АРМЕНИЯ ЕШҚАНДАЙ ОДАҚҚА ҰМТЫЛМАЙДЫ. Әзірше...

АРМЕНИЯ ЕШҚАНДАЙ ОДАҚҚА ҰМТЫЛМАЙДЫ. Әзірше...

АРМЕНИЯ ЕШҚАНДАЙ ОДАҚҚА ҰМТЫЛМАЙДЫ. Әзірше...
ашық дереккөзі

Өткен аптада 16 қараша күні алыс Кавказға жолымыз түскен. Армения Республикасының Премьер-министрі Тиг­ран Саркисян мырза ТМД және Грузия һәм Балтық мемлекеттері бас редакторлары клубының өкілдерімен кездесуге құлықтылық танытса керек. Жаһандану ғасырында халыққа танымал саяси тұлғалар, үкімет басшылары мұндай құлықтылықты бекерден бекер танытпайды. Өз елін, онда жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік, экономикалық реформалардың сипатын әлемге де танытудың тиімді амалдарының бірі. Жер шарындағы халықтар мен мемлекеттерді жақындастыра түсетін «халықтық дипломатияның» нақты көрінісі. Аңызға айналған Кавказға баруға кім құмартпасын?! Әсіресе, Нұх пайғамбардың әйгілі кемесі қалған делінетін Арарат тауын көру, ежелгі Урарту мемлекетінің тарихи жалғасы болып саналатын Арменияның есте жоқ ескі замандардан бастау алатын мәдениетімен танысудың сәті түсіп тұрса, алып ұшпай көр! Арменияның Премьер-министрі журналистер қауымын жылы қабылдады. Кәсіби журналис­термен кездесуге қуанышты екені, сонымен қатар, осынау басқосуға іштей айрықша дайындалғаны аңғарылған. Саяси күресте әбден ысылған қайраткер кез келген сұраққа ұшқыр жауап беруге әбден дағдыланып алса керек. Қимылы ширақ, сөзі бейнелі.

Ең бастысы, қазіргі посткеңестік елдердің көбін, әсіресе Кедендік одаққа біріккен үш ел – Ресей, Қазақстан, Беларусь мемлекеттері халқының көбін толғандырып, турасын айтсақ, басым бөлігін алаңдатып отырған мәселеге өз пікірін бүкпесіз жайып салды.

«Кедендік одаққа кіретін елдердің ұлттық ақшадан жоғары тұратын ортақ қаржысы болуы шарт. Бұл сауда-саттық үшін де және бір елден екінші елге келетін азаматтарға да тиімді. Сауда ортақ валютамен жасалады, азаматтар екінші елге табан тірегенде ақша айырбастап әуре болмайды. Сондай-ақ бұл үш елдің де даму қарқыны бірдей. Сондықтан бір мемлекет екіншінің қолтығына кіріп, өмір сүрмесі белгілі. Ортақ ақша 2015 жылдың 1 қаңтарында айналымға еніп қалуы ғажап емес», – деді алдағы күндерге болжау жасаған Тигран Саркисян мырза.

Премьер-министр ретінде Ресейге жақындау екендігі, түрлі одақтарға қосылуға ыңғай білдіретіні үшін армян оппозициясының жиі сынына ұшырайтынын айтқан жергілікті армян газетінің бас редакторына берген жауабында Тигран Саркисян: «Біз Кеден одағына да, еуразиялық экономикалық одаққа кіруге де еш құлшынып отырғанымыз жоқ. Біз Арменияның мүддесі үшін ғана жұмыс істейміз. Ал жергілікті оппозицияның мақтайтыны емес, мені өлтіре сынайтыны түсінікті. Сол үшін де ол – оппозиция!», – деп жауап қайтарды.

Әр елдің салты басқа екен-ау.

Ал Армян Үкімет басшысы айтқан мәселелердің бірсыпырасы қазақ қоғамын, саяси тұлғалар мен қаржыгерлерді де мазасыздандырып жүргені анық. Өйткені соңғы кездері ортақ валюта туралы алып-қашпа әңгіме көп. Әсіресе, Ресей бұған аса мүдделі сияқты…

Шәмшиддин Паттеев