мүдделі. Мысалы жуырда ғана Премьер-министр Серік Ахметов бұдан былай Министрлер кабинетінде өткізілетін маңызды шаралар тек мемлекеттік тілде өтетінін ашық айтты. Ал әлемдік қаржылық дағдарыс барлық мемлекеттің құтын қашырған қазіргі күрделі кезеңде ел Үкіметінің кез келген шарасы аса маңызды болуы заңды. Турасын айтсақ, Үкіметтің маңызы төмен шара өткізуге құқы жоқ. Яғни, ел Үкіметінің барлық іс-шарасы бұдан былай тек мемлекеттік тілде өтетініне күмән жоқ. Бұл кез келген Қазақстан тұрғынының азаматтық борышына айналуға ықпал етуі тиіс.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ