АҚШ-ТАҒЫ САЙЛАУДЫҢ АСТАРЫ

АҚШ-ТАҒЫ САЙЛАУДЫҢ АСТАРЫ

АҚШ-ТАҒЫ САЙЛАУДЫҢ АСТАРЫ
ашық дереккөзі

Барак Обаманың жеңісі базбіреулерге сенімсіз көрінуде

Сонымен өткен аптада айқын басымдылықпен жеңіске жеткен Барак Обаманың АҚШ президенттігіне қайта сайлануы бүгінде біраз әңгіменің өзегіне айналып отыр. Бәрінен бұрын Барак Обаманың таққа қайта отырғанына ресейліктер қуанды. Өйткені оның басты қарсыласы – Республикалық партияның өкілі Митта Ромни АҚШ-тың басты жауы ретінде – Ресейді атағаны мәлім.

Соңғы күндерге дейін Митта Ромнидің Барак Обамамен тайталасып келуі Ресейді алаңдатып келгені рас. Оны АҚШ сайлауынан кейінгі Ресей ақпарат құралдарының тақырыптарынан да айқын байқауға болады. Мәселен, «Коммерсантъ FM» газетінің 7 қарашадағы санында Даниил Арсеньевтің «Выборы в США: Россия вздохнула с облегчением» атты мақаласы жарық көрді. Автордың айтуына қарағанда, ресейліктер Обаманың қайта таққа отыруын қолдаған. Айталық, «Ресей үшін Обаманың жеңісі тиімді. Барак Обаманың Митта Ромни секілді русофобиялық кеңесшілері көп емес. Сондай-ақ, Обама қырғиқабақ соғыстан ада. Үшіншіден, ол өзінің саяси тағдырын Ресеймен қарым-қатынасын жақсартумен бастаған. Ол Ресейді қарсылас ретінде емес, әлем алдында тұрған ортақ міндеттерді шешу жөніндегі стратегиялық әріптес ретінде көреді. Ол үшін Ресей проблема емес, проблемаларды шешу мүмкіндігі» делінеді мақалада.

«Московские новости» газетінде сұхбат берген РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров: «Әрине, біз бұл әкімшілікпен жұмыс істеуді жалғастыратын боламыз. Тепе-теңдік, өзара тиімділік, өзара құрмет негізінде жұмыс істеуге дайынбыз. Америка әкімшілігі қанша алысқа жүруге дайын, сонша алысқа баруға дайынбыз» деген екен.

Америкадағы сайлаушылардың саны небәрі – 538 адам. Болашақ президент оның – 270-ін жинауы керек. Сайлауда 303 дауыс жинаған Барак Обаманың жеңісінің кілті неде? Бұны да әркім әртүрлі саққа жүгіртуде. Біріншіден, Америкада соңғы бір ғасырдан астам уақыт дәстүрге айналған үрдіс – бір президенттің екі кезеңге сайлануы. Сол себепті де Барак Обаманың екінші кезеңде сайлануы қалыпты құбылыс еді. Соңғы 150 жыл бойында АҚШ-та екі партия кезектесіп басқарып келеді. Ол – республикандықтар мен демократтар. Демократиялық партияның атынан сайланған Барак Обаманың бұл жолғы жеңісін сарапшылар күні бұрын болжады. Екіншіден, сарапшылар Обаманың Американы ұлы дағдарыс дауылынан сақтап қалғандығын айтады. РФ Қаржы экс-министрі Алексей Кудрин оның Конгресстің қарсылығына қарамастан, Америка экономикасына ірі деңгейде қаржы құю мүмкіндігіне ие болғандығын айтады. «Ол Американың автомобиль кәсіпорнын құтқарып қалды. Қазір Америка экономикасы өсу үстінде. Оның дамуы біреулердің қалағанындай керемет емес шығар, бірақ сенімді және болжауға негіз бар» деген пікірде. Алып елдің адамдары Обаманың АҚШ-ты 2013 жылғы рецессия­дан құтқаруын күтіп отыр.

Сонымен бірге, Барак Обаманың жеңісіне ықпал еткен фактордың бірі ретінде – «Синди» дауылы аталады. Дауыл Нью-Джерси, Солтүстік Каролина, Пенсильвания, Вирджиния, Мэрилэнд, Нью-Йорк, Коннектикут, Батыс Вирджиния, Делавар, Огайо штаттары мен Колумбия аймағында орын алды. Бізге жеткен мәліметтер бойынша, дауылда 90 адам ажал құшып, АҚШ экономикасына 50 миллиард доллар шығын әкелген. Дауыл салдарынан Нью-Йорктің 800 мыңға жуық адамы жарықсыз қалды. Бұл бірнеше күнге созылды. Нью-Йорк пен Нью-Джерси штатында жанар-жағар май жетпей, май құю бекеттерінде кезек ұлғайды.

2 қараша күнгі мәліметтер бойынша АҚШ-та дауыл және тасқын салдарынан қайтыс болғандардың саны 90-ға жеткен, оның 40-ы Нью-Йорктің, өзгесі алты штаттың тұрғындары. АҚШ-тың 12 штатында 4,5 миллион адам электр жарығынсыз қалған.

АҚШ президенттігіне үміткер қос саясаткер сайлауалды кампаниясын «Синди» дауылы қарсаңында мүлдем өзгертіп жіберген. Өйткені, «Кэтрин» дауылы қарсаңында қол қусырып қарап қалған Джордж Буштың рейтингісіне бұл фактор әжептәуір ықпал еткен болатын. Барак Обама үгіт-насихатын басқа қалаларда жүргізуден бас тартып, Вашингтонда қалды. Ақ үй баспасөз-қызметі оның іс-сапарындағы өзгерістер дауылдың қалай сипат алатынына орай болатындығын мәлімдеген еді. Дегенмен, «Мегаполис» газетіне сұхбат берген АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Кеннет Фэйрфакс табиғи апаттың бұл сайлаудың барысына ешқандай әсері болмағанын айтыпты. Елші сондай-ақ, Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас үлкен Джордж Буштың кезінде басталғанын, содан бергі саяси курстың өзгермегенін айта отырып, «АҚШ әрдайым тәуелсіз Қазақстанның ірі демократиялы мемлекет болуына көмектесіп келген, көмектесетін және қолдайтын болады» деген ойын жасырмапты.

Есенгүл Кәпқызы