Жаңалықтар

БАСТЫ МІНДЕТ — ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

ашық дереккөзі

БАСТЫ МІНДЕТ — ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

Қазақстан Президенті осыны Қарағандыда қайталап айтты

Желтоқсанның 1-2 күндері елімізде Тұңғыш Президент күні аталып жатқан атаулы мереке күндері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. Айтулы мереке күні Қарағанды облысына сапар шегудің өзіндік мәні мен маңызы жоғары. Өйткені Елбасының алғашқы еңбек жолы осында, Теміртау қаласында басталған еді. Нұрсұлтан Назарбаев жастық шағы өткен Теміртау қаласының өз өмірінде аса маңызды рөл атқаратынын айта отырып: «Теміртау – менің сүйікті қалам!» – деді. Бұдан кейін «Арселор МитталТеміртау» АҚ комбинатының жұмысымен танысқан ол одан кейінгі сапарын Қарағанды қаласында жал­ғастырды.

Қарағанды облысын екі күн аралаған Елбасы ресми сапар барысында Қарағанды облысының индустриалды-инновациялық бағдарламалары мен аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен танысты. Қарағанды халқын еңбекқор деп бағалаған Елбасы өңірдегі жұмыспен қамтудың және әлеуметтік нысандардың жұмысын аса жоғары бағалады. Назарбаев әкімшілік ғимаратында болып, облыстың қоғамдық өкілдерімен кездесіп, бейресми әңгіме өткізді.

­– Мемлекет үшін ең басты міндет – халықты жұ­мыспен қамту. Мемлекет жұмыс жасай ал­май­тындарды қолдауы керек, ал қалғандары жұмыс істеулері қажет. Біз шикізат ресурстарына тәуелсіз басқа экономиканы құра отырып, елімізде индус­трияландыру жүргізудеміз. Қазіргі кезде 550 кәсіпорын іске қосылды, 150 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Негізгі мақсат – 70 миллиард доллар салып, осындай кәсіпорындар санын артты­рып, бір жарым миллион жаңа жұмыс орнын ашуды қамтамасыз ету. Соның нәтижесінде біздің экономикамыз 1,5 есе артады, – деді Президент.

Қарағандыда индустриалды орта­лық­тарды аралаған ол «Эргономика» ЖШС-іне ат басын бұрды. Бұл компания бірнеше қажетті инновациялардың бастамашысы.

– Біз тұрғын үй коммуналдық меке­мелердің жұмысын жандандыруды қолға алдық. Бұрын бұған қажетті қаржы болмаған еді. Тек биыл ғана 30 мың шақырым коммуникация ауыстырылатын болады. Ең бастысы – ескі үйлерде энергияны үнемдеу. Компания бұл мәселені шешуде инновациялық технологияларды пайдалану арқылы жол табуда, – деді ол.

Қарағанды биыл 24 индустриалды-ин­новациялық обьектілерді енгізбек. Ол Қазақстан үшін рекорд болып саналады.

Елбасы үшін инновациялық жобалардың көрмесі ұйымдастырылды. Бұнда ғимарат ішінің температурасына орай, энергия жұмсалатын автоматты жылу беру пунктінің жұмысы таныстырылды. Төлем жұмсалынған энергияға ғана алынады. Сондай-ақ, «Лидос LTD» компаниясының жоғары технологиялы интерактивті құрылғылары, доменді газ қазандығының құрылысы, «Арселор МитталТеміртау» компаниясының конвертті цехта газ тазалау жүйесінің және «Қазақмыс» компаниясы қызметінің негізгі көрсеткіштері таныстырылды.

Елбасы тәуелсіз Қазақстанның даму жолы тар жол, тайғақ кешуден өткендігін мәлімдеді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақ­станға 170 миллиард доллардың инвестициясы тартылған екен.

– Егер бұл қаржы болмағанда, бүгінгі табыс та жоқ еді, – деді Елбасы.

– Еуропа елдерінде не болып жатқанын көріп отыр­сыздар. Жоғары дамыған ел­дер­дің өзінде зей­нет­ақы, еңбекақы көлемі азайтылып, көптеген адам жұмыстан қысқартылып, алпауыт кәсіпорындар жұмыстарын тоқта­туда. Ал біз, жаһандық дағда­рыс­қа қарамай, ондайға жол беріп отырған жоқпыз. Бұл еліміздің қуаты мен оның мүмкіндіктерін көрсетеді. Қазақстан бүгінде 90 миллиард доллар болатын өнім­дерді экспорттайды. Енді біз осы әлеуетті одан әрі қалай артты­ру­ды ойластыруымыз керек. Менің бастамам бойынша Кеден одағы құрылды. Ресей мен Беларусь қазақстандық тауарларды өткізу үшін бірден-бір нарық болып та­былады. Бұдан бөлек, Кеден ода­ғы­ның арқасында осында бірлескен кәсіпорындар құрылуда, жұ­мыс орындары ашылуда, машина жасау саласының өнімдері ұлғаю­да.

Мем­лекет басшысы ресейлік жә­не беларусьтік кәсіпорындармен бірлесіп, ірі тонна жүк ма­ши­на­ла­ры мен тракторларды құрастыра­тын «Қазақмыс» компаниясын мысалға келтірді.

– Қазіргі кезде жаһандық жағдайда өмір сүру үшін барлық құрлықта инте­гра­ция­лық бірлестіктер құрылып жа­тыр. Қазақстандық компаниялар Ресей мен Беларусьтің нарығын тездетіп игеру үшін Кеден одағы ұсынатын басымдықтарды пайда­ланулары керек. Біз ДСҰ (Дүниежүзі сауда ұйымына) ену қарсаңындамыз. Біз әлемге есігімізді аша отырып, индустриямыздан айы­ры­лып қалу қаупін ұмытпауы­мыз керек. Егер біздің тауарла­ры­мыз са­пасы мен бағасы бойынша шетелдік бәсекеге төтеп бере алмаса, он­да отандық кәсіпорын­дар­дың тоқтап қалуы мүмкін. Алай­да біз оған жол бермеуіміз керек. Қа­зақстандық тауар өнді­ру­шілер Ке­ден одағында шыңда­лып, ал­дымен осындағы бәсеке­лес­тікке шыдаса ғана, кейін әлем­дік на­рыққа шыға алады. Сон­дықтан біз шикізат ресурстарына тәуелсіз басқа экономиканы құра отырып, еліміздің индус­трия­лан­дыру бағ­дарламасын жүргізу­де­міз, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Есенгүл Кәпқызы