ЕЛЖІРЕП ЕЛГЕ ЖҮРЕГІ
ЕЛЖІРЕП ЕЛГЕ ЖҮРЕГІ
Үлкен ғылым сахнасының шымылдығын қазақ тілші ғалымдары тек ХХ ғасырда ашқан десек қателеспейміз. Бастауы Ахмет Байтұрсынұлы есімімен байланыстырылатын бүгінгі қазақ тілі білімінің арқауы әдепкіде практикалық мәселелерді шешуден басталып, кейін ірі ғылыми-теориялық мәселелерді шешуде ешкімді күмілжіп-күтпей үлкен қарқынмен ілгері жылжыды. Ғасырдың алғашқы екі-үш он жылдығының өзінде қазақ тіл білімінің «мық шегелері» тіл ғылымының салалары жөнінде іргелі ғылыми зерттеулер жазып, кеңес кеңістігінде жетекші ғылыми бағыт ұстады.
Бұдан кейінгі толқын қазақ тіл білімінің салаларын тереңдей толғаумен қоса, түркітанудағы іргелі мәселелерді шешуге құлаш ұрды. Осы толқынның ішінде іске бар, сөзге жоқ, еңбекке бар, күлмекке жоқ, сезімге бай, сергімекке жоқ, еңбегінен өнбек іздеген, сапыра емес, сарыла зерттеуді мақсат тұтқан Алтай Сәрсенұлы Аманжолов та бар еді. Алтай Сәрсенұлының ғылымдағы жолы қазіргі А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтынан басталған. Көне түркі жазуының теориясы мен тарихын, түркі тілдерін салыстырмалы-тарихи бағытта зерделей жүріп, сарыла ізденіп, тінти іздеп, көне түркілік жазудың майталман зерттеушісі Алтай аға зерттеулері классикалық үлгіде жазылды. Олай болмасқа лаж да жоқ еді. Алдымен классикалық деңгейде білім алу, тумысындағы шыдамдылық пен тазалық, адами болмысындағы ғылымға деген құлшыныс Алтай ағаны әлемдік деңгейде тұрған көне түркілік мұраларды классикалық тұрғыда зерттеуге жетелегендей. Тасқа жазылған жазуды дұрыс оқу, әрі шалқар шабытпен оқу кез келген ғалымның маңдайына жазылған бақ болмаса керек.
Жазу – адам баласының қолымен жасалған әлемдік мәдени құндылық. «Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» демекші, түркілік мәдениеттің әлемдік деңгейдегі көрінетіні, маңыздысы, ерекшесі – көне түркілік жазбалар. Түркі халқы болып бағаларымыз, бағаланарымыз да – осы. Түркі халықтарының тарихи тектілігін, ұлық мәдениетінің болғандығын анықтайтын тарихи көрсеткіш, нақты тас дерек – осы. Осындай әлемдік деңгейдегі түркілік құндылықты іргелі ғылыми негізде зерттеуші Алтай Сәрсенұлы Саян-Алтай мен қарлы Алатау қатпарларынан табылған көне түркілік мұраларды түркі тайпаларының тарихымен бірге қарастырып, халық тарихының жаңа бір үлкен белесінде жатқан жазумен әдіптелген тағылымды танып, ел игілігіне жаратты. Бұл жолда ғалым негізінен әлемдік көрнекті ғұламалар еңбектеріне иек артады.
А.С. Аманжолов Қазақстандағы көне түркілік жазба мұрағаттар тілін зерттеуші санаулы ғалымдардың бірі ғана емес, санаттысы. Әрине, бұл жолға түсуі де кездейсоқ болған нәрсе емес, қайсар ғалымның саналы таңдауы болса керек. Кім білсін, кезінде, қазақ халқының этникалық құрамы туралы, көне қазақ ру-тайпаларының ежелгі тарихы туралы тереңнен сыр тартқан ғалым әкенің өзі іске асыра алмаған асыл арманына баласын жетелеген үміті жатыр ма екен? Ішкі сырын көпке жариялай қоймайтын, жариялылығынан гөрі қалтарыс сыры басым ағаның ғылымдағы жолының басталуын өзімізше осылай топшыладық.
Кеңес кезеңінің жылымығынан гөрі қатқыл қабағын танытып тұрған уағында (1957 жылы) Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Шығыс тілдері институтын тәмамдаған Алтай Сәрсенұлы білікті шығыстанушылар мен түркологтардың алдынан тағылым ала жүріп, “Глагольное управление в языке памятников древнетюркских памятников” деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын қорғап шыққан. Бұл тек өз кезі үшін ғана емес, қазіргі түркологиядағы тарихи синтаксистің ең аз қарастырылған бөліміне арналған тың зерттеу болатын. Шындығында осындай күрделі мәселеге Алтай ағадан кейін де батылы жетіп бара алған ғалымдар ілуде біреу ғана. Е. Ағмановтан өзге тарихи синтаксистің терең де күрделі теориялық мәселелеріне барып, зерделеп жүрген ғалымды қазірдің өзінде біле бермейтініміз рас.
Ерекше айтқымыз келетіні, Алтай ағаның осы кандидаттық диссертациясын қазірде ай сайын қорғалып жатқан кандидаттық диссертациялармен салыстыруға келер ме? Бұл – терең ғылыми ізденістің нәтижесі еді. Атақты түрколог-ғалымдар В.М. Насилов пен Э.Р.Тенишевтен, Э.Н. Наджип пен Н.А. Баскаковтан бата алған, көне түркі тіліндегі етістік түбірлердің ішкі болмысын тану арқылы олардың өзге тұлғалармен синтагматикалық қатынасын, валенттілік сипатын, меңгеріле байланысудың компоненттік ерекшеліктерін ашып көрсеткен түркологиядағы алғашқы құнды зерттеулердің бірі. Салыстырып қарағанда, қазіргі кезде қорғалып жатқан ғылыми зерттеулердің ұсақ тақырыпты қамтуы, сапасы мен деңгей-дәрежесі қазіргі ғылымдағы жас пен кәріні де бірдей ойландыруы керек сияқты. Жасалған терең ғылыми-теориялық пайымдауларды одан әрі тереңдете зерттеп жатырмыз ба, әлде тіл ғылымы тоқырауда ма деген сұрақтың да кейде жағадан алатынын жасыра алмаймыз.
Алтай аға осы зерттеуінен кейін-ақ түрколог ретінде бүкіл әлемге танылды. Ғалымның “Материалы и исследования по истории древнетюркской письменности” деп аталатын докторлық диссертациясы әлемдік түркологиядағы бір үлкен белес болғаны да ақиқат. Көне түркілік жазба ескеркіштердің мәтініне тілдік жаңа ғылыми талдаулар жасалып, жазу тарихының өзекті мәселелері сараланған бұл зерттеу кезінде көптеген беделді түрколог ғалымдардан бағасын алғанын да әріптестері жақсы біледі. Ата-бабамыздың тарихы мен көне жазба мәдениетінің ұшан-теңіз жұмбақ сырларына бойлай енген ғалым жүрегінен мынадай жыр жолдары төгіліпті:
Елжіреп елге жүрегім,
Еркелеп мәңгі жүремін.
Көзіндей ата-бабаның
Көріндің маған, өр елім!
Түркілік деп танылатын жазудың қыр-сырын таныған қазақ ғалымының жүрегі осылайша елжірей соғып, тарихтың қатпар-қатпар көне шежіресінен қазақ жазуының да өзіндік сілем-ізін іздеп, заманалар шаңы басса да, тот баспас сары алтындай сақталған жазудың ізін қалың соқпақ жолдардың арасынан сарыла жүріп тауыпты. Талас, Іле, Сыр, Ертіс өзендері бойынан табылған біршама көне руникалық жазудың бар екені анықталған тұста, соны оқып, сырын ашқан бірден-бір ғалым Алтай Сәрсенұлы екенін ел біледі, мойындайды. Айталық, Іле өзенінің Кетмен тау жотасының қия жартасына қашалған руникалық жазуды үш жерден тауып, суретін түсіріп, оқыған, Есік қаласының іргесінен ашылған сақ дәуіріне жататын үлкен қорғаннан табылған күміс тостағанның сыртқы түбіне ойылып жазылған жазуды оқып тиянақтаған, Сыр бойындағы Шардарадан табылған ескі қорғаннан шыққан алқадағы жазуды оқыған, Павлодар облысынан табылған қорымның сақ дәуіріне жататынын дәлелдеген, Марқакөлден табылған қола айнадағы руникалық жазуды оқыған профессор А.Аманжолов болатын.
Алтай Сәрсенұлының тағы бір қайсарлығы түркі тіліндегі лексикалық бірліктерді шумерлік жазулармен салыстырып, Орталық Қазақстандағы Кеңгір өзенінің атын Шумер (Кеңгер) жерінің атымен үндес келуі тегін емес деуімен де байланыстырар едік. “Түркі тілі жөніндегі ең алғашқы мәлімет Месопотамияның оңтүстігінен (Шумерден) табылған біздің дәуірімізге дейінгі ІV-ІІІ мың жылдықтарды меңзейтін идеографиялық жазба ескерткіштерінен байқалатынын” нақты мысалдар арқылы дәлелдеген ғалымның тұжырымына назар аударыңызшы: “Тіл мен этностың бірегейлігін ескерсек, этностың өз ана тілін қадірлеуі әбден заңды болары хақ. Ана тіліне деген шынайы сүйіспеншілік пен құрмет халықтың сана-сезімі неғұрлым дамыған сайын соғұрлым кемелденіп, өсіп, өркендей түсудің нышаны болып табылады” (Түркі филологиясы және жазу тарихы, 27-бет).
Қазақ жерінің әлемдік өркениеттен аулақ болмағанын тереңнен таныған ғалым зерттеулерінің маңызын түсініп, бағалау парыз. Қазақ жері ежелгі өркениеттермен терезесі тең, рухани және материалдық мәдениетті жасаушы ортаның бірі болғанын зерделеген ғалым зерттеулерінің шоқтығы биік екені даусыз. Өткен ғасырда Жетісу өлкесінен табылған ежелгі жазу үлгілерін терең таныған ғалым-аға “ата-бабамыз көне грек алфавитін білген” деген ғылыми тұжырым жасайды. “Көне грек жазуы Ескендір патшаның заманында, я одан бір-екі ғасыр бұрын таралып, Орта Азия мен Қазақстан жерінде әлдебір құпия “өнер” есебінде, буддалық монастырлерде ұзақ уақыт өткеніне қарамастан, өзгерілмеген қалпында сақталғанын” автор тәптіштеп дәлелдейді. Көне түркі алфавиті мен ертедегі грек алфавитінің арасында генетикалық байланыстың бар екенін жазады. Ғалым зерттеулерінің негізінде жасалған тұжырым қазақ жазуы тарихының көне бастауларын танытады деп пайымдаймыз.
А. Аманжоловтың “Демек, ата-бабаларымыздың көне грек алфавитін меңгеріп, пайдаланып, өз тілінің дыбыстық жүйесіне лайықты төл жазуын – көне түркі алфавитін өте ерте, біздің заманымыздан бірнеше ғасыр бұрын ойдағыдай жасап шығарған” деуі әлемдік жазу үлгісі Арамей таңбаларынан бастау алған деген ғылыми ойды нақтылай түседі. Яғни көне түркі жазуы сақ жазуының заңды жалғасы деген ғылыми байламды негіздеп, салмақты ғылыми зерттеулер арқылы дәлелдейді.
Алтай аға зерттеулерін оқып отырғанда, Қазақтың байтақ даласындағы әр тау, әрбір тас, атамекеннің текті атаулары сыр шертіп жатқандай көрінеді. Шешуін тап та, сырын таны дейтіндей. Оның сырын ерінбей іздеген, талмай, таусылмай табандылық танытқандар ғана ашары тағы да рас. Сірә, мұндай зор еңбек, қажыр-қайрат туған жерге, өскен топыраққа деген ыстық махаббаттан нәр алса керек. “Сен неткен асылсың, ата мекен! Қазыналы қойнауыңда талай ұрпақ өмір кешсе де, құпия сырыңды жария етпей, ішке бүгіп, момақансып жатасың да қоясың. Сол бір сырыңды білсек-ау деген ынтызар перзенттерің жар құлағы жастыққа тимей қанша талпынса да, “шеш көңілімнің жұмбағын” деген сыңайыңнан бір айнымайсың”,– деп толғанады Алтай аға.
Мәскеу университетінің профессоры В.М. Насилов 1959 жылы 18 наурызда Алтай Сәрсенұлына жазған бір хатында былай деген екен: “Я убежден, что Вы верная его смена и продолжите его исследовательскую работу”. Ия, профессор қателеспепті. Алтай Аманжолов әкенің ғылыми жолын жалғастырып, дамытып, қазақ ғылымының көкжиегін кеңейте түсіп, жаңа ғылыми бағыттарға ұластыра алды.
Өр Алтайдың жазғы ғажайып сұлулығы мен қайсар қысы Сәрсенұлы Алтайдың ішкі болмысын танытардай. Сұлулығы – ғылым жандылығы, ғылыми ортадағы таза мінезділігі болса, қайсарлығы (мықтылығы да осында ма кім білсін?!) – кез келгеннің уысына түсе қоймайтын, кез келгеннің шамасы жетіп, табан тіреп зерделей алмайтын көне тарихи мұралардың тілін қиыннан қиыстырып, жігерлілікпен зерттеп келе жатқаны болса керек. Нар көтерер жүкті көтерген нар тұлғаны қалай мақтаса да, есімімен қалай мақтанса да, қалай ардақтаса да жарасатыны – шындық.
Бүгінгі ақпарат тез және оңай жазылады, әйткенмен оңай өшіп те қалады. Таңбаланып жазуға түсуі қандай оңай болса, жоғалуы да солай оңай. Ал тастағы жазуды ойып жазу күрделі әрекеттің ғана емес, үлкен ғылыми ойдың, дүниетанымдық дәстүрдің, биік сананың да жемісі, сан ғасырлар толқыны мен талқысы да өшіре алмады, өшіре алмақ та емес. Осындай мәңгілікке жазылып, тасқа қашалған құндылықты классикалық тұрғыдан зерделеп Алтай Сәрсенұлының өзі де атын мәңгілікке жазғандай.
А.СалқынбайӘл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің
профессоры, филология
ғылымдарының докторы