Жаңалықтар

АВТОНОМИЯ АЛУҒА ҰМТЫЛҒАН НОҒАЙЛАР

ашық дереккөзі

АВТОНОМИЯ АЛУҒА ҰМТЫЛҒАН НОҒАЙЛАР

Әрбір ұлттың мемлекет болуға ұмтылатыны белгілі. Жер бетінде 6 мыңдай ұлттар мен ұлыстар бар десек, оның 200-і ғана мемлекет ретінде іргесін бекіткен. Әлі қаншама ұлт өз тәуелсіздігіне қол жеткізе алмай, алаң-елең күн кешуде.

Сондай бір ұлттың бірі – ноғайлар. Ұлттық патриоттық жағынан рухы биік ноғайлар өзінше дербес мемлекетке айналуға ниетті. Олар бұл арманына сандаған жылдар бойы қол созып, «ұлтарақтай болса да, ата қонысы жер қымбат» деумен келеді. Жақында IV съезде бас қосқан Ресей аумағындағы ноғайлар Ресей президенті Владимир Путиннің атына үндеу жолдады. Дағыстанның Ноғай ауданындағы шағын ғана мектепте өткен құрылтайға жиналған делегаттар бірауыздан ноғайларға автономия беруін сұрап, территориалдық құрылым құруды өтінді. Сондай-ақ үндеуге қол қойғандар жаңа автономияны ноғайлардың Страврополь өлкесі, Шешенстан және Дағыстан аумағындағы тұрақты мекендерінің шекарасы бойынша құруды ұсынған. Олар бұл шешім Ресейдің Солтүстік Кавказдағы қауіпсіздігін нығайтып, ноғай ұлтына қатысты тарихи әділдікті орнатады дейді. Олардың айтуынша, жоғарыда аталған шекара бойынша автономия құру ешбір ұлттың мүддесіне нұқсан келтірмейді.

Ноғайлықтардың бұл бастамасын Ресей басылымдары мен интернет сайттары жарыса жазды. Олар арнайы жүргізілген сауалнаманың нәтижесін де ұсынған. Мәселен, «Ноғайлықтардың Дағыстан рес­публикасы құрамындағы саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық жағдайына қанағаттанасыз ба?» деген сауалға 5600 респонденттің 99 пайызы «жоқ» деп жа­уап беріпті.

Ресей президенті В.Путинге арналған үндеуде: «Ноғайлар – шыдамды халық, бірақ шыдамның да шегі бар. Былтырғы жылы Ресей ноғайларының III бірлескен құрылтайын өткізуге мәжбүр болдық және сол жиында ноғай даласы аумағында автономия құрып, оған ноғайлар тұратын ауылдарды енгізуді талап еттік. Ол талабымызға РФ президентінің әкімшілігінен жауап болмағандықтан, Ресей ноғайларының IV бірлескен құрылтайын өткізу туралы шешім қабылданды», – деп жазылған. Сондай-ақ құрылтайға қатысқан ноғайлар: «Дағыстаннан бөлектеніп, автономия құру арқылы ғана ноғайлар халық-этнос ретінде сақталады және келешек ұрпақ үшін өз жерін сақтап қалады. Бүгінгі жағдайда біз ноғай ауылдарының Дағыстан құрамында қалуы мүмкін емес деп санаймыз. Билік тарапынан еш қолдау жоқ, ноғай халқының мәселелеріне еш көңіл бөлінбейді», – дейді олар.

Тіпті, жергілікті билік ноғайлардың құрылтай өткізуіне рұқсат бермепті. Құ­рылтайды ұйымдастырушылардың бірі Мурат Авезов бұл шара 28 қазанда жеке үйдің ауласында өткенін айтады. Дағыстан, Шешенстан республикаларынан Қарашай-Шеркес және Ставрополь өлкелерінен, Астрахан облысынан келген екі жүзге жуық адам: «Біз ноғай халқының проблемаларын талқылау барысында ауызбіршіліктің жоқтығын, жұмыссыздықтың жоғарғы деңгейде қалып келгендігін айттық. Сорақысы сол, Дағыстанда туберкулез бен қатерлі ісік ауруларына шалдығу дерегі, әсіресе ноғай халқының арасында ең жоғары болып отыр», – дейді. Шынында да, ноғай даласының кезінде жайқалған жайылымдары бүгінде деградацияға ұшыруға шақ қалыпты. Жайылымдарды Дағыстан үкіметі жыл он екі ай бойында пайдаланып, республиканың тау­лы аудандарынан келген шопандардың мал-жанын шамадан тыс шоғырландырған. «Егер осы экологиялық проблема шешілмесе, жақын жылдары Ресейдің еуропалық бөлігінде қолдан жасалған шөлейт пайда болады. Көз алдымызда кеңейіп бара жатқан шөлейт жер Ноғай ауданына ғана емес, Ставрополь және Краснодар өлкелерінің, жалпы Ресейдің оңтүстік жеріне шығын әкеледі», – деп жазылған үндеуде. Сол сияқты Дағыстанның таулы бөлігін жайлаған діни экстремизмнің Ноғай ауылдарына дендеп енуі де жағдайды шиеленістіріп жіберген. Соның салдарынан тау халықтары жазыққа келіп, дала жұртына жат пиғылды салт-дәстүр мен исламның ноғайлықтарға тән емес ағымдарын сіңіріп жатқан көрінеді. Осындай қордаланып қалған мәселелерін ақ қағазға түсірген ноғайлар Мәскеу тарапынан жа­уап күтуде. Ресейдегі ноғай халқының ұлттық кеңесі төрағасы Залимхан Бегендіков бастаған топ Ресей аумағындағы жүздеген мың ноғай ұлтының басындағы ауыр жағдай билікті бей-жай қалдырмайды деп сенеді. «Егер Ресей президенті бұл мәселеге қолұшын бермесе, Дағыстандағы ноғайлар жергілікті халыққа жұтылып кету қаупінің аз-ақ алдында тұр», – деген жанайқайын білдірді.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ