СӘУЛЕТІ КЕЛІСКЕН КӨНЕ КЕНТ

СӘУЛЕТІ КЕЛІСКЕН КӨНЕ КЕНТ

СӘУЛЕТІ КЕЛІСКЕН КӨНЕ КЕНТ
ашық дереккөзі

Бүгінгі күні Елбасының тапсырмасы бойынша түзілген мемлекеттік бағдарламалардың негізінде еліміздің экономикасы еселеніп, халықтың тұрмыс-тіршілігі де жақсарып келеді. Өткен жылы мемлекетіміздің 20 жылдығын атап өткен кезде барлық салаларға сараптамалар жасалып, осындай қорытынды жасалған болатын. Шынымен де толағай табыстарға қол жеткізіп, биік белестерді бағындырып келе жатқанымызды еліміздегі ауыл, аудан, қалаларымыздың бүгінгі келбетінен-ақ байқауға болады. Бұлай айтуымызға халқы тығыз қоныстанған, Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші қала атанып отырған шырайлы Шымкент шаһарының тыныс-тіршілігі, бүгінгі дамуы дәлел бола алады. Облыс әкімі А.Мырзахметовтің бастамасымен Шымкент қаласының ажары жыл өткен сайын түрленіп келеді. Осы орайда Оңтүстік Қазақстан облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Бақытжан Әшірбаевпен біз оңтүстіктің бүгінгі дамуы туралы әңгімелескен едік.

– Шымкент қаласының аумағы жаңа бас жоспар бойынша 117 мың гектарға ұлғаятын көрінеді. Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз…

– Шымкент қаласының бас жоспары 2004 жылы 22 сәуір күні Қазақстан Республикасының Үкіметінің №446 қаулысымен бекітілген.

Бастапқы кезде 2001 жылы белгіленген. Бірінші кезең – 2005 жыл, есептілік мерзімі – 2015 жыл болып айқындалған еді. Әрине, бұл жерде облыс әкімі Асқар Исабекұлының еңбегі зор деп айтқым келеді.

Халық саны 2005 жылы – 500 мың адам, ал 2015 жылы – 600 мың адам болып жоспарланған. Бірақ соңғы халық санағы бойынша Шымкент қаласының халық саны 650 мыңнан асқан. Қаланың аумағы 2005 жылы – 35,157 мың гектар, ал 2015 жылы – 36,676 мың гектар болып белгіленген болса, 2008 жылы Шымкент қаласының аумағы 39,797 мың гектарды құрады. Халық санының қарқынды өсуіне, қала аумағының кеңеюіне байланысты Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.А.Назарбаевтың Шымкент қаласы Респуб­лика бойынша үшінші қала болуға тиіс деген ойына және халық санын 1 млн. тұрғынға жеткізу мақсатында Шымкент қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізу мәселесі туындады. Белгіленген тәртіпке сәйкес жоба мемлекеттік кешенді сараптамадан өткізіліп, тиісті министрліктер мен агенттіктерден келісім алынды. Қазақстан Республикасының Үкіметінің қаулысымен ағымдағы жылдың қыркүйек айының 2 жұлдызында бекітілді. Қаланың бас жоспарының жобасында келесі жобалық мерзімдер қарастырылған:

бірінші кезеңі – 2015 жыл;

есептілік мерзімі – 2025 жыл.

Негізгі қала құрылыс құжаты болып табылатын бас жоспар бойынша болашақта Шымкент қаласының аумағының көлемі 3 есе ұлғаюы мүмкін. Қазіргі таңда ол 39,8 мың гектар болса, келешекте 117 мың гектарға өседі. Шымкент қаласының жаңа Бас жоспарын іске асыру мақсатында іс-шара жоспары әзірленіп, облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілді. Жоспар бойынша қала аумағына кіретін 120 мың адамға жуық халқы бар 36 елді мекен 2013 жылдың бірінші жарты жылдығында қалаға қосылып, жүйелі түрде дамитын болады. Сонымен Төлеби ауданынан 24137 гектар, Сайрам ауданынан 45456 гектар, Ордабасы ауданының 7610 гектар жер телімдері қала құрылымына енбекші.

Жаңа бас жоспар бойынша қаланы қазіргі заманғы мегаполиске айналдыру көзделген. Осы уақытқа дейін қалада жеке тұрғын үй құрылысына онша көңіл бөлінбеген еді. Қала үлкен бір ауылға айналған. Қала аумағының 70 пайызы жеке тұрғын үй құрылысы болса, тек 30 пайызы ғана көпқабатты үйлер. Енді бұл қатынас алмасады. Қала картасында 9-12 және 16 қабатты тұрғын үйлерден тұратын «Сауран», «Тұран» жаңа тұрғын массивтері пайда болады. Бір жылда 600 мың шаршы метр тұрғын үйлерін соғу жоспарланған, бұл қазіргі кезден 5 есе көп. Тек осындай қарқынмен қаланың жаңа тұрғындарын пәтерлермен қамтамасыз етуге болады. Сонымен қатар, жаңа бас жоспарда су және кәріз жүйелерін жаңарту, энерго – жылумен қамтамасыз ету мәселелері қаралған.

– Жаңа әкімшілік орталықтың құрылысы мен ерекшілігі туралы не айтар едіңіз? Бұл аймақта қандай ғимараттар бой көтеретін болады?

– Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына орай кешенді жоспарлар әзірленді. Бас жоспарға сәйкес, бірінші кезекте қалада жаңа әкімшілік орталығы бой көтереді. Оның құрылысы басталды, биылғы жылы шамамен 4 млрд.теңгені игеру жоспарланған. Қаланың солтүстік бөлігінде Астана даңғылы ашылды, жақын аралықта қала тұрғындары жаңа орталық алаңға келе алады. Соның жанында облыс әкімдігі мен мәслихаты және бірқатар нысандар орналасады. Облыс әкімдігі мен мәслихаты ғимараты 16 қабатты, жалпы аумағы – 35540 шаршы метр. 2013 жылы құрылысы аяқталуы жоспарланып отыр. Қазіргі таңда, құрылысшылар бірінші бес нысанның іргетасын қалау үстінде, соның ішінде облыстық орыс театрының, облыстық кітапхана, көрме орталығы, киноконцерттік залы. Қаланың өндіріс аймағына кадрларды дайындайтын кәсіптік лицей жобасының құрылысы басталды. Көрме орталығы мен облыстық кітапхана келер жылы пайдалануға берілуі тиіс. Сонымен қатар, тереңдетілген Назарбаевтың интеллектуалды мектебі, 4 мектеп, 8 балабақша, 5 000 орынды мешіт және тұрғын массиві – жалпы көлемі 900 мың шаршы метр құрайтын құрылыс жүргізіледі. Ал жалпы жаңа әкімшілік іскерлік орталығының аумағы 1500 гектар.

– Соңғы жылдары халық игілігін көріп отырған демалыс орындары мен облыстық деңгейдегі саябақтардың бүгінгі келбеті қандай? Аулаларды аббаттандыру жұмыстары қалай жүзеге асырылуда?

– Облыс орталығын аббаттандыру бойынша, сонымен қатар қаламызда әлеуметтік маңызды нысандарының құрылыстарында бірқатар жұмыстар атқарылды. Әсіресе, олардың кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қатарға қосылғандарын атап өту қажет. Соңғы 3 жылдың көлемінде Шымкент қаласының өзінде 20 астам нысан іске қосылды. Соның ішінде аса маңызды нысандар:

«Жер Ана» тәуелсіздік монументі;

«Даңқ» мемориалы;

«Шәмші әлемі» сквері;

«Қызғалдақ» декоративтік композициясы;

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» саябағы;

«Бәйдібек би» ескерткіші.

Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 2009-2012 жылдар аралығында іске қосылған нысандар: Ордабасы алаңындағы фонтандар, Абай мұражайы, «Жібек жолы» сәулет композициясы, «Дивани Хікмет» аллеясы, студенттік сквер, «Жібек жолы» аллеясы, Дендросаябақ реконструкциясы, көрініс алаңы, неке қию сарайы, Қажымұқан ескерткішінің көркемделуі және спортшылар аллеясы, Ордабасы алаңындағы жаяу жүргіншілер көпірі, цирк, Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Сабыр Рахимовтың ескерткіші ашылды.

Қаланың жаңа орталығы жасыл желекке бөленеді. Оның да өзіндік себебі бар. Қаланың бас жоспарында 150 гектар су айдыны бар саябақ аймақтарын салу көзделген. Саябақтардан басқа, жаңа әкімшілік-мәдени орталықта 40 гектардей жерді көгалдандыру жоспарда тұр. Шымкент қаласы елордамыз секілді жасыл желекпен көмкерілетін болады. Алдағы жоспарлардың бірі – Бадам өзенін аббаттандыру және демалыс аймағына айналдыру.

– Облыстың 80 жылдық мерейтойына сіз басқарып отырған басқарма қандай сый жасады?

– Облысымыздың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздің тұтастығын сақтаған, 66 жыл билік құрған Бәйдібек бидің ескерткіші ашылды. Ескерткіш Шымкент қаласының ең биік нүктесінде, солтүстік кіріберісінде орнатылып, салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Алып мүсіннің тұғырымен қоса есептегенде биіктігі – 23 метр, ал ескерткіштікі – 9,7 метр. Аумағы – 6700 шаршы метр.

– Тұрғын үй және мәдени-тұрмыстық құрылысты дамыту бағыты бойынша қандай кешенді жұмыстар атқарылуда?

– Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Респуб­ликасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2011 жылғы 16 шілдедегі №242-ІІ Заңына сәйкес:

тұрғындардың саны бес мыңнан асатын елді мекендер белгіленген тәртіппен бекітілген, қолданыстағы бас жоспарлармен қамтамасыз етілуге тиіс. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының тапсырмасына сәйкес облысты толығымен қамтитын жобалар әзірленген еді. Атап айтар болсақ, тұрғындардың саны бес мыңнан асып жығылатын елді мекендерді дамыту арнайы бас жоспарда бекітілген схемаға сай негізде болуы қажет. Осыған байланысты облыс әкімдігі тарапынан елді мекендерді дамытуға ерекше ықпал жасалуда. Қазір облысымызда 883 елді мекен бар. Олардың арасында тұрғындар саны 5000 адамнан асатыны – 58, ал қалғаны – 825 елді мекен. 2004-2007 жыл аралығында 11 елді мекеннің бас жоспарының жобалары әзірленіп белгіленді. Олардың арасында 4-уі облыстық маңызы бар қалалар болып саналады. Ал қалғаны аудан орталықтары. 2010 жылы Созақ ауданының бюджетінен Шолаққорған ауылының бас жоспарының жобасын әзірлеуге 16 млн. теңге қаражат бөлінген еді. Қазір әзірлік жұмыстары аяқталып, аудандық мәслихатында бекітілді. Көптеген аудан орталықтарының бас жоспарларын әзірлеу жұмыстары аяқталды. 2011 жылы Шымкент қаласының жоспарлау жобасы әзірленген болатын. Олар: оңтүстік – батыс, оңтүстік-шығыс, орталық бөлігі, Қошқар ата өзенінің жағалауы, Шымкент – Ташкент автожолының бағыты бойынша. Түркістан қаласында жоспарлау жобасын әзірлеуге 18,7 млн.теңге бөлінсе, Төлеби ауданында Алатау мөлтек ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы, Сарыағаш ауданында «Самал» мөлтек ауданының 300 гектары егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы аяқталды.

Сонымен қатар, алдағы жылы 10 егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеу жоспарда тұр. Атап айтар болсақ:

1. Ордабасы ауданы бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойынан жолбойындағы туристік сервисті жасау жоспары;

2. Бәйдібек ауданы бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойынан жолбойындағы туристік сервисті жасау жоспары;

3. Сайрам ауданы бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойынан жолбойындағы туристік сервисті жасау жоспары;

4. Түлкібас ауданы бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойынан жолбойындағы туристік сервисті жасау жоспары;

5. Түркістан қаласы бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойынан жолбойындағы туристік сервисті жасау жоспары;

6. Шымкент қаласының батыс бөлігінің;

7. Шардара ауданындағы Шардара су қоймасында демалыс аймағының;

8. Оңтүстік Қазақстан облысының шекарасында ұлы Жібек Жолы трассасы бойының аумағын ұйымдастыру;

9. Түлкібас ауданындағы Ақсу – Жабағлы қорығын ұйымдастыру;

10. Арыс қаласына шектес аймақтар болып табылады.

– Облыс орталығынан басқа аудан, қалалардағы сәулет және құрылыс саласы қалай дамуда?

– Облыс бойынша тұрғындардың саны 5 мың адамнан асатын 58 елді мекен болса, оның ішінде, 15 елді мекеннің бас жоспары бар. 4 елді мекен –Тассай, Сайрам, Қарабастау, Тоғыс. Шымкент қаласының жаңа бас жоспарына сәйкес Шымкент қаласының аумағына өткізілуде. Бірақ 39 елді мекеннің қолданыстағы бас жоспарлары жоқ болатын. Соның ішінде 27 елді мекеннің бас жоспарлары мүлдем жоқ, ал 12 елді мекеннің бас жоспары 1970-80 жылдары әзірленген. Олардың есептік мерзімдері аяқталған, әрі қазіргі заманның талабына сай келмейді. 39 елді мекеннің бас жоспарын әзірлеу үшін 2012 жылға 520 млн. теңге қаржы бөлініп, ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталуы қажет. Қазір мемлекеттік сатып алу байқаулары өткізіліп, мердігерлері анықталды. Жұмыс басталып кетті. Топографиялық түсірімдері жасалып, бас жоспарлары әзірленуде. Жұмыстар кестеге сәйкес атқарылуда. 2012 жылы облыс бойынша тұрғындар саны 5 мың адамнан асатын елді мекендер толық бас жоспарларымен қамтамасыз етілетін болады. Облыста тұрғындар саны 5 мың адамға дейінгі 825 елді мекен бар. Қазіргі таңда 49 елді мекендерді дамыту мен құрылыс салу схемалары әзірленуде.

Қазақстан Республикасының құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық Агенттігінің тапсырмасына сәйкес, елді мекендерді дамыту мен құрылыс салу схемаларын әзірлеу бойынша жаңа кесте бекітіліп, 2012-2015 жылдары аралығында 417 елді мекендердің схемалары әзірленеді. Бұл жалпы тұрғындар саны 5000 адамға дейінгі елді мекендердің 51 пайызын құрайды.

– Сәулетті құрылыстарды заман талабына сай етіп салу үшін қандай ғылыми-техникалық әдістерді қолданасыздар?

– Басқарма жалпы нысанның құрылысымен айналыспайды. Құрылысы жоспарланған нысанның жобасын, яғни сұлбасын әзірлейді. Ол үшін басқарма қызметкерлері заманауи компьютерлерде СorelDRAW 3Dmax AutoCad Adobe Photoshop бағдарламаларында жұмыс жасап келеді.

Сұхбаттасқан

Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ