КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАҒА САЛЫНҒАН КҮРМЕУ

КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАҒА САЛЫНҒАН КҮРМЕУ

КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАҒА САЛЫНҒАН КҮРМЕУ
ашық дереккөзі

Соңғы жылдары елімізде салық саясаты және салықтық басқару аясында маңызды қадамдар жасалды. Салық органдары жұмысының жариялылығы және басқару тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар Қазақстан Үкіметінің әрқашан назарында.

Бүгінгі күнге дейін еліміздің салық жүйесі үш рет реформалауға ұшыраған. Салық жүйесінің жаңа нұсқасы 1991 жылы алғаш енгізілсе, 1995 және 2001 жылдары Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі қабылданып, 2002 жылы қолданысқа енгізілді. Сонымен аталмыш кодекс қабылданғаннан бері бірнеше толықтырулар мен өзгерістер де болды. Алдағы уақытта салық жүйесіндегі заң талаптарына өзгерістер енгізілетінін ескерсек, Салық комитеті әкімшілік кедергілерді алып тастау және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру жөнінде атқарылар ауқымды жұмыстар бар екенін айтты.

Салық төлеу жұмысын оңтайландыру мақсатында жеке тұлғалардың кезекте тұрмай, алдағы уақытта үйлерінде отырып-ақ бар шаруасын тындыра алатын дәрежеге жетпек. Салық төлеу органдарында электронды жүйе біртіндеп қолданысқа енгізіліп жатыр, бұл жүйенің үнемді және тиімді екенін халық мойындап келеді. Сондай-ақ электронды жүйені қолдану арқылы, ақпараттың өзге де түрлерін алу қарастырылған. Бүгінгі күні салық комитеті электронды үкіметтің қатарына 3 жүйені кіргізіп үлгерген. Дамыған мемлекеттерде кеңінен қолданылатын электронды жүйе жоғары мәдени қоғамның қалыптасуына өз әсерін тигізіп отыр.

«Электронды үкіметті» дамытудағы басым бағыт барлық қызметтер бір нүктеде орналастыру қажеттігі туындаса, осыған орай салық органдары өз қызметтерін «Электронды үкімет» порталына шығаратын болады. Олар – жеке кәсіпкерлікті тіркеу, патент беру, өтініштер ұсыну және т.б қызмет түрлері.

Салықтан жалтару

жарға жығады

Салықтан жалтару – көлеңкелі бизнесті көксегендердің төте жолы. Еліміздің базарларында әсіресе ірі мегаполистердегі өзінше бір қалаға айналған базарларда мұндайлардың қолы жүріп тұр. Ол – саудагерлердің салықтан бұлтарып, ешбір жерге тіркемесіз, яғни заңсыз нәпақа табуы. Иә, мұны нәпақа деуге де келмес, себебі артығымен қармап жатқан шетелдік мигранттар мен заңсыз сауда жасайтын азаматтар көп-ақ. Олардың ішінде оңтүстік елдерден келіп, елімізде тұруға құқық алғандар да бар. Жақында Дүниежүзілік банк Орталық Азияның ең ірі базарларында қанша қаражат айналыста жүретінін есептеп шығарды. Десе де алпауыт базарлардың көлеңкесіндегі қара нарықтың нақты айналымын есептеу оңай шаруа емес. Сонда да жуық шаманың ары-берісіне сенгендей болдық. Алматы қаласының Солтүстік айналымындағы «Барахолка» базарының бір жылдық тауар айналымынан түсетін қаржы 1 миллиард 742 миллион долларды құрайды. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, бұдан да ірі айналымды базарлар бар. Еліміздің базарларынан асып түсетін сауда-саттық айналымы көршілес Қырғызстанда екен. Бішкекке жақын «Дордай» базарында ең үлкен жылдық айналым тіркелген. Ол жылына 2 миллиард 842 миллион долларды құрайды. Дүниежүзілік банк мамандарының пікірінше, базарлар қарапайым халықтың тұрақты жұмыс орнына айналған. Заңсыз саудамен шекара маңындағы әрбір үшінші тұрғын айналысады. «Қазiр Алматыда 74 әмбебап базар жұмыс iстейдi. Онда 180 мың адам жұмыс істейді дейді», – кәсіпкерлер өкілі Жібек Әжібаева. Бірақ осынау 180 мың адамнан 26 мың саудагер ғана заңды тіркелген көрінеді. Бірақ саудагерлердің «салықтан қашты» дегенге зілді жауабы бар. Саудагер Кеңескүл Жұмабаева: «Біз салықтан қашқан емеспіз. Базарда отырып қаншама адамға есе беретініміз бізге ғана мәлім. Базар басшылығы, бір реттік талонға, жалға төлейміз, жарық, жылуға төлеуге тура келеді», – дейді ашынып.

Салық мемлекеттің қазынасына түсуі үшін қолданған шаралардың бірі – бір реттік талонды алып тастау. Саудагер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салықты тоқсан сайын өзі төлеп отырады. 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде бір ретті талон режимі жо­йылады. Ал кәсіпкерлік үш режим бойынша жүзеге асады – патент арқылы, жеңілдетілген декларация және жалпыға белгіленген тәртіп бойынша салық төлеу мен есептеу тәртібі. ҚР Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаевтың түсіндіруінше, саудагер тек жеке кәсіпкер деп тіркеледі де, өзінің салығын жылына бір рет төлейді, кейбіреулер әр тоқсан сайын төлей алады.

Сондай-ақ саудагерлердің әлеуметтік тұрғыдан қорғалуына да жағдай жасайды. Бұл зейнетақы қорына ақша жинауға мүмкіндік береді. Базарда зейнетақы жарнасын төлемейтін, сол жарна бойынша салық есептілігін тапсырмайтын жеке тұлғалар жиі кездеседі. Көптеген жеке тұлғалардың әлеуметтік жеке коды жоқ. Көзді ашып-жұмғанша зейнетке шығатын күннің келіп қалатынын көбі есіне ала бермейді. Сондықтан олар зейнетақысыз қалуы да ғажап емес. Көптеген жеке тұлғалар бұрынғы зейнетақы жүйесімен зейнетақысын алуы мүмкін. Ал енді 1998 жылдан кейін жұмыс істей бастаған адамдарға зейнетақы жинақ қорына енгізген сомасы есебінен зейнетақы төленетінін ұмытпауы тиіс. Сондықтан, бір реттік талон жүйесін жоюдың тағы бір мақсаты – барлық саудагерлерді зейнетақы жүйесіне тарту.

Жоспар бойынша, сауда-саттықтағы жаңа жүйе салық түсімдерін көлеңкеден шығаруы тиіс. Қазіргі таңда көлеңкелі кәсіптің айы оңынан туып тұрған заман. Сондықтан сау­да орындарының барлығын есепке алып, тиісті салықты жинап тұру керек. Сонда қала қазынасына бірнеше миллиондаған теңге қосымша түсіп отыратын еді дейді сарапшылар. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов өз пікірін жеткізді.

– Кассалық тәртіп болмаған жерде көлеңкелі экономика күш алады және шағын кәсіпорындарда тәртіп бұзылады. Алматыда 34 базар жабылатын болады. Былтыр бірінші тоқсанда салық түсімдері уақтылы түсіп тұрды. Бірақ бұл саладағы резерв көп, қала басшылары салық қорын реттеуде жұмыс жасауы керек, – деді.

Иә, көлеңкелі бизнестің бетін ары қыламыз дейміз. Саудагерлер үшін жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеу тиімді ме? Десек те саудагерлердің 75 пайызы бүгінде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп үлгеріпті. Бұл жүйенің нендей қажеті болды екен? Сонау алғашқы дағдарыс – 1990 жылдардағы қиын күндер талайды кәсібін ауыстырып, саудаға отыруды мәжбүрледі. Күнделікті тамағын табу үшін саудаға шықты талайлар. Олардың сол кезде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, қызметін заңдастырып, салық төлеп отыруға мүмкіндігі болмады. Сондықтан бір ретті талон жүйесі енгізілді. Алайда ел экономикасы дамып, саудагерлер тұрақты сауда жасай бастағанда, сондай-ақ шетелден заңсыз, салықсыз тауар ағыны келіп жатқанда салықтық бақылауды қолға алу міндетті шаруа. Тіпті сауда-саттықты дамытудың мемлекеттік бағдарламасы да қабылданды. Ашық даладағы базарлар жабылады. Жеке тұлғалар салықты, салық табысын есептеуді, салық есептілігін толтыруды және тапсыруды үйренуі тиіс. Бұл салық мәдениетін қалыптастырады. Осылайша, олар ҚР салық жүйесінің толыққанды қатысушысы бола алады. Осынау қадам арқылы базарларда тауар өткізудің «көлеңкелі» жүйесін жоюға жағдай жасайды.

Патент төлеуші өзінің болжалды табысын мәлімдеп, сол табыстың 2 пайыз мөлшерінде салық, зейнетақы жарнасын және әлеуметтік аударымдарды төлейді. Күнтізбелік айдан бастап жылға дейінгі кезең ішінде табысы көп немесе аз болса, жеке кәсіпкер қосымша салық есептілігін тапсыру арқылы мәлімделген табысты түзетуі керек. Аталған салық режимдеріне көшу кезінде салық құны өспейді. Өйткені бір реттік талон режимінде салық белгіленген мөлшерде төленсе, ал патент және оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимдерінде салық мәлімделген және нақты табысқа байланысты алынады.

Мигранттар салық төлей ме?

Саудагерді жеке кәсіпкерге айналдыру арқылы мигрант-саудагерлерді ығыстыру да алға қойылған. Мәселен, 90 күнге келетін өзбек, тәжік, қырғыз саудагерлері осында саудасын жасап, нанын табады. Ал салық төлеуге келгенде еш жерде тіркелмеген болып шыға келеді. Олардың барлығы мұнда еңбек етуге келеді. Миграциялық карталарында көбінесе басқа себептерді көрсетеді.

Өзге елдің азаматтарына Қазақстанда шағын кәсіпкерлікпен айналысып, сау­да жасауға тыйым салынады. Ол тек жеке кәсіпкер болып тіркелген Қазақстан азаматының қол астына жұмысқа алынуы мүмкін. Тағы да бұл жағдайда жеке кәсіпкер жұмыскерлері үшін салық төлеуі тиіс. Базардағы мигрант табысы тұрмақ, саудагердің табысын анықтай алмай отырмыз. Жалпы, миграциялық еңбек етушілер саны бойынша ТМД елдерінде Ресейден кейінгі екінші орын – Қазақстанда.

Елімізге келетін еңбек мигранттары да салық төлейді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек, көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының таныстырылымы барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Тыныбеков мәлім етті: «Бұндай норма елімізге визасыз тәртіппен келетін ТМД азаматтарына, оның ішінде заңсыз еңбек мигранттарының басым бөлігін құрап отырған Орталық Азия өңірі елдеріне бағытталады. Ал рұқсатнама 1-3 айларға беріліп, кейіннен ұзартуға жатады. Ал Қазақстанда болатын ең жоғары мерзім 1 жыл», – дейді Қ. Тыныбеков. Бұл ретте еңбек мигранттарымен рұқсатнама бойынша еліміздің жеке тұлғаларында үй шаруашылығында, құрылыс жұмыстарына қызметтер көрсету туралы еңбек келісімшарттары жасалады.

«Заң қабылданса, еліміздегі заңсыз еңбек мигранттарын заңдастыруға, олардың келуіне бақылауды күшейтуге тиімді тетік қалыптастырады. Екіншіден, еңбек мигранттарының салығы есебінен бюджет түсімі артады. Еңбек мигранттарының қызметі «көлеңкелі экономикадан» шығарылып, сыбайлас жемқорлықтың жолы кесіледі. Ең ақыры еңбек көші-қоны бойынша нақты статистика алып, осы рыноктың жағдайын сараптауға серпін береді, болжам жасап, еңбек нарығын дамытуға жағдай жасайды», – дейді Қ. Тыныбеков. Оның айтуынша, аталған салықтық норма енгізілсе, бюджетке түсетін болжамды қаражат жылына 4 пен 6 млрд. теңге шамасында жоспарланады.

Қазіргі таңда Тәжікстанда «Салық кодексіне» тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізілген екен. Сондықтан салық заңының қалай дайындалып жатқанын Тәжікстанның шағын және орта кәсіпкерлері тағатсыздана күтіп отыр деуге болады. Тәжікстандағы кәсіпкерлердің басын қосқан қауымдастық салық заңнамасы кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы жағдай жасау үшін өзгертулер енгізіп жатқан көрінеді. «Біздің қауымдастық бірқатар салықтың құнын азайтып, енді бірін мүлде алып тастауға күш салуда. Салықшылар бір салық түрлерін қысқартса, салықтың басқа түрін көбейтіп жатқанын жасырудың жөні жоқ. Бұдан кәсіпкерлерге ешқандай пайда жоқ» – деген пікірде жергілікті кәсіпкерлер. Қазіргі таңда Тәжікстанда әлеуметтік салықтың деңгейі өте жоғары – 25 пайызды құрайды. Ал Қазақстанда бұл салықтың түрі 11 пайыздан аспайды. Билік орындары салық саласын жетілдіруді желеу етіп, салық саласын орталықтандыруға ұмтылуда. Егер кәсіпкер шет елдермен байланыс орнатып, жылына 42 мың доллар пайда табатын болса, оған қосымша құн салығын төлеу міндеттелген. Осылайша тәжікстандық кәсіпкерлер тоқсан сайын төлейтін салығының 1 пайызын ай сайын салық органдарына төлеп тұрады. 1 пайыз айтар ауызға жеңіл болғанымен ай сайын уақтылы төлеуге мүмкіндігі болмайтындар да бар.

P.S.Көлеңкелі экономиканы дамытатын базарлардың санына бола алаңдаудың қажеті жоқ. Оның санын азайту арқылы сапасын жақсарту мүмкін емес. Себебі базар бізде ғана емес, Қытай, Ресейде де бар. Бұл елдерде де қара базарды жойып, өркениетті сауда орнын қалыптастыру іске асырылуда. Сондықтан базардағы сауда-саттықты реттеу, салық жүйесін орталықтандыру сияқты іс-әрекеттердің нәтижесінде ғана өркениетті сауда нүктесін жасауға болады. Ол аз десеңіз, интернет-базарлар қазір әлеуметтік желілерде өріп жүр. Ал олардың кіріс салығын кім реттеп отыр?

Ақниет ОСПАНБАЙ