Жаңалықтар

БАР ТҮЙТКІЛ БИБІЛЕРДІҢ ЖАСЫНДА МА?

ашық дереккөзі

БАР ТҮЙТКІЛ БИБІЛЕРДІҢ ЖАСЫНДА МА?

Зейнетақы реформасы:

Елбасының осыдан он ай бұрын, биылғы халыққа Жолдауында отандық зейнетақы жүйесін реформалауға қатысты Үкімет пен Ұлттық банкке берген тапсырмасы қалай орындалуда? Құзырлы органдар реформа шеңберінде атқарылуы тиіс шаралар туралы неге кеңінен насихаттауға құлықсыз? Мемлекеттің дамуында аса маңызды рөл атқаратын осы мәселе төңірегінде неге қоғамдық пікір қалыптаспай отыр? Бар түйткілді әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасынан іздеген Бас банкирдің көздегені не?

Өткенде қысқамерзімдік демалыстан келген Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың қабылдауында болған ҚР Ұлттық банкінің басшысы Григорий Марченко Елбасыға Қазақстандағы банк жүйесінің жай-күйі мен валюталық нарықтағы жағдайы, экономиканы несиелендірудің орта мерзімді жүйесін дамыту келешегі және зейнетақы қорлары, сақтандыру компаниялары мен шетелдік инвесторлар есебінен оны қорландыру мүмкіндіктері, сондай-ақ, зейнетақы жүйесін жетілдіру жөнінде жүргізілген жұмыстар, отандық нарықтағы қаржы тұрақтылығы мен қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңесте осы мәселелердің қаралуы жайлы есеп берді. Мемлекет басшысы кездесудің қорытындысы бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің тетіктерін одан әрі жаңғырту, сондай-ақ елдегі ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруда екінші деңгейдегі банктердің, зейнетақы қорлары мен өзге қаржы институттарының қаражатын пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде нұсқау берген. Негізі бұл тапсырманы Елбасы бірінші рет көтеріп отырған жоқ. 2012 жылдың 27 қаңтарындағы халыққа Жолдауында ол зейнетақы жүйесін жетілдіруге Үкіметке тапсырма берген болатын. «Қазақстан посткеңестік кеңістікте алғашқы болып жинақтаушы жүйесін табысты енгізді. Салымшылар саны 8 миллион адамға жетті. Жинақталған қаражат көлемі 17 миллиард теңгеден асады. Соған қарамастан бүгінде салымшылар зейнетақы қорларының инвестициялық саясатына ықпал етуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан зейнетақы қорына төлейтін ақшаға олар салық ретінде қарайды. Ал жекелеген зейнетақы қорларының басшылығы қордағы ақшаны өз жекеменшігіндегі қаражат сияқты көріп, акционерлердің мүддесін қорғайды, көп жағдайда олардың шығындарын өтейді», – деп мәлімдеген Елбасы Үкімет пен Ұлттық Банкке алғашқы жартыжылдықтың соңына дейін зейнетақы жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарды түзуді бұйырған. Алайда Ұлттық банктің басшысы Марченконың аты аталған жүйені жетілдірумен емес, керісінше, еліміздегі әйелдердің зейнеткерлікке шығатын жасын 58-ден 63-ке дейін көтерумен шыққан сияқты. Анығында ақ жаулықты аналардың наразылығынан туындаған шу мен даудың соңы қоғамда кәдімгідей дүрлігуге алып келген. Бас банкирдің ұсынысына қарсы шыққан топ, тіпті Алматыдағы «Сарыарқа» кинотеатрының алдында заңды түрде наразылық шарасын ұйымдастырған. «Марченконы тоқтату» тақырыбымен өткізілген бұл жиында қара көрсеткендер бірауыздан билікті Марченконың ұсынысын қолдамауға шақырып, оның бастамасын құптамайтындықтарын жеткізген.

Бірақ бұл наразылыққа қыңқ етпеген Бас банкир: «Егер зейнеткерлік жасты ұлғайтпаса, ерте ме, кеш пе, Қазақстанның зейнетақы жүйесі банкротқа ұшырайды» деген сенімде. Ол кезекті бір баспасөз мәслихатында: «Мысалы сіздер (журналистер – Н.Ж.) осы тақырыптарға мақала жазғанда 60 жылдан кейін мұнайымыздың таусылатынын немесе оның көлемі өте азайып кететінін түсінесіздер ме? Бізде… мұнайды өндірудің шарықтау шегі 2021 жылдарға қарай болмақ, содан кейін 2032 жылға қарай төмендейді… мүмкін 2035 жылға дейін, сосын мұнай өндірісінің көлемі қысқара бастайды», – деп қорытып, қолдағы, яғни отандық зейнетақы қорларындағы қаражатты оңды-солды шаша бермеуге кеңес берген еді. Мұнайдан түсетін кірістің балаларымызға жеткенмен, немерелерімізге жетпеуі мүмкіндігін айтқан Марченконың есепке жүйріктігіне күмән жоқ. Бірақ бейнеті мол тағдырының зейнетін әйелдердің барлығы бірдей көре алатынына, яғни 63 жасқа дейін өмір сүріп, еңбекке жарамды болатынына кім кепіл? Әрі зейнетақы қорларындағы қаражатты әйелдер қауымы мұнайдан емес, адал еңбегімен, маңдай терімен табуда. Есесіне, егер Қазақ билігі табиғи ресурстардан түсетін пайданы отандық экономиканы дербестендіруге, әсіресе шикізаттық емес саланы дамытуға, кластерлік жүйені қалыптастыруға, ішкі нарықтағы импорттық тәуелділікті төмендетуге баса назар аударса, нұр үстіне нұр болар еді. Оның үстіне, бұл мәселелердің барлығы да Президенттің Үкімет мойнына артқан басты міндеттерінің қатарынан.

Журналистер бас қосқан жиындардың бірінде соңғы он жылда отандастарымыздың өмір сүру жасы 3 жылға ұзарғанын көлденең тартқан Марченко: «Алдағы 10 жылда ол тағы да өседі. Төленетін зейнетақы көлемі тұрақты түрде өсіп келеді, яғни зейнетақы деңгейі көтерілуде. Егер зейнеткерлік жасты көтермесек, зейнеткерлер саны жыл сайын көбейе береді. Дұрыс па? Оларға төленетін зейнетақы да өсіріледі. Қазір оның бағамы 9 пайызға жуық, ал ол кезде 25 не 30 пайызға дейін өсетіні айқын. Бұл дұрыс та. Ешкім зейнетақыны қысқарт деп отырған жоқ қой. Яғни бюджеттен төленетін төлемдер көлемі жыл сайын өсе береді, өсе береді, өсе береді, ал адамдардың өмір жасы ұзара түседі. Содан кейін не болмақ? Алдағы 50 жылға дейінгі нақты есепті көрген біреу бар ма?», – деп кейіді.

Жас ұзақтығы мәселесінде де пікір қайшылығын тудырған тұстар баршылық. Мысалы, еліміздегі тиісті органдарға бірқатар сауал жолдаған «Талмас» АҚ өкілдері Ұлттық банкі тарапынан алынған ақпаратқа аң-таң болған көрінеді. Өйткені Марченко жетекшілік ететін құзырлы органнан «2010 жылы Қазақстандағы күтілген өмір сүру жасының ұзақтығы ерлер арасында – 63, ал әйелдерде 73 жас болған» деп көрсетіліпті. Аталған қоғамның басшысы Айнұр Құрманов: «Егер шенеуніктердің ой тұжырымдауына сүйенсек, әйелдер тым ұзақ өмір сүріп, зейнеткерлікке ерте шығады екен. Яғни ерлермен салыстырғанда, жұмыс істеу мен лайықты зейнетақы жинақтау құқығынан айырылады-мыс. «Гендерлік саясатты сылтауратқан шенеуніктер қауымы ерлер мен әйелдер арасындағы тепе-теңдікпен бет көлегейлеп отыр. Ал Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айтқан сылтау тіпті сорақы. Ондағылар «бұл мәселе әйелдерге келгенде, адамгершілік тұрғысынан қарастырылмау керек» деген. Ал біз дағдарыстың өтеуі байлар мен банкирлер есебінен болсын дейміз», – деген.

Бұл орайда Қазақстанның әлеуметтік қозғалысының белсенді мүшесі Лариса Бояр Президент тапсырмасын орындаған Үкіметтің қадамына көңілі толмайды: «Зейнеткерлік реформаның маңызы не деген сұраққа ешкімнен жауап ала алмай отырмыз. Әзірге айтылғаны тек зейнеткерлік жас­ты көтеру туралы ғана. Жастары 45- пен одан жоғарыдағылар өмір сүру қызығынан шеттетіліп отыр». Бас банкирдің ұсынысына наразы болғандар арасында отандық білім саласындағы қызметкерлердің кәсіподақ ұйымын құрған «Сенім» қоғамының өкілі Серік Қазақбаев та бар. Ол ауыр жұмысқа әйелдердің ұзақ уақыт бойы төзе алмайтынын көлденең тартады: «Әйелдердің ағзасы жас ұлғайған шақта ауыр жұмысқа төзе алмайды. Бір жағынан, олар бала туады, өздерінің ең басты міндеттерін өтейді. Мемлекеттік менеджерлер шынымен-ақ әйелдерді еңбекпен, зейнетақымен қамтамасыз ете алмай ма? Қабылданатын заңдар неге халықтың талқылауына ұсынылмайды?». Марченконың ұсынысына қарсы наразылық шарасын ұйымдастырғандардың пікірінше, зейнетақы жүйесіне қатысты Үкімет ұсынып отырған жаңалықтардың астарында мемлекеттік бюджеттен зейнетақы үшін бөлінетін әлеуметтік шығындар көлемін қысқарту жатыр. Оның басты себебі, өзін-өзі жұмыспен қатып отырған әрі жастары зейнеткерлік жасқа жетіп қалған әйелдер көп. Сондықтан зейнет жасын ұлғайту туралы ұсынысты «антиәлеуметтік түзетулер» деп бағалаған белсенділер тобы «отандық зейнетақы жүйесі мен жекеменшік зейнетақы қорлары күйреудің алдында тұр» деген пікірде. Осылайша, «Әйелдердің зейнетке шығатын жасы көтерілмесін. Марченко отставкаға кетсін!» деп ұрандатқан наразылық шарасын ұйымдастырушылар зейнетақы жүйесіне қатысты реформалармен көпшілікті кеңінен таныстыруға, жасты ұлғайту туралы ұсынысты мүлде көтермеуге және жекеменшік зейнетақы қорларынан бас тартып, мемлекеттік меншіктегілерге көшуге байланысты ұсыныс-талаптарын айтты. Ал отставка мәселесіне орай уәж айтқан Бас банкир: «Мені қызметтен қуғаннан проблема шешілмейді: одан демография өзгермейді, адамдардың өмір сүру жасы кемімейді, Құдайға шүкір. Менің жұмыстан қуылғанымнан ештеңе өзгермейді: жер астындағы мұнай көлемі 2 есеге артпайды. Егер менің жұмыстан кетуімнен мұнай екі есеге көбейсе, өзім-ақ жұмыстан қуана-қуана қашып кетер едім. Өйткені көпшілікпен бірге маған да жақсы болар еді ғой», – деп ағынан жарылып отыр. Сөзінің соңында «Егер қажет болса, үндемей-ақ қояйын. Өйткені мен де зейнетке шығатын жасқа жақындап қалдым ғой», – деп ескертуді де ұмытқан жоқ.

Жуырда алдағы 10 жыл ішінде әйелдердің зейнетке шығу жасын 63 жасқа дейін өсіруге тағы да ұсыныс жасаған ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Дина Ғалиева: «Бұл ұсыныс бұған дейін де бірнеше рет көтерілген болатын. Демографиялық ахуалға қатысты статистикалық мәліметтерге сүйенген Ұлттық банк оны қолдады. Егер зейнеткерлік жасты ұлғайтуға шешім қабылданған жағдайда алдағы он жылда демографиялық ахуалдың жақсаруы, өмір сүру ұзақтығының артуы, жинақтаушы жүйенің зейнетақылық қамтамасыз етудегі үлесінің көбеюі секілді жайттарды ескере отырып, кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ», – деп мәлімдеді.

Белсенділер тобы «Сарыарқаның» алдына жиналып алып, «Марченконы отставкаға жібереміз, зейнеткерлік жасты ұлғайтпаймыз» деп қара терге түсіп жатқанда «Халық банкі ЗЖҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Майра Кичина да қарап жатпады. Оның пікірінше, азаматтардың жинақтаушы қорына аударып жатқан міндетті төлемдерін 10 пайыздан ұлғайтқан жөн көрінеді. «Жалақысы жоғары салымшылар бар. Олар үшін 10 пайыз жеткілікті. Сондай-ақ 10 пайыздық салымы ертең зейнеткерлікке шыққан лайықты зейнетақы төлеуге мүмкіндік бермейтін азаматтар бар. Өйткені олардың бүгін алып отырған жалақысы төмен» деген пікірдегі Кичина ханым ұсыныстарының астарында қарапайым халықтың қамын ойлаған қамқорлық жатқанын көлденең тартады. Алайда мұндай бастаманы іліп әкеткендер табылған жоқ. Тіпті әлеуметтік мақсаттарға бөлінетін мемлекеттік шығындарды азайтуға құлашынған Бас банкир Марченконың өзі мұндай ұсынысқа үзілді-кесілді қарсылық танытты. Оның пікірінше, жинақтаушы қорларға бағытталатын салымдарды арттыру азаматтар арасында кірісті жаппай жасыруға әкеп соқпақ: «Тіпті тұрақты жұмыстары бар адамдардың өздері салымды толық төлемейді. Егер мөлшерлемені көтерсек, олардың салымдары одан сайын азайып кетеді». Осылайша, «ары тарт» та, «бері тарт»-тың керін келтіріп отырған зейнетақы реформасының басты түйткілдерінің бірі әзірше шешілген жоқ. Президенттің отандық зейнетақы жүйесіне реформа жасау туралы Үкімет пен ҚР Ұлттық банкіне берген тапсырмасының қалай орындалып жатқандығынан да көпшілік бейхабар. Турасын айтсақ, мемлекеттік әлеуметтік, экономикалық дамуында аса маңызды саналатын бұл мәселеге орай қоғамдық пікірді қалыптастыратын уақыт келді. Ол үшін құзырлы органдар мен мүдделі тараптар реформа шеңберінде қандай ұсыныстар мен жоспарлар қарастырылып жатқаны жайлы Қазақстан халқын барынша кеңінен құлақтандырып, насихаттап, ұсыныс-пікірлерді жинауға міндетті.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ