АСТАНАДА – СӘНДІ ҮЙЛЕР
АСТАНАДА – СӘНДІ ҮЙЛЕР
Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының бастығы Серік Оспановтың айтуынша, дәл қазіргі таңға дейін Астана қаласында пәтерге мұқтаж жиырма бес мыңдай адам тіркеліпті. Олардың барлығы белгіленген санат бойынша кезекке қойылған. Ал негізінде, пәтер кезегіне құжат тапсырушылар қатары күн санап өсуде. Жыл басынан бері 5833 адам өтініш білдірсе, 3452 адам кезекке қойылған. Қалған 2831 азаматтың өтініші ел аумағында баспанасы бар екендігіне байланысты қараусыз қалдырылыпты.
Астана қаласында баспана мәселесін шешудің бір саласы – жер алып, үй салу. Мұндай жандар саны жүз мыңға жақындады. Бас жоспар бойынша тек 44 мың жер телімін бөлу қарастырылған. Оның 18 мыңы қазірдің өзінде өз иелерін тауыпты.2030 жылға дейін тек 25 мың адамға жер телімін бөлу қарастырылып отыр. Алайда инженерлік инфрақұрылым жүргізілмейінше жер учаскелерін тарату жұмысы уақытша тоқтатыла тұрады. Ал, осы уақытқа дейін жер телімдеріне иелік ететін тұрғындар Елбасының тапсырмасы бойынша енді қаланың сәулет мекемесінің ұйғарымымен үй салуға міндеттеледі. Бұл қала сипатының көркемдігі мен Астаналық мәртебеге сай болу үшін аса қажет. Ал бұған дейін салынған үй иелерін жоспарға сай қайта жөндеу тапсырылды. Келешектегі үй салуға рұқсат тек осындай міндеттеме арқылы берілетін болып отыр. Әйтпесе қиқы-жиқы көшелер түсіп, жолдардың тұйықталып қалуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде Астана маңында ондай ретсіз түсіп кеткен үйлер жоқ емес, мамандардың айтуынша, болашақта ол үйлердің барлығы ысырылып, қайта салынатын көрінеді.
«Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен 2020 жылға дейін 364,2 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылуда, оның ішінде 261,7 миллиард теңге тұрғын үй салуға, 32,5 миллиард теңге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамытуға, 40,0 миллиард теңге апатты тұрғын үйді бұзу бағдарламасына бөлу қарастырылған. Қазіргі уақытта құрылыс салуға шамамен 300 гектар жер бөлінді және резервке қойылды. 2015 жылға дейін жалпы алаңы 250 мың шаршы метрден астам тұрғын үйді салу бойынша жобалар әзірленді. Ағымдағы жылы Айнакөл-Қордай мен «Кампус» көшерлерінің қиылысында 33,4 мың шаршы метрге 2 тұрғын үй кешені құрылысының аяқталуы жоспарланып отыр. Ал «Тұрғынүйжинақбанкі» АҚ желісі бойынша халықтың барлық санаты үшін кезекте тұрғандар мен жас отбасылар үшін жалпы алаңы 159,6 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы басталды. Құрылыс индустриясын дамыту бағыттары шеңберінде екі ірі үй құрылыс комбинаттарын жасау жоспарлануда. Оның қатысушылары «Шар-Құрылыс» ЖШС және ««Базис-А корпорациясы».
Базарбек ТҮКІБАЙАстана