ҮЗІЛМЕЙ ЖЕТКЕН ЖАЛҒАСТЫҚ

ҮЗІЛМЕЙ ЖЕТКЕН ЖАЛҒАСТЫҚ

ҮЗІЛМЕЙ ЖЕТКЕН ЖАЛҒАСТЫҚ
ашық дереккөзі

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында қоғамдағы еңбектің орыны жөнінде айтты. Ғылым саласында да адал еңбек етіп, үлкен істер тындырып жүрген азаматтар арамызда баршылық. Төмендегі әңгіме ғылымдағы қажырлы еңбегімен әріптестеріне үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ғалым ағамыз жайында болмақ.

«Күздің бір қара суық күнінде – 13 қарашада жарық дүниеге іңгәләп бір нәресте келді. 19 қараша күні перзентханадан алып келген баласын әкесі құшырланып иіскей берген сәтте сол кезеңнің әзірейілдеріндей болып көрінетін НКВД адамдары сау ете қалды. Үй ішін тас-талқан етіп тінтіп, қағаз біткеннің барлығын жинап алып, алмағанын жыртып, алды 11-12-лерде, соңы алты күндік алты баланың үрейін ұшырып, аналарын көз жасына буып, үй иесін ала жөнеледі.

Оқиға мекені – Алматы қаласы, уақыты – 1937 жыл, ал шаңырақ иесі – сол кездің өзінде Одаққа аты танымал, түрколог әріптестерімен терезесі тең тұрған ғалым, профессор Құдайберген Жұбанов болатын.

Биыл, 2007 жылдың қараша айында еліміздің тіл мамандары, студенттер мен университет оқытушылары, бүкіл зиялы қауым болып, атын үлкен құрметпен сүйіне атап, еңбегін елге паш етіп, бір ғалымның мерейтойын өткізгелі отыр. Той иесі – баяғы әкесінен алты күндігінде қалып, заман мен өмірдің небір қырларын өтіп, еңбегімен, талабымен, талантымен көрінген жақсы ғалым, үлгілі ұстаз, филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов!».

Бұл сөз академик Р.Сыздықтың профессор А.Жұбановтың 70 жылдық мерейтойына орай жазылған «Тұлпардың тұяғы» деген мақаласынан алынып отыр. Сөзімізді бұлай бастауымыз да жайдан-жай емес.

Қазақ мәдениеті мен танымында, тәрбиесінде тектілік, ал ғылым саласында жалғастық, дәстүр, сабақтастық деген ұғымдардың мәні ерекше екені белгілі. Ал оған адам өміріндегі, соның ішінде қазақ түсінігіндегі тағдыр ұғымын қосыңыз.

Олай болса, ұлттық болмысымызға сүйеніп, білім мен мәдениетті игеретін заман туды деп сенген тарихи кезеңде қазақ тіл білімінің ғылыми негізін салу жолында аянбай еңбек еткен, бірақ өзі сол кезеңнің зұлматының құрбаны болған қазақ кәсіби тіл ғылымының түренін салған алғашқы профессоры Қ.Жұбанов болғаны белгілі. Ал, қазіргі жаһандану заманының үдерісіндегі қазақ тіліндегі қолданбалы тіл білімі мен тіл қазынасын игеру, таныту, мемлекеттік мәртебесіне сай қолданыстың ыждағатты құралы ретіндегі компьютерлік лингвистиканың ғылыми негізін салып, қалыптастырушы оның баласы Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов болса, оның бүгінгі күні мерейін тасытып отырған ғылыми-шығармашылық, тұлғалық сабақтастығын Рәбиға апайдан артық айту мүмкін бе?!

Бұл сабақтастықты тағы да нақтылай түссек, көзге түсетіні – екеуінің де (әке мен баланың) шығармашылығына арқау болған заман талабына, қоғамдық қажеттілікке, ұлттық мүддеге сай зерттеу бағыттары мен нәтижелері. Атап айтқанда, А.Қ.Жұбановтың басшылық жасап, қалыптастырып отырған компьютерлік лингвистика саласы – қазіргі тіл білімінің функционалдық, интеграциялық үрдісіне сай мемлекеттік мүдде талабына сай заманауи сала.

Сонымен бірге қазіргі тіл білімінің өзекті бір үрдісі – антропоөзектік бағыт. Осы бағыттың ғылыми-теориялық тұжырымдарын, біздің ойымызша, профессор А.Қ.Жұбанов сынды ғалымдардың ғылыми-шығармашылық тұлғасын, адами болмысын жан-жақты ашуға, қолдануға болады. Соған орай ғалымның жоғарыда атап көрсетілген тегі мен тектілігіне, тумысынан біткен мінезі мен қабілетіне, өскен ортасы, алған білім тәрбиесі, солардың нәтижесінде жасақталған танымдық қоры мен біліктілігінің қалыптасуын, яғни тұлғалық бейнесінің сипатына қысқаша тоқталмақпыз.

Мәселен, Асқар ағамыздың мектеп қабырғасынан-ақ математика, химия, физика пәндеріне соншалықты қызығып, демалыс күндерінің өзінде зертханада тәжірибе сабағына, радио үйірмесіне, гимнастика мен бокс секцияларына, музыка сабағына (скрипка) қатысып, өзін бала кезінен жан-жақты дамуға дайындауы ерекше назар аударарлық. Оқушы Асқардың бойындағы математикалық ойлау жүйесіне бейімділігін сол кездегі мына бір жайт дәлелдегендей: «Орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі бізге А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын жатқа біліп және оның барлық тыныс белгілерін есте қалдыруды талап етті. Содан кейін осы тақырыпта жазбаша бақылау жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде мұғалім мені елден бөлек мақтап, өте жоғары баға қойды» (Асқар ағайдың өмірбаяны туралы әңгімесінен).

Осылайша жарық дүниеге келген күннен бастап, тағдыр тауқыметі мен өмір сынын басынан өткерген бала Асқар жас кезінен-ақ болашағын ойлап, ерте есейеді. Әкесінің үлкен ғалым болғандығын бір сәт есінен шығармай, намысқа тырысып, мектепті бітірмей жатып-ақ жоғары оқу орнына түсуді армандады. Сөйтіп, мектепті жақсы бітірген екі-үш баламен бірге Алматыдағы сол кезде «Горный институт» деп аталатын (қазіргі Қ.Сәтпаев атындағы политехникалық университет) жоғары оқу орнын таңдап, қабылдау емтихандарынан жоғары бағалар алып, қажетті деген баллды жинайды. Бірақ жас жігіттің қуанышы ұзаққа созылмады. Көп ұзамай, сол сияқты он шақты баланы факультет деканы жинап алып, «халық жауының» баласы болғандықтан, олардың өмірбаяны аталған институтқа түсуге сай келмейтіндігін айтады. Ертеңінде бұл жағдайды естіген Есет ағасы қатты ашуланып: «Әкең қызмет еткен ҚазПИ сені «халық жауының» баласы деп айтпайды» деп, інісін сол кездегі институт ректоры Мәлік Ғабдуллиннің алдына алып барады. Тау-кен институтына тапсырған бағаларын көріп, ол кісі ҚазПИ-дің физика-математика факультетіне бірден қабылдайды.

1960 жылы институтты үздік бітірген А.Жұбановқа Алматыдағы мемлекеттік ауылшаруашылық институтының жоғары математика кафедрасына жолдама беріледі.

Аталған институтта 1960 жылдан 1967 жылға дейін ассистенттік қызметте жұмыс істеген А.Жұбанов бұл жылдарда да өзіне біткен табиғи мінезіне салып, сабақ беретін пәндерін игеру үстінде үнемі ізденіс жолында жүреді. Нақты айтқанда, математикалық статистика мен ықтималдықтар теориясынан, математикалық логикадан, ЭЕМ-ге бағдарлама жасау пәндерінен сабақтарын жүргізуді біле берсем деген құлшыныс жас маманның біліміне айтарлықтай білім қосып, үлкен тәжірибе береді.

Жас маман ретінде Одесса қаласында өткен мұғалімдердің Бүкілодақтық 3 айлық білімін жетілдіру курсына қатысуы ЭЕМ-ге бағдарлама жасау тәсілдерін игеруіне, қазіргі шұғылданып жүрген ғылым жолына түсуіне бірден-бір себепші болады.

Бірақ осы жылдардың әр сәтінде де қабілетті жастың таза ғылым жолына түссем деген арманы көкейінен кетпейді. Сол мақсатпен шет тілі мен философия пәндерінен минимум емтихандарын да тапсырып қояды. Бірақ нақты қай ғылым саласын таңдау әлі де болса анықталмаған еді. Міне, осы арада тағдыр деген ұғымның мәнін мойындамасқа шараң жоқ екенін Асқар ағамыздың өмір жолынан да көреміз. Ол туралы ағамыздың өзі былай деп толғанады: «Менің де тағдырым аяқ астынан ҚазССР ҒА-ның Тіл білімі институтына Мәскеу, Ленинградтан ірі ғалымдар келіп, тіл білімінің жаңа саласы «математикалық лингвистикадан» лекция оқуына тікелей байланысты болды. Бұл хабарды сол институтта қызмет істеп жүрген Есет ағамнан естідім. Ол маған: «Тыңдап көрсең қайтеді, әкең бастаған тіл білімі саласы ғой» деп ақыл айтты. Шынында да, келген ғалымдардың ішінде Бүкілодақтық «Статистика речи» тобын басқаратын ірі филолог, профессор Р.Г.Пиотровский және қазақстандық математик-ғалым Қ.Бектаев бар екен. Лекцияларын тыңдап болғаннан кейін ол ғалымдармен жеке кездесіп сөйлестім. Менің еңбек жолыммен танысқаннан соң, олар мені осы ғылым жолына, яғни қазақ тілін математикалық әдіспен, соның ішінде математикалық статистика мен ықтималдықтар теориясы әдістерімен зерттеу жолын таңдауыма кеңес берді. Олар әкемнің тіл білімінің үлкен ғалымы екенін есіме түсіріп, әке жолын жалғастыру қажеттігін айтып, маған күндізгі аспирантура курсына түс деп ақыл берді».

Сол кездегі жан толғанысы мен ризашылық, қуаныш сезімін абзал аға былайша тебіреніп еске алады: «Маған соншалықты әсер еткен Тіл білімі институтының директоры, академик І.Кеңесбаевпен кездесуім болды. Мұндай байсалды, білгір, мәдениетті ғалыммен әңгімелескенімде өз әкемді тірідей көргендей болдым. Секең негізінен әкем жайлы көрген-білгендерін ортаға салып, айналайын сөзін жиі қолданып, өзінің менің жұмысыма тіл жағынан ғылыми кеңесші болуына келісімін беретінін де жасырмады.

Тіл білімі институтында әкемнің шәкірттері М.Балақаевтың, Ғ.Мұсабаевтың және әкемнің ғылыми мұрасын зерттеумен тығыз айналысып жүрген Р.Ғ.Сыздықова апамыздың қызмет ететіні, айта берсек, бұл институтта, тіпті менің әкемді білмейтін жан жоқ екендігі төбемді көкке жеткізіп, тұла бойымды сөзбен жеткізе алмайтындай бір түсініксіз сезім, қуаныш биледі. Өз шешіміме өзім риза болғандай болып, қазақтың «Әкең өлсе де, әкеңді көргендер өлмесін» деген мақал есіме түсті. Әкемді тірідей көрмесем де, көргендердің, әкем жайлы сөз ететін ғалымдардың арасында жүргенім дұрыс деген шешімге келдім. Қазіргі уақытқа шейін осы шешіміме ризамын».

Сол кезде Мәскеу мен Ленинградтағы ғылыми орталықтан кейінгі математикалық лингвистика саласы мамандарының шоғырланған жері Минск қаласы болатын. Осы мәселе бойынша ғылыми конференциялардың көпшілігі Минскінің шет тілдер институтында өтетін. Сол себепті дирекция шешімі бойынша жас ғалым аспирантура курсын өтуге Минскіге жолдамамен жіберілді.

«Квантативная структура казахского текста» атты кандидаттық диссертациясын ойдағыдай аяқтап, 1973 жылдың 15 маусымында қорғап шығады. Диссертациялық кеңестің мүшесі ретінде қорғау жұмысына қатысқан академик Р.Сыздық былай деп мақтанышпен еске алады: «Табиғи талантын таныту, қолға алған жұмысын мұқият, адал орындау, әр іске үлкен жауапкершілікпен қарау, еңбегінің жемісін (жеңісін де) көрсете алу жағынан ағасы Есет сияқты, Асқар Жұбанов та әке алдында парызы мен қарызын өтеп отыр. Мұны Асқар сонау 1973 жылы кандидаттық диссертация қорғаған алғашқы адымында көрсеткен болатын. Әр алуан заңнан аттап қия баспайтын сол кезең түгіл, қазіргі де батылымыз бармайтын бір оқиға – сол қорғау үстінде бас сарапшы, атақты ғалым Р.Г.Пиотровский бұл кандидаттық жұмысты өте жоғары бағалап, докторлық жұмысқа сай, бірден докторлық дәрежеге ұсынуға болар ма еді деген болатын».

Ресми сарапшылар да диссертацияның математикалық аппаратының ұтымды жақтарын жоғары бағалады. Атап айтқанда, диссертацияның мынадай маңызды нәтижелерін атап көрсетуге болады: 1.Түркі тілдерінің мәтіндері бойынша тілдік бірліктердің автоматтанған жиілік сөздіктерін құрастырудың алгоритмі мен оның машиналық тілдегі бағдарламасы жасалды; 2.Түркі тілдері мәтіндерінің ықтималдық-статистикалық моделін құруға қатысты нәтижелер алынды. Соның нәтижесінде сөз таптарының Нормаль, Пуассон, Шарльенің үлестірілім заңдарына бағыну-бағынбауына тәжірибеге алынған мәтін көлеміне, оның ішкі бөліктер көлеміне және бөлік сандарына тікелей байланыстылығы тұңғыш рет анықталды. 3. Диссертацияның 3-ші тарауы ЭЕМ-ге арналған бағдарлама бойынша «Абай жолы» эпопеясы мәтінінің статистикалық құрылымын анықтауға арналып, 5 түрлі жиілік сөздік жасалып, мәтін мен сөздік бірліктерінің статистикалық арақатынастары анықталды.

Осыған жалғас 1978 жылы белгілі түркітанушы-ғалым А.Құрышжановтың қатысуымен ЭЕМ арқылы «Куманша-қазақша жиілік сөздігі» құрастырылды. Еңбекте ХІІІ-ХІV ғасырларда жазылған көне қыпшақ тілінің әйгілі ескерткіші «Кодекс Куманикус» бірінші рет қазақ тіліне аударылып, ЭЕМ-нің көмегімен куман тілінің әртүрлі жиілік сөздіктері түзілді. «Кодекс Куманикус» жазбасының түпнұсқасы бойынша жасалған бұл екі тілді жиілік сөздіктер қазақ тілі мен қазіргі қыпшақ тілдерінің тарихын зерттеу үшін аса құнды материал болып табылады.

Демек, кандидаттық диссертацияның зерттеу нәтижелері тілдік бірліктердің статикалық және динамикалық сипаттарын анықтауда аса маңызды болып, болашақ мәтін лингвистикасын формалдаудың ғылыми-әдістанымдық негізі мен алғышарттарын жасады. Осы арада ғалым тұлғасының таным мен терең білім дәрежесінің қалыптасуына әсер еткен бірінші деңгейді (тектілікті) академик І.Кеңесбаевтың ғалым-анасына жазған хатындағы мына пікірі дәлелдемей ме: «Аса құрметті Раушан жеңгем! Ата балаға сыншы ғой. Асқарға біз сияқты кісілер – ата. Асқарға жүктелген жұмыс ауыр еді. Оны мызғымастан өткелден көтеріп шықты. Ол ғылым өткелі еді. Ата баласының ат меңіндей белгісі болады емес пе?! Осы жолы әкеге біткен қабілет балаға біткен дарындылықтан анық аңғарылды. Асқардың сәтті аяқталған еңбегіне шын жүректен шыққан қуанышымды білдіремін. Жұрағат, бала-шағаңыздың, өзіңіздің бақыттан қол үзбеулеріңізге тілектеспін. Өмір-бақи үйіңіздің түтіні сөнбесін. Ісмет 15.06.73.».

Осы бағыттағы ізденістерін тоқтатпаған тынымсыз ғалым өз зерттеулерін одан әрі тереңдетіп, жетілдіру үшін 1997 жылы Белоруссия Республикасы ҒА-ның Тіл білімі институтында бір жыл ғылыми іссапарда болды.

2002 жылдың 29 қарашасында «Основные принципы формализации содержания казахского текста» деген тақырыптағы докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Атап айтқанда, А.Жұбановтың докторлық диссертациясы тіл білімінің жаңа саласы – мәтін лингвистикасына тікелей қатысты болып, қазақ мәтінінің семантикалық көрінісін және оның туындау мүмкіндігінің формалды принциптерін анықтауға арналған. Осы арада зерттеу барысында ұсынылған «семантикалық функциялардың ерекше метатілмен сипатталған, әртүрлі қисындастырылулардан тұратын арнайы «семантика-синтаксистік тілі (СЕМСИНТ)» деген нәтижесін атап өтсек те жеткілікті.

Қазіргі күнде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында профессор А.Жұбановтың ғылыми жетекшілігімен орындалып жатқан өзекті де күрделі жұмыс – «Қазақ тілінің компьютерлік қорын жасау». Оны қарапайым тілмен «қазақ тілі жайлы барлық мәліметтерді жинақтаушы «банк», қазақ тілі бойынша «ақылды» мамандандырылған білім қоры» деп түсіндіруге болады.

Ғалымның жетекшілігімен істеліп жатқан екінші бір күрделі ғылыми жұмыс – қазақ тілінің бір тілді түсіндірме сөздіктерінің «Тіл – қазына» атты компьютерлік базасын құрастыру.

Осы «Тіл – қазына» жобасы аясында заман талабына сай қазақ тілінде білім беруде, салалық ғылымдарды игеруде және қазақ тіліндегі ақпарат алмасуды жүзеге асыруда арнайы лексиканың негізін құрайтын терминдер қорының компьютерлік базасын құрастыру мәселесі де шешімін табуда.

Профессор А.Жұбанов зерттеулерінің қазіргі тіл білімінің заманауи сипатына сай практикалық жағын да атап өту орынды. Қазақ тілінің формалданған моделіне қатысты жайттар машиналық аударма тәжірибесінде, қазақ тілін оқытудың компьютерлік бағдарламасын жасауда қазақ тілінің автоматтанған лексикография саласында, мемлекеттік мәртебеге сай тілдік қолданыста т.б. толығымен қолдануға болады.

Профессор А.Жұбановтың ғылыми-шығармашылық қызметінің бір саласы жоғары оқу орындарындағы (әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, сол университеттің жанындағы магистратура және PhD докторантура институты) – орындарындағы ұстаздығы мен жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне арналған оқулықтар мен оқу құралдары, монографиялары (Квантитативная структура казахского текста (опыт лингвистического анализа на ЭВМ),1987; Основные принципы формализации содержания казахского текста, 2002; М.Әуезовтің «Абай жолы» романының жиілік сөздігі, 1979; М.О.Әуезовтің 20 томдық шығармалар текстерінің жиілік сөздіктері, 1995; Куманша-қазақша жиілік сөздік, 1978; Қолданбалы лингвистика: қазақ тілінің статистикасы, 2004; Қолданбалы лингвистика: формалды модельдер, 2007; Компьютерлік лингвистикаға кіріспе, 2007).

Сонымен, профессор А.Жұбанов зерттеулерінің нәтижелері қазақ тілінің тілдік қазынасын жинақтап, қолдану аясын кеңейтуге өз ықпалын тигізіп, қазіргі заманғы ақпараттық технологиялардың жаңа сұраныстарына жауап беретін қазақ лингвистикасының қолданбалы бағытын жаңаша түрде қалауға негіз болуда.

«Өмірдің жақсы да, жаман жақтарын басымнан кешірдім. Бірақ оның қиын тұстарының бәрі де әкемнің нақақтан «халық жауы» аталуымен салыстырғанда, түк те емес сияқты» деп, толғанған азаматтың бар өмірі тек қайғырумен өтпей, әке мұратын жалғастырып, заманға сай жаңа биікке көтерілуі ата қанымен, ана сүтімен берілген өршіл мінезі мен намысы, қабілеті, еңбекқорлығының арқасында екенін көріп жүрміз. Бір қарағанда, салқынқанды ағамыздың кей уақытта қытымыр да ашулы мінезінің ар жағында асқан жауапкершілік пен талапкершілік, соған қоса нәзік жүрегі жатқанын жақын араласқан адам ғана біледі.

Жамал МАНКЕЕВА,

филология ғылымдарының докторы,профессор