ТӘУМЕНДІЛІКТЕН ҚҰТҚАРАР АМАЛ – БӨГЕТ САЛУ
ТӘУМЕНДІЛІКТЕН ҚҰТҚАРАР АМАЛ – БӨГЕТ САЛУ
Оңтүстік өңірді алаңдатып отырған бір мәселе бар. Бұл – су мәселесі. Бүгінде жергілікті халық ауыз су тұрмақ, егін егу үшін ағынды суға да зәру. Ал есесіне көктемде тосын мінез танытатын ауа-райы Сырдың бойына қоныс тепкен елді мекендердің көбін әбігерге салатыны жасырын емес.
Тіпті жоғарғы жақтан келген мол су Сырдарияға сыймай, жағалауға жайылып, сел боп ағатын. Осыдан біраз жыл бұрын Отырар ауданына қарасты Маяқұм ауылы мен оның маңындағы елдi мекен тұрғындарының баспанасы судың астында қалғаны жадымызда. Ал осындай сәттерде Арнасайға су жiбере алмайтынымыз қынжылтып келді. Себебі Арнасайдың өзі Қазақстанға қарағанымен, Өзбекстан жағы су жүретiн құлдиламадан бiрнеше бөген салып тастаған. Бұл артық суды Айдаркөлге айдау жүйесiн бiржолата iстен шығарған. Айналып келгенде, мұның зардабын қарапайым халық тартатыны сөзсіз. Міне, осы олқылықтардың орнын толтыру және мемлекеттік қауіпсіздікті сақтау үшін еліміз «Көксарай» су реттегiшiн салу керектігін түсінді.
Соңғы кезде өзбек ағайынның өктемденгені былай тұрсын, қырғыз бауырлар да су мәселесіне келгенде тартынып қалатынды шығарған. Біраз жыл болды, қырғыздар да шекаралас жатқан Жамбыл облысының шаруалары алып отырған суды бөгеп тастады. Сөйтсек, олар Тоқтағұл ГЭС-ін энергетикалық режимге көшіруге кіріскен көрінеді. Елімізге келген сапарында трансшекаралық өзендерді пайдалануда кейбір мемлекеттердің өктемдігін қатты сынға алған Өзбек басшысы Ислам Каримовтың да меңзегені осы еді.
Бүгінде Шардара су қоймасына секундына 800 текше метр су құйылатын болған. Ал Шардараның сыйымдылығы – 5 млрд. 200 мың текше метр. Мұндағы су 4 млрд. 400 мың текше метрге жеткен. Ауыл шаруашылығы министрлігі Cу ресурстары комитетінің мәліметі бойынша, сыйымдылығы 5200 млн. текше метрді құрайтын Шардара су қоймасы секундына 1200-1300 текше метр сумен толығуда. Оңтүстік Қазақстан облыстық азаматтық қорғаныс және дүлей апаттың алдын алу және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы Кенжехан Төлебаев күн сайын 200 текше метрден астам су Көксарай су реттегіші мен Арнасайға құйылатындығын айтады.
«Көксарайдың» салынуының да өзiндiк себебi бар. Өйткенi Нарын – Сырдария су бассейнi Кеңес Одағы кезiнде суару-энергетикалық жүйе ретiнде құрылған болатын. Қырғыз жерiндегi Тоқтағұл су қоймасы күз мезгiлiнен бастап, тоспаларын тарс жабады да келесi көктемге дейiн 20 миллиард текше метрге жуық суды жинайды. Осы кезеңде Сырдария өзенi жол-жөнекей қосылатын арық-бұлақтардың суымен толығып отырады. Көктем мезгiлiнде сай-саладан аққан сулар Сырдың арнасын толтырса, оны өзеннiң бойындағы ең соңғы су қоймасы – Шардара реттеп, төмен қарай бiркелкi жiберiп отыратын. Қауiп күшейген жағдайда артық су Арнасай құлдиламасы арқылы Қызылқұмда жатқан Айдаркөлге жiберiлетiн. Осыны реттеп отыру үшiн Шардара су қоймасынан Арнасай бөгенiн салудың қажеттілігі айтпаса да түсінікті.
Сырдария – Орталық Азиядағы үш мемлекеттің: Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстанның экономикасына айтарлықтай әсер етеді. Қазақстанның оңтүстігі мен Өзбекстанның мақта, күріш, бау-бақша егетін алқаптары дарияның суын тұтынады. Су ресурстары комитеті «Оңтүстік су шаруашылығы» мекемесінің мәліметі бойынша, облыстың 5 ауданындағы 200-ден астам елді мекеннің егістік жерлеріне Сыр суы пайдаланылады. Ал Қазақстанда 1 млн. 150 мың, Өзбекстанда 8,5 млн. адамның күнкөрісі осы өзенмен тікелей байланысты.
АРНАСАЙ БӨГЕТІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖАНДАНДЫ
Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялаған кезде Шардара қаласына қарасты су қоймасының жағалауындағы Арнасай ауылы аралда қалғандай болатын. Екі ел шекараны белгілеген кезде мүйістегі ауылдың құрлық жағы көрші мемлекеттің аумағына өткен. Бүгінде Үкіметтің қаулысымен Арнасай ауылының тұрғындарына қаржы бөлініп, бері көшуге жағдай жасалды. Алайда көрші мемлекет шекарадан өту тәртібін жыл өткен сайын күшейтіп отыр.
Көрші мемлекетке тәуелділіктен құтылудың бір жолы – бөгет салу. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара су қоймасының батыс жағалауын бойлай 34 шақырымдық бөгет салынып жатыр. Бөгеттің құны 2 млрд. теңгеден асады. Стратегиялық маңызы бар нысан құрылысының үшінші кезеңі жаңа жылға дейін бітеді деп жоспарлануда. Бұл жағымды жаңалықты естіген жергілікті халықтың қуанышында шек жоқ. Олар Мақтаарал мен Шардара аудандарының арасын байланыстыратын қысқа жолдың да қалпына келтірілетіндігіне дән риза.
Оңтүстiк Қазақстан облысына арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi Су ресурстары жөнiндегi комитетінiң төрағасы Ислам Әбiшев Шардара су қоймасы Арнасай бөгетiнiң құрылыс кешенiн қайта жаңартуға байланысты жұмыстармен танысып, тиiстi мамандармен пікірлесті. Жаңа құрылыстың егжей-тегжейiн талқылаған кеңесте түйткілді мәселелер де сөз болды. Кеңесте Мақтаарал ауданының әкiмi Серiк Тұрбеков, Шардара ауданының әкiмi Хамитбек Айтөреев, «Қазсушар» РМК Оңтүстiк Қазақстан филиалының директоры Зәуiрбек Салықбай, құрылысты жобалау мекемесi мен қосалқы мердiгер ұйымдарының басшылары құрылысы аяқталуға жақын бөгеттің маңызы мен болашақта халыққа тигізетін пайдасына тоқталды. Бұл ауқымды құрылыстың бас мердiгерi – «Қазсушар» РМК Оңтүстiк Қазақстан филиалы. Бұдан бөлек оннан астам қосалқы мердiгерлiк компаниялар жұмысқа тартылған.
«Қазсушар» РМК Оңтүстiк Қазақстан филиалының директоры Зәуiрбек Салықбайдың сөзіне сенсек, бөгет құрылысы жергілікті халықты жұмыспен қамтып келеді екен. Осы уақытқа дейін құрылысқа 26 мердігерлік ұйым, мыңдаған маман, 770 дана техника тартылыпты.
Ал бөгет салуға 4,340 млрд. теңге көзделген. Алайда құрылыстың мән-жайына қанық мамандар мен жергілікті басшылар: «Бюджет қаржысын үнемдеу арқылы жобаны 3690 млрд. теңгемен бітіреміз деген жоспар бар. Себебі Елбасы Н.Назарбаев бюджеттік қаражаттың пайдалануы үнемді және нәтижелі болуы керек деп қадап айтты. Міне, осы тапсырманы үнемі жадында ұстайтын Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің төрағасы И.Әбішев өз басшылығымен әрбір жобаның жұмыс барысына, сатып алынатын материалдық заттардың сапасы мен бағасына талдау жасайды. Қаражат соның есебінен үнемделіп, жобалар мақсатты түрде орындалып келеді», – дейді.
Қазақстан мен Өзбекстан республикалары арасындағы мемлекеттiк шекараны демаркациялау кезiнде жағдайды жете ескермеген шалағайлықтар жергiлiктi тұрғындарға көп қиындықтар келтiрдi. Шардара мен Мақтаарал аудандарын байланыстыратын электр жеткiзу желiлерi, жол-көлiк коммуникациялары Өзбекстан аумағында қалып қойды. Соның салдарынан қазақстандық екi аудан арасына қатынаудың қиындағаны былай тұрсын, Арнасай бөгетi құрылысын пайдаланудың өзi мұң болды. Екі ел арасындағы кикілжің тудырған жағдайды шешуге де Су ресурстары комитеті араласып, Үкімет алдына мәселе етіп қойған. Нәтижесінде мемлекеттiк маңызы бар тағы бiр жоба тұсауын кесті. Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің басшысы Ислам Әбішевтің сөзіне қарағанда, жаңа бөгет су қоймасының жарылып кетуін қауіпсіздендіріп әрі жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізеді.
Оңтүстiк Қазақстан су шаруашылығы басқармасы құрылыс-жөндеу өндiрiстiк бөлiмiнiң бастығы Қаратай Досаев бөгеттiң табанына жаңбыр, қар суларының өтуi үшiн арнайы құбырлар тастау да ескерiлгендігін айтады. Бөгеттiң үстiне екi ауданды жалғастыратын асфальт жол салынып, электр қуатын жеткiзетiн желiлiк бағаналар орнатылмақ. Мұнымен қоса қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және әртүрлi лаңкестiк шаралардың алдын алу қызметiн күшейту жағы да ойластырылған. Жоба бойынша су есебi жүйесiн автоматтандыру да қарастырылыпты. Бүгінде үш кезеңге бөлініп, жүзеге асып жатқан құрылыстың үштен бірі аяқталған. Алайда бес жылдың ішінде, яғни 2015 жылы бітуі тиіс нысанның стратегиялық маңыздылығын ескере келе, жергілікті билік жұмысқа бір жылда нүкте қоямыз деп отыр.
Бұған дейін Жетісай қаласына қарай Сырдария арқылы «Тәуелсіздік көпірі» салынып, ел игілігіне берілген болатын. Көршінің қорлығына төзіп келген арнасайлықтар жақын арада тағы да қуанышқа бөленбек. Біз сөзбен айтқанда, жергілікті халық Арнасай бөгеті салынып біткенде ғана өз қолымыз өз аузымызға жететіндігіне сенімді.
Мира БЕРІКБОЛОВА