Жаңалықтар

ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУСА ИГІ

ашық дереккөзі

ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУСА ИГІ

Өмірде кез келген нәрсе қанмен беріледі. Тіпті еңбекке деген құштарлық та. Әрі бұл маманның жиған-терген білімі мен тәжірибелік білігіне де байланысты. Ал шахтерлік еңбекті өзіңнен кейінгі ұрпақтың жалғастыруы үшін ерекше күш пен қайрат керек. Дәлірегінде, ішкі рухы әлсіз адам жер астындағы ауыр жұмысқа оңайлықпен шыдай алмайтыны сөзсіз.

Бір салада отбасымен жұмыла еңбек етіп жүргендер қаншама. Әсіресе, бұл үрдіс тау-кен, шахта саласында жиі байқалады. Атадан – балаға жалғасып келетін бұл еңбекті қоғам да жақсы бағалайды десек артық айтпаған болар едік. «Қазақмыс» компаниясының №57 Шығыс-Жезқазған кен орны, №11 шахталық учаскесінің техникалық жетекшісі, өз ісінің майталманы Шахмардан Лебаев игі дәстүрді балаларына мұра ретінде табыстамақшы.

Шахмардан Шамшиденұлы адам баласымен тез тіл табысатын ақкөңіл жан. Кейде тіпті әңгімені әзілмен де орап әкетеді. Оның өмірге деген мығым көзқарасы да еңбекпен тығыз байланысты. Кез келген қоғамдық, әлеуметтік мәселеге келгенде пікірін анық әрі батыл жеткізеді. Бұл Шахмардан Лебаевқа ғана тән мінез. Себебі, біздің бүгінгі кейіпкердің жұмысы да аса жауапкершілікті жүктейді. «Жер астына түскен кезде барлық түйткілді ұмытуға тура келеді. Неге десеңіз, бар ойың еңбек қауіпсіздігін сақтау шараларына қатысты болады», – дейді. Расында, жерастында еңбек ететін 80 шақты адамның қауіпсіздігі әуелі Алланың, сосын Шахмарданның қолында екен.

– Әрбір қызметкер өз өміріне жауап беруі тиіс. Ал өзім жұмысыма аса сақтықпен қарауға тырысамын. «Қазақмыс» корпорациясының басшылығының әуелгі кезекте техникалық қауіпсіздік шараларына көңіл бөлетіні де сондықтан. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, кез келген қайғылы оқиға оқыстан туындауы мүмкін. Апатты жағдайға жол бермеу үшін компания барлық мүмкіндікті аямау­да. Қуаныштысы сол, соңғы жылдары шахтаның техникалық паркі жаңарды. Бұл техниканың бәрі автономды түрде жұмыс істейді. Әрине, бұл шахтерлердің жұмысын едәуір жеңілдетіп, өндірістік жоспарды орындауға айтарлықтай көмектеседі, – деп ағынан жарылды «Қазақмыс» компаниясының №57 Шығыс-Жезқазған кен орны, №11 шахталық учаскесінің техникалық жетекшісі Шахмардан Лебаев.

Рудник елді мекенінде дүниеге келген оның еңбек жолы Қарағанды политехникалық институтынан тау-кен инженер мамандығын алғаннан кейін басталды. Әуелгіде Шығыс-Жезқазған кен орнында тау-кен маманы ретінде жұмысқа кіріскен Шахмардан әр жылдарда қопарушы, тау-кен шебері, учас­ке бастығы қызметін де атқарды. Кәсіби біліктілігі мен мол тәжірибесінің арқасында учаскенің техникалық жетекшісіне дейін көтерілген ол ұстаздары Николай Шустов пен Ерлан Салықовтың ерен еңбегін ешқашан ұмытқан емес.

«Біздің тау-кен қаласы географиялық картадан жоғалмауы үшін көп күш салуымыз керек. Жеңіс пен жетістік сонда ғана келеді. Әрбір азамат Сәтбаев қаласының болашағына қуанса екен деймін. Мені бүгінде тау-кен орнының қоры таусылады деген әңгімелер қызықтырмайды. Не болса да, шахтада ақырғы демім үзілгенше еңбек ететінімді білемін. Себебі өз ісімді жан-тәніммен сүйемін. Егер өмірге қайта келіп, мамандық таңдау құқына ие болсам, көзді жұмып тағы да осы мамандыққа келер едім», – дейді кейіпкеріміз. Әкесінің пікірін жоғары бағалайтын ұлдары Ерлан мен Алмас та осы жолды жалғастыруға бел буыпты. Олар бұл мамандықты әкесінің айтуымен емес, жүрек қалауымен таңдаған. Мәселен, Шахмардан Лебаевтың үлкен ұлы Ерлан Қарағанды гуманитарлық университетінің экономика факультетін тәмамдаса, кенже ұлы – Алмас «Аудит және бухгалтерлік есеп» мамандығын игерген. Алайда екеуі де өз саласы бойынша жұмысқа орналаса алмағандықтан, тау-кен өндірісі үшін мамандар дайындайтын арнайы курсқа барады. «Қазақмыс» корпорациясы жалындаған жастарды еңбекке тарту үшін білімін жетілдіріп, мамандық алуына өз септігін тигізуде. Бүгінде Шахмардан Лебаевтың екі ұлы да әкесімен бірге Шығыс-Жезқазған кен орнында электрмонтаждаушы болып жұмыс істейді.

– «Қазақмыс» корпорациясына қа­расты Технологиялық колледж әкемнің жолын қууға үлкен мүмкіндік жасады. Біз де әкеміз сияқты бірінші санаттағы маман болғымыз келеді. Қаншама жыл экономика мамандығын оқып, дипломын алғанмен, шахтер мамандығына тоқталдым. Бұл шешіміме еш өкінбеймін, – дейді ұлы Алмас. Ал үлкен ұлы Ерлан: «Оның үстіне корпорация жас мамандардың біліктілігін арттыруға, алға қойған мақсаттарына жетуіне қолұшын созады. Әрине, әу баста біз адаспай, тау-кен саласын таңдағанымызда, қазір нағыз маман иесі атанар едік. Әрі мұнда тапшылық тудыратын маман иелерін дайын­дау үшін білімді тегін беретін жағдай жасалған», – деп жаңа еңбек жолындағы алғашқы қадамдарына деген қуанышын жасыра алмады.

Ертеңгі күні сенімін ақтайтын ұл­дарының талпынысы мен ерік-жігеріне тәнті болған Шахмардан Шәмшиденұлы ұлы Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар қалан» деген ұлағатты сөзін іштей балаларына тілеп тұрғанын сезгендей болдық.

Светлана ГУМБОЛЬД

Сәтпаев қаласы