ПІСКЕН ЖҰМЫРТҚА МА, ӘЛДЕ?..

ПІСКЕН ЖҰМЫРТҚА МА, ӘЛДЕ?..

ПІСКЕН ЖҰМЫРТҚА МА, ӘЛДЕ?..
ашық дереккөзі

Тұрмысқа қажетті тауарлар тиелген 11 жүк автокөлігі таяуда Қытай Халық Республикасынан «Алатау» кедендік тексеру бекетіне келген. Бұл тауарлардың көбі декларацияда мүлдем көрсетілмеген көрінеді.

Жүк иесі декларацияда тауардың төрт түрін ғана көрсеткен екен. Шындығында, әр жүк көлігінде жүзден аса тауардың түрлері болған. Тексеру кезінде киім-кешектен бөлек өндірістік құралдар мен сапасы күдік туғызатын тамақ өнімдері де тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Осылайша, Қытайдан тауар әкелетін көлеңкелі кәсіпкер кедендік төлемдерден жалтармақ болыпты. Тәркіленген контрабандалық жүктің жалпы сомасы миллиондаған теңгеге бағаланып отыр. Қолға түскен тауарлардың арасында халық пайдаланатын тауар, азық-түлік, косметика, белгісіз тауар маркалары жабыстырылған контрафактілі өнімдер мен қауіпсіздік жөнінде сәйкес сертификаты жоқ балалар киімі де бар. Барлығы 11 жүк көлігі қолға түскен.

Контрабандалық жолмен әкелінген та­уарларды Алматы облыстық кедендік бақылау департаменті бірлескен ведомствоаралық топтың қызметкерлерімен бірлесе отырып, қолға түсіріпті. Қазір тәркіленген жүктер «Өжет» уақытша сақтау қоймасында.

«Өжет» уақытша сақтау қоймасына бас сұққанымызда, тау болып үйіліп жатқан тауарларды көзіміз шалды. Олардың арасынан қымбат брендтегі аяқ киімдерді де табуға болады. Тіпті, кеденшілердің бірі, темір сырмалы аяқ киімнің Алматыдағы орталық дүкендердің бірінде 800 АҚШ долларына дейін бағаланатынын айтады.

11 жүк көлігінің ішінен сапасы күдік туғыза­тын тауарлар да табылған. Піскен жұмыртқаға ұқсайтын дүниелер де бар арасында. Ол тауарларды не үшін алып келгені түсініксіз. Бұл тауарлар әзірге сараптама орталығына жіберілгендіктен, кеденшілердің өзі нақты мұның қандай тауар екенін білмей отыр.

Қымбат аяқ киімдерден бөлек, бас киімдер, түрлі косметикалық бояулар, қымбат жағалы ішіктерді де кездестіресіз бұл жерден. Олардың арасынан екі бірдей үлкен құрылғы да табылыпты. Ол құрылғылардың баспа өніміне қатысты құрал-жабдық екенін айтады. Әзірге, бұл тауарларға сараптамалық орталық зерттеу жүргізуде.

«Тек қана бір көлікке артылған декларация­ланбаған тауардың кедендік құны 120 000 АҚШ долларын немесе 18 000 000 теңгені құрайды, бұл аса ірі көлем болып есептеледі, мемлекетке келтірілген шығын құны – 13 500 000 теңге. Әкелінген тауар толықтай деклоранттың өтінішіне сәйкес келмейді, соның негізінде аталған тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағына контрабандалық тауар енгізбек болған ниеті дәлелденіп отыр», – дейді кеденшілер.

Қазір бұл тауарлар бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде. «Алатау» кедендік рәсімдеу орталығының бастығы Құрман Алдабергенов: «Тек қана бір автокөліктен шамамен 18 миллионға жуық тауар түсірілді. Мұның бәрі заңсыз кіргізілген тауарлар. Қазір бұл бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Бұл тауарлар қылмыстық іс бойынша заңды шешім қабылданғаннан кейін үкімет пайдасына алынады», – дейді.

Аталған оқиға бойынша Алматы облысы кедендік бақылау департаменті контрабандамен күрес басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 209 бабы 2 тармағы «Г» тармақшасында қарастырылған қылмыс белгілеріне сәйкес (экономикалық қылмыс) қылмыстық іс қозғады.

Едіге БЕКТАС