Жаңалықтар

«ШӘКӘРІМ» – РЕСЕЙ АУДИТОРИЯСЫНДА

ашық дереккөзі

«ШӘКӘРІМ» – РЕСЕЙ АУДИТОРИЯСЫНДА

Таяуда Ұлттық академиялық кітапханада Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұлы ғалымның аты берілген Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен шыққан сериялы кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті. Олардың дені белгілі ғалым, тарихшы-этнолог, тарих және география ғылымдарының докторы, ақын, аудармашы Лев Гумилевтің туғанына 100 жыл толуына орайластырылған «Гумилев әлемі» айдарымен жарық көрген кітаптар. Әйтсе де, олардан бөлек Ол – Ресейдің дүние жүзіне белгілі «Молодая гвардия» баспасының «ЖЗЛ» (көрнекті адамдар өмірі) сериясымен жарық көрген ғалым, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім» атты танымдық-ғұмырбаяндық кітабы.

Шынында да, 5000 дана таралыммен жарық көрген бұл кітап – Қазақстан мәдениеті мен шәкәрімтанудағы аса ірі оқиға. 1890 жылы негізі қаланған бұл сериямен әр жылдары әдебиеті мен мәдениетіне, қазақ ғылымына қатысты С.Сейфуллин, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов т.б. санаулы ғана тұлғалар туралы кітаптар шыққан еді. Л.Н.Толстой сынды әлемдік тұлғамен тығыз байланыста болып, Абай мен қазақ халқының атын асқақтатқан Шәкәрім Құдайбердіұлы жайлы кітаптың аудиториясы мен сансыз ұлты бар Ресей Федерациясының миллиондаған оқырмандарына жетуі – тәуелсіз Қазақстанның әдебиеті мен мәдениетінің дамуындағы ірі оқиға екені даусыз.

Тұсаукесер рәсімді Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлы ашып, аталмыш шараны алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы жүргізіп отырды. Рухани шараға Кәкімбек Салықов, Мырзатай Жолдасбеков, Әкім Тарази, Әнес Сарай, Қойшығара Салғара, Әлібек Асқаров, Ілия Жақанов, Әбдіжәлел Бәкір, Болат Көмеков, Бүркітбай Аяған сынды қаламгерлер мен мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысып, ой-пікірлерін білдірді.

– Қазіргі кезде жоғары оқу орындары сериялы кітаптар шығара бастады, бұған қуану керек, сапасына қарасаң министрлік шығарып жатқан кітаптардан ешқандай кемдігі жоқ, – дейді тұсаукесер рәсімінде сөз алған жазушы Алдан Смайыл. – Әйтсе де жоғары оқу орындарынан шығып жатқан кітаптарға мемлекет тарапынан қолдау қажет және «ол кітаптар қанша данамен шықты және кімдердің қолына тиіп жатыр?» деген мәселені де ойлау керек.

– Мен Лев Гумилевтің көзін көрген адаммын, – деді Мырзатай Жолдасбеков. – Ол кезде Қазақстан Орталық партия комитетінде идеология бөлімін басқарамын. Іс сапармен Санкт-Петербург қаласына барып қалдық, сонда жергілікті билік өкілдеріне Лев Николаевичпен кездескіміз келетінін жекізген едік, неге екенін қайдам, ондағылар бізді кездестіруге онша құлқы болмады. Сосын Ленинград қалалық атқару комитетіне шығып жүріп, әйтеуір ретін таптық. Төртпақ, ентігіп жүретін кісі екен. Бізді көріп: «Мені іздейтін де адамдар бар екен-ау» деп жылап жіберді.Әкесі туралы да, анасы туралы да ақтарыла айтты. Анасы атақты ақын Анна Ахматова қайтыс болғаннан кейін кітапханасын тонап кетіпті, соны естігенде жүрегім ауырды. Осындай біртуар ғалым туралы сериялы кітаптың ішінде шыққан, дәл бүгін тұсауы кесіліп отырған еңбектің болашақ ұрпаққа берері көп және мұндай құнды дүниеге арналған шараның Ұлттық кітапханада өтуі де оқырман олжасы деп білемін.

Шара барысында Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жиналған көпшілік пен Ұлттық кітапхана директоры Әлібек Асқаровқа өз атынан және оқу орны атынан алғыс айтып, «Шәкәрім» кітабының біразын сыйға тартты.

Базарбек ТҮКІБАЙ

Астана