Жаңалықтар

СЫРДЫҢ СӘЛЕМІ

ашық дереккөзі

СЫРДЫҢ СӘЛЕМІ

Ел Тәуелсіздігі туралы толғаныс туғанда тарихты тірілтудің де түңлігі түрілуі керек. Бұл кешегі мен бүгінді және болашақты жалғаудың бүтін болмысын құрайды. Өткеннің өнегесі өшпеу керек, ақылына батырлық рухты байлаған Абылайдың, Кене ханның, Қасымхан, Есімханның, Жәнібек пен Жәңгірдің, Тәукенің тұлғалары тебіндеп тұр. Үш жүздің бірлігін сақтап, берекесін тасытқан Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің есімдері ұрпақ жадында ұлағат болып ұюы тиіс. Өткен ғасырдың отызыншы жылдар ойранында халық жауы атанып, шыбын жанын садақаға салған ұлтжанды қасиеттілерді қайда қоямыз? Жер дауына, тіл тағдырына, руханиятқа риясыз күш салған Ахмет, Міржақып, Әлихан, Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Темірбек, Бегайдарлар ардақтаудан шет қалмағаны жөн. Осы мәселеге ел зиялылары елеңдеуші еді, алаңдаушы еді, ақырын күткен еді. Тәуелсіздік тізгіні тиіп, өлген тірілді, өшкен жанданды. Тарихи есімдерді, ел шежіресін, дархан даланы, шұрайлы тіл мен шынайы ділді жаңғыртып, ел мұратын, мемлекет мерейін әлемге мағлұм еткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты жолы ұлт келешегін кемелдендіре түсті.

…Жол түсіп, сәті келіп, Алматы облысы, Қарасай аудандық ардагерлер кеңесіне бас сұққанбыз. Қызығы сол, аудандық ардагерлер кеңесінде Елбасының ұстазы Сейтхан Исаев төраға болса, төрағаның орынбасары Сайлаубек Қыдырәлиев оның сыныптасы екен. Екеуі әкелі-балаға ұқсайды, бір-бірін қабақпен түсінетін сияқты. Бірі ұстазым деп құрметтейді, бірі шәкіртім деп ізетпен қарайды. Тартымды әңгіме үстінде олар Елбасының әр қырынан парасат пернелерін ағытты.

– Нұрекең өзінің ұйымдас­тыру­шылық қабілетімен, сабаққа деген ынтасымен, көркем әдебиетті көп оқи­тын­дығымен бәрімізді үйіріп алды. Қазан айында комсомол ұйымының жиналы­сын­да Нұрсұлтан Назарбаевты мектептің комсомол комитетінің хатшысы етіп сай­ладық. Ол кезде комсомол комитетінің хат­шысы мұғалімнен кем емес. Бүкіл тәлім-тәрбие, сабақтан тыс жұмыстар түгелдей соның мойнында. Нұрекең осы жауапты жұмысты дөңгелетіп алып кетті.

Бұрын мектеп бітіруші сыныптардың мемлекеттік емтиханға дайындығы төртін­ші тоқсанда басталатын. Нұрсұлтан болса бізді екінші тоқсанның басында комсомол комитетінің отырысына жинап алып: “Қане, біз дұрыс білім алып шығамыз де­сек, емтиханға дайындықты қазірден бас­тауымыз керек”, – деді. Сонымен, дайын­дықты бастадық. Нұрекеңнің ұсынысы­мен жақсы оқитындар сабақты нашар үлгеретін­дерге көмектесті. Күндіз бос сынып бол­майды. Ылғи кешкі тамақтан кейін дайындаламыз. Үшінші тоқсанда Нұрекең енді орташа оқитындарды тартып, оларға та­қы­рыптар бойынша дайындалуға тапсыр­ма беретін болды. Төртінші тоқсанда нашар оқитындар қатарға қосылды. Мұндай нәтиже бұрын болмаған. Біздің мектепте бұл оқиға үлкен жаңалық болды. Мұғалімнің көмегінсіз, емтиханға өзіміз дайындаламыз. Бұл Нұре­кеңнің сол кездегі жаңашылдығы, жаңалыққа құштарлығы еді. Сөйтіп, екі сыныптың 42 оқушысы мамырдың 25-і күні емтиханға сақадай-сай келдік, – деді Сайлаубай аға.

Шынында да адамның саналы өмірінің тұнығы балалық шақпен байланысты, ер азамат бақытының бәйтерегі туған жерден тамыр тартатыны түсінікті. Өтпелі кезеңнен халқын сүріндірмей, мүдірмей, тура жолға салып, жаңа тұрпатты тәуелсіз Қазақ мемлекетін әлемдік қоғамдастыққа қапысыз мойындатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жері Шамалған ауы­лын, жаз жайлауы Үшқоңыр тауын аралап, терең ойға еріксіз берілгенмін. Мән-маңызын қанықтырып, мұқым елге мағлұм еткен «Мұзарт» триосы «Үшқоңыр» әнін орындағанда әсем әуеннің ырғағы тау туралы түсінікке танымдық әсер байлағандай болды. Осы әннің сөзін Нұрсұлтан Назарбаев жазған. Әнді тыңдаған сайын кіндік кескен туған жердің қасиеті мен құдіреті көңіл шаттығын кернеп, ыстық сезімге жетелейді. Сөзі мен сазы үйлескен, орындау шеберлігі де жарасқан ән шын мәнінде керемет-ақ дүние.

Ел туралы тебіреністі бір ауыз сөзбен жеткізгенде, бәрі де оп-оңай көрінеді. Ата Заңы қабылданып, мемлекеттік рәміздері, төл теңгесі өмірге келіп, шекара іргесін бекітіп, мемлекеттік мүдде күшейтіліп, көпұлтты тұтастықты сақтап, экономикалық өрлеуге жол ашып, дамыған 50 елдің қатарына қосуды құптаған Елбасының қаншама ой, ұйқысыз түн кешіп, қаншама тынымсыз еңбек етіп, соңында мынадай мәйегінен май тамған заманға жеткізген жеңісі, сірә, бейбіт өмірдің көзсіз ерлігі емес пе?

Елбасының көреген саясаты әлем саясаткерлері мен экономистері алдында құйқалы із қалдырды, үлгі болып бағаланды. Бұл бастамалар болашаққа берік бағдар қалыптастырды.

«Сыр – Алаштың айнасы» деп айдарлап, жер кіндігінде жатқан жалпы жұртқа жанашыр сезімін, қамқор пейілін аямады. Экологиялық аймақ тұрғындары үшін мұнан артық бақыт жоқ болатын. Ұлт көшбасшысы туралы ел пікірі де ерекше.

– Елбасының 2003 жылы Қызылорда облысына келген кезі. Айтек су тоспасында Президент алдында сөйлеу бақыты маған бұйырған екен. Мемлекет басшысы да Айтекке аялдады, мен де сәлем беріп, елдің ыстық ықыласын жеткіздім, — деді аралдық соғыс және еңбек ардагері Сағи Абатов.

– Халықтың жағдайы қалай? – деді Елбасы.

– Өте жақсы. Аралдың суға толатынына сенімді.

– Елге сәлем айтыңыз, мен Аралға барамын, теңіз тағдыры менің назарымнан бір сәт тыс қалмайды, – деді ол.

Араға екі жыл салып, өзі уәде еткендей, 2005 жылы 27 сәуір күні Арал ауданына жұмыс сапарымен келді. Осы сапарында Президент аймақта бұрын-соңды болмаған Арал-Сарбұлақ ауыз су құбырының тұсауын кесті, мөп-мөлдір таза өнімді ел тұтынды. Тарихта болмаған теңізді екіге бөліп, су толтырудың алғашқы қазығын қақты. Міне, Елбасының осындай құдіретін көрген жанмын. Шүкіршілік, Арал ауданы халқы бюджет есебінен жалақыға үстеме 50 пайыз экологиялық коэффициент үстеме алады. Бұл дегеніңіз мемлекеттік үлкен қолдау емес пе?

Шынында, бүгін Аралдың арнасы кеңейіп, ата кәсіп – балық шаруашылығы қайта жанданды. Елбасының тікелей қолдауымен Арал өңірінің экологиялық ахуалын жақсартуға байланысты «Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы қабылданып, оның бірінші кезеңі аяқталды. Нәтижесінде «Көкарал бөгеті» салынып, Кіші Арал суға толды. Ақлақ су тоспасының іске қосылуынан 30 мың гектарға жуық көлдер суға толып, шабындық, жайылымдық жерлердің аумағы кеңейді. Соның бәрі де Арал маңындағы экологиялық жағдайды жақсарта түсуге үлкен септігін тигізуде, – деген еді Сағи ақсақал. Өзі кеткенмен сөзі қалған абыз қарияның маған айтқан Елбасы туралы осы пікірі жадымнан кетер емес.

Бүгінде балық өнімділігін және оның түрлерін көбейту мақсатында 101 мың дана түрлі балық шабағы Кіші Арал теңізіне, қаяз балығының популяциясын көбейтуге 10 мың дана қаяз шабағы Қамыстыбас көліне жіберілді. Ал, теңіздің кенезесі кепкен табанына да тіршілік оралды. Арал өңіріндегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында 11000 гектар жерге сексеуіл егілді. Бүгінде ну орманға айналған екпелер аң-құстың тұрақтауына түрткі болуда.

Қазіргі қаржы дағдарысына қарсы тұрып, дамуды онан сайын өрістеткен еліміз күш-қуаты мол мемлекет атандық. Туған жеріміз Қызылорданың өзі аз уақытта адам танымастай өзгерді. Сәулеті мен дәулеті сай қала қанат жайды. Әлеуметтік нысан көптеп салынып, білім, денсаулық, мәдениет салаларында тың серпіліс жасалуда. Қаламен қоса аудандарда атшаптырым аумақты алып, 1240 орындық мектеп ғимараттар бой көтеріп, іші компьютерленген, интерактивті озық технологиямен жабдықталған сыныптармен толықты.

Сыр аймағының әлеуетін күріш шаруа­шы­лығымен байланыстырудың жөні бөлек. Күріш – мұнда негізгі дақыл. Атадан балаға мирас – диқаншылықтың қара еңбегінен ешкімге дес бере қоймайды. Көктем келгеннен кетпенін қолынан тастамай, даланы дүбірге бөлейтін, алты ай бойы бейнетін кешіп, күзге үміт артатын диқан үшін бір уыс дәннің құны жоғары. Соңғы уақытта қол еңбегін ысырып, тех­никалық мол мүмкіндікке көшкелі күріш тұқымына ұлы өзгерістер келді. Ғылымға сүйенген тәжірибе күріш шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасын өмірге әкелді. Кеңестік ке­зеңде жүз мың тонна күріш салысын өн­дірген шаруашылықтар ірі құрылым сана­лыпты, ал қазіргі нәтижеде миллион пұттан астам астық алған шаруашылықтар бар. Демек, өнімділік артып отыр. Миллион пұт легін бастаған «Шаған Жер», «Мағжан и К» және «Жаңажол» серіктестіктері жерге де, еткен еңбекке де өкпесі жоқ, қайта тоқшылықтың тартуын еркін сезiне бас­тады. Елбасы Сыр еліне жасаған жұмыс сапарында осы жетістікке сүйеніп, елдің еңбекке деген құлшынысын жігерлендіре түседі. Жергілікті инвесторлардың жер қадірін сезінген ісін құптап, оларды қолдауға көңіл бөледі. Сондай бір кездесу Н. Ильясов атындағы ауылда өткен-ді. Ауылдың ажары гүлге көмкеріліп, сәулеті артты. Мұны Елбасы «ХХІ ғасыр ауылы» деп атады. Жалпы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың нұрлы жолына ел-халықтың ыстық ықыласы шексіз. Мен өзімнің «Ел-жұрт һәм Елбасы» кітабымда Сыр елі халқының ризашылығын жан-жақты баяндағанмын, бұл тамырын тереңге салған Тәуелсіздік тарихымен жасаса беретін баға болатын.

Өлмесхан БОЛАТБЕКОВ,

«Нұр Отан» ХДП Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары