Жаңалықтар

ДИПЛОМ — КЕРЕКСІЗ, ЖОҒАРЫ БІЛІМ — ҚАДІРСІЗ...

ашық дереккөзі

ДИПЛОМ — КЕРЕКСІЗ, ЖОҒАРЫ БІЛІМ — ҚАДІРСІЗ...

Соңғы тиынына дейін санап беріп, баласына жоғары білімді ақылы түрде алатын ата-ананың үміті қаншалықты ақталады? Дипломды сандыққа салып қойған жас түлек неге мамандығы бойынша жұмыс істей алмайды? Елбасы әкімдерге «жұмыспен қамту» мәселесін кеше неге нығыздай тапсырды?

Үстіміздегі жылдың 20 қарашасында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Үкіметте өткен отырыста соңғы бір жылдың ішінде қазақстандық жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төрт еседен астамға төмендеп, 3,8 пайызға тең болғанын мәлімдеген еді. Еуропа мен ТМД елдерімен салыстырғанда, Қазақстанның алдыңғы қатардан көрініп отырғанын көлденең тартқан министр мырза жұмыссыз жүрген жастарға қатысты көрсеткіш кейбір елдерде тіпті, 40 пайыздан асып түсетінін айтқан. Тепсе темір үзетін жастардың «Жұмыспен қамту-2020» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қызметке орналастырылатынын еске салған Бақытжан Жұмағұлов: «Жасыл ел» жобасы шеңберінде соңғы жеті жылдың ішінде 160 мыңнан астам студент пен жұмыссыз жас жұмысқа тартылды. «Дипломмен – ауылға» жобасы бойынша ауылдағы ұстаздар саны – 1,8 есеге, дәрігелер саны 2,7 есеге артты. «Жастар тәжірибесінің» арқасында соңғы 3 жылда 50 мыңнан астам түлек тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілді», – деді. Министр айтқан деректер көңілге жағымды. Алайда жоғары оқу орнын тәмамдаған жас түгел өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр ме? «Екі қолға – бір күрек» дегенге салса, ешкімнің нәпақасыз қалмасы белгілі. Алайда бірнеше жылын жоғары білімге сарп еткен жастар лайықты жалақысын алып жүр ме? Жұмыссыздық деңгейіне қатысты мәселе неге күн тәртібінен түспей келеді? Бұл қиындық Елбасын да мазалап отыр. Өйткені ол өткен аптада Ақордада барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен өткізілген кеңейтілген мәжілісте әкімдердің рейтингіне «жұмыспен қамту» көрсеткішін қосуды тапсырды: «Шынайы жұмыс орны әкімдердің, Үкіметтің барлық бағдарламалардың жұмысының нақты көрсеткіші болып табылатындығын баса айтқым келеді. Яғни елімізде жұмыс орны жетерлік. Бірақ сәйкес біліктілік жоқ. Сондықтан да Президент Әкімшілігіне осы көрсеткішті әкімдер рейтингіне қосуды тапсырамын». Еліміздегі индустрияландыру, жұмыспен қамту, орта және шағын бизнесті дамыту сынды бағдарламалардың кез келген мамандық иесіне жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретінін айтқан ол жұмыссыздықпен күресті тоқтатпауға нұсқау берді. Елбасының алаңдайтын жөні бар. Өйткені отандық жоғары және орта-арнайы оқу орындарындағы жүйесіздік халықты жұмыспен қамту саласындағы тепе-теңдікті бұзған. Мәселен «Рейтинг.kz» зерттеу агенттігінің 2012 жылы мамыр-маусым айларында жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде соңғы жылдары қазақстандық жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің жартысына жуығы (49 пайызы) өз мамандықтарына сай жұмыс таба алмайтыны көрсетілген. Сондай-ақ, олардың 28 пайызы алған дипломдарының қызметке орналасуға көмектеспегенін айтқан. Ал еңбек нарығында орташа арнайы білімі бар кәсіби мамандар тапшылығы өте жоғары. Сорақысы сол, күні кеше ғана мектеп бітірген мыңдаған бала жалақысы жоғары қызметке ораналассам деген үмітпен, еліміздегі ЖОО-лардың ақылы бөлімдерінде білім алуда. Ата-аналардың көпшілігі қолындағы бар жиған-тергенін балаларының білім алуына жұмсауға мүдделі. Алайда жастар жоғары оқу орындарын тәмамдағаннан кейін лайықты жұмыс таба алмай сенделеді. Осының салдарынан, қыруар қаржы жұмсап алған білім де, диплом да ысырап болады. Мұндайда жоғары оқу орындарындағы білім сапасы, мамандықтардың сұранысқа ие болмауы туралы тағы бір қиындық қылаң береді.

«Жығылғанға – жұдырық», отандық ЖОО-ларды бітірген түлектер саны еңбек нарығындағы сұраныс көлемінен әлдеқайда көп.

Заңгер, есепші, экономист, қаржыгер т.б. мамандықтарды меңгерген мамандардың басым бөлігі бүгінде не жұмыссыз, не басқа мамандық бойынша нәпаға тауып жүр. Оның үстіне, қазақтардың гуманитарлық салаға бүйректері көбірек бұратыны тағы бар. Ішкі еңбек нарығында қандай мамандық тапшы, қанша маман керек т.б. мәселелерге ҚР Білім министрлігімен бірге өзге де құзырлы органдар арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп отыру қажет. Әйтпесе ата-аналар мен талапкерлер мамандық таңдарда нақты көрсеткіштер, есептер мен сұраныс деңгейіне қарай емес, ішкі түйсік бойынша, құр долбарлаумен әрекет етуге мәжбүр. Мемлекеттік гранттарды бөлуде де бірқатар заң бұзушылықтар мен кемшіліктер жол берілетіні де жасырын емес. Осындай жайттарды көлденең тартқан «Қазақстан тұтынушылық бақылауы» қоғамдық бірлестігі ҚР Үкіметіне отандық жоғары оқу орындарындағы ақылы орындарды кезең-кезең бойынша қысқарта отырып, тегін білім алу жүйесіне толықтай көшіруге ұсыныс жасады. Бірлестік өкілдері мұндай жаңалық тек мемлекеттік ЖОО-ларға ғана байланысты болуы тиіс дейді. Арнайы бағдарлама түзген Бірлестік жоғары білімді тегін алу ЖОО-ның қадірін арттыратынына сенімді: «Қазіргі кезде жоғары білімнің құндылығы төмендеген. Тіпті, мектепте нашар оқыған жастардың өзі жоғары білім алуға құмар. Осының салдарынан, жұмыс берушілер қолында дипломы барлардың өзінде кәсіби біліктілікке, ЖОО-ны қажетті деңгейде бітіргеніне күмәнданады». Екіншіден, нарықтық қатынастарға сәйкес, бүгінгі ЖОО-лар санын азайту керек. Яғни, білім саласында қызмет көрсететін нарықтан сапасы нашар білім ордалары ығыстырылып, бәсекелестікке төтеп бере алмайтын, дипломды ақшаға айырбастаумен айналысатын оқу орындары жабылуы тиіс. Үшіншіден, жоғары оқу орындарындағы кәсіби біліктілігі төмен оқытушыларды сүзгіден өткізіп, жоғары талапқа сәйкес келмейтіндерді қызметтен босатқан абзал. Тәуелсіздік алған 21 жылдың ішінде студенттер санының шамадан тыс күрт артуы кәсіби тұрғыда біліксіз ұстаздардың да көбеюіне ықпал етті. Егер сапасыз жоғары оқу орындары жабылса, біліксіз мұғалімдер саны да азаятыны белгілі. Ал білімі төмен студенттердің қысқаруы оқытушылар арасындағы бәсекелестікті күшейтеді. Төртіншіден, мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмай жүрген ЖОО түлектерінің тарапынан ұйымдастырылуы мүмкін әлеуметтік наразылықтардың алдын алу керек. Яғни білім деңгейлері әртүрлі болғанымен бәрінің қолында дипломы бар жас мамандар қызметке орналасарда бәсекеге тап болады. Бұл әлеуметтік наразылықтарға әкеп соғуы әбден мүмкін. Бесіншіден, жоғары білім сапасын көтеру қажет. Жоғары оқу орындарына түсер кезде талапкерлерге қойылатын талаптарды күшейту студенттердің базалық білімінің орташа деңгейін жоғарылатады. Оның үстіне, профессорлық-оқытушылық құрамды жақсарту мен сапасыз ЖОО-лардың жабылуы да жоғары білім сапасын көтеруге сеп. Алтыншыдан, орташа арнайы білімге деген қажеттілікті арттыру маңызды. Бүгінгі таңда колледждерге түсетіндер – білімдерін кейін ЖОО-мен жалғастыруды көздейтіндер. Бірлестік өкілдері бұл қасаң қағиданы бұзуды ұсынады. Яғни колледждерде мемлекеттік және жекеменшік кәсіпкерлік құрылымдарының грантын иеленген электрик, жүргізуші, сантехник, темір пісіруші т.б. мамандық иелері оқып, диплом алғаннан кейін бірден жұмысқа кірісуі тиіс. Бұл еңбек нарығындағы орташа білімді мамандардың тапшылығын жоюға игі әсер етеді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ