Жаңалықтар

«БІР СӘТ ЖӘНЕ БҮКІЛ ҒҰМЫР»

ашық дереккөзі

«БІР СӘТ ЖӘНЕ БҮКІЛ ҒҰМЫР»

Белгілі тележурналист, ақын Бейбіт Құсанбектің өмірден озғанына да біраз жылдың жүзі. Данышпан Абай қазақтың «Көзі қалды дегені – баласы қалды дегенін» де, «Сөзі қалды дегені – өзі қалды дегенін» де, сірә, білген шығар. Шын таланттың өзі де, шығармашылығы да халық жадында мәңгі сақталатыны сондықтан.

Бейбіт Құсанбектің көрермен көңілінің төрінен орын алған «Өмір – өзен», «Үркер», «Таразы», «Нысана», «Ойталас», «Дәуірнама», «Ел ағалары», «Тіл», «Бір сәт және бүкіл ғұмыр» секілді танымал хабарлары күні бүгінге дейін жұртшылық сүйіспеншілігіне бөленіп келгені анық. Соның ішінде «Бір сәт және бүкіл ғұмыр» – ақын, сазгер, сан қырлы талант иесі Бейбіт Құсанбектің өмірінің соңына дейін эфирде үзілмей шығып тұрған бағдарламаларының бірі болатын. Енді, міне, сол еңбек марқұмның жары, сөз қадірін танитын, архив ісінің білгірі Ғазиза Тұрмағанбетқызының зерттеп-зерделеуінің, екшеп-елеуінің, құнттап-құрастыруының арқасында жеке кітап болып жарық көріп отыр. Аталмыш еңбекте әуезді дауысы мен биязы мінезі арқылы көптің жүрегінен орын тепкен Бейбіт Құсанбектің «Хабар» телеарнасы арқылы жүргізген «Бір сәт және бүкіл ғұмыр» жобасының 139 хабары енген.

Әр кезеңдерде фотоаппарат назарына іліккен тұлғалар бейнесі «стоп кадр» әдісімен «көгілдір экраннан» оқшауланып көрінсе, әр сурет өзінше бір тарихи сәттің ақиқатын паш етеді. Бейбіт Құсанбек жасаған хабарларда рух биіктігі, халық қамы, ел бірлігі, оның шын ниеті мен жүрек сыры көрініп тұратын. Оның теледидардағы ғұмыры қызықты оқиғалармен өріліп, талай жаны жарқын, жайсаң азаматтармен кездесулерге толы болды. Бейбіт Құсанбектің бір ерекшелігі, ол өзі сұхбаттасқан, араласқан әр адамның жан дүниесін терең түсінді. Отандық телеарнаның «Алтын қорында» сақталып, теледидар арқылы сан мәрте көрсетіліп жүрген – «Бір сәт және бүкіл ғұмыр» хабары қағаз бетіне түсіріліп, кітапқа енгізілген. Тарихи есімдер мен тар жол, тайғақ кешкен тағдырлар туралы тұшымды әңгіме өрбіткен тележурналистің ерен еңбегі мен ізденіске толы өмірі кез келген оқырманды бейжай қалдырмаса керек.

Д. ДҮРМӘН