«БАС РЕДАКТОРЛАР КЛУБЫНА» – БЕС ЖЫЛ

Ағымдағы жылдың 12 қараша күні Астана қаласының «Дипломат Отель және Бизнес орталық» үйінде «Бас редакторлар клубы» ҚБ бес жылдығына орай мерекелік іс-шара өтті. 2007 жылдың дәл осы күні қоғамдық бірлестік ресми тіркеліп, өз жұмысын бастаған болатын. Осы бес жыл ішінде Клуб сан жағынан да, сапа тұрғысынан да өсіп, едәуір жетістіктерге қол жеткізе білген. Бүгінгі таңда ол 213 республикалық және аймақтық БАҚ бас редакторларын біріктіретін, құрамында 5 аймақтық бөлімшелері бар беделді ұйымның біріне айналып отыр.

Дөңгелек үстел басындағы басқосуда Бас редакторлар клубының төрағасы К.Жолдыбай аталмыш қоғамдық ұйым өзінің басты міндеті ретінде сөз бостандығы мен ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, қоғамда шығармашылық ахуалды нығайтуға, бұқаралық ақпарат құралдары арасында тиімді қарым-қатынасты әрі өзара құрметтеу ауанын орнықтыруға, ақпараттық нарықты өрбітуге күш салып келе жатқан бірден бір ұйым екенін жеткізді және бұл бағыттағы жұмыстар ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту негізінде саяси қалыптылыққа ықпал етіп, ұйымдық, ақпараттық, әдістемелік жүйеде жұмыс атқарып жатқанын жеткізді.

Клуб төрағасының бізге берген мәліметі бойынша Бас редакторлар клубы бес жыл аралығында ҚР Үкіметі мүшелерімен, Ұлттық компаниялар басшыларымен, дипломатиялық корпус өкілдерімен, шетелдік әріптестерімен жүзге жуық өзекті кездесулер өткізген. Сондай-ақ заңға сәйкес шығармашылық пен адам құқықтарын сақтау, саясат пен экономиканың өзекті мәселелерін талқылау, мәдениет пен руханият салаларының тиімді даму жолдарын белгілеу тәрізді түрлі тақырыптарды көтере білген. Журналистика мәселесі де назардан тыс қалмаған. Бұл тұрғыда Астана қаласында өткен Бас редакторлардың республикалық форумын бірінші кезекте айтуға болады. Содан кейін Павлодардағы «Журналистиканың өзекті мәселелері және болашағы» атты халықаралық медиа-форумы мен Алматыда өткен «Отандық журналдар: өзекті мәселелері және шешу жолдары» атты Дөңгелек үстелді ерекше атап өткен жөн. Өйткені бұл басқосуларда журналистиканың дамуына қол байлау болып отырған жағдайлар жан-жақты талқыланса, ең бастысы Бас редакторлар клубының тікелей араласуымен ел тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы журналисінің этикалық кодексі қабылданды.

Дөңгелек үстел басындағы жиында сөз алушылардың дені жақында ғана қабылданған журналистердің этикалық кодексі Бас редакторлар клубының еңбегі екенін ерекше атап өтті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Кальянбеков те бүгінгі күні бес жыл толып отырған Клуб жұмысына көңілі толатындығын айта келіп, айтулы күндерімен құттықтады. Ал өз кезегінде сөз алған «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ төрайымы Нұржан Мұхамеджанова Бас редакторлар клубының жұмысы жақсы болуы ең алдымен өзімізге байланысты екенін және жеткен жетістіктеріміз бен кеткен кемістіктерімізді саралап отыратын аталмыш клуб ашық алаң екенін ашып айтты. «Бес жыл көп уақыт емес, дейтұрғанмен осы кезеңде біраз табысқа қол жеткізіп үлгерген клубтың жұмысына алдағы уақытта бәріміз бірдей атсалысайық», – деді төрайым.

Шынында да, журналистердің кәсіби шеберлігін жетілдіру мақсатында Клуб бес жыл бедерінде отандық, сондай-ақ АҚШ-тың Гарвард және Кент университеттері, Мәскеу мемлекеттік университеті мамандары, «Вашингтон пост», «Нью-Йорк Таймс» газеттерінің, Ресей, Беларусь, Литва журналистерінің көмегімен 50-ден астам оқу-әдістемелік семинарлар, тренингтер, шеберлік сыныптарын ұйымдастырды. Біліктілікті ұштауға Клубтың «БАҚ тұсаукесері» атты жаңа жобасы және оның www.kgr.kz сайтындағы журналистерге кәсіби бағытта ақыл-кеңестер беретін арнайы айдарлары септігін тигізіп отыр. Клубтың бес жылдығына орай жарияланған «Асыл сөз құдіреті» байқауы мен алдағы айда өткелі отырған «Қазақстан Республикасындағы БАҚ» фестиваль көрме де осы мақсатты көздейді.

Базарбек ТҮКІБАЙ

Астана

Back to top button