Жаңалықтар

Көпжасар ДӘКЕНОВ, «Алматы электротранс» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры: ҚЫЗДАРЫМЫЗ ТРОЛЛЕЙБУС АЙДАСА ДЕЙМІЗ

ашық дереккөзі

Көпжасар ДӘКЕНОВ, «Алматы электротранс» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры: ҚЫЗДАРЫМЫЗ ТРОЛЛЕЙБУС АЙДАСА ДЕЙМІЗ

Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан Үкіметі Алматының дамуына ерекше көңіл аударып келеді. Әсіресе, қаланың тазалығына, абаттандыру, қала көліктерінің мәселесі ешқашан назардан тыс қалған емес. Дүйсенбі күні Алматыға ат басын тіреген Елбасы Н.Ә.Назарбаев қала өмірімен терең танысып, алда атқарылар іс-шаралар жөнінде кеңінен ой толғады. Алматыда бүгінде қоғамдық көлікті пайдаланатындар баршылық. «Алматыэлектротранс» Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Көпжасар Дәкенов мырзамен сұхбаттасқан едік.

– Көпжасар Орынбасарұлы, қоғамдық көліктің бүгінгі жайы қалай?

– Жаман емес. Жуырда Алматы қаласының жолаушыларына арнап, 50 жаңа троллейбус сатып алдық. Олардың тұсаукесер рәсімі өтті, 25-ке жуығы қазір жолаушылар тасып жүр. Қалғандары екі-үш күннің ішінде жұмысқа кіріседі. Ал жыл соңына дейін тағы 50-ін сатып аламыз. Бүгінгі таңда троллейбус жүргізетін мамандар тапшылығы біз үшін өзекті мәселеге айналған. Әрине, троллейбус айдағысы келетіндер мүлде жоқ дей алмаймыз. Бірақ бұл мамандыққа әйелдер қауымы көптеп тартылғанын қалаймыз. Көлік тасымалы саласында қызмет еткелі 35 жылдан асты, тәжірибелі маман ретінде айтарым, қарындастарымыз, қыздарымыз қыстың көзі қырауда, жаздың аптабында базарларда бүрсеңдеп сауда жасап тұрады. Ондай ауыр жұмыстың денсаулықты тоздыратыны бегілі. Өздерін сонша қинағанша, бізге троллейбус айдауға неге келмейді? Мен соны түсінбеймін.

– Егер троллейбусты жүргізе алмаса ше?

– Ол үшін арнайы ашылған 3 айлық тегін курс бар. Алдымен теорияны меңгереді, сосын үшінші айда тәжірибе жинақтау үшін троллейбус айдап үйренеді. Әрі үшінші айда оларға 45 мың теңге төленеді. Жұмысқа кіріскеннен кейін ең төменгі жалақы 110 мың теңгені алады. Ең жоғарғы жалақының көлемі жұмыс істеудегі белсенділігіне байланысты. Жұмыс уақыты екі ауысым бойынша, мысалы, таңғы сағат алтыдан түскі екі жарым, үшке дейін. Сондай-ақ, таңғы жетіден кешкі жеті, сегізге дейін немесе бір күн жұмыс істеп, бір күн демалуға да болады. Біз әр қызметкеріміздің жағдайына, мүмкіндігіне қараймыз. Жалғызбасты мамандарға жатақханадан орын бөлінеді. Кейде отбасымен келіп, орын сұрайтындар да табылады. Осындай түсінбеушіліктер болмас үшін қайталап айтайын, орын тапшылығына байланысты жатақхана тек жалғызбастыларға беріледі.

– Жұмысқа тұру үшін қалаға тіркелу керек пе?

– Жоқ, ол шарт емес. Алматы қаласы, Алматы облысымен бірге қазір басқа облыс тұрғындарын да жұмысқа қабылдауды қолға алдық. Оларды жатақханамызға уақытша тіркеуге аламыз. Қойылатын ең басты талап, жүргізушілік тәжірибесі үш жылдан кем болмауы тиіс. Бұған дейін еліміздегі телеарналарға, газеттерге жарнама бердік, хабарландыру айтып, жұмысқа шақырдық. Бірақ келушілер арасында қыз-келіншектер аз. Келесі жылы жаңа троллейбустардың тағы 95-ін алмақпыз. Барлығы 195 троллейбус. Ұзын-саны 104 болатын ескілері тағы бар. Демек бізге жүргізушілер әлі де керек. Бүгінде жаңа көліктерге қажетті маманның 70 пайызын жұмысқа қабылдадық. Ал жалпы жүргізушілерді алсақ, соның 40 пайызға жуығы – қыз-келіншектер. Олардың үлес салмағы одан да көп болуын қалаймыз. Сонымен қатар 200 жаңа автобусты сатып алғалы отырмыз. Банктен автобустарға – 39 млн. АҚШ доллары, троллейбустарға 36 млн. АҚШ долларын несиеге аламыз.

– Жаңа автобустар туралы айтсаңыз. Қандай және қайда жасалған?

– Негізі сатып алып жатқан көліктердің барлығы Қытайда жасалған. Бірақ сапасы жоғары, адам тасымалдауға ыңғайлы. Маршрутқа келсек, Алматы қаласы бойынша біздің автобустарымыз 9 бағытта жолаушы тасиды. Олардың арасында бірнеше жылдан бері келе жатқандары бар. Мысалы №32 автобустың тасымал бағыты «Саяхат» автобекетімен шектелетін. Қазір әуежайға дейін созылды. Бергі жағы – «Орбита» ықшам ауданы.

– Қоғамдық көлік жүргізушілерінің жұмыс істеу сапасына сын айтатындар көп. Осындай олқылықтардың алдын алу шаралары қалай жүргізіледі?

– Жасыратыны жоқ, жолаушылар тарапынан «жүргізуші бейәдеп сөз айтты», «аялдаманы хабарлаған жоқ» деген сияқты шағымдар жиі айтылады. Кәсіби біліктілікті қажет ететін осы кемшіліктер қайталанбас үшін біз күн сайын жұмыс істейміз. Адамдармен қатынас, техникалық мәселелер, жолда жүру ережесін қатаң сақтау сынды сауалдар бойынша тәлім беретін ұстаздарымыз бар. Сонымен қатар бір апталық тәжірибе алмасуды да үрдіске айналдырғанбыз. Аптасына бір рет барлық жүргізушілермен, басқа да жауапты мамандармен жиналып, сын-ескертпелерді, ұсыныстарды талқыға саламыз. Ереже бұзғандарға шара қолданамыз.

– Қоғамдық көлікте жүру бағасы жазда 50 теңгеден 80 теңгеге көтерілді. Ел арасында «баға тағы өседі екен» деген сыбыс бар. Бұл рас па?

– Жоқ, бағаны өсіру жоспарда жоқ. Сол 80 теңгеге тұрақталады. Бағаны бір рет көтергеннен кейін қайта-қайта өсіре бермейміз ғой. Студенттер мен зейнеткерлерге арналған бір айлық жолда жүру билеті 2250 теңге. Сол билетпен олар троллейбус­та, трамвай мен автобустарда жүре алады.

– Трамвайларды да жаңартасыздар ма?

– Жыл соңына дейін 20 трамвай сатып алуды көздеп отырмыз. Бағалары тым қымбат болғанымен, жолаушылар тасымалы үшін алғалы отырмыз. Өйткені Алматы қаласының ауқымы жыл өткен сайын кеңіп келеді. Әрі келешекте қала Талғарға дейін ұзартылғалы отыр. Демек адамдардың уақытын үнемдеуде тиімді жолдарды қарастыруға тиіспіз.

– Метро іске қосылғалы бері жолаушылар саны азайып кеткен жоқ па?

– Жоқ, әсер еткен жоқ. Метроға мінетін жолаушылар бөлек. Біздің автобус, троллейбустарға мінетін жолаушылар легі таңертең мен кешке қарай көбейеді. Бұл адамдардың жұмысқа баратын және қайтатын уақыты. Кейде тіпті сыймай да қалады. Бірақ күндізгі уақытта көліктер іші бос әрі ыңғайлы.

– Қазір қала бойынша «маршруткалар» көп. Бұл сіздерге бәсеке тудырып, жолаушылар тасымалынан түсетін кіріске кері әсер етпей ме?

– Жекеменшік автобустар бізбен бәсекеге түсе алмайды. Өйткені біздің көліктер отыруға ыңғайлы, кең, жарық әрі қызмет сапасы жоғары. Тасымал үздіксіз, таң атқаннан түнгі 12-1-ге дейін жұмыс істейміз. Барлық троллейбус, автобустарымызда валидаторлар орнатылған. Валидаторлар тек бізде ғана бар. Әрі жолаушылардың бізге деген сенімін нығайта түсуге сеп.

– Бірақ кейде жүргізушілердің билет орнына ақ қағаз тарататыны бар…

– Техника болғасын, кейде валидаторлар істен шығатын сәттер кездеседі. Мұндайда жүргізуші соңғы аялдамаға дейін билет орнына ақ қағаз беруге мәжбүр. Егер тек жол ақысын жинап алумен шектелсе, адамдар «ақшаны қалтасына басып жатыр» деп ойлап қалуы мүмкін ғой. Яғни қағаз тарату жүргізушілердің кінәсінен емес, тек валидатор сынғанда жүгінетін амал.

– Валидатор орнатылғалы бері қалалық бюджетке жол ақысынан түсетін кіріс көбейді ме?

– Сәл көбейді. Меніңше, бұған адамдардың тұрмысы мен сана-сезімінің жоғарылуы себеп болған сияқты. Әлеуметтік ахуалы жақсарған сайын адамдар саналы түрде жолда жүру ақысын өтейді. Өкінішке қарай, қазір тегін жүруді әдетке айналдырған «қояндар» да көп. Сірә, Алматы бойынша «қояндары» көп біздің көліктер шығар. Кейбіреулер тіпті көліктерімізді «тегін автобус» деп атайды екен. Өйткені билет тексеруші жоқ, жүргізушінің міндеті тек көлік жүргізу ғой. Осыны пайдаланғысы келетін кейбір пысықай баратын жеріне дейін тегін жетеді.

– Сонда валидаторлар қаржылық тұрғыда тиімсіз болғаны ма?

– Жол ақысын валидаторға сана-сезімі жоғарылар ғана үздіксіз төлейді. Қалтасынан ақша шығаруға құлықсыз жолаушыларды құрықтау мақсатында біз енді жол бойынан қадағалаушылар шығардық. Үстеріне арнайы киім киген олар кез келген аялдамадан автобус не троллейбусқа мінеді де, билет тексереді. Егер қолында билет болмаса, 500 теңге көлемінде айыппұл төлетеді. Жолаушылардың, жалпы халықтың мәдениетін, сана-сезімін жоғарылатуға үлес қосып жатырмыз десек те болады. Сондықтан жол ақысын өз еркімен төлейтін отандастар қатары көбейетініне сенімдіміз. Оның үстіне, қадағалаушылардан басқа «қояндарды» ұстайтын басқа да жолдарды қарастырудамыз.

– Бұл сіздерге қосымша шығын болмай ма?

– Жоқ, болмайды. Негізі валидаторларды орнату қалалық әкімдіктің ұсынысы болатын. Сосын адамдар жақын келешекте қолма қол ақшаны пайдалануды азайтып, электронды ақшаға көшетіні айқын. Бұл дамыған елдерде кеңінен қолданатын тәжірибе.

– Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

– Алматы қаласындағы Рысқұлов көшесінде орналасқан №2 автобус паркі мен Әуезов көшесінің бойындағы №1 троллейбус паркін күрделі жөндеуден өткізгелі отырмыз. Қазір №3 троллейбус паркін жөндеудеміз. Бұл жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға жағдай жасайтыны белгілі. Мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында шетелдік тәжірибелерге сүйенуді дәстүрге айналдырғанбыз. Мәселен жыл сайын Германия, Түркияға барып жүрміз. Келесі жылы трамвай мен троллейбус тарапынан тәжірибе алмасу үшін Польшаға барғалы отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет!