Жаңалықтар

БАСТЫ ТҮЙТКІЛ — БАСПАНА

ашық дереккөзі

БАСТЫ ТҮЙТКІЛ — БАСПАНА

Жуырда Астана қаласында «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық фили­алының мәжіліс залында Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы, «Мейірім-Демеу» орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Көші-қон мәселелері және оралмандардың құқықтық әлеуметтік бейімделуі» атты дөңгелек үстел өтті. Онда елордалық оралмандардың проблемалары жайында сөз болды.

Жиынға Астана қалалық «Нұр-Отан» партиясы филиалының өкілдері, ІІМ басқармасынан және әртүрлі оралмандар мәселесімен айналысатын қоғамдық ұйымдар өкілдері, ғалымдар қатысты.

Жиынға қатысушылардың бірі ­– Астана қалалық ІІД Көші-қон полициясы басқармасы Этникалық көші-қон және босқындармен жұмыс бөлімінің бас маманы Б.Үсіпбек 15 жыл кезекте тұрып, кезегі келгенде баспанадан қағылып қалатындардың көп екендігін қынжыла айтты.

ІІД Көші-қон полициясы бас­қармасы Этникалық көші-қон және босқындармен жұмыс бөлімінің бас маманы Б. Үсіпбектің мәліметіне сүйенсек, оралмандардың баспана алуын­да проблемалар жетеді екен.

«Халық бері қарай ағылды. Алғашқы кезде жағдайына қарамастан патриоттық сезімі басым болғандықтан келді. Әрине, бұл өте дұрыс. Дегенмен де біраз проблемалар да осы тұрғыда көтерілді. Басында өте дұрыс ұйымдастырылды, заңнама да жасалды, есік ашылды. Кейбірінің тіркеуі болмаса да квоталар беріліп, қаражат бөлініп, осы бойынша мәселелер кезінде жақсы ұйымдастырылды. Кейіннен заңдардағы кейбір кемшіліктердің салдарынан көш ақсап қалды, халық та қиналып жүр», – деді ол. Б.Үсіпбектің сөзінше, биыл квота болмаса да халықтың Астанаға келу легі азайған жоқ. Бірақ көші-қон квотасының тоқтатылуына орай, халықтың біраз қиындықтарға душар болып жатқаны рас. Әсіресе, бас қала – Астанада тіркелудің біршама түйткілдері көбейді. Себебі бұрын туған-туыстарына тіркелетін оралмандар тіркеуді шаршы метріне орай шектеу пайда болғаннан бері, ондай мүмкіндіктен де айырылып қалып отыр.

«Үй мәселесіне тоқталатын болсақ, келген оралмандар 10-15 жыл кезекте тұрып күтеді. Енді үйдің кезегі келіп, баспананы алатын кезде, оралмандар сол уақыттың ішінде Қазақстанның жаңа куәлігін алып үлгереді және оны көрсетеді. Сол уақытта олардың жаңа куәлігін көріп, сен «оралман» емессің деп кезектен шығарып тас­тайды. Бізде бүгінде 15 жыл кезекте тұрып баспанаға зәру оралмандар бар», – деді Б.Үсіпбек.

Ол осы орайда түйткілдің көбі тиісті заңнамадағы кемшіліктерден болып отырғанын сөз етті. Бас маманның пайымдауынша, оралман мәртебесі жойылғанымен, яғни Қазақстан азаматтығын алғанменен баспана алуда олардың алғашқыда оралман ретінде берген өтініштерінің күші сақталуы тиіс.

«Астанада қазіргі кезде 9 мың 500-ге тарта оралман бар. Оның жартысына жуығы яғни 47 пайызы Өзбекстаннан, сондай-ақ Ресей мен Қытайдан келіп жатыр. Сонымен қатар, Моңғолия, Қырғызстан елдерінен де бері қарай көш бастағандар бар», – деді басқарма маманы.

Осы орайда, ол алыс шетелдерден келіп жатқандардың саны өте аз екенін, яғни 1-2 пайыз деңгейінде болып отырғанын жеткізді.

Қазақ Гуманитарлық Заң универ­ситеті Ұлттық құқық жоғары мектебінің директоры, профессор Үнзила Шапаққызы оралмандардың білім алуда құқықтарының бұзылып отырғандығын тілге тиек етті.

Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан дағдарыстан кейінгі әлемде: болашаққа зияткерлік серпін» тақырыбындағы дәрісінде: «ұлттық интеллектің діңгегін, Қазақстанның зияткерлік элитасын тәрбиелеудің іргетасы болуға қабілетті мектептер құру қажет» деп атап көрсетті. Осы идеяны жүзеге асыру барысында мамандандырылған білім беру ұйымдары ашылып жатыр.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан құрылған мамандандырылған бiлiм беру ұйымдарында дарынды балалардың оқуын төлеу республика бюджетінен жүзеге асырылады, сондықтан байқау өткiзілу Ережелері негізінде білім беру ұйымдарына оқып жүрген және оқуға үміттенетін Қазақстан Республикасының азаматтары түсе алады.

Қазақстан Республикасының қол­даныстағы Азаматтығы туралы Заңының 22-бабында «Ата-анасының азаматтығы өзгеріп, соның салдарынан екеуі де Қазақстан Республикасының азаматы болған, не екеуі де Қазақстан Республикасы азаматтығынан шыққан жағдайда, тиісінше олардың 14 жасқа толмаған баласының азаматтығы да өзгереді. Егер баланың ата-анасының біреуі белгілі болса, осы ата-ананың азаматтығы өзгерген жағдайда тиісінше 14 жасқа толмаған баланың азаматтығы да өзгереді» деп көрсетілген. Енді оралмандар дарынды балаларға арналған мектептерге балаларының құжатын тапсырған кезде азаматтылық туралы сұрақ туындап, балаларын тіркемей жатқан жәйт кездеседі. Дәл сол сияқты оралмандар 16 жасқа толмаған балаларын шет елге шығару мақсатында, баласына шетел паспортын алуға барған кезде де азаматтық жайлы мәселе көтеріліп, құжаттарын қабылдамайтын жағдайлар бар екен. Бұл мәселе заңда нақты шешіліп тұр. Неге құқық қолданушы мамандар қолданыстағы заңмен жұмыс жасай алмайды? Демек қоғамдағы қатынасты құқықтық қамтамасыз еткен бір бөлек, ал тәжірибеде жұмыс жасайтын құқық қолданушылардың біліктілігін арттыру керек. Яғни көші-қон мәселесімен, халықты құжаттандырумен айналысатын мамандарға арналған біліктілігін арттыру курсында көші-қон саласын реттейтін заң нормаларының іске асырылуы жайлы дәрістер оқылуы керек, – деді ол.

Есенгүл Кәпқызы