МАҢЫЗДЫ ЖИЫНДАР МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ӨТПЕК
МАҢЫЗДЫ ЖИЫНДАР МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ӨТПЕК
Бұл туралы премьер-министр мәлімдеді
Премьерлікке тағайындалғалы бері алғаш рет үкіметтік отырысты мемлекеттік тілде жүргізіп, қарамағындағы шенеунік біткенді қазақша сайратқан, бұдан былай үкіметтік маңызды жиындардың барлығы тек мемлекеттік тілде өтетінін мәлімдеген Премьер Серік Ахметовтің игі бастамасы лайым ұзағынан сүйіндіргей.
Күні кешегі «жасотандықтардың» құрылтайында ҚР Президенті Н.Назарбаев жастардың мемлекет ісіне және мемлекеттің жастар ісіне араласуына байланысты Үкіметке бірқатар нұсқау берген болатын. Елбасының пәрменін дереу іс жүзіне асыруға кіріскен Министрлер кабинеті апта басындағы негізгі міндетін мемлекеттік тілдің проблемасын шешуге бағыттады. Анығырақ айтқанда, ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов бұдан былай Үкіметтің барлық маңызды отырыстары мемлекеттік тілде өтетінін мәлімдеді. Осының нәтижесінде сейсенбі күнгі Министрлер кабинетінің кеңейтілген жиынында мінберге шыққандар түгел қазақша сөйлеген. Жиынның екінші жартысында сырт көзге тілге шорқақ көрінетін ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев пен белсенді жастар да мемлекеттік тілде майын тамыза сөйледі. Парламенттің «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджеттің» нақтыланған жаңа жобасын қабылдауына орай ел Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы №1428 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа қаулының жобасын таныстырған министр мырза баяндамасын басынан аяғына дейін мемлекеттік тілде жасап шықты. Бұдан шығатын қорытынды, билікке мемлекеттік тілде сөйлеу қиын емес. Есесіне отырыс барысында қазақша білмейтіндер үшін ілеспе аударма жасалынған. Ал орыстілді БАҚ өкілдеріне баяндамалардың орысша нұсқасы таратылып беріліпті.
Жиырма жылдан астам өз жерінде қағажу көріп келе жатқан қазақ тілін дамытуда мемлекеттік деңгейдегі шаралардың мемлекеттік тілде өткені маңызды. Серік Нығметұлының бұл мәлімдемесі Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын әрбір отандасқа ой салары анық. Өйткені азаматтардың Отанды сыйлауы, Туған жерге деген сүйіспеншілігі, мемлекеттік тіл, діл, жалпы мемлекеттік құндылықтарды қастерлеуі ең алдымен мемлекеттік тілді қаншалықты білетіндігінен көрінеді. Оның үстіне, өзі өсіп-өнген, нанын жеп, суын ішіп отырған мемлекеттің тілін білмеу – ақылға қонымсыз іс. Бұған дейін қазақ тілін дамыту проблемаларын шешуге келгенде «бәріне билік кінәлі» дейтін уәж бен наздың премьер-министрдің пәрменінен кейін жиі қайталанбауына тілектеспіз.
Үкімет жетекшісінің барлық үкіметтік маңызды шараларды мемлекеттік тілде өткізуге қатысты айтқан сөзін кейбір «бүйректен сирақ шығарғыш» бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «орыстілді БАҚ үнсіз, тіпті, осыдан бір ай бұрын ғана ҚР Президентінің түбі бір түркінің бірлігіне байланысты білдірген ойын іліп әкетіп, арандатуға тырысқан ресейлік бағыттағы және кремльдік ақпарат құралдары жақтан сыбыс шығар емес», – деп көлгірсігендері бар. Әлбетте ондайлардың сөзін «керуен көшеді» деген қағидаға салып, үнсіз қоя салуға болар еді. Бірақ мемлекеттің тірегі саналатын ұлттық құндылық – мемлекеттік тілге қарсы тасада тұрып тас ататындардың жымысқы әрекеті шаршатады кейде. «Әттең, егер Қазақстанда тұратын бүкіл ұлт пен ұлыс өкілдері мемлекеттік тілде түгел сайраса ғой, іштен ірітуге тырысатын арандатушылар қауқарсыз болар еді» деген ой келеді кейде. Негізі еліміздегі барлық халықтың қазақша сөйлеуін Елбасы да армандайды. Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында ҚР Президенті Н.Назарбаев: «Егер Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен бүкіл көпұлтты Қазақстан мемлекеттік тілге бет бұрса, біз бұдан бір-бірімізге жақын бола түсіп, бір-бірімізді жақсы түсінетін боламыз… Мен, сірә, екі тілде бірдей сөйлеуге тура келетін сирек Президенттердің бірі шығармын. Ал мен тек мемлекеттік тілде ғана сөйлейтін және бәрі мені түсінетін күнді армандаймын», – деп толғанбас еді.
Бізді алаңдататын тағы бір жайт, кезінде Қазақ үкіметін 7 жыл басқарған экс-премьер Кәрім Мәсімов мырза да Үкімет басына келген бойда мемлекеттік тілге баса назар аударатынын мәлімдеген болатын. Бірақ оның бұл сөзі қағаз жүзінде қалғаны мәлім. Лайым Серік Нығметұлы бастаған мемлекеттік тілді дамытуға, қолданыс аясын кеңейтуге, қазақ тілін күшейтуге қатысты игі бастамасы қағаз жүзінде қалмағай. Қазақша айтқанда, мемлекеттік қызметтегі шенеунік біткен мемлекеттік тілді күшейтуге деген талпынысымызды «әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылдының» керін келтірмегей.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ