ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ — ТҰРАҚТЫЛЫҚ

ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ — ТҰРАҚТЫЛЫҚ

ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ — ТҰРАҚТЫЛЫҚ
ашық дереккөзі

Нұрхан ЖӘЛИЕВ, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы:

Елдің еңсе тіктеп, алға қойған мақсат-мүдденің орнықты қалыптасуы, әрине, қоғамдық-саяси жүйенің атқаратын қызметіне тікелей байланысты. Яғни ішкі саяси ахуалдың тұрақтылығы қай кезде де жарқын істерге негіз бола алады. Бұл ретте Сыр елінде жасалып жатқан еңбек жақсы бастама, тың идеялардың жемісі екенін көрсетіп отыр. Шын мәнінде бұл өңірде қандай жаңалық бар? Мұның сарабын біз Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Нұрхан Жәлиевпен әңгімеде тарқатып көруге тырысқан едік.

– Нұрхан Бұқарбайұлы, әңгімемізді елдің қоғамдық-саяси ахуалы турасында бастасақ. Өзіңізге мәлім, өткенді өлшемге салмай, бүгінді бағамдау әсте мүмкін емес. Сіздіңше, тәуелсіздігімізді тұғырлы етуде кешегі таңдалған жол бүгін қандай нәтиже көрсетіп келеді?

– Сөз жоқ, біз, еліміздің барша жетістігін Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегімен байланыстырамыз. Мемлекет басшысы әр жылғы халыққа дәстүрлі Жолдауында басым бағыттарды айқындап, маңызды міндеттерді шегелеп беріп отыр. Қазақстан бүгінде бейбітшіл беделімен әлем алдындағы абыройын өсіріп үлгерді. Аз ғана уақытта бағындырған белес, ұлт болып ұйыса, жұрт болып жұмыла алудың жарқын үлгісін көрсетті. Ал бұған шын мәнінде қалай қол жеткізіп отырмыз.

Байқасаңыз, бізде «Әуелі экономика, сонан соң саясат» деген қағида бар. Мен мұны керісінше айтар едім. Алдымен саясат, онан кейін экономика деген тоқтамға келер едім. Себебі еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда саяси институттарды қалыптастыруға, саяси идеологияны нығайтуға бетбұрыс жасады. Ішкі-сыртқы мүмкіндіктеріміз елекке салынып, күні ертең шабандап қалмас үшін алдымен оң-солымызды айқындап алуға ден қойылды. Әрине, ол уақыт оңай болған жоқ. Буыны бекімеген жас мемлекет біраз қиындықтарға кезікті. Бірақ бұл, өз кезегінде дұрыс таңдау екенін келе-келе дәлелдеп берді. Елдің Ата Заңы – Конституциямыз күшіне еніп, биліктің үш тармағы тізе қосып, тежеуіш күшке айналып, ішкі-сыртқы саяси жағдай бір ізге түсе бастағанда алға қойған мақсаттарды жүзеге асыруға жол ашылды. Бұл шындығында, ұтымды қадам еді. Ал осы ұлы көштің бастаушысы – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы.

Тірі адам тіршілігін жасау үшін ең алдымен тыныштық керек. Қарапайым отбасының тыныштығы қаншалықты маңызды болса, мемлекет үшін де бұл басты құндылық. Демек, саяси ұстанымның әу баста дұрыс, сауатты құрылуы қазіргі ел жетістігінің көрінісі деуге болады.

Ал экономика десек, біз бұған енді ғана табанды түрде, батыл күш-жігермен кірісіп жатқандаймыз.

– Демек, саяси тұрақтылықты қалыптастыру, экономиканы өрлетуге дем берді дейсіз ғой…

– Шындығы солай. Экономиканың түлеуін қазір бір ғана елдегі индустриялық-инновациялық әлеуеті зор бағдарламамен байланыстыруға болады. Индустрияландыру бағытында біздің облыстың өзінде қаншама жобалар жүзеге асып отыр. Әсіресе, соңғы жылдары аймақтың өндірістік әлеуеті жаңа сапа, жаңа қарқынға көтеріліп, халықаралық талаптарға қаймықпай ұсына алатын өнімдер шыға бастады. Әрі сол тауарлар өз кезегінде «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» секілді ірі транзиттік жобаларды іске асыруға пайдаланылып жатыр. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тау-кен өнеркәсіптерінде де үлкен қозғалыс бар. Яғни өңірдің экономикалық дамуында тың серпін бар.

Жасыратыны жоқ, қандайда бір жер байлығы болмасын оны қазып алып, сата салу кез келген мемлекеттің қолынан келеді. Бірақ оның пайдасы шамалы. Демек біздің еліміз бұл түйткілдің көбесін сөгіп, жаңа экономикалық даму үдерістеріне иек артты. Ал осының бәрін тереңнен екшей келгенде, алдымен саясаттың қандай жол ашып бергенін әрі оның нендей мәнге ие болмағын пайымдай беріңіз.

– «Әлемнің әміршісі – еңбек» деген. Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласы қазірде қоғамдық-саяси тұрғыда үлкен қозғалыс тудырды. Бұл тұрғыда сіздің ойыңызды білсек.

– Қандай да бір идея туғанымен, оны жүзеге асыратын – адам. Сондықтан еңбек қоғамын қалыптастырудың маңызы ерекше. Мемлекет басшысы осыны жан-жақты жеткізіп отыр.

Тарихшы ретінде айтайын, бір кезде біздің халық көшпелі тұрмыспен өмір сүрді. Төрт түлік малдың қамын жасап, осыны кәсіп етті. Жаз жайлады, қыс қыстады әйтеуір, ертелі-кеш түліктің соңында жүріп, күн көрді. Кең байтақ сахара бұл кәсіптің құтты мекені болғанда, біздің несібемізге Ұлы Жібек жолының өтуі халықтың және бір тіршілік көз болды. Мұның бойындағы халық керуеннен керегін алды, ал керуен үшін сол халықтың күшімен жол қауіпсіздігі секілді қажеттіліктері қамтамасыз етілді. Бұл екі жаққа да тиімді тіршілік көзі еді. Ал қазір тіршіліктің сипаты басқа. Еңбек қоғамын жандандыру өмір талабынан туындаған дүние. Елбасымыз мұны тереңнен бағамдап, кім еңбек етсе, сол табысқа жетіп, өсіп-өркендейтінін саралап жеткізіп отыр. Мұндағы мақсат – еңбек қоғамын құру, елді, жалпақ жұртты еңбекке шақыру әрі бейімдеу. Есесіне, бұл осындай құндылықтар арқылы «Маған барлығын бер, жағдай жаса» деген масылдық пиғылдан арылатын уақыттың келгенін көрсетеді.

Ойдан ой туады. Жуырда қырықты алқымдап қалған екі әйелмен пікірлес болдым. Жұмыстары үйдің ішкі бөлігін әктеу, әрлеу, яғни тапсырыс берушінің талғамына сай қызмет ету. Айына кем дегенде әрбіріміз 200 мың теңгеден табыс табамыз дейді. Олардың айтуынша, жұмыс істеп ақша табуға келетін жастар жоқ емес бар, бірақ тұрақсыз. Қанша тәрбиелеп, үйретсе де табандылық танытпайды, есесіне оңай олжа тапқысы келеді. Осыдан соң жұмыс жоқ дейді. Сонда қалай? Жатыпішер атанып, ата-ананың мойнына жүк болып отыру кімге абырой бермек? Жасыратыны жоқ, арамызда оқу орнын енді ғана бітіріп жылы кабинет, жайлы орындыққа емеурін танытатын да жастар бар. Ал кейбір жастар болса керісінше, өз мамандығын төменгі сатысынан бастап үйреніп, кәсібінің ащы-тұщысын сезініп келетінін де көріп жүрміз. Шын мәнінде, мемлекет барлық жағдайды жасап отыр, ал одан нәтиже шығару баршамыз үшін сын. Әсіресе, қазіргідей жағдайда еңбек қоғамын қалыптастырудың маңызы өте жоғары саналады. Демек, Елбасының айрықша тапсырмалармен құрылған мақаласы бүгінгі қоғамда тың қозғалыс тудыратыны күмәнсіз.

– Өңірдің қоғамдық-саяси ахуалы турасында не айтасыз?

– Жалпы ішкі саяси ахуалға әсер ететін басты мәселе, көбіне-көп коммуналдық қызмет, жол немесе тасымал секілді тұтыну қызметтеріне байланысты болады емес пе. Қазіргі таңда облыста бұл жағдайды тұрақты деуге толық негіз бар. Өйткені халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуде қыруар еңбек жасалып отыр. Мәселен, облыс әкімі Болатбек Қуандықов аймаққа басшы болып келгенде, электр жарығына қатысты қордаланған көп түйткіл бар еді. Жекенің үлесінде әбден жүдеген КРЭК мемлекет меншігіне қайтарылып, жарықтың жайы шешіле бастады. Сондай-ақ әбден жыр болған жолдың ауыр жарасы жазылды. Бір жылда 120 көшеге дейін жөнделіп, ауыл-аймақтың өзінде халықтың қаншама қатынас тамыры түзелді. Мұның қабатында құрылыстың жаңа дәуірі басталып, әлеуметтік нысандар бірінен соң бірі бой көтерді. Қысқасы, қоғамдық-саяси ахуалға әсер ететін осындай маңызды мәселелер кезең-кезеңімен шешімін таба бастады. Бұл әрине, халықтың ынтымақ-бірлігі, қандай да бір іске ұстамдылықпен ыждағатты бейіл көрсетуінің жемісі.

Аймақта жастарды қолдау, қарттарға қамқорлық көрсету, батыр аналарды ардақтау, мүмкіндігі шектеулі жандарға демеушілік жасау, өнерлі жастарды қолдау секілді әлеуметтік бағыттағы шараларға да бұрын-соңды болмаған көзқарас жасалып отыр. Сондай-ақ, мемлекеттік саясатты ақпараттандыруда бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндігін кеңейтуге үлкен жағдай жасалды. Мұның бәрі бір сөзбен айтқанда өңірдегі қоғамдық саяси ахуалдың жаңа тынысы ашылып, даму кезеңіне бет алғанын айғақтайды.

– Дін мәселесі турасында айта кетсеңіз. Жаңа заңның талабы бойынша облыста діни бірлестіктерді тіркеу жұмысы қандай нәтиже көрсетті?

– Тіркеу және діни бірлестіктердің іс-әрекетіне ортақ тәртіп орнату бұл өте сауатты жасалған қадам деп түсіну керек. Қайта тіркеу шарасы осы жылдың 25 қазан күні аяқталды. Аталған шара басталғанға дейін облыстық әділет департаментіне 19 заңды тұлға және 143 филиал тіркелген болса, қайта тіркеу жұмысының нәтижесінде заңды тұлғалардың 7-і, ал 143 діни бірлестік филиалдарының 141-і мемлекеттік қайта тіркеуден өтті. Жалпы, еліміз бойынша діни бірлестіктердің 32 пайызы немесе үштен бірі қысқарғаны белгілі болып отыр.

Сыр өңірі – қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған жер. Өркениеттің ошағы, исламның тараған құтты мекені деп санайды. Сондықтан бізде ежелден қалыптасқан жақсы дәстүр, өзіндік мәдениет пен үлкен рухтық келбет бар. Қазірде аймақтағы мешіттерде 150 дін үйінде имамдар халыққа қызмет етеді. Облыс әкімінің бастамасымен «Игілік» қорынан 4 млн. теңгенің үстінде қаржы бөлініп, имамдарымыздың білімін көтеруге, оқытуға айрықша қамқорлық жасалды. Мұндай жағдай әзірге өзге өңірлерде кездесіп отырған жоқ. Биылдың өзінде жиырма-жиырмадан 40 имам бір айлық оқу курстарынан өтті. Барлық шығын «Игілік» қорынан қамтамасыз етілді. Енді келер жылы имамдарды екі айдан оқыту қолға алынбақ. Имам, молдалардың діни сауаттылығын көтеруде теологтармен, дінтанушы және діндарлармен тығыз қарым-қатынас орнату қазір өңірдегі діни ахуалға жаңа қырынан қозғау салды. Мұны облысымызда болып, бірнеше күн жағдайдың жай-жапсарымен танысқан ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф мырза да жақсы қуаттап, оң бағасын берді.

Сондай-ақ биыл Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» Ислам мәдениеті университетінде оқып жүрген тоғыз балаға шәкіртақы төленді. Бұған қоса өңірдегі 11 мешітке «Скайп» жүйесі енгізілді. Яғни 7 аудан орталықтары мен Төретам, Сексеуіл кенттері және қаламыздағы бірқатар мешіттер орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітіне бейнежелі арқылы қосылып отыр. Мұның өзі үлкен жетістік емес пе?

– Биылдан бастап «Тұңғыш Президент» күнін атап өту бекітілді. Осы жалпыхалықтық мерекеге әзірліктеріңіз қандай?

– Биыл 1 желтоқсанда елімізде алғаш рет жалпыхалықтық мереке – «Тұңғыш Президент» күні атап өтіледі. Бұл әрине, тәуелсіз Қазақстан тарихында маңызды мереке деп санаймын. Бұл атаулы дата 1991 жылы 1 желтоқсанда өткізілген Тұңғыш Президент сайлауына ойластырылып, таңдалып алынып отыр. Яғни осыдан 21 жыл бұрын халық өз таңдауын жасаған еді. Жалпы біз Тәуелсіздік пен Елбасы ұғымын егіз десек, Тұңғыш Президент мерекесінің осы құндылықты толықтырып тұрғанын сөзсіз мойындауымыз керек. Белгілі саясаттанушылар бұл оқиғаны «Жаңылыссыз таңдау» деп орынды атап отыр. Олай болса жалпыхалықтық мерекеге Сыр елі де өзіндік сән-салтанатымен үлес қосады. Қазірде оған дайындық шаралары қызу қолға алынып кетті.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Қуат ШАРАБИДИНОВ

Қызылорда облысы