АҢЫЗ ТҮБІ –АҚИҚАТ

АҢЫЗ ТҮБІ –АҚИҚАТ

АҢЫЗ ТҮБІ –АҚИҚАТ
ашық дереккөзі

Әнес САРАЙ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

Белгілі жазушы Әнес Сарайдың есімі оқырман қауымға жақсы таныс. Қазақ әдебиетіне «Жұлдызды жон» хикаяты мен қаламгердің қаламынан «Тосқауыл», «Алтын арал» сияқты романдар, «Атырау» атты дилогия, «Еділ-Жайық» сынды трилогия туды. Одан бөлек, қаламгердің «Исатай – Махамбет», «Ноғайлы», «Көнеліктер», «Көк түріктері» бір төбе. Ол еңбек жолын журналист болып бастап, қазақ театр сахнасы мен қазақ киноөнеріне дейін өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Прозадан тарихқа ауысты. Тарихи шежірелерді жинақтап, ғылыми құнды еңбек жазып жүрген жазушы Әнес ағамен бүгінгі әңгімеміз де әдебиеттің төңірегінде өрбіді. – Әнес аға, сіз әдебиет табалдырығын аттаған жылдар «қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» саналған кезең еді. Есімдері алтын әріппен жазылған ақын-жазушылардың арасына топ етіп түсе қалу оңай болмаған шығар? Қалай ойлайсыз? – Сырт қараған адамға ғана «топ етіп түсе қалғандай» болып көрінуі мүмкін. Әдебиетке, әсіресе оның проза жанрына, ешкім топ етіп түсе қалмайды. Проза сырт қарағанда қарапайымдау көрінгенмен, өте қиын, әрі талаптары мен шарттары көп барынша күрделі жанр. Алдымен әрі қызықты, әрі сенімді сюжет құра білуің керек, оның тақырыпқа ену, даму, шарықтау, шиеленіс, шешілу сатылары сияқты кезеңдерін игермейінше, шығармаң бір қайнауы ішінде олпы-солпылықтан арылмайды. Ал одан бөлек бір-біріне ұқсамайтын, «таныс-бейтаныс», типтік характерлер деген шытырманы тағы бар, олардың сөз саптастарында, мінез құлықтарында, жүріс-тұрыс, іс-әрекеттерінде өмірдің өзіндей табиғилық болып, әдеби көркем тілмен көмкеріліп тұрса ғана жазушының бағы жанады, әйтпесе қатардағы көптің бірі боп қала бересің. Намысты қаламгерге көптің бірі болғанша – болмаған артық. Прозашы қаламгер ащы тері тамшылаған азапты жолдан өтіп барып, қырықтардың қырқасына іліккенде ғана жүріс алып қалыптаса бастайды. Мен де сол өткелеңнен өттім. Әуелі журналистік мектептің шиелерін игердім. «Лениншіл жас» газетінің батыс облыстары бойынша жеті жыл меншікті тілшісі болдым. Бап тілемей, барған жерде машина сұрамай, жаяу-жалпы, атпен, арбамен, өткінші көліктің шаңды қорабында селкілдеп, қиырдан қиыр асып бармаған жерім жоқ. Қиындықты қиындық екен демедім, көз ұшына дейін көлбей көсілген маң далаға, мұнарға шомып, сағым жалында тербелген, ойға, мұңға жетелейтін сары белдерге қанша ынтыға көз тіксем де, шөлім бір қанбады. Өн бойымда атамекенге деген от боп лаулап жанған бір іңкәрлік болды, ол әлі де басылған жоқ. Ол менің таусылмас ертегім боп қала бермек. Міне, осы ел кезу, жер кезулер келешекте жазатын шығармаларымның нәрі боп бойыма құйылып жатқанын, мен ол кезде білмедім, әлбетте. Осы сапарлардың әсерімен геолог-бұрғышылар туралы «Жұлдызды жон» повесі дүниеге келді. Оның желісі бойынша Мәскеуде орталық телевизия комитетінің тапсырысымен «Мы – молодые» атты кинофильм түсіріліп, одақтық арналардан жиі-жиі көрсетілді. Әдебиет сыншысы Ш.Елеукенов «Литературная газетаға» мақала жазып, шығармама ағалық тілеулес көңілін білдірді. Менің алғашқы «Мұнаралар шақырады» атты жинағым университетті бітірген соң, төрт жылдан кейін ғана жарық көрді. Мен де қазақ қаламгерлеріне тән еңбек жолын басып өттім. – Шығармаларыңызды оқып отырсақ, көбіне тарихи тақырыпқа қалам тербеген екенсіз. «Исатай – Махамбет», «Ноғайлы», «Көнеліктер», «Көк түріктері»… «Шағылмас жаңғақтай» тақырыптарға неге бардыңыз? – Сіздің айтып отырғаныңыз менің шығармашылығымның бір парасы ғана. Мен негізінен төрт-бес повестер мен әңгімелер жинағын шығарған, «Тосқауыл», «Алтын арал» сияқты романдар, «Атырау» атты дилогия, «Еділ-Жайық» сынды трилогия жазған прозашымын. «Еділ-Жайық» кезінде мемлекеттік сыйлықпен марапатталғанын білетін шығарсыз. Ал тарихи еңбектерімді егемендік алғаннан кейінгі соңғы он жыл бедерінде жаза бастадым. Кеңестер Одағы ыдырамай тұрғанда аталмыш тарихи еңбектердің жарық көрмесі бастағы бөріктей еді. Әлбетте эсселік тарих емес, деректі тарих жазу бейнеті инемен құдық қазғанмен бара-бар аса машақатты тірлік. Бірақ мен соны көз қорқақ, қол батыр деп, көзді жұмып бастап кеттім. «Көзді жұмуыма» жиырма бес жыл киіз кітаптардан сарыла жинақтаған қорларым арқа тірек болды. Бақсының бақсылығы ұстағанда шыдай алмайтыны сияқты, сарғайған парақтарда жатып піскен деректер қолыма еріксіз қалам ұстатты. Қазір тарихымыздың ақтаңдақ тұстарына көлемді-көлемді бес кітап жаздым. Тілге сұранып, кезек күтіп тұрғандары да жоқ емес. – Көк түріктері туралы жазбаларыңызды оқыған едім. Осынау бұлдыр заманның алыс тарихына қалам тартуыңыздың сыры неде? – Бұған дейін біз «көк түріктер», «көк бөрі» деп бұл сөзтіркестің түстік мағынасына мән беріп, қате ұғынып келдік. «Көк түріктер» емес, Көк түріктері, Аспан түріктері немесе Тәңірі түріктері. Аспан түріктерін қытайлар тілдік мүмкіндіктеріне қарай сәл бұрмалап «Ашина түріктері» деген, бұл қауымның «Көөк түріктері», «Тәңірі түріктері» екенін Білге-қаған, Күл-тегін жазулары растайды. Аспанды «көөк» деп, қосарлы «өө»мен таңбалаған. Түрік заманының ғажап ерекшелігі – қазақ ру-тайпаларының қазіргі аталуымен түгел хатталуы. Соның бір өзі-ақ Түрік қағандықтары біздің тарихи бастауымыз екенін бұлжытпай куәландырып тұр. Қазақ мемлекеттігінің бастауы қайда деп былқ-сылқ болудың қажеті шамалы, Түрік қағандықтары екені айдан анық, жұлдыздан жарық. Оның тағы бір маңызды астары – Түрік қағандығы жасаған топырақтағы егеменді ел біз ғана. Түрік қағандықтарының тарихы мен мәдени мұрасына мұрагер әрі жауапкер түптің түбінде қазақ жұрты болатыны және талассыз. – Жазушылардың тарихи тақырыптарға қалам тартуын маман тарихшылар құптай бермейді. Көп жағдайда тарихты бұрмалайды деп сын айтады. Сіз сынға ұшыраудан қорықпайсыз ба? – Иә, артық қылам деп, тыртық қылушылар жеткілікті. «Балама тарих» деген етек алып барады. Орыста оның серпіні тіпті күшті. Математикалық жолмен тарих жасаушылар да шықты. Оны істеушілер орыс қауымын төл тарихынан адастырып, түптеп келгенде орыс мемлекеттігін әлсіретуді көздеген әрекеттер ме деп пайымдаймын. Бізде де осы іспетті жадағайлардың ұшқыны шаң беруде. Ол қазақ жұртына шын тарихты танып-білуге залалын тигізіп отыр. Маман тарихшылар күрессе, осындай ауажайылушылықпен күрескені абзал. Өткен-кеткеніміз әлі бір ізге түспеген біздің төл тарихымыз үшін көнеден жеткен әр дерек алтынның сынығымен бара-бар, барымызды нақтылай түсу орнына мифтендірудің қажеті жоқ. Миф тарихымызды шынайылықтан алыстата бермек. Ал менің жазғандарым туралы әзірше теріс пікір бола қойған жоқ. Бола қалғанның өзінде одан үрке шошынудың қажеті шамалы. Әйтеуір, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, беталды топырақ шашу болмай, дәлелді, салауатты сын өрбісе, ондай пікірталастың пайдасы болмаса, зияны болмайды. Қай еңбекте жүре түзелетін кемшіндіктерден құралақан емес. – Әнес аға, сіз туралы жазылған «ол кісі идеологиялық мұраттарға бұра тартпай, тарихи шындықты бояусыз, архивтік құжаттар негізінде баяндау арқылы әділетсіздікпен тынымсыз айқасқа түскен, жан алысып,жан беріскен саяси топтардың, олардың жетекшілерінің тарихи бейнесін жасады» дегенді бір басылымнан оқығаным бар. Кеңес цензурасының қатаң талабынан жазған дүниелеріңіздің жолы кесілген жағдайлар болған жақ па? – Әлбетте болды. «Атырау» атты екі кітаптан тұратын дилогиямды өткен ғасырдың жетпіс бесінші жылы толықтай жазып бітіріп едім. Соның бірінші кітабы жетпіс алтыншы жылы шықса, екінші кітабы араға отыз жыл салып, егемендік заманында ғана жарық көрді. Екінші кітапта Түркістан легионы тарапынан десанттар түсірілгені сөз болатын. Түркістан легионы туралы алғашқы хабар қазақ қауымына «Үлкен Түркістанның күйреуі» деген кітап арқылы жетті. Ұмытпасам авторы – Серікбаев ба, басқа ма, есімде қалмапты, әйтеуір КГБ-ның дөй шенді байырғы қызметкері. Егемендік иісі сезіле бастаған бергі кезеңде осы кітап Қазақстан Жазушылар одағында талқыланып, байғұс кітаптың да, автордың да шаңын қақты. Қорқыныш жоқ кезде шетімізден батыр-ақпыз гой. Әлгі кітап авторының «Үлкен Түркістанды» жамандай отырып, жабық сандық түбінде жабулы жатқан шындықты жарыққа шығарған жанкештілігін ұқпадық қой. Сол кітап болмаса, «Үлкен Түркістан» дегенді ешкім білмес те еді. Міне, осы кітаптағы десанттар менің екінші кітабыма енді. Кітаптың шықпайтыны бесенеден белгілі еді. Дау-шар шығармай, жабулы қазанды жабулы күйінде қоя салдым. Өзім өз болғалы айтып тұрғаным осы. Бұл тақырыпқа пьеса да жазғанмын. Режиссер Жақып Омаров екеуміз оны сахнаға шығарамыз деп, бес жыл арам тер болдық. Қолдан келмеді. Қазір бәрі орын орнына келді ғой. Жазушы өмірінде мұндайлар жиі кездеседі. Оны трагедияға айналдырудың, запа шеккен боп, сол арқылы ұпай жинаудың салауатты қаламгерге қажеті шамалы. – Қадыр Мырза-Әлінің «Жеткізу үшін шындықты, өтірік қостым ішіне» дейтін өлеңі бар еді. Кеңестік кезеңнің қатаң талаптарынан айналып өту үшін өтірікті пайдаланған кезіңіз болды ма? – Әдейі өтірік қосып, сөзімді сұйылтқан кезім жоқ. Алайда менің шығармаларымда ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінде астарлы, аллегориялы жазу стилі қалыптасты. Оны танып біле қойған әзірше сыншы да, ғалым да жоқ. Сол тәсіл арқылы цензураны оңай айналып өтіп жүрдік. Тың игеру салдарынан еліміздің терістік өлкелері түгел орыстанғаны туралы «Жол-жөнекей» атты әңгіме жазып, «Жұлдызға» бастырдым. Журналдың орынбасары Жәрдем Тілеков ағамыз әңгімеден қауіпті ештеңе көрмей, қолды қойып жіберген. Шығарманы оқып алған жастар арасында гу-гу әңгіме шыққан соң, қайта оқып, «Мына Әнес мені қатырып кетті» деп санын соғыпты. Әңгімеде балалар үйінде тәрбиеленген, капитан шенді бір офицер, жол-жөнекей Ресей асып бара жатып, Ақмола облысының Жалтыр бекетінен түсіп қалып, осы өңірдегі ауылын іздейді. Ауылын да, ауылдастарын да, нағашы атасын да таба алмайды. Жүзі таныс тірі біреуді кездестірем бе деген офицер баяғы ауылының үйінділерін, қирап-бүлініп, егістік боп жыртылып кеткелі тұрған ата-баба зиратын ғана мұңая көзбен шолып, кері қайтады. Әңгіменің сырты дұп-дұрыс, пәле ішінде жатыр. Астарлы, аллегориялы әдіс осы әңгімеден барынша анық көрінеді. Халқымыздың мұңы мен көз жасын жырғай отырып, цензурадан өту үшін, ойбой, нендей құйтырқы амалдарды ойлап таппадық. – Сіз туған өңір Астрахан облысы ноғайлы мен қазақтың басын қосқан киелі мекен еді. Туған жерге ат ізін саласыз ба? Тарихта өшпес із қалдырған бұл өңірдің бүгінгі ахуалы қандай? – Бұл өзі әу баста хазар, яки қызылбастар жайлаған өңір ғой. Біздің ауыл ежелгі қызылбас зиратының жанында отыр. Кейін ол зиратқа ноғайлылар қойылған. Одан кейін торғауыт қалмақтар келіп, ақыр соңы қазақтың қолына көшті. Аталарым менің туған күлдігім Кармалайды, асылы ежелгі хазар атауы болса керек, торғауыттарды ығыстырып барып меншіктеген. Менің әңгімелерім мен романдарымда жиі кездесетін Қаратал тоғайы қалмақпен «Мұз қырғыны» болған айтулы жер. Атақты Шалгез жырау осы өңірде туып, осы өңірде өлген. Қазтуған да осында туып, Шамға осынан кеткен. Біздің ауылдың негізгі жұрты – Ағатай Беріштер Исатай көтерілісінен кейін, қуғын-сүргіннен ығысып келгендер. Исатайдың жеке жасағының басшысы Әбдікерім тұқымдары. Қазір менің туған топырағымда жүз қырық мың қазақ, жүз отыз мың ноғай отыр. Қазақ пен ноғайдың құда болуы дағдылы жағдай. Біздің бала кезімізде қазақша сабақ беретін мұғалімдеріміздің дені ноғай болатын. Ноғай Жұмамұхаммедов біздің «Құрманғазы» колхозының қырық жыл басқармасы болды, бір ауыз ноғайша сөйлеген емес, «ноғаймын» деп айтқан да емес. Мен ол кісінің екі інісімен бір мектепте бірге оқыдым. Бірақ қазір жағдай мәз емес, егемендіктің алғашқы жылдарында, мемлекеттік деңгейде барыс-келіс көбеюіне байланысты, мектептерге қазақ тілі пәні енгізілген еді. Қазір таз қалпына қайтып келді. Әйтеуір «Ақ арна» деген газет, қазақша жаңалықтар беретін телеарна бар. Жастар там-тұмдап Қазақстанға кетіп жатыр, алайда қазақ ауылдарының іргесі сөгілер емес. Жұрт тұрмыстық қазақ тілін біледі, ораза-намазға өте берік. Бірақ жас ұрпақ түптің түбінде ана тілінен ажырайды деп қауіп аламын. – Бір сұхбатыңызда «Алаш» көсемдерінің азын-аулақ қателіктері болған» депсіз. Ол не қателік? – «Алаш» ақ патшаның июнь жарлығын қолдап, қазақтан майданның қара жұмысына солдат алуға үгіт-насихат жұмысын жүргізді. «Алаштың» жасыруға болмайтын ең үлкен қателігі осы деп білемін. Жалпы, біз өзі шындықты түбіне дейін айтуға жоқ, бір бармағымызды бүгіп қалатын халықпыз ба деп қалам. Біз жасырғанды, кейінгі ұрпақ бәрібір жарыққа шығармай қоймайды. Әу бастан-ақ әңгіменің анық-қанық болғаны жақсы емес пе? Сонан соң Алашорданың жекеленген көсемдерінің Алаш әскерін құрудан қорқақтап, аңыс аңдауға бой алдырулары, сөйтіп, саяси күрестің тегеуірінді жолдарынан арқаны сырт салып, майда либерализмге бой алдырғандары жасырын емес. – Бүгінгі қазақ драматургиясы туралы не айтар едіңіз? Талай жылдар қойылған шетел классикасын қайталай беру қажеттілік деп ойлайсыз ба? Әлде бүгінгі күнді қозғайтын пьесалар жоқ па? – Бірлі-жарлы классикасыз болмайды, әлбетте. Ол жас авторлардың да, режиссерлер мен актерлердің де шеберлік шыңдайтын мектебі іспетті ғой. Бірақ бүгінгі қазақ драма театрларын осы қалыптасқан дәстүрлі жағдайда қалдыруға болмайды. Ол құрдымға апаратын жол. Америка театрларында продюсер, режиссер, кем дегенде сол театрдың жалақылы қызметкері – екі драматург әрбір қойылымның көрерменге тигізген эмоциялық әсерінің дыбыстық таспасын сараптай отырып, сырттан білікті эксперттер шақыра отырып, репертуар қалыптастырады. Тақырыпқа да емес, пьесаның ой салмағы мен философиялық түйініне де емес, қойылымның эмоциялық әсеріне айрықша мән беріледі. Эмоция арқылы қабылданған туынды ғана көрерменге әсер етеді, ал көрерменді тебіренте алмасаң – небір зілбатпан асыл ойларың қаңқ етпес қара тас боп, мелшиіп қала береді. Жиырма жыл үзбей журналын жаздырып алып оқыдым. Сол басылым бетінен аңдауымша: Америка театрлары тек пьеса қоймаған, жұлдыздармен кездесу шоуларын да жиі ұйымдастырған. Қысқасы, көрермен сұранысы қадағалана зерттеліп, солардың талап-тілегін қанағаттандыратын репертуар түзілген. Асылы, осынау өнікті жолға бет бұрған жөн сияқты. – Хакім Абай «Тамағы тоқтық, уайымы жоқтық аздырар адам баласын» дейді. Бүгінгі қоғамда қазақ баласы тамағы тоқтықтан, уайымы жоқтықтан өнікті жолға түсе алмай жүрген шығар… – Қазіргі біздің жас тілшілеріміздің бойында қисық сұрақтар қоюға әуестік барын байқаймын. Асылы, «сынықтан өзге жұғады» дегендейін, орыс ағайындардан келген сарын. Ол бойымызды соларға қарап түзеп, біз еліктейтін ел емес. Өлгенін сыйламайтын, күпірлік ниеттегі елдерден аулақ болғанымыз ләзім. Өйткені біз өлгенімізді сыйлайтын, өлгеннің соңынан ғайбат айтпайтын елміз, аруақты қастерлеу ата-бабаларымыздың жер жаралғаннан бергі тұтынған басты қағидасы. Археологиялық айғақтар осы қағиданың куәсіндей. Бүкіл шығыс философиясында рухани байлық бірінші орында да, материалдық байлық екінші орында. Батыс философиясында керісінше. Біз материалдық игілікке басымдық беріп, көшімізді сәл қисайтып алғанбыз. Рухани байлықты идеологиямыздың түп қазығы деп қанша жарияласақ та, жеке кәсіпкерікке бет бұрған соң, байлар, ауқатты адамдар, дәулеттілер болмай тұрмайды. Бұрында солай болған. Арқада он үш – он сегіз мың жылқысы бар байлар жиі кездескен кешегі күндері. Адал мал тапқанда айып жоқ. Қарау жолмен мал тапқан бүгін болмаса, ертең құсады. Малдыларға қызғанышпен қарау психологиясынан аулақтап, барға қанағатқа бой үйреткеніміз қида ләзім.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА