Жаңалықтар

«НҰР ОТАН» ЖАҢА МҮШЕЛЕРДІ ҚАБЫЛДАДЫ

ашық дереккөзі

«НҰР ОТАН» ЖАҢА МҮШЕЛЕРДІ ҚАБЫЛДАДЫ

Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясына жаңа мүшелер қабылданды. Партияның орталық аппаратында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев партия қатарына жаңадан қабылданғандарға партия билетін салтанатты жағдайда тапсырды.

Олардың қатарында Қазақстан Рес­публикасы Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев, Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин, Қазақстан Дағдарыстар одағының төрайымы Зүлфия Байсақова, «Богатырь» разрезінің машинисі Евгений Юрченко, кәсіпкер Шолпан Әбілдина және партияның белсенді жақтаушылары мен «Нұр Отан» алға қойған бағдарламаларды қолдайтын өзге де бірқатар адамдар бар.

«Нұр Отан» Төрағасының Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев партияның жаңа мүшелерін құттықтай отырып: «Бүгіннен бастап Сіздер Пре­зидент партиясының қатарына кірдіңіздер. Бұл сіздердің өмірлеріңізге жаңаша серпін беріп, Елбасының саясатын жүргізіп отрған бірден-бір беделді партияның мүшесі болу – абыройлы міндет екеніне көздеріңіз жете түседі деп сенемін», – деп атап өтті.

Бүгінде «Нұр Отан» партиясының қатарында 930 мың адам бар. Биыл жылдың басында 50 мыңнан астам адам партия қатарына енді. Демек, бұл Қазақстан Республикасы Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың елді дамытудағы стратегиялық бағытын қолдаушылардың арта түскенінің айғағы.

Тұңғыш Президент күні қар­саңын­дағы партия қатарына салтанатты қа­былдау шаралары «Нұр Отанның» жергілікті жерлердегі филиалдары мен барлық бастауыш партия ұйымдарында да өтті.

Марғұлан НҰРЛАНҰЛЫ