САЯСАТКЕР ХАНЫМДАР АЗ

САЯСАТКЕР ХАНЫМДАР АЗ

САЯСАТКЕР ХАНЫМДАР АЗ
ашық дереккөзі

Демократия дамып, әлемде жаңа қатынастар қалыптасқан кезде белсенділігімен елең қақтырған іскер нәсілге айналып шыға келді. Қоғамдық жұмыс, бизнес, ғылым, білім, өндіріс былай тұрсын, тіпті саясатқа да араласып, ел басқарып жүрген ханымдардың есімі ел аузында.

Әйелдер еркектердің билігін түбегейлі тартып алды деуден аулақпыз, әрине. Дегенмен жыл өткен сайын нәзік жандылардың саясатта, билікте қатары қалыңдап келеді. Таяуда ҚР Президентінің кеңесшісі Гүлшара Әбдіқалықова Оңтүстік Қазақстан облы­сына келіп, Шымкентте жаңадан ашылған саясаткер әйел­дер клубының жиынында облыстың қыз-келіншектерін жаппай саясатқа тарту керек деген мәнзелде пікір айтты. Жиналғандардың айтуынша, қазақы дәстүр қатаң сақталған оңтүстікте гендерлік саясаттың дамуы баяу екен. Сондықтан белсенді нәзік жандыларды билік орындарына көптеп тартуымыз қажет. Осылайша оңтүстіктегі іскер 25 әйел болашақта саясаткер атануы мүмкін. Оларға жиын барысында Гүлшара Әбдіқалықова үлкен үміт артып, саясаткер әйелдер клубының мүшелік сертификатын табыстады.

Осы күнді көптен күтсе керек, біздің өңірдің әйелдері де саясатқа араласа алмауларының себеп-салдарын жайып салды. Облыстық «Азаматтық Альянс» қауымдастығының президенті Клара Әліпованың пікірінше, бізде белсенді әйелдер көп, тек оларды ешкім жоғары лауазымды қызметке шақырмайтын көрінеді. Айтуынша, билікке үміті бар азаматшалардың шешендік қабілетін дамытып, оларға жұрттың сенім артуын қамтамасыз ету керек.

Бүгіндері Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатында 50 депутат болса, соның біреуі ғана әйел азамат. Қалалық мәслихатта да солай, нәзік жандылар саусақпен санарлық. Мұның себебін біреуі біздің өңірлік менталитеттің тым қасаңдығынан көрсе, екіншісі әйелдерді билік тұғырына ешкім шақырмайтынынан іздеді. Бір сөзбен айтқанда, белсенді әйел көп, бірақ ол қабілетін ортақ мүдде үшін дамытуға арнап жатқандары аз. Әйел баласын қоғам ісіне араластыруда Оңтүстік жалпы көштен қалып келе жатса да, еліміздің өзге облыстарында гендерлік саясат жақсы жолға қойылған. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен «оңтүстік әйелдері» форумында да айтылды. Іс басына нәзік жандыларды тартуда Қостанай, Ақтөбе, Ақмола һәм Солтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұрса керек. Тобықтай түйін – оңтүстікте бизнеске икемді әйелдер көп, бірақ саясатқа араласып жатқаны аз дегенге саяды. Десек де, облыстық ішкі саясат басқармасының өкілдері бұл олқылық соңғы кездері әйелдерді саяси партияларға тарту арқылы жүйелі түрде шешіліп келе жатқанымен түсіндіреді.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ