АУЫЛ «АҚБҰЛАҚТАН» ҚАНЫП ІШЕ МЕ?

Дәл қазiр ауызсу – көлденең тұрған күрделi мәселе. Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң ресми мәлiметiне жүгiнсек, елiмiзде 7002 елдi мекен­ болса, оның 3 849-ы тәттi судан тапшылық көруде. Орталықтандырылған санитарлық талаптарға жауап беретiн сапалы сумен қамтылған ауылдық елдi мекен­дердiң саны бар-жоғы – 41 пайыз ғана. Шынтуайтында, 83 мың адам таза суды сатып немесе тасып iшуге мәжбүр.

Бұл мәселені түпкілікті шешу үшін 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы қабылданып, межесіне жеткен. Үкімет сол кезде 7 231 елдi мекендi толық ауызсумен қамтып, 174 кент пен 86 қала және қалашықтарға су жүйелерi тартылады деп уәде берген болатын. Тіпті осы мақсатқа мемлекет қазынасынан бөлінген 195 млрд. теңгенің жұрнағы қайда кеткенін білмей қалды жұрт. Алайда мемлекеттiк бағдарламаны орындауға келгенде селқос қараған жергiлiктi әкiм­дiк­тер мен мердігерлерге қандай шара қолданылды? Бұл жөнінде ақпарат жабулы қазан күйінде.

Есесiне, үкiмет «Ауыз су» бағдарлама­сы­ның жалғасы іспеттес 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасының тұсауын кестi. Бұл алдыңғы бағдарламаны жүзеге асыру барысында кеткен кемшiлiктердi қайталамай ма? Үкi­меттiң уәдесiне сенсек, “Ақбұлақ” ауылдық елдi мекендердi орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етуі тиіс. Бағдарлама екi кезеңге бөлiнген. Бiрiншi кезең – 2011-2015 жылдар, екiншi кезең – 2016-2020 жылдар аралығында орындалмақ. Егер бағдарлама нәтижесін берсе, 10 жылдың iшiнде ауыл халқының 80 пайызы, қала халқының 100 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылатын көрiнедi. Тiптi ауылға таза суды құбыр арқылы әрбiр аулаға, әрбiр отбасына жеткiзу көзделген. Ауыл халқын неғұрлым таза сумен қамту үшiн әр аудан орталығынан мамандандырылған су пайдалану кәсiп­орны құрылмақ. Бiрiншiден, аудан орталықтарын сумен қамтуға мән берi­ледi. Екiншiден, халқының саны 1 мыңнан асатын елдi мекендердi сумен қамту жоспарланған. Одан кейiн 500-1000 адам аралығындағы ауылдың мәселесi қаралады. Мұның бәрі бағдарламада жүзеге асуы тиіс іс-жоспарлар ғана. Ал бірақ соның тетігін тауып, сөзден іске көшетін уақыт енді ғана туған сияқты.

Қаржы министрi Болат Жәмiшев­тiң айтуынша, “Ақбұлақ” бағдарламасын даярлау кезiнде оны жүзеге асыруда мемлекеттiк органдар бойынша жыл сайын қаржыландыру 60 миллиард теңге болған. Халық қалаулылары мұны көтеру жөнінде ұсыныс тастады. Ал бағдарламаны орындау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлiгiнің өзі 3 жылға 125 миллиард теңге бөлмекші. Жалпы көлемі 1,2 триллион теңге бөлінеді деп кесілген бағдарламаның іске асу тетігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттіктің қолына өткен. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Үкімет 2020 жылға дейін жыл сайын 90 млрд. теңгеден астам қаражатты бөлуді көздеп отыр. Бұл қаржының 60 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, 30 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттерден бөлінетін болады.

АУЫЗСУ АҒЫНЫ АРТУДА

«Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша, Алматы облысының бес елді мекені орталық су жүйесіне қосылса, жыл соңына дейін 10 млрд. теңгеге он екі ауылды ауыз сумен қамту жоспарға іліккен. Десе де, облыстағы әлі 245 ауыл орталық су жүйесінен тыс қалса, 9 елді мекен тұрғындары ауызсуды тасып ішуде. Ал Маңғыстау облысына қарасты Түпқараған ауданының тұрғындары мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасының игілігін көре бас­тапты. Қарт Каспийді жағалай орныққан Түпқараған ауданы тұрғындарының 80 пайызы осы күнге дейін ауызсуға жарымай отырған. Бұған дейін ауданның екі-ақ ауылына орталықтандырылған су құбыры тартылса, жақында Таушық ауылына су құбыры тартылып, таза ауызсу үйді-үйге жеткізілді. Аталған жұмыстарға ел қазынасынан 205 млн. теңге жұмсалды. Аудан басшылары тұрмысы төмен 20 отбасыға су құбырын ауласына дейін тегін жеткізіп берген. Енді мемлекеттік бағдарлама аудан орталығы Форт-Шевченко қаласында жалғаспақ.

Қа­ра­ғанды аймағы да бағдарламадан қалыс қалған жоқ. Аймақта 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасында ауызсумен қамтамасыз етудің бірқатар басымдықтары ескерілген. Оны жүзеге асырудың нәтижесі бойынша ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету, суды есептегіш құралдарды қалалық және ауылдық жерлерде орнату, жерасты сулармен қамтамасыз ету тұрғысында зерттеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ, елді мекендерді ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету шаралары қарастырылған. Қарағанды облыстық құрылыс басқармасының мәліметіне сүйен­сек, қазіргі таңда облыстың қа­лалар мен елді мекендерін сумен қамтамасыз етуде 25 нысанда құ­рылыс-жөндеу жұмыстары жүр­гізілуде. Атап айтқанда, «Жәйрем-Қаражал» су құбыры, Саран қа­ла­­ішілік су желілері, Долинка мен Солтүстік-Батыс кенттері, Абай ау­данындағы Көксу елді мекені, Бұ­қар жырау ауданының Центральное ауылы, Нұра ауданының «Шахтер» ауылы, Балқаш-Қоңырат су құбыры және басқалары. Оның ішінде 7 жоба биылдың еншісінде, 11-і келесі жылға тиесілі.

Ал Орал өңірінде «Ақбұлақ» бағдарла­ма­сына сай биыл 2012 сумен қамту нысаны құрылысы қолға алынды. Оның тоғызы биыл іске қосылады делінген. Батыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының бастығы Нұрлан Мырзағалиевтің пікірінше, жыл соңына дейін барлығы 264 шақырымдық су құбыры тартылып, облыстың 13643 тұрғыны таза ауыз суды тұтына алатын болады.

КОМИТЕТ КӨП АҚШАНЫ ҚАЛАЙ ҮНЕМДЕДІ?

Жақында Сенаттың «Өңір» депутаттық тобының отырысында «Ақбұлақ» бағдарла­масының кемшін тұстары сарапқа салынды. Жиынды ашқан сенатор, «Өңір» тобының жетекшісі Ермек Жұмабаев «Ақбұлаққа» дейін болған бағдарламаны іске асырудың қысқаша қорытындысына тоқтала кетті. «2002-2010 жылдарға арнал­ған «Ауызсу» бағдарламасын іске асыру аяқталды. Осы бағдарламаның шеңберінде барлығы 12 935 шақырым су құбыры және ауыз сумен жабдықтау бағыттары салынды, қайта қалпына кел­тірілді және күрделі жөндеуден өткізілді. 3,5 миллион­нан астам ауыл халқы бар 3449 елді мекенді сумен жабдықтау жақсар­тылды» деген Е.Жұмабаев әлі де болса ауыл халқын сумен қамтамасыз ету күн тәртібінен түспейтін мәселе екендігін қадап айтты.

«Тұтастай алғанда, 2002-2010 жыл­дарға арналған «Ауызсу» бағдарламасын іске асыру кезінде бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, су құбырларын сапасыз салу, сондай-ақ қалпына келтіру, жөндеу, құрылыс жұмыстарын орындау мерзім­де­рін бұзу фактілеріне жол берілген», – деді «Өңір» тобының жетекшісі. – «Бұған бас­ты себеп – сумен жабдықтау жүйеле­рін дамыту және жаңғырту жөніндегі жұ­мыстарды жоспарлау кезінде жүйелі көзқарастың болмауы, орталық және жергілікті атқарушы органдардың тиісті түрде өзара іс-қимыл жасай алмауынан болып отыр. Бұл кедергілер жаңа бағдарламаға сол күйінде көшуі мүмкін».

2020 жылға дейінгі «Ақбұлақ» бағ­дар­ла­масын іске асыруға бюджеттен

1 триллион 273 миллион 859 мың теңге көзделуде. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агент­тігінің төрағасы С.Нокиннің мәліме­тінше,

былтыр жалпы сомасы 83,3 мил­лиард теңге болатын 360 жоба іске асырыл­са, биыл сомасы 77,2 миллиард теңге болатын 342 жоба қолға алынған. Нәтижесінде ағымдағы жыл­дың соңында қалалар бойынша ауызсумен 84 пайызға дейін, ауылдық жерлерде 43 па­йызға дейін қол жеткізу жоспарланып отыр. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев: «Ауызсу проблемасын айтып келе жатқанымызға он жылдай бол­ды. Біз бұл мәселеде қойылған мақсатқа да жете ал­ма­дық. Оған сапасыз жоба, сапасыз құрылыс, су жүйе­лерін сапасыз пайдалану салқынын тигізді. Жалпы жоба бар, бірақ 2014 жылы қандай нысандар салы­натындығын білмейміз. Ал бұл бағдар­ламаға триллион теңгеден астам қаржы жұм­салғалы отыр. 2020 жылға дейін қай ауылда қай уақытта қандай нысан салынатын­ды­ғын білуіміз керек. Біз тек үш жылғы жо­ба­­ны ғана білеміз», – деп қынжылыс білдірді.

Су ресурстары комитетінің төрағасы қандай да бір ауылды не қа­ла­ны орталықтандырылған сумен жабдық­таушы нысанның жобалық-сметалық құ­жат­тамасын дайындағанда, «техникалық тапсырыс» дегеннен көп кемшілік кететін­дігін түсіндірді. «Техникалық тапсы­рысты көбіне сол аудандағы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы емес, сол бөлімнің жаңадан келген, тәжірибесі жоқ, болмаса сауаты жетпейтін бір маманы беруі мүмкін.Сөзім жалаң болмасын, мәселен Солтүстік Қазақстанда су құбырын жүргізудеміз, сол су құбыры ке­ліп, Сібір жарасы, топалаңнан қырылған малдар көмілген 20-30-ға жуық «скотомо­гильникке» тірелді! Яғни жоба жасаған адам барып, геологиялық зерттеу, талдау жұ­­мыстарын жүргізбеген. Мұндай мысал­дарды ондап емес, жүздеп келтіруге бо­лады», – деген Ислам Әбішев біраз шын­дық­тың бетін ашқан.

Бір айта кетерлігі, республикалық су­ шаруашылығы нысандарының реконструкциясы мен жөндеу жұмыстарының тиімділігін анықтау мақсатында комитеттің қызметкерлері әр аймақтағы нысандарды аралап, бюджет қаражатының ысырапсыз жұмсалып отырғанын анықтапты. Бұл туралы Ислам Әбішевтің өзі де: «300 млрд. теңгенің үнемделгенін өзіме жарнама жасау үшін жариялап отырған жоқпын. Бұл Мемлекет басшысының бізге, мемлекеттік қызметкерлерге берген тапсырмасы болатын. Елдің ішкі проблемасын шешу үшін сұраған қаржыны да бөлді. Бірақ ол қаржыны үнемді, тиімді жұмсау керек емес пе?!» – дегенді жеткізді. Мәселен «Қ. Сәтбаев» су арнасы 1-нысан бойынша үш су қуатын насос қондырғысын ауыстыруға 3 млрд. теңге жұмсаған. Екінші жобада 4 насосқа 6 млрд. теңге жобаланыпты. Алайда бұл қондырғының бағасы арзан көрінеді. Ал су арнасының электр энергиясына жұмсайтын жылдық шығыны 2 млрд. теңгеден де көп.

«Бартоғай» су қоймасын қалпына келтіру жұмыстарының жобалық сметасы 250 млн. теңгеге жасалғанмен, жобаның құны 9 млрд. 250 млн. теңгеге бағаланған. Мамандардың айтуынша, бұл ақшаға су қоймасын бұзып, қайта салуға болады екен. Қолда бар деректерге сенсек, ел қазынасын тонағысы келген пайдакүнемдер 9 млрд. теңгенің 7 миллиардын су қоймасының түбіне тұнып қалған лайды тазартуға жұмсамақ болыпты.

Сейсенбек Мұстафаев, «Алматыгид­ро­геология» АҚ бас директоры,

геолого-минерология ғылымының докторы, академик:

– Бұған дейінгі «Ауыз су» бағдарламасы өз межесіне жетсе де, нәтиже көңіл көншітерліктей емес. Ал 2011-2020 жылдар­ға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы қабыл­данып еді, оған қатысты зерттеу жұмыстары биыл ғана басталды. Мұның шикі тұстары өте көп. Мысалы бұрын жобалық құжаттарды бір мекеме дайындайтын. Ал қазір комитетіне келген басшылар жаңа әдістемелерін әкелуде. Яғни жобалық құжаттарды бұл салаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мамандар дайындап жүр. Егер ол өз ісінің маманы болса, өз аймағының бүге-шігесіне дейін біледі емес пе?! Бүгінде бәрі аралас-құралас болып кетті. Геологияға қатысы жоқ болса да, қолына лицензия алып алғандар көп. «Ақбұлаққа» бөлінген ақшаның нәтижелілігі өте төмен. Жоғары жаққа ақша игерілді деп есеп береді, ал халық қалай сусыз отырып еді, әлі солай отыр.

Өткенде Су комитеті ақша үнемдедік деді. Ол қалай үнемделеді? Геологиядан хабары жоқ мамандардың сөзі бұл. Бұл уақытында өткізілмей қалған тендерлер. Комитет басшыларының жауапсыздығынан, білмеуінен. Адамның денсаулығынан қалай үнемдеуге болады? Су – өзекті мәселе. Ақша бөлгеннен ештеңе өзгермейді, халыққа су өзінен өзі бармайды. Мәселе – ақшаны есеппен жұмсауда. Ақшаны жеткілікті деңгейде бөліп жатқан сияқты. Нәтиже қайсы? Ақшаны құр игеруді ғана ойлайды. Соңғы екі үш жылда комитетті экономис­тер, заңгерлер, мұғалімдер басқарып келеді. Бір таңданарлығы, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысының басы-қасында судың жағдайын білетін геологтар жоқтың қасы. Ал мамандардың пікірімен ешкім санаспайды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Back to top button