СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ СҮЛІГІ

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ СҮЛІГІ

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ СҮЛІГІ
ашық дереккөзі

Жемқорлықтан бас тарт, жарқыным!

Ертегілер әлемінде жеті басты жалмауыз айдаһар туралы көп айтылады. Жолында кездескеннің бәрін жалмап, жұта берген. Тойымы жоқ неме жұртты әбден титықтатып болған соң, ақыры халық болып күресіп, жеңіп шығады емес пе?! Бұған ертегі деп қарасақ та, астарында бүгінгі күннің шындығы бар. Сол жеті басты айдаһарың қазіргі ынсап дегенді білмейтін жемқорлар. Қолы алудан қайтпайтын, көзі дүниеге тоймайтын, ары мен абыройын ақша мен алтынға сатқандар қоғамда жылдан-жылға көбеймесе, азаймай отырғанын жасырып қайтеміз. Ең өкініштісі, сондайлардың кейбірі ел басшылығына, құқық қорғау органдарына, сот жүйелеріне, банк орталықтарына орналасып алып, заңды белден басып, халық қаржысына қол салуы.

Алматыны жеті жыл басқарған экс-әкімі Виктор Храпунов туралы әңгіме талайдан бері созылып келеді. Әрине, оған 400 миллион доллар көктен түсе қалмаған шығар. Бұған Женевадағы жеке қонақ үйін, 24 қабат резиденциядан тұратын кешенін, бір автотұрағын, қала берді Женева өзенінің жағасындағы әсем саяжайын қосыңыз. Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиевтай түйені түгімен жұтқан көптеген алаяқтар бүгінде Еуропаны мекен етуде. Сондай-ақ парақорлықпен қолға түскен сот орындарындағы дүрдей судьялар, құқық қорғау органдарының дөкей қызметкерлері қаншама. Олар туралы кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған. Ал алыстағы Дубайға қашып барып, бой тасалап жүрген сыбайлас жемқорлардың ұзын-ырғасы 1600-ге жетіпті.

Қазақстан қылмыс жасап, елден қашып кеткен адамдарды ұстап беру туралы жеті мемлекетпен келісім-шарт жасасқан. Атап айтар болсақ, Корея, Моңғолия, Қытай, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан және Қырғыз республикасы. Ал Еуропалық Одақпен әлі күнге келісім-шарт жоқ. Неге? Өйткені біздің тарапымыздан ұсыныстар жасалынса да, Еуропалық Одақ бұған мүдделілік танытпай отыр. Респуб­лика Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель: «Еуропалық Одақ қылмыстық істер бойынша Қазақстанмен келісім-шарт жасасуға құлықты емес. Жалпы, Еуропалық Одақ аясында құқықтық көмектер көрсету, оның ішінде сырттай сотталғандарды беру, қылмыскерлерді ұстап беріп, өткізу, экстрадициялау мәселелерінің барлығы қылмыстық іс жүргізу саласындағы төрт конвенциямен реттеледі. Сондықтан да біз Еуропалық Одақ кеңесіне сол төрт конвенцияға қосылу туралы үш мәрте өтініш жолдадық. Алайда олар тарапынан әлі күнге оң шешім қабылданған емес. Өйткені Еуропалық Одақ өзінің құрамына кіретін мемлекеттердің біздің елімізбен қылмыстық істер бойынша көмек көрсету туралы келісімдер жасауын құптамайды», – дейді. Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Мохамад Махатхир: «Ұлтын, елін шын сүйгендерден жемқорлар шықпайды» деген екен. Демек, біздегі жемқорлар ондай қасиетті ұғымнан жұрдай болғаны ғой. Олар еліміздің қалыпты дамуына, мемлекет қауіпсіздігі мен қоғамның тұрақтылығына, жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларға зор нұқсан келтіруде. Тәуелсіз сарапшылар қауымдастығының мәліметіне сүйенсек, осы сыбайлас жемқорлықтың залалынан Қазақстандағы тауарлар мен қызметтердің құны 50 пайызға дерлік көтерілген. Егер 2005 жылы анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша келтірілген зиян сомасы 379 миллион теңгені құраса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 6,8 миллиард теңгеге дейін көтерілген. Ал былтырғы мен биылғы жылдардың көрсеткіштері бұдан да асып түспесе, азая қойған жоқ. Айналып келгенде мұның ауыртпалығы қарапайым халыққа түсуде.

Бейресми дерек көздеріне көңіл қойсақ, сыбайлас жемқорлық бойынша әлемде 120 орында екенбіз. Осы уақытқа дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық қолданысқа түскен бірнеше Заңды ұстанған Үкімет қылмыстың бұл түрімен күресудің бірнеше іс-қимыл тәсілдерін қолданып, бағдарламалар жасап-ақ келеді. Бірақ шыққан нәтиже көңіл көншітер емес. Пәрменді шараларға қарамастан көлеңкелі секторлар әлі күнге түнек қалпында қалып келеді. Ал парақорлық күннен-күнге өріс алуда. Сыбайлас жемқорлыққа тек мемлекеттік және құқық қорғау органдарының күшімен ғана қарсы тұру бұл қылмыс деңгейін төмендетуге мүмкіндік бермей отырғаны мәлім. Енді міне, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы №922 жарлығымен бекітілген республиканың 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының негізгі мақсаттарының бірі ретінде жасалынған кешенді бағдарлама бойынша күресуді қолға алмақшы.

Біздің халықта жемқорлық туралы да түйіп айтқан сөз мәйегі жетелік. «Алтын көрсе періште жолдан таяды». Халық сенім артқан ІІМ қарасты құқық қорғау органдарының, атап айтсақ Ішкі әскери комитеттің білдей басшы қызметкерлері сыбайластық қылмыспен ұсталыпты дегенді естігенде, мұндай келеңсіз жәйдің құлағымызға үйреншікті әуен болып кеткені соншалық, таңданудан да қалдық. ҚР экономикалық және жемқорлық қылмыспен күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұмабай: «Үстіміздегі жылдың 23 ақпанында агенттік ҚР ІІМ ішкі әскери комитетінің мемлекеттік сатып алу басқармасының бастығы Зайка Олег пен комитеттің әскери қызмет басқармасының бастығы Гриб Юрийге қатысты 45,5 миллион теңгенің техникалық күзет құралдарын, қосалқы бөлшектер жинағын мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүргізуде билігін асыра пайдалану фактісі бойынша үстерінен іс қозғады», – деп хабарлайды. Әзірге полицейлер осы іс бойынша күдіктілер ретінде тергелуде. Олардың осынша қаржыны жымқырып кеткендері дәлелденіп жатса, ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылары сөзсіз.

Республикада қылмысты болдырмау және оның алдын алу шаралары заңнамаларын ізгілендіру бағытында біраз игі шаралар атқарылғанын жақсы білеміз. Өткен қазан айының соңғы онкүндігінде Парламент Сенатында құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен «Қылмыстардың алдын алу және құқықбұзушылықтар профилактикасы: қазіргі жәй-күйі және жетілдіру перс­пективалары» тақырыбында үлкен жиын өткен еді. Сол жиында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Марат Ахметжанов: «Өткен тоғыз айда біз қылмыстық қудалаудың заңсыз орбитасына тап болған 147 азаматты ақтап алдық. Әлгі азаматтардың заңсыз қудалануы негізінен бекітілген стратегиялық жоспарға, сондай-ақ белгіленген көрсеткіштерді орындауға қатысты болса керек», – деп агенттіктің асыра сілтеген ісін ашып айтты. Бұрын мұндай алқалы жиындарда жауырды жаба тоқып, өздеріне шаң жуытпайтын құзырлы орган өкілінің бұл жолы өздеріне де сын көзбен қарағандары байқалды. Ол сыбайлас жемқорлыққа да кеңінен тоқталды. «…Мәселен Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, ағымдағы жылдың бірінші жартысында Қазақстанда 968 миллиард теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған. Оның үстіне мұндай көрсеткіш ай сайын өсу үстінде. Ал әлгіндей ірі мөлшердегі қолма-қол ақшаның көп жағдайда «откат» үшін пайдаланылатынын, салық пен бюджеттік басқа да төлемдерден жалтаруға мүмкіндік беретінін жұртшылық біледі, – деді. – Айтпақшы, Украинада барлық заңды тұлғаларға сатып алулар мен төлемдерді қолма-қол ақшасыз жүзеге асыру міндеттелген екен. Бізге де осыған өткен орынды», – деп ұсыныс жасады.

«Ауруын жасырған өледі» демекші, сол жиында орын алған ішкі жайлар да ашып айтылды. Олай дейтініміз кейбір жағдайларда құқық бұзушылықтың алдын алуға жауаптылардың өздері қылмысқа барып жатқан фактілер де тіркелген екен. Прокурор орынбасары Нұрмұханбет Исаев бұл жайды да назардан тыс қалдырмады. Оның сөзіне ден қойсақ, қолданыстағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары жөніндегі бағдарламаның өзі де сын көтермейтін болып шықты. «…Өңірлерде басқа бағдарламалар да қарастырылған. Жоспарланған шаралар бірін-бірі қайталауда немесе ондай шаралар жауапты тұлғалардың міндеттеріне кіреді және олардың ағымдағы шаруасы болып табылады. Тіпті тәжірибеге келсек, кей жағдайда біз алдын алу мәселесінің барлығын өздеріне сондай шараларды жасау қажет ететін адамдарға сеніп тапсырамыз». Демек, мемлекетік қызметкерлердің бәрі бірдей сенімді ақтамайды.

Сыбайлас жемқорлықтың күні бүгінге дейін жұртты ең алаңдатқан жері – кеден саласы. Соңғы он, он бес жылда Үкімет тарапынан қаншама шаралар қолданылса да, ондағы бармақ басты, көз қысты әрекеттерге тоқтау болмай-ақ тұр. Бұл жөнінде жуырда Ақордада Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхамедтің төрағалығымен өткен Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысында кеңінен айтылды. Мемлекеттік хатшы сыбайлас жемқорлықтың деңгейі төмендемей отырған кеден жүйесін қатты сынға алды. Ол: «…Елбасымыздың әлденеше рет қатаң ескертуіне қарамастан, еліміздегі сыбайлас жемқорлық деңгейі төмендемей келеді. Бұл – әсіресе, кеден органдарында ерекше көрініс тауып отыр. Дәл осы салада сыбайлас жемқорлықтың ауқымды ортасы қалыптасты. Оны тұтас «индустрия» деп атауға болады. 2009 жылдан бері кеден органдарын техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бюджеттен 15 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Соның өзінде бұл саладағы жұмыс бір жөнге келмей-ақ қойды. Мәселен, 2010 жылдан бастап 192 кеден қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал ең сорақысы, сол аталған қылмыстық істерге құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты болып шықты, – дей келе кеден саласындағы кейбір басшылардың сыбайлас жемқорлыққа байланысты отандық заңнаманы да сақтамайтынын ескертіп өтті. – Ондай адамдар өз қызметтеріне сай келмейтін мамандарды жұмысқа алып, олардың еңбек өтіліне, тіпті кәсіптік біліміне де қарамаған. Жақында болған аттестация осыны анық көрсетті. Кеден органдары қызметкерлерінің үштен бірінен астамы, дәлірек айтсақ, 36 пайызы өз лауазымына сай емес деп танылды. Бұл дегеніміз әрбір төртінші кеденші жұмыстан босатуға, лауазымын төмендетуге, я болмаса басқа қызметке ауыстыруға ұсынылды». Мемлекеттік хатшы кеден саласындағы сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттік бюджетке келтірген қыруар шығынын да нақты мысалға келтірді. Өткен 2011 жылдың өзінде қазақ пен қытай кеденшілерінің шекарадан өткізген тауарлар жөніндегі мәліметтерінде 3,6 миллиард доллардан астам сәйкеспеушілік анықталған.

Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Мәжит Есенбаев өз тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы біраз іс-шараларды жүзеге асырып жатқанын, оның нәтижесі жыл соңына қарай белгілі болатынын, аттестациядан өте алмаған кеденшілердің орнына жас, білімді мамандардың қызметке алынып жатқанын жеткізді. Ол сондай-ақ бұл мемлекеттік органға дербестік беру керектігін қажет деп санайтынын меңзей отырып: «…Кеден одағындағы әріптестеріміз, яғни Ресейдің федералдық қызметі және Белоруссияның мемлекеттік кеден комитеті өз алдарына дербес мемлекеттік орган болып табылады. Ал Кедендік бақылау комитеті Қаржы министрлігінің құрылымы болғандықтан, Кедендік одақтағы әріптестері секілді жұмыс істей алмай отыр. Сондықтан да Бірыңғай экономикалық кеңістіктің дамуына байланысты мемлекеттік органның дербес мәртебесі бүгінде өте маңызды деп санаймын», – деп өз ойын ортаға салды. Бәлкім Есенбаев мырзаның ұсынысында жан бар шығар. Дегенмен Кедендік бақылау комитетіне дербестік бере қалған жағдайда сыбайлас жемқорлық тыйыла қала ма? Әй, қайдам. Жұртта сенімнен гөрі күдік басым. Сол кезде жемқорлықтың майлы шелпегін асап қалған кейбір дәніккен жандар қомақты айлық жалақыларын қанағат етсе, қанеки.

Жемқорлықтың көзіне айналғандардың бірі – көлеңкелі экономика. Білікті қаржы мамандары мұнымен күресудің әртүрлі жолдарын ұсынуда. Олар қолма-қол ақша айналымын қатаң бақылауға алып, көлемін мейлінше шектеу керек дейді. Үкімет осыны қолданысқа толық ендірсе, сыбайлас жемқорлық деңгейін мейлінше төмендетуге болатындарына сенімдері зор. Сондай-ақ бұл тәсіл инфляцияны тежеп, есірткі саудасы мен салықтан жалтарушылардың жолдарын кесетін көрінеді. Алайда осы кезге дейін көлеңкелі экономиканы тежеу үшін қаншама шаралар жүргізілді десеңізші. Бұл да жеті басты жалмауыз айдаһар секілді екен. Үкімет бір басын кессе, орнына лезде тағы бір бас пайда болып, айласын асырып жатқандары даусыз.

Тендер деген талай айлакер қулардың сауып ішер сиырына айналды. Әуелі бұқаралық ақпарат құралдарынан хабарын оқып, жария­лағандарына жұрт риза болады. Тендерден үміті барлар қажетті құжаттарын тиісті орынға жанталасып өткізіп жатады. Бірақ олар сырт көзге көріне бермейтін астыңғы ағысты қайдан байқасын. Түптеп келгенде мемлекеттік сатып алу конкурсында бағаның ең төменгі көрсеткішін ұсынған не әкімнің, не жоғарыдағы бір шенеуніктің өз адамы жеңімпаз болып шыға келеді. Қоржындарына қомақты қаржы түспей қалған нағыз іскерлердің сондағы салдары суға кеткен көңіл-күйлерін айтып жеткізу қиын-ақ. Жыл соңында әлгі «жеңімпаз» компания көбіне тапсырылған істі тындырмай, көпшіліктің наразылығын тудырады. Әрине, мұндайда құзырлы орган қызметкерлері алақандарын ысқылап, іске араласады. Олар компанияда құрылыс техникаларының жетімсіздігін, пайда табу жолымен құрылыстан мүлдем хабары жоқ адамдарды арзан еңбек ақыға жалдағанын көріп, хаттама жасап, жазаға тартады. Әккілерінің түрлі жол тауып, жазадан да құтылып кеткенін жұрт көріп жүр. Тіпті өткен жылдар барысында осындай мемлекеттік сатып алу кезінде «жеңіске» жеткен компанияның қолындағы құжатынан басқа ештеңесі де жоғын кездестірген де жайлар болған. Мемлекеттік сатып алудағы мұндай келеңсіздіктерді қазір де қоғамның барлық салаларынан көруге болады. Экономика мамандарының пікірінше, мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнаманы жетілдірмейінше, қатаң қадағалау болмайынша, жемқорлықтан құтылу мүмкін емес екен. Мемлекеттік сатып алуда ірі көлемдегі қаржыны қалтасына салып «маңғыт, аузыңа саңғыт» деп миығынан күліп, шетел асып кеткендер де бар. Бас прокуратураның мәліметіне қарағанда, Араб Әмірлігінде баяғы атышулы тендер ісіне қатысты деген біздің он шақты қашқын шенеуніктеріміз бой тасалап жүрген көрінеді.

Жуырда Қызылорда облысының қылмыс­тық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұрынғы Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Амангелді Айтқұловтың қылмыстық істері жөнінде іс қарады. Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Айтқұлов 2007 жылы қазан айынан 2012 жылдың ақпан айына дейін қызмет бабында өте тез өсіп отырған. «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның «Өзенмұнайгаз» Өндірістік филиал директорының орынбасары, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, көп кешікпей бірінші орынбасары лауазымдарын атқара отырып, мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару талаптарына қайшы келетін бірнеше қылмыстар жасаған. Ол Ж.Сыдықовтың мүддесін ойлап, заңсыз әрекеттерге барып, «Өзенқұрылыс» ЖШС жарғылық капиталының 138 миллион 742769 теңгесін және жалпы құны 30 миллион 98970 теңге тұратын Жаңаөзен қаласындағы 0,1 гектар жер телімімен бірге «Керуен сарай» мейрамханасын пара ретінде алған. Сонымен қатар 2010 жылғы 27 желтоқсанда Ж.Сыдықов А.Айтқұловтың заңсыз талаптарын орындау мақсатында жалпы құны 15704973 теңге тұратын үш жер телімін «Каспий-ӘКК» АҚ-нан сатып алып, оларды өзінің жиені М.Сабырдың атына рәсімдеген. Сондай-ақ, Айтқұлов «Жаңаөзен Жібек жолы» ЖШС жарғылық капиталының 15 пайыз құрылтайшылар құрамын өзгерту кезінде ақшалай құны 32616521 теңгені құрайтын үлесімен қызын құрылтайшылар құрамына енгізген. Сот іс қарау барысында он төрт куәгер қатысып, өз түсініктерін берген. Ауданаралық соттың 2012 жылғы 12 қарашада шығарған үкімі бойынша айыпкер А.Айтқұлов ҚР ҚК-нің 311-бабының 5-бөлігімен қылмыскер деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.

Оңай табысқа дәніккендер құныққан істерін қояр емес. Елімізде казино құмар ойны тек Қапшағай мен Бурабайда ғана рұқсат етілген. Ал жеңіл жолмен баюды мақсат еткендер әлгі тыйымға әлі де көнер түрлері жоқ. Республиканың ірі қалаларынан жасырын ойын орындарын ашып, заңға қайшы келетін жымысқы істерін жалғастыруда. Үстіміздегі жылдың тамызында полиция қызметкерлері Алматы қаласының Сейфуллин даңғылындағы бильярд клубының үлкен бір бөлмесінен 10 покер үстелі және он шақты ойын аппараттарын анықтады. Бұл астыртын казинодан 116 мың теңге мен 190 ойын фишкасы тәркіленді. Ал қожайыны қашып кеткен. Қазір іздестіру үстінде. Полиция полковнигі Бақыт Балғымбаев: «Айлакер бізден қашып құтыла алмайды. Оны бүгін болмаса, бәрібір ертең табарымыз хақ. Ол заң алдында жауап беретін болады», – деп сендіруде. Жалпы жыл басынан бері Алматыда дәл осындай 319 жасырын ойынхана әшкереленіп, 1121 ойын аппараты, 2 электронды рулетка, 19 покер ойын үстелі тәркіленген. Олардан қала бюджетіне 907 мың теңге, 1100 АҚШ доллары құйылды.

Осындай жағдай Шығыс Қазақстан облысында да орын алды. Үстіміздегі жылы қараша айының басында Шығыс Қазақстан қаржы полициясы жасырын казино бизнесін ұйымдастырған спорттық покер федерациясының төрағасы Константин Шкодинді тұтқындады. Ол бірнеше жылдан бері Өскемендегі «Встреча» дәмханасында құмар ойыннан қыруар табыс тауып келген. Шкодин сақтық үшін жасырын казиносына кез келген адамды кіргізбейтін көрінеді. Тек өзінің сенімді таныстарынан клиент жинап, ойынханаға кіргені үшін әр қайсысынан мың теңгеден ақы алып отырған. Сол күні Қаржы полициясына хабар түсісімен жедел шаралар қолданып, казино ойыны үстіндегі 15 адамның үстінен түсіп, 3 покер үстелі және 1500 ойын фишкасын тәркіледі. Дәмхананы тінту кезінде бірінші орынға 37 мың, екінші орынға 24,5 мың, үшінші орынға 12,5 мың теңге деген жазуы бар ішіне ақша салынған конверттер табылған. Облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы Лейла Ысқақова: «Қаржы полициясы Шығыс Қазақстан облыстық спорттық покер федерациясының төрағасы Константин Шкодин үстінен қылмыстық іс қозғап, 3 қараша күні Өскемен қаласы №2 сотының санкциясымен қамауға алынды. Шкодин енді заң бойынша 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – дейді. Жалпы, Өскеменде жыл басынан бері заңсыз ойын ұйымдастыру фактілері бойынша 16 қылмыстық іс қозғалып, 196 ойын автоматы, 4 электронды рулетка, 760,9 мың теңге алынған.

Тамыры тереңге кеткен сыбайлас жемқорлықпен күресте жақсы нәтижеге қол жеткізуге бола ма? Болады. Грузияда қолға алынған іс-шаралар қатаң тәртіптің арқасында елдегі жемқорлық деңгейі азайған. Бәлкім бізге сол елдің тәжірибесімен танысу керек те шығар.

АЛ ШЕТЕЛДЕ ҚАЛАЙ КҮРЕСУДЕ?

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: «Сыбайлас жемқорлық – бұл ғаламдық мәселе, одан әлемнің бірде-бір мемлекеті, бірде-бір саяси жүйе, бірде-бір саяси тәртіп қорғалған емес», – деп атап көрсеткен. Еліміз әлемдегі алпауыт және даму жолындағы елдермен экономикалық және мәдени байланыстар жасап келеді. Сол алпауыт елдер сыбайлас жемқорлықпен қалай күрес жүргізіп жатыр?

Бүкіләлемдік банктің мәліметіне ден қойсақ, дүние жүзінде пара түрінде күн сайын триллион доллар ақша қолдан-қолға заңсыз өтеді екен. Тек дамушы елдерде мемлекеттік жауапты қызметкерлер пара ретінде жылына 20-дан 40 миллиард долларға дейін ақша алады. Бұл сол мемлекеттерге көрсетіліп келген ресми көмектің 20-40 пайызын құрайды. Ал БҰҰ-ның мәліметі бойынша, дамыған мемлекеттердегі компаниялардың 15 пайызы бизнестерін дамыту үшін басқа мемлекеттердің жауапты қызметкерлерін осыншалық парамен сатып алған. Бүкіләлемдік экономикалық байланыстың жаһандануы жемқорлықпен күрестегі іс-әрекеттерді бірлесе жүргізуді қажет етеді. АҚШ пен Ұлыбританиядағы жемқорлыққа қарсы күрес заңдары өзге елдердің кәсіпкерлеріне де өзекті мәселе болуда.

Америкада 1977 жылы қабылданған «Шетелдердегі жемқорлыққа қарсы туралы» заң бертінге дейін қолданыстан тысқары қалып қелген еді. Алайда 2008 жылғы экономикалық дағдарыстан кейін АҚШ-тың Әділет министрлігі сол заңға негізделген санкциялар қолдануды қайта жандандырды. Бұл заңды қолдану аясы Америка аймағынан тысқары да қолданыла бастады. Яғни Америка компанияларымен байланыстары бар шетелдік серіктестіктерге тікелей қатысты. 2009-2010 жылдары осы заңды қолдану барысында он шетелдік компанияның сегізіне ірі көлемде санкция салуға тура келген. Атап айтқанда, немістің «Siemens» компаниясына (448,5 миллион доллар айып салынған. Ал Бағалы қағаздар бойынша комиссия осы компаниядан заңсыз алған пайдасы үшін компенсация ретінде 350 миллион доллар талап етті) және британдық «ВАЭ» компаниясына да (2010 жылдың 1 наурызында өз кінәсін мойындағаннан кейін оған 402 миллион доллар көлемінде айыппұл салынды) қатысты шешім қабылданды. Бұл заң компаниялар мен корпорацияларға қатысы жоқ жеке тұлғаларды тергеу ісіне де қолданылды. Мысалы, 2012 жылы Әділет министрлігі Африка құрлығындағы Габон мемлекетінің шенеуніктерді сатып алуына қатысты кең көлемде тергеу жүргізген. Соның нәтижесінде 22 адам айыпталды. Шет елдерде бұл заңды қолдану үш негізгі мәселеге байланысты. Біріншіден, жоғарыдағы аталмыш заңда АҚШ-тың жеке тұлғалары мен кәсіпкерлік құрылымдарына әлемнің кез келген жерінде жемқорлық жасауға тікелей тыйым салынған. Екіншіден, қандай да бір компанияның қай елде орналасқанына қарамастан құнды қағаздары АҚШ биржасының айналымында жүрсе, аталмыш заң қолданылады. Бұл заң талаптарын жүзеге асырушы тек Әділет министрлігі ғана емес, сонымен бірге Құнды қағаздар жөніндегі комиссия да құқылы. Осындай қитұрқы жолмен «Alcatel-Lucent S.A» француз телекоммуникациялық компаниясы мен оның үш филиалы Коста-Рика, Гондурас, Малайзия және Тайванда жасаған заңсыз төлемдері үшін Құнды қағаздар жөніндегі комиссияға 137 миллион доллардан жоғары көлемдегі қаражатты айыппұл ретінде төлеуге келісті. Үшіншіден, Америка заңынан тысқары жерде жүріп, халықаралық сауда жасауда шенеуніктерді сатып алу фактілері анықталып жатса, аталмыш заңмен жазаланады.

Ұлыбританияда 2010 жылы қабылданған «Пара беру туралы заң» – жемқорлыққа қарсы әрекеттердің жаңа лебі болды. Заңда жемқорлық іс-әрекеттердің дәстүрлі түсінігімен қатар компания ішіндегі парақорлыққа қарсы күрес жүргізбеу жағдайларын жаңа жемқорлық түрі деп қарастырылған. Егер заңда сипатталған құқық бұзушылықтар тек Ұлыбритания территориясында немесе онымен тығыз байланысты қатынаста болған жағдайда ғана қолданылады. Сонымен қатар бұл заңда алдын-ала жемқорлықты болдырмау үшін іс-шара қолданбаған заңды тұлғалар Ұлыбритания территориясы мен сырт аймақта жүрсе де құқық бұзушы ретінде жазаға тартылады.

«Transparency International» халықаралық үкіметтік емес ұйымның әлемдік сыбайлас жемқорлықа байланысты 2010-2011 жылдарға арналған деректі сараптамасы мынаны көрсетеді. ТМД елдері бойынша: Эстония – 26, Литва – 46, Латвия – 59, Грузия – 68, Қазақстан және Молдова -105, Армения – 123, Белоруссия – 127, Әзірбайжан мен Украина – 134, Ресей – 154, Қырғыз республикасы – 164, Түркіменстан мен Өзбекстан – 172 орындарды иемденген.

Финляндияда пара алғаны үшін айыпкерді 2 жыл бас бостандығынан айырады. Сондай-ақ шенеунік мемлекеттік қызметке бара алмайды.

Германияда пара алған жанға көп мөлшерде айыппұл сала отырып, 3 жылға бас бостандығынан айырады. Ал пара алған судьяны 10 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарады.

Францияда өндіріс не коммерциялық кәсіпорын басшысы мен қызметкері пара алған жағдайда 7 жыл бас бостандығынан айырылады.

Италияда пара алған жан 4 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Америка заңнамасы аз көлемде пара алған жанға сол алған сома көлемін үш еселеп айыппұл салады. Ал ірі көлемде пара алса, 15 жылға бас бостандығынан айырады.

Куба мен Қытайда пара алушыға жазаның ең қатал түрі – өлім жазасы қолданылады.

Көлбай Адырбекұлы