Жаңалықтар

ТӨЛ ТЕҢГЕНІҢ ТАҢҒАЖАЙЫП ТАРИХЫ

ашық дереккөзі

ТӨЛ ТЕҢГЕНІҢ ТАҢҒАЖАЙЫП ТАРИХЫ

Алғашқы нұсқасы ағылшындар елінде басылған теңгенің осал тұсы қандай еді? Қазақтардың төл теңгесін айналымға мәжбүрлі түрде енгізуге себеп болған не? Ресей жаңа рубль аймағына қалай көшті? Ұлттық валютамыз неліктен құпия түрде жасалып, елге құпия түрде жеткізілді? Бұл сұрақтардың барлығына төл теңгенің тарихына үңілсеңіз ғана жауап таба аласыз.

1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Арада үш күн өткенде 15- айналымға қазақтардың ұлттық валютасы – теңге енгізіліп, қарашаның 15-і ресми түрде Қазақстанның Ұлттық валютасының күні деп белгіленді. Сол жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банктегі теңгенің тұсаукесер рәсімінде Құрметті қонақтар кітабына: «Теңге – еліміздің тәуелсіздігінің нақты белгісі. Қазақ теңгесі халық игілігіне қызмет етіп, еліміздің байып өркендеуіне әр уақытта қызмет етсін!» – деп жазған болатын. Айналымға алғаш түскен теңгелер бастапқыда әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Абай суреттері бейнеленген 1, 3, 5, 10, 20, 50 және 100, 200 теңгелік номиналда шықты. Алайда нарық талабы бұл номиналдарды уақыт өте құнсыздандырып жібергендіктен, кейін айналымға 500, 1000 теңге, сәл кейінірек 2000, 5000 теңге және бүгінгі ең жоғары номинал – 10 000 теңге басылып шығарылды. Негізі мемлекет үшін ең басты мәселелердің бірі – ұлттық валюта енгізу барысына саяси мәселелердің де ықпалы болғаны 90-15 жасырын емес. Өйткені 90-жылдардың басында 15 одақтас республиканың басын қосқан КСРО ыдырап, оның құрамындағы елдер өз алдына тәуелсіз шаңырақ көтеріп жатқан кезде Қазақстанда айналымда жүрген ақша Ресейге тиесілі ескі де жаңа рубльдер болатын. Мемлекеттік басқару жүйесі Мәскеуге бағындырылған, қаржылық жүйе кеңестік империяның уысында болған, ортақ валютаға жүгінген сол бір қиын кезеңнің қыспағы туралы айту артық шығар. Алыс-жақын шетелдермен есеп-қисап айрысатын шоттар, ішкі және сыртқы есеп-қисап ашатын жүйе, дербес төлем балансы, басқа да инфрақұрылымдық жүйелер тіпті болмаған. Еліміздегі саяси қайраткерлер сол бір кезеңде Ресейдің рубльді девальвациялау жайлы жиі мәселе көтергенін еске алады. Бұл 70 жыл бойы инфляцияны күшпен ауыздықтап, адамдар санасында Кеңестер одағында барлық зат арзан әрі су тегін сияқты әсерді қалыптастырған еді. Тіпті Қазақстан сияқты тәуелсіз елде 20 жылдан астам өмір сүріп жатқан аға буынның кейбірі кейде «Ол кезде заман тыныш, тауар біткен арзан болатын» деп тамсанатыны бар. Мұндайда қолдан жасалаған «дефицит», яғни тапшылық жайлы айту артық. Шетелдік қымбат заттар мен жылы-жұмсақты тамыр-танысы барлар ғана есіктен емес, «тесіктен» сырт көзден жасырын алатын.

Төл теңге

Жетпіс жылдан астам уақыт бойы бірнеше елдің тізгінін уысында ұстаған Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының шаңырағы шайқалып, тоз-тоз боп ыдыраған сәтте, яғни 1991-1992 жылдары өзінің ұлттық валютасы жоқ рубль аймағындағы елдер амалсыздан кеңестік империяның «тақ мұрагері» ретінде қалған Ресейдің экономикасындағы жаңа реформаларға, қаржы және несие саясатына тәуелділіктен арыла алмаған. Сол жылдары ресейлік билік басына келген Т.Гайдардың «жас монетаристер» тобы елдегі бағаны бетімен жіберді. Ақша құнсызданып, тауардың тұтыну бағасы өсіп, жалпы инфляцияның шектен тыс шарықтап кетуі соның салдарынан. Жүздеген емес, мыңдаған пайызға өскен қымбатшылық елді әбігерге салғаны есімізде. Ресми деректерге сүйенсек, КСРО ыдыраған алғашқы кезең – 1991 жылы инфляция деңгейі он екі айдың ішінде – 147,1 пайыз, 1992 жылы – 2960, 8 пайыз, 1993 жылы 2165,0 пайыздан асып түскен. Осылайша, небәрі үш жылда жалпы деңгейі 5 мың пайызға артқан инфляция проблемасы пайда болды. Тәжірибесі мен әдіс-тәсілге шорқақ ресейлік жаңа Үкіметтің қолында инфляциямен күресетін арнайы қаражаттық қор, орталық банкте алтын-валюта резерві немесе басқа мүмкіндік болған жоқ. Он бес одақтас республикалар тәуелсіз шаңырағының уығын енді көтеріп жатқандықтан, олардың ешқайсысында алтын-валюта қоры құрылып үлгермеген еді. Жығылғанға жұдырық, Қазақстанның мемлекеттік бюджеті сол кезде үлкен тапшылыққа ұрынып, ірі көлемдегі дефицитпен шығуды әдетке айналдырған.

Бірқатар елдің үкіметін әбігерге салған сол күрделі кезеңде Қазақ билігі үшін егемен елдің саяси тұрақтылығын орнықтырумен бірге қаржылық орнықтылыққа кепілдік беретін тәсілдерді табу міндеттелген. Осы себепті үш басты міндетті айқындап алған. Әлбетте, мұндайда тәуелсіз елдің дербес экономикасын құру күн тәртібіне шыққаны анық. Ал бұл алдымен қазақстандық тәуелсіз ақша-қаражат саясатын қалыптастыру, тәуелсіз банк жүйесін құру, Қазақ билігіне экономиканы өз бетінше басқаруға мүмкіндік беретін жаңа басқару тетіктерін жасау және оны шұғыл түрде іске қосуды міндеттеген болатын. Үкіметтің мойнына жүктелген екінші міндет – ұлттық валютаға байланысты еді. Үшіншіден, осы ақша-қаражат мәселесіне байланысты бұрын-соңды болмаған жаңа инфрақұрылым жасау қажет болды. Ұлттық ақшаны жедел айналымға енгізу банкноттық фабрика, монета сарайы, валюта және құнды металл, онымен қоса, бағалы қазына сақтау қоймалары, электронды биржа, валюталық биржалар, дербес төлем және есеп айыру жүйелері, шетел банктерімен корреспонденттік қатынастар қалыптастыру, қаржылық есебімізді, бухгалтерлік есеп жүйесін шетел стандарттарына көшірудің алғышарттарын бастау, банк саласының жаңа бақылау жүйесін жасау, барлық құрылымдарды заманауи компьютерлік технологиямен, жаңа көлік байланысы жабдықтарымен жасақтау және басқа жұмыстарды іске асыру мәселелерін шешуді міндеттеді.

Қазақтың ұлттық ақшасын дайындау жұмыстары аса жоғары деңгейдегі құпиялылықпен жүргізілді. Өйткені ол кезде «орталық басқару жүйесімен» байланыс әлі үзілмеген еді. Шаңырағы ортасына түскен КСРО-ның әбден құнсызданған ақшасы Қазақ нарығына толассыз ағылып жатқан. Сол кезде төнген басты қауіп – құнсыз ақшаға мемлекеттік маңызы бар құнды нәрселердің сатылып кету мүмкіндігі. Осы себепті, 1992 жылдың ақпан айында ҚР Президенті Н.Назарбаев отандық қаржыгерлерге ұлттық валютаны жасауға тапсырма берді. Халықаралық тәжірибеде валюта шығарудың өткінші валюта және нағыз валюта деген екі жолы бар. Өткінші валюта купон сияқты. Мысалы Белоруссияда бастапқыда «Белорусские зайчики» деген купон болған. Украинада да сондай уақытша валюта болды. Қазақстандық қаржыгерлер мен сарапшылар қауымы осы мәселені зерттей келе, уақытша валютаның пайдасыз екендігін анықтапты. Сондықтан негізгі валютаны бірден айналымға енгізуге жоспар құрған отандық мамандар мемлекет үшін аса маңызды іске бел шеше кіріседі. Ескеретін жайт, сол сәтте Ұлттық банктің қорында бір тиын да жоқ болатын. Есесіне, ұлттық валютаны жасауға аса ірі көлемде қаражат қажет болғаны анық. Кез келген елге валюта жасап беруге АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Жапония сияқты дамыған мемлекеттер ғана қауқарлы. Қай жерде пайда болса, сол жерден табылатын олар кеңестік империяның құрамында болған республикаларға қарай ағылып, өздерінің жобалары мен ұсыныстарын білдіруге асыққан. Елбасының тапсырмасымен, арнайы құрылған шағын ғана топ Қазақтың ұлттық валютасын дайындау үшін ағылшындардың «Харрисон және ұлдары» фабрикасына тоқтаған.

Осылайша құпия түрде жүргізілген теңгенің алғашқы нұсқасы бір жылдың ішінде дайын болды. Бірақ жеделдікпен әзірленген ақшаның сапасы мамандардың пікірінше, нашар болған көрінеді. Есесіне, бүгінгі теңгенің қорғаныс сапасы әлем бойынша валюталар арасында жоғары деңгейдегілер қатарында және де теңгені көшіріп жасау алаяқтарға қиынға соғады. Қазіргі айналымда жүрген ірі купюралардың құрамында 12-14-ке жуық қорғаныс заты бар. Теңге алғаш рет Ұлыбританияда басылып шықты, яғни төл теңгемізді басып шығару жөніндегі алғашқы келісімшарт ағылшын компаниясымен арада жасалған болатын. Сол тұста Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты тәуелсіз еліміздің алғашқы тиындарын құюды да бастап кетті. Кейінірек Алматыда банкнот фабрикасы ашылды.

Теңгені елге тасымалдау да қиынға түсті

Негізі ұлттық валюта шығару өте ірі көлемдегі шығынды талап етеді. Жұмсалатын қаражаттың 30-40 пайызы дизайнға кететін көрінеді. Теңгенің тұсауы кесілместен бұрын, яғни ағылшындарды таңдамай тұрғанда арнайы топ мүшелері көптеген мемлекеттің орталық банктерінің көмегімен Жер шарындағы бірқатар банкнот, құнды қағаздар мен басқа да қорғаныш элементтеріне қажетті заттарды өндіретін фабрикалардың жұмыстарымен танысты. Олардың көз жеткізгені, шетелдік фабрикаларда жасалатын валютаның бір номиналының дизайнына бір жыл уақыт пен қыруар ақша керек екен. Ал қазақтардың қолында бір емес, жеті номинал – 1, 3, 5, 10, 20, 50, 100 теңге болды. Оның үстіне, Елбасының тапсырмасы бойынша ұлттық валюта келесі жылдың наурыз айына дейін дайын болуы тиіс еді. Отандық мамандар дер кезінде үлгеру үшін Қазақ дизайн орталығының президенті Тимур Сүлейменовтің көмегіне жүгінеді. Сүлейменов жанына 5-6 дизайнер-суретшімен бірге екі айдың ішінде 4 номиналдың нұсқасын жасап шығарды. Номиналдарды дайындау барысында мамандар теңгені экономикалық немесе қаржылық құрал ретінде ғана емес, Қазақ елінің ұлттық рухы мен мемлекеттік рәмізі ретінде суреттеуді мақсат еткен. Осы себепті, Ұлттық ғылым академиясының белгілі академик-ғалымдарымен ақылдаса отырып, еліміздегі тарихи мұрағаттарда, тарих ғылымында сурет бейнелері анықталған тұлғалар таңдалынды. Олардың бұл ұсынысын ҚР Президенті ресми түрде бекіткеннен кейін мамандар Қазақстанның тұңғыш ұлттық валютасының алғашқы нұсқасын шығару үшін Ұлыбританиядағы «Харрисон және ұлдары» фабрикасына жол тартты. Қазақтар дайындаған дизайн үлгісімен ағылшын мамандары 1-2 күннің ішінде ешқандай қауіпсіздік шарттарын қолданбастан электронды қондырғының көмегімен алғашқы нұсқасын әзірледі. Қазақстанға қайта оралып, Елбасының келісімін алғаннан кейін валютаны өндіріске енгізу, оның қауіпсіздік қорғаныс элементтерін жасау мақсатында елімізге танымал суретші-дизайнерлері – Х.Ғабжалелов, А.Дүзелханов және М.Әлин Лондонға қайта жіберіледі. 1993 жылы қаңтар айында қазақ теңгесін жасау жөніндегі жоба өндіріске енді, банкноттық фабрика «Харрисон және ұлдары» валютаны шығара бастады. Яғни теңгенің 7 номиналы сол жылдың сәуір айында толығымен дайын болды. Егемендікке енді ғана қол жеткізген Қазақстанға тұманды Альбионда басылған валютаны жеткізіп алу да оңайға түскен жоқ. Өйткені ол кезде қазіргідей Лондоннан Алматыға тікелей ұшатын ұшақ болмады. Поскеңестік елдердің билік тізгінін уысынан шығарғысы келмеген Ресей Қазақтың теңгесіне қарсы болатыны айдан анық еді. Демек, дайын тұрған валютаны Мәскеу арқылы әкелу өте қауіпті болатын. Сол себепті мүдделі топ Шымкентте ұшқыш қызметін атқарып жүрген тәжірибелі маманды тауып алып, жолаушылар тасымалдайтын ұшаққа ақша салынған контейнерлерді тиейді де, сыртына «Үкіметтің қарауындағы жүк. Кедендік тексеруден тысқары» деп жазылып, екі аптаның ішінде теңге Лондоннан Таразға түгел жеткізіледі. Алайда ұлттық валюта елге әкелінгеннен кейін бірден айналымға енгізілген жоқ. Өйткені Мәскеудің талап етуімен қазақстандық тарап рубль аймағынан шығуға кедергі жасайтын 6-7 шартқа қол қойды. Бірақ көп ұзамай, яғни тамыз айында Ресейдің өзі бұған дейін қабылданған шарттарға мойынсұнбай, рубль аймағынан бас тартты. Жаңа Ресей Федерациясының ұлттық рәміздері суреттелген жаңа валютасын жасады. Сонымен қатар жаңадан құрылған рубль аймағына Қазақстанды мүшелікке алмайтынын ашық ескертті. Ол кезде елдегі құнсызданған ақша ешкімге керексіз секілденетін, бірнеше есеге өсіп кеткен жалақы, зейнетақы, төлемақының салдарынан ақша тапшылығы басталған. Әрі қолдағы валюта қоры да түгесілген еді. 1993 жылдың шілдесінен бастап Ресейдің Орталық банкі мен банкнот фабрикасы Кеңестер Одағының валютасын шығаруды толық тоқтатады. Бұл Қазақстандағы қаржылық қиындыққа әкеп соққан. Тығырықтан шығар жолды таңдаған Елбасы теңгені айналымға енгізу жұмыстарымен айналысатын Ұлттық комиссия құруға нұсқау береді. Аталған комиссия қажетті құжаттарды әзірлеп, осының нәтижесінде ҚР Президенті Н.Назарбаев 1993 жылдың 13 қарашасында отандық телеарналар арқылы тікелей эфирге шығып, 15 қарашадан бастап ұлттық валютаның айналымға енгізілетінін ресми түрде мәімдеді. Осылайша 70 жылдан астам кеңестік империяның бодандығында болған Қазақ елі өзінің ұлттық валютасына қол жеткізді. Ресми деректерге сүйенсек, ол кезде теңгенің АҚШ-тың 1 долларына шаққандағы бағамы 4,75 теңге еді.

Теңгеге деген құрмет бүгінде түрлі шаралар арқылы көрініс табады. Соның бірі, 2012 жылдың 15 қарашасында Астанадағы «Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесінде б.з.д. VIII ғасырдан біздің дәуірімізге дейінгі түрлі кезеңдерге жататын көне ақшалардың көрмесі. Көрме экспозициясында Батыс Түрік қағанатының ақшасы (б.з.VIII–XI ғғ.), Қараханидтер династиясының ақшасы (Х-ХІ ғғ.), Қола дәуір монеталары (Х-ХІ ғғ.), шағатайлықтардың дирхемдері (ХІІІ-ХV ғғ.), Ежелгі Отырар ақшалары (ХІІІ-ХV ғғ.) қойылған. Сол сияқты, көрмеге жиналған жұрт бұрын еш жерде қойылмаған Қазақстандағы миллениумді қарсы алу, «С.Мұқановқа 100 жыл», «Ұлы Отан соғысы жеңісіне 55 жыл», «Түркістанның 1500 жылдығы», «ҚР Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» сынды, өзге де айтулы оқиғаларға арналған мерекелік және естелік монеталарды тамашалады. Шараның ашылу салтанатында Берел қорғанын ашқан археолог, тарих ғылымдарының докторы, ҚР БҒМБК Ә.Марғұлан атындағы археология институты филиалының директоры Зейнолла Самашев: «Қазақстанның ұлттық валютасы мен ақша айналымының бастауы өте ерте замандарға жатады. Оған еліміздің түрлі аймақтарынан табылған көне монеталар, атап айтқанда, Сарайшық қаласынан табылған XIII-XVI ғасырларға жататын дирхемдер дәлел. Бұл көрмедегі коллекция Қазақстан территориясындағы сауда-экономикалық байланыстың алуан түрлі болғанын көрсетеді», – деп мәлімдеді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ