ӘНЕС САРАЙДЫҢ «НОҒАЙЛЫ» КІТАБЫНАН:

Ноғайлы – халқымыздың тарихи бел-белестерінде жүріп өткен бір кезеңі. Ғұн дәуірі, түркі дәуірі сияқты ол да тарихымыздың бір қатпары. Ғұн – түркіге қарағанда уақыт жағынан кейінгі ұрпақ бізге біртабан жақын, сондықтан да уы-шулы ол заманның кескілескен ұрыстарының даңғыры, қаһармандарының келбеті, бір төбенің шаңын бір төбеге қосқан тұлпарларының шабысы көз алдымызға анық келіп, абыздар мен жыраулардың мұңды қоңыр үндері, замана шерін шерлеген қара қобыз, қарағай домбыра сарыны құлаққа анық жететіндей.

Қатаң тарихи сараппен таразыласақ, бірігіп – ыдырау, жоғалып-табылу тарих көшінде еншілеген ен-таңбамыз сияқты. Ғұн, түркі, қыпшақ, ноғайлы, ақыры қазақ болдық, осының бәрі бірінен бірінің артық-кемі жоқ, үзіліп-жалғанып, шұбала созылған төл тарихымыз.

***

Алтай мен Арапат (Карпат) арасын жайлаған қыпшақ нәсілді жұрттың жүрегінің басында әлдиленіп келген рухани жан байлығы Ноғайлы дәуірінде шалқып төгілген жыраулық өнерге айналып, шыңдалудың шырқау шыңына шықты. Дала тұрмысында жыраулық тұлғаның статусы қалыптасты. Олар көп жағдайда хандарға ақылшы-кеңесші болып қоймай, оларды сынаушы-мінеуші де болды. Халық, қауым мүддесіне жат келеңсіздіктерге қарсы елден бұрын ұрандап атқа қонғандар да солар. Жыраулар ділмәр шешен, суырып салма төгілме ақын болумен қатар алқа топта қобыз шерлеп, домбыра безеп, толғау толғады, күнді түнге жалғап елдік, ерлік дастандарын жырлады. Сонымен бірге екі талайда тұрысар жеріңді айт деуден тайсалмайтын соңына ілескен жасаулы қосыны да болды.

***

Шамалауымызша, Қазан хандығындағы «ноғай жұрты» – Бұлғар-Самар аралығы. Сондай-ақ өзге дерек көздерден білетініміз – Дағыстандағы Терек өзені бойындағы «қара ноғайлар». Ол Нұрадынның әу бастан-ақ енші жұрты болған. Жоғарыда Нұрадынның әкесіне жолдаған сәлеміндегі «Нұраның қара құмы» дегенге көңіл аудармай және болмайды. Ілгеріде Моин ад-дин Натанзидің ноғайлардың алғашқы қоныстары қатарында Ұлытауды атағанына дерек келтіргенбіз. Ұлы таудың бір сеңгірі Едігетау атанып, Едігенің осында жерленуі жайдан-жай емес асылында. Левшин Нұра бойындағы Татағайды Ноғайлының қаласы деп бағалағанын ескерсек, ендеше, Нұра өңірі Ноғайлының қазақ арасындағы бір иелігі болғанын аңғарғандаймыз.

***

Қысқасы, жеті жыл жер шолған Асан Қайғы Ноғайлының тарықпай өсіп-өнуіне қолайлы Жиделібайсын, Жуалы, Қызылжар, Үш Алматы, Көндүрік-Қобан өңірлеріне көңіл тоқтатып қайтыпты. Әсіресе, бәрінен де Жиделібайсынды артық көріп, «Құдайдың жаратқан жерінің оңдысы, адамы жүзге келмей өлмейтін, қойы екі қоздайтын, жер шүйгіні сол екен. Малды үш жыл шелдендірсек, қойға қошқар, сиырға бұқа, биеге айғыр салмасақ, оп-оңай көшіп барамыз» депті. Үш жыл қам жасап, қара жұрттан көтерілгенде, түйеден құлап Абат өледі. Ел оны ырғап-жырғап, Дешті Қыпшақтың қарадан шыққан игі жақсылары жатқан Байтақ қорымына жерлеп, үйін тұрғызып, асын беруге тағы да бір жыл кідіріпті. Абат 1481 жылы қаңтарда Алтын Орданың соңғы ханы Ахметті шабуға қатысқан Ноғайлының белгілі тұлғасы. Демек, оның өлуі – 1481-1490 жылдардың арасында болған. Абаттың қазасын жаман ырымға санап, Ноғайлы көшпей қалыпты. Асан қайғы соңына ілескен аз жұртымен Жиделібайсын ұзауға тәуекелі бармай, Ұлытауға беттеген. Тарихи ізденістерде Асан қайғының жамбасы жерге тиген жер деп, Жиделібайсынды, Жемді, Қырғыздағы Жырғалаң өзенін, Қызылордадағы Оқшы-Ата қорымын атайды. Алайда, Ұлытаудағы Асан-ата – Асан Қайғы осы болса керек.

***

Ноғайлы Ресеймен дос болды, бірақ бодан болған жоқ. Ол – өз жері, өз шекара межесі, өз билеушісі бар дербес ел. Демек, елшілердің барлық рәсімді сақтап, Ордада бір ізбен жүріп, бір ізбен тұрғаны ләзім. Еркіндеп қалған орысқа осыны ұқтыру оңайға түспеді. Жаңа би алған беттен қайтпаған соң, Иван ІV аяқты кері тартты. Ол өз кінәсін жуып-шайған боп, арнайы 15 мың алтын жіберді. Көп ұзамай Дінахмет Кабарда нарты Темірюктің қызы Малхурбты тоқалдыққа алып, Иван ІV-пен бажа болды. Дінахмет өзі істей алмағанды осы Малхурбқа істетті. Тізесі өтіп отырған Ресейге іш қыжылы бар тау қызы елшілерге бықпырттай тиді. Иван ІV-тің әйелі Гошаней Малхурбтың туған әпкесі еді. Елшілер бас біліп, жіптіктей болып қалды.

***

Шоқан Ноғайлының шығу тегі мен қоныстарына ерекше мән берген. Бірде: «Қазақтар Есіл даласында адасып қалған ноғайлардан шыққан деген әңгіме бар. Олар мұсылман дінінде жоқ чеген деген халықтан әйел алып, сол аралас қаннан қазақ пайда болған» (Ш. Уәлиханов… Том I. 107 б.) десе, еңбегінің екінші бір тұсында қазақ даласында ескі қала мен мешіттердің орны көп екенін, олардың ноғайлардан қалғанын еске салады (Сонда… 212 б.). Миллердің деректеріне сүйеніп, Мерзлый городок, Тұраш, Малогород, Бузюков болыстары (Чан көлінің төңірегі), Тунус қаласы (Көшімнің шекаралық бекеті), Барабыдағы Оба көліндегі болыс­тар: Шаңғұл, Лугуй, Келема және басқалар 1594 жылы ноғайлы Әлей мырзаға салық төлеп тұрды деп (Сонда… 209 б.) Ноғайлының солтүстік шығыс шекараларынан хабар береді.

***

Дінінде, тілінде, тұрмысында, өнері мен әдебиетінде, тайпалық-рулық құрамында бөтендік жоқ, Алтын Орда төңірегінде қалыптасқан тарихи жағдайларға байланысты өмірге келген Ноғайлының қазақ хандығынан айырмашылығы шамалы еді. Кәсіп, өнер, тұрмыс-салт жөнінен бірі туралы айтылған көне дерек, екіншісіне де айна-қатесіз келе береді. Осы орайда Ұлытау даласындағы Ақсақ Темірдің аң аулау тәсілін еске салу түз тірлігін тереңірек түсінуге септеседі. «Солтүстікке бет алған ләшкер төрт ай бойы жолда кезіккен жабайы ешкі (қарақұйрық), киік, құс және даланың шөптерімен қоректенеді. Бұл далада аң аулау – соғыс көріністерінен бір кем емес. Қалың ләшкер айлапат даланы ау ғып қоршап алып, мылтық гүрсілі, керней дабылымен аң біткенді билеушінің шатырына қарай қуды. Ат арқасына қонған Ақсақ Темір қарсы шығып, көзіне көрінген аң, жануарды оңды-солды атты. Ақыры қажып, шатырына оралды. Бұдан соң, ерік өздеріне тиген жауынгерлер аң-жануарларға тап беріп, жамсатып салды да, түннің бір мезгіліне дейін от жағып той тойлады» (Н.М. Карамзин… Книга II, том V, гл. II, 83 б.).

***

Ноғайлы Алтын Орда ыдыраған кезде оның өзекті жұрты, ұйытқы тобы, орталық астанасы төңірегінде ірге көтерген жаңа мемлекеттік құрылым ретіне оның саяси мұрагері болмағанмен, рухани мұрагері болғанының басы ашық.

Алтын Орда империясында тәңірлік, шамандық, будда, мани, христиан, мұсылман діндері бірге қатар тұтылып, мидай араласты. Қазіргі көкжиек кеңейген өркениетті заманда осынау діни үрдістердің айдай әлемде басын біріктіре алмай жүргенде, оның бір ғана мемлекет көлемінде қайшылыққа келмей төзімділікпен ауызбіршілікте қоян-қолтық өмір сүру феноменін терең зерттеген ешкім жоқ. Алтын Орда бір адамның ғана аузына қараған деспоттық мемлекет болғанымен, онда ұлтына, дініне қарай бөлу болмады, жеке бастық қабілет, тұлғалық қасиет басты өлшемдердің бірі болды.

ТҮЗЕТУ

Газеттің 8 қараша күнгі №45 санында «Аллаға шүкір, Қағбаға тауап еттік» атты мақаладағы «Біріккен Араб Әмірлігі» деп жазылған атау сөздер «Сауд Арабиясы» деп оқылуы тиіс.

Back to top button