«ТӨРТ БАЛАҒА 94 МЫҢ ТЕҢГЕ ТӨЛЕЙМІН», — ДЕЙДІ ТӨРТЕМНІҢ ӘКЕСІ

«ТӨРТ БАЛАҒА 94 МЫҢ ТЕҢГЕ ТӨЛЕЙМІН», — ДЕЙДІ ТӨРТЕМНІҢ ӘКЕСІ

«ТӨРТ БАЛАҒА 94 МЫҢ ТЕҢГЕ ТӨЛЕЙМІН», — ДЕЙДІ ТӨРТЕМНІҢ ӘКЕСІ
ашық дереккөзі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы жарияланғалы 4 айдың жүзі. Содан бері оның әрбір тапсырмасы бойынша іс-шаралардың жүзеге асырыла бастағаны мәлім.

Бірақ жекелеген өңірлерде ол тапсыр­ма­лардың барлығы орындалып жатыр десек, артық айтқандық болар. Мәселен, Елбасы аталған мақаласының №17 тапсырмасында: «Екі ай мерзім ішінде ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және от­ба­сы­лық-демографиялық саясат жөніндегі ұлт­тық комиссиямен бірлесіп ата-ана­лардың балаларының балабақшаларда болуын төлеу жөніндегі шығындарының, олардың отбасындағы санына байланысты, бір бөлігіне өтемақы төлеуді, бала күтімі бойынша демалыстан соң қайтадан жұ­мысқа шыққан әйелдерге мемлекет есебінен біліктілігін арттыру және қажетті жаңа мамандық алу мүмкіндіктерін, ҚР Салық кодексіне көп балалы отбасылар үшін та­быс салығы бойынша жеңілдіктер туралы ережелерді және басқаларды заңды тұр­ғы­да реттеу мәселелерін қарастырсын» делінген. Бұл елдегі көп балалы отбасылардың әлеуметтік проблемаларының бір ұшығын шешуге мұрндық болуы тиіс тапсырма еді. Алайда, кейбір шенеуніктер бұл тапсырмаларға мұрнын шүйіріп қарайтын секілді. Бұның айғағы ретінде редакциямызға шағым айтып келген Есентай Қапарды айтсақ та жетіп жатыр.

Есентай Қапар мен Назымгүл Қуанған­дардың 2010 жылы бірден төрт баланың әкесі атанғаны жайлы бүкіл қазақстандық БАҚ-тың сүйіншілесе жазғаны мәлім. Оның ішінде біздің «Түркістан» газеті де бар еді. Бүгінде сол балапандар – Нұрайша, Гүлайша, Жанайша және Бекайша екі жастан асты. Есентайлардың отбасы Наргиз атты тағы бір бүлдіршінмен толықты. Бес баланы жалғыз өзі қарау қиындық тудырғаннан кейін, төртемді биылғы тамыздан бастап, бала бақшаға беруді жөн санайды олар. Анасы Назымгүл Қуанған кішкентай Наргиздің күтімімен үйде отыр.

Кезінде 1 бөлмелі жатақханада тұрып жатқан бұл отбасы үшін басты проблеманың баспана болғаны да мәлім. Қазақ ақпарат құралдарының бұл мәселені тынбай көтеруінің арқасында оларға «Айнабұлақ» ықшам ауданынан үш бөлмелі пәтер 2012 жылдың тамыз айына дейін жалға берілген болатын. Отбасында бесінші ұрпақтың дүниеге келуімен пәтерді жалға беру уақыты 2014 жылдың тамыз айына дейін созылған екен. Алматы қаласы Тұрғын үй басқармасымен жасасқан қосымша келісім бойынша, отбасында бесінші сәбидің дүние есігін ашуына орай уақыты созылды делінген.

Есентай Қапардың айтуынша, аталмыш отбасының осы уақыт аралығында қол жеткізген жәрдемдерінің ең бастысы – осы. Балалар 1 жасқа толғанға дейін әр балаға 7-8 мың теңге көлемінде жәрдемақы төленіп келген. Ал Наргиз дүние есігін ашқаннан кейін, ол бір жасқа толғанша, барлығы 10-11 мың теңге жәрдемақы төленген екен. Есентай Қапар қазір Алматы қаласындағы Республикалық спорт колледжінде еркін күрестен оқытушы жаттықтырушы және Алматы қалалық Спорт басқармасына қарасты Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы қызметтерін атқарады. Қазіргі отбасының негізгі табысы – отағасы Есентай Қапардың екі жерде істеп табатын 120 мың теңгесі мен көп балалы отбасы үшін төленетін 6600 теңге. Ал шығындарын есептер болсақ, төрт балаға балабақша үшін айына 92276 теңге, үйдің коммуналдық шығындарының сыртында жал ақысы ретінде 4599 теңге төлейді екен.

Есентай Қапар бұл шығынды азайтуға септігі тиер деген үмітпен Алматы қалалық Білім басқармасына өтініш айтып, хат жолдайды. Онда әлі үш жасқа толмаған төрт баланың бағым-күтіміне не арнайы күтуші бөлуін, не бала-бақшаға баратын балалардың төлемақысы үшін өтемақы төлеуін өтінген екен. Алайда биыл 21 маусымда Алматы қалалық Білім басқармасының бірінші орынбасары Ж. Сандыбаевтың қолымен жазылған жауапта: «Алматы қаласында 2 жастан 5 жасқа дейін дейінгі балалар балабақшаларда баланың тамақтануы мен коммуналдық қызметтер үшін төлемдер топтың қызметкерлерінің жалақысы және оқу-көрнекі құралдарды сатып алу құндары кіретін, айына 22500 теңгеден 23500 теңгені құрайтын ата-аналардың төлемдері есебінен күтіледі. Балаларды күту үшін төлемдер бойынша, балабақшаларда жеңілдіктер қарастырылмаған» делінген. Демек Алматы қалалық Білім басқармасынан 4 егіздің бала-бақшадағы шығындарына көмектесуге мүмкіндік жоқ деген сөз.

Есентай Қапар осы мәселелермен Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімінің қабылдау бөлмесінің есігін тоздырғанына да біраз уақыт болғандығын айтады.

– Біздің проблемамен Жетісу аудандық әкімшілігі жақсы таныс. Барған сайын бізді әкімнің орынбасары қабылдайды. Көмектесуге уәде береді. Ал Жетісу аудандық әкімшілігінің атынан көрсетілген ешқандай қайырымдылық жоқ, – дейді Есентай Қапар.

Есентай Қапардың ендігі үміті – Парламент депутаттары мен Министрлер кабинеті және «Нұр Отан» партиясы.

– Біздің проблемамыз жоғары жаққа жетсе, бір шара қолданылатынына сенемін,– дейді ол.

Есенгүл Кәпқызы