АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫНА АРНАЛДЫ

АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫНА АРНАЛДЫ

АЛАШ  АРДАҚТЫЛАРЫНА  АРНАЛДЫ
ашық дереккөзі

Астанадағы «Тілеп Қобыз» сарайында «Ақ жол» партиясы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің қолдауымен «ХХІ ғасырда Қазақстан қоғамын жаңғыртудағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» атты ғылыми-практикалық конференция өткізді. Шараға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі Өмірзақ Айтбайұлы, Еуразия ұлттық университетінің прфессор-ғалымдары, жетекші алаштанушылар Дихан Қамзабекұлы, Амантай Шәріп, Қайрат Сақ, Зиябек Қабылдинов және Мырзагелді Кемел, Анарбек Орман, Людмила Жуланова, Екатерина Никитинская, Ханбибі Есенқарақызы, Қазыбек Иса, Амангелді Айталы секілді белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысып, жеке-жеке баяндама жасады.Конференция жұмысы «Алаш» көшбасшыларының мемлекеттілікке, ұлттық-мәдени құндылықтарға көз­қарастары», «Алашордалықтардың» экономикалық мұралары туралы», «Алаш» көшбасшыларының еңбек­теріндегі әлеуметтік жаңғырту мәселесі» деген тақырыпта үш секция бойынша жүргізілді.

Қазақстанның «Ақ жол» демо­кратиялық партиясының төра­ғасы Азат Пе­руашевтің айтуынша, конферецияның мақсаты – Алаш қозғалысының, Алаштың көшбасшы қайраткерлерінің мемлекеттің құрылысына, әлеуметтік-эконо­микалық, ұлттық салаларға қатысты көзқарастарына берілген бағалар мен пайымдауларды, ғылыми тұжырымдарды жаңа заманның талаптарына, сұраныстарына сай зерделеуге ұмтылу.

Конференцияның қорытынды ұсынымдары төмендегідей болды: әрбір қалада Алаш қайраткерлеріне ескерткіштер орнатылуы тиіс; Семейдегі Ертіс өзенінің сол жағалауындағы Алашорда үкіметі мен Алаш партиясы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатып, ол үйді мұражайға айналдыру кезек күттірмейтін мәні зор мәселе екені атап өтілді. Жоғары оқу орындарында Алаш идеясын оқыту жүйеге айналуы керек және Алаш мұрасы мен тарихы туралы кітаптар мемлекеттік тапсырыспен шығарылуы тиіс екендігі айтылды. Сондай-ақ Алаш тақырыбындағы ғылыми еңбектерге, тарихи, журналистік зерттеулерге студенттер, жас ғалымдар және журналистер арасында бәйге жариялап, оның қорытындысын жыл са­йын шығарып тұратын болды. Орыстілді аудиторияларды Алаштың бай мұрасына тарту, үрей мен күдіктен арылту мақсатында орыстілді бұқаралық ақпарат құралдарында шықққан жұмыстар үшін байқаудың жеке номинациясы белгіленетін болып шешілді. Азат Перуашев мәлімдегеніндей, Бас жүлденің құны 1000 000 (бір миллион) теңге.

Базарбек ТҮКІБАЙ

Астана