«БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМНЫҢ АСПАНЫ»

«БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМНЫҢ АСПАНЫ»

«БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМНЫҢ АСПАНЫ»
ашық дереккөзі
студенттерді бейжай қалдырмады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Республикасы Бірінші Президенті күніне арналған іс-шараларды жүзеге асыру басталды. Осы бағыттағы шаралар легі 6-қараша күні Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің «Қазақфильм» киностудиясы АҚ-мен бірлескен «Отандық кино күні» жобасы аясында режиссер Рүстем Әбдірашевтің ҚР Президентінің балалық шағы жайында түсірген «Балалық шағымның аспаны» фильмінің көрсетілімімен басталды. «Отандық кино күні» жобасының бас­ты мақсаты – отандық көркем кинотуындылар арқылы жастар арасында рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау мен оларды отаншылдық пен елдік сезімінде тәрбиелеу. «Қазақфильм» киностудиясының озық туындыларының біріне айналған «Балалық шағымның аспаны» Нұрсұлтан Әбішұлының шынайы өмір жолын баяндайтын шығармалар желісі негізінде түсірілген. Елбасымыздың кең тарапты өмір атты жолындағы алғашқы жеңістері мен көңілі қалған сәттерін, жүректегі үміт оты мен арманға толы жан-дүниесін бейнелейді. Елбасының тұлға ретінде қалыптасуын баяндайтын бұл көркем туынды тағы да бір рет арманшыл жастардың қиялына қанат бітіріп, оларды ел мен жерге деген сүйіспеншілікке бас­тары сөзсіз. Фильм желісі «Әділеттің ақ жо­лы», «Ғасырлар тоғысында», «Еуразия жүрегінде» кітаптарының негізінде жасалған және Елбасының нақты өмірін көркем шындықпен сипаттайды. Аталған фильмді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұстаздары мен студенттері «Студенттер сарайында» арнайы тамашалады. Және бұл күні фильмде рөлдерді сомдаған Қазақстан Республикасының халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржұман Ықтымбаев, апаның келіншек кезіндегі бейнесін сомдаған жас актриса Алмагүл Әлішева, кішкентай Сұлтанның рөлін ойнаған Елжас Әлпиев пен анасы осы кешке қонақ ретінде шақырылып, фильмнің көрсетілімі оларға деген ыстық-ықыласпен басталды. Алғашқылардың бірі болып сөз алған Нұржұман Ықтымбаев: «Мен өзім жұмбақ адаммын. Үлкен-үлкен кештерге кейде бармайтын кездерім де болады. Тіпті сол үшін маған ренжіп жүргендер де баршылық. Бірақ ҚазҰУ – дей жастардың білім алатын ордасына бармау мен үшін үлкен сын деп ойладым. Болашақ ел тұтқасын ұстар жастар да осында, ортамызда отыр. Жастарға қарап, өмірімнің жылжып бара жатқанын байқаймын. Көз алдымда мына өмір бейне бір кино секілді өтіп жатқандай. Ал бүгін арнайы келіп, өздеріңізді тамашалауға шақырып отырған «Балалық шағымның аспаны» атты фильмнің сіздерге берер тағылымы зор. Бұл фильмді түсіру үшін жүрегінің түгі бар жан керек еді. Ол кім? Әрине, біздің Рүстем Әбдірашев болатын. Ал кинода кішкентай Сұлтанның рөлін ойнауға 30 баланың ішінен іріктелініп алынған Елжас ұлымыз өз рөлін жақсы орындап шыға білді. Бала болса да, тапсырылған жүкті ауыр демей, шын жауапкершілікпен көтере білді. Менің өмірімде тағдырыма кино әсер еткен жоқ, қайта сол кинодағы актерлер мен актрисалар әсер етті. Мен жасымда жалтақтау едім, ал қазір соны жеңуіме әсер еткен де сол жандар», – деді. ҚазҰУ жастарына арнайы көрсетілім барысында университет студенттері Д.Тілеубек, А.Серіков, А.Жарқынбаева, С.Әуелтай және тағы басқалары фильмге қатысты өз сұрақтарын келген қонақтарға қойды. Ал, «Фильм Елбасыға қалай әсер етті?», – деген жастар сауалына Нұржұман Ықтымбаев: «Елбасы фильмнің тұсаукесерінде Б.Төлегенованың образына қуана қарап: «енді сіз қазақ әжелерінің символына айналатын болдыңыз», – деген еді. Ал, Елжасқа қарап Елбасы «Сен болашақта президент болғың келе ме?» деген сауалына Елжастың: «Жоқ, мен жай ғана жұмысшы боламын» деуінің өзі біздің мерейімізді өсіріп, абыройымызды тасытты», – деп жауап берді. Сауалдар қойылып, қонақтар әңгімесі аяқталғаннан кейін, ҚазҰУ студенттері мен ұстаздар «Балалық шағымның аспаны» атты фильмді бірге тамашалады. Фильмнен студенттер алған әсер мол, ең бастысы олардың елді, жерді сүюге, патриот болып өсуіне деген құштарлықтары артып, рухани жігерлене түсті.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің 2- курс студенті