ҚАЗАҚ АЗАМАТЫ АТАНУҒА ҚҰЛШЫНҒАНДАР КӨП
ҚАЗАҚ АЗАМАТЫ АТАНУҒА ҚҰЛШЫНҒАНДАР КӨП
Тұңғыш Президент күніне орай ҚР азаматтығына өтуге үміткерлердің өтініші қаралады
15 қарашада Ақорда төрінде Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалық етуімен ҚР Президенті жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті.
Жиында бүгінгі таңда өзекті деп саналған 3 мәселенің басы қайырылды. Олар: бір топ шетелдіктің Қазақстан азаматтығын алу жөніндегі өтінішін қарау, екіншісі – Қазақстан азаматтығынан шығуға ниет еткендердің тілегін тыңдау, үшіншісі – ішкі істер органдарының жыл бойғы ісі сараланып, көші-қон саясатының өзекті мәселелерін талқылауға арналды.
Жиында қысқаша сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы М.Құл-Мұхаммед Қазақстан азаматтығын алуға ниет етушілердің жыл сайын өсіп отырғанын тілге тиек етті. Олардың арасында басқа мемлекеттерге қоныс аударған Қазақстанның бұрынғы тұрғындары да көптеп кездеседі екен. Мәселен, Ресей, Украина, Латвия, Әзірбайжан, Армения, Грузия секілді посткеңестік мемлекеттердің азаматтары арасында бейбітшілік пен келісім елінде азамат атанғысы келетіндер көбейген.
«Өкілетті мемлекеттік органдар олардың біздің қалаларда және ауылдарда әлеуметтік тұрғыдан бейімделіп кетуін жеделдетуі қажет және ҚР азаматтығын қабылдауға деген әрбір өтінішке өте қырағы болуы қажет», – деді Мемлекеттік хатшы.
«Еліміз мемлекеттік тәуелсіздігін алған күнінен бастап Қазақстан азаматы болуға ниет білдірушілердің саны өсіп келеді. Осы жылдар ішінде қазақстандық азаматтық институттың халықаралық беделі, біздің мемлекетіміздің әлеуметтік жүйесінің мәртебесі айтарлықтай өсті. Бұл факт – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуындағы ұлтаралық қарым-қатынасының жоғары мәдениеті мен сенімді қадамының дәлелі. Тұңғыш Президент күні қарсаңында біздің бәрімізге, әсіресе біздің болашақ отандастарымызға қазақстандық қоғамға тән ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықтың бастауларын терең жауапкершілікпен ұғыну аса маңызды. Біз олардың толық құқылы азаматтар бола отырып, егемен Қазақстанның одан әрі дамуы мен өркендеуіне өз үлестерін қосатындарына сенеміз. Тиісті мемлекеттік құрылымдар біздің қалаларымыз бен ауылдарымызда олардың әлеуметтік бейімделуін жылдамдатуға, сондай-ақ азаматтық алу туралы әрбір өтінішке ерекше мұқият қарауға міндетті», – деп атап көрсетті өз сөзінде Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза.
Азамат атанудың мақтанышы мен жауапкершілігі бірдей. Осындай абыройлы да ардақты жауапкершілікті арқалауды мақсат еткен, қандастарымыздың бір-екеуін әңгімеге тартуды жөн көрдік. Оларға қойылған сауал:
– ҚР азаматтығын алған сәттегі көңіл-күйіңізді қалай жеткізер едіңіз? Қазақ азаматы атанудағы жауапкершілікті қалай сезіндіңіз?
Нұргелді ӘБЕУ,
Әль-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің
магистранты:
– Әрине, Қазақстан еліне келгендегі басты мақсатымыз – өз еліміздің азаматы атану болды. Бұл тек менің ғана емес, жүрегі «Алаш» деп соғатын, «атажұртым» деп келген әрбір қазақтың басты арманы екендігінде дау жоқ. Сондықтан болса керек, азаматтық алғандағы қуанышымда шек жоқ болмады. Жүрегім атша тулап, өзімді ерекше бақытты сезіндім…
Ал азаматтық алғаннан кейінгі арқалар жүгімнің ауыр боларын мен ертеден сезінгенмін және өзіме үлкен мақсат қойғанмын. Яғни керек болса, осы ел үшін құрбан болуға бармын.
Алмас ОРАЛБЕК,
М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері:
– Менің алғаш азаматтық алғаннан көрі алғаш елге келген кезім анық есімде қалыпты. Бекболат Тілеухан «Хабар» арнасында «Елім менің» әнін орындап жатыр екен, толқығаннан көзіме жас алғам. Заңды түрде ҚР азаматтығын алған кезде университеттің 2-курсында оқитынмын, қалтамызда Қытайдың қызыл паспорты жүргенде, бір аяғым сол елде жүргендей сезім қылаңыта беретін. Қазақ елінің төлқұжатына қол жеткізгенде, табанымыздың атажұртта екенін анық сезінгендей болдым. Артынан Қазақстанның азаматтығымен Қытайдағы туыстарымды іздеп барғанда, көк паспортты әрқайсысына бір көрсетіп, мақтанғым келіп тұратын. Қазақстанның азаматы атанған кез келген Алаш баласы Алатаудай жауапкершілік арқалайтыны сөзсіз. Өйткені қазақ елі – жас мемлекет. Оған өзінде барын Отанына арнайтын нағыз азаматтар көп керек. Ләйім сол биіктен көрінсем деген арман-мұратым әр уақыт жадымда тұрады.
Нұржұма ЕЛЕСБАЙ,
М.Әуезов атындағы ҚазҰУ-нің ғылыми қызметкері:
– 2003 жылдың күзінде Атажұртқа оралып, сол жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан ашылған дайындық факультетінде білім алып, келесі жылы аталған университеттің филология факультетіне оқуға түстім. «Оқуға түссек» деген арман орындалды, ендігі жердегі ең басты арман – Қазақстан Республикасының азаматы болу еді. Әрине, азаматтық алу оңайға соқпады. 3-курста оқып жатқан кезіміз, Қазақстан азаматтығын алуға қажетті құжаттарды жинап, өтініш білдірейік десек, қырсыққанда, азаматтық алу үшін тұрақты тіркелген мекен-жайың болу керек екен, ал ол бізде жоқ, тек университетке тіркелген уақытша тіркеу. Сонымен, ақырында университетті бітіріп, диплом алғаннан кейін ғана Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Ақсу ауылында тұратын туыстардың үйіне тұрақты тіркеуге тұрып, сонда азаматтыққа өтініш жазып, керекті құжаттарды жиыстырып, айлап жүріп әрең дегенде құжаттарды толық өткіздім. Шыны керек, басқасын қойып, осы керекті құжаттарды толық өткізіп, қолыма «6 айдан соң келіп, азаматтығыңызды аласыз» деген анықтаманы бергендегі қуанышты сөзбен айтып жеткізуге болмас. Сөйтіп, армандап жүріп, азаматтықты да алдық, ал сондағы кеудені кернеген көңіл-күйді сөзбен айтып жеткізу қиын. Өзімнің шын мәнінде, осы Қазақ елінің азаматы болғаныма қуандым, еркіндікке шыққандай сезімге бөлендім. Өз Отаным, өз елім, Тәуелсіздігім, желбіреген көк туым бар, осыдан артық қуаныш болмас!
Қазақстан азаматы болудың жауапкершілігі ол – ең әуелі Тәуелсіздіктің мәнін, құнын түсіну керек, еліңе адал қызмет ету. Әрбір азамат осы ұлан-ғайыр жеріміздің заңды мұрагері ретінде өзін сезіне біліп, бабалар аманатын ардақтап, Қазақ елінің дамуына титтей де болса өз үлесін қосып, игілікті істер істеу керек деп ойлаймын.
Есенгүл Кәпқызы