«ШЕВРОН» СТИПЕНДИЯСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

«ШЕВРОН» СТИПЕНДИЯСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

«ШЕВРОН» СТИПЕНДИЯСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
ашық дереккөзі

Жақында Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Шеврон» компаниясының 2012-2013 оқу жылына арналған стипендиясы табысталды. Қатарынан 6 жыл бойы ұсынылып келе жатқан стипендия техиникалық мамандықтағы білімгерлерге беріледі.

Биыл «Шеврон» компаниясы ең үздік 65 студентке стипендия тағайындады. Оның 38-і толық, ал қалған 27-сі жартылай стипендия алатын болады. Қазақ студенттері үшін бұл әжептәуір көмек. Бұл марапаттау шарасына аталмыш компанияның Еуразия бөлімшесі басқарушы директорының орынбасары Имир Боннер ханым қатысты. Сертификаттарды өз қолымен табыстаған Боннер ханым «Шевронның» бүгіні мен болашағының зор екенін де айтып өтті. Сондай-ақ, осы студенттердің болашақта «Шеврон» сияқты ірі мұнай-газ компанияларына қызметке орналасу мүмкіндіктерінің зор екенін жеткізді. Техникалық мамандық алған студенттердің жұмыс таппағандықтан басқа салаларға кетіп қалуы сирек. Мұнай өндіру ошақтары мен өңдеу зауыттарында, шалғай аймақтардағы кеніштерде жұмыс күші, инженер маманның әзірге қолы тапшы. Әсіресе Каспий маңындағы мұнай ошақтарын өндіруге кіріскен компания Қазақстандағы «Қарашығанақ» кенішінде жұмыс басталып кеткенін айтты. «Студенттер компаниямыздың әлемнің түрлі елдеріндегі өндірістік алаңдарында жұмыс істейді деп сенеміз. Өйткені кадрлардың дамуына және болашақ инженерлердің әлеуетін толыққанды жүзеге асыруға жағдай жасау біздің әлеуметтік бағдарламаларымыздың ішінде басты орын алады», – деді Имир Боннер ханым.

Бүгінде жаңа мұнай көздерін ашып жатқан «Шеврон» компаниясы Теңіз кенішін кеңейту жұмыстарын қарастыруда. Өндіріс көлемін көбейту үшін Каспий консорциумының маңызы зор болып тұр. Теңіз кенішінде мұнай өндіру 1993 жылы басталды. «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құрып, алғашқылардың бірі болып тәуелсіз Қазақстанда мұнай өндіруді қолға алған бірден-бір ірі компания. Қарашығанақ кенішінің 18 пайыздық үлесіне ие. Бұл кеніште мұнай мен газ конденсатының мол қоры бар. Сондай-ақ Каспий консорциумының 15 пайыздық үлесі «Шеврон» компаниясына тиесілі. Бұл құбыр арқылы «Шеврон» Теңіз кенішінен өндірілген мұнайды Қара теңіз жағалауындағы Новороссиск айлағына экспорттай алады.

ҚазҰТУ студенттеріне үлестірілетін сти­пен­­­дияның тағайындалғанына 6 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде университеттің 266 ең үздік студентіне ақшалай стипендия берілген. Бұл бағдарлама дарынды жастарды анықтауға, технологиялар мен зерттеулерді қолдануға және әлемдегі бизнес мүмкіндіктерін жүзеге асыруға бағытталған. Осынау шара «Шеврон» компаниясының ғаламдық бастамаларының бірі. Себебі дарынды студенттерді анықтау арқылы болашақ білгір мамандарды жұмысқа тарту идеясы көзделген. «Шеврон» компаниясы Қазақстанда ғана емес, әлемнің үздік жоғарғы оқу орындарында, әсіресе АҚШ-та техникалық университеттермен тығыз байланыста. Болашақ маман дайындау ісінде «Шеврон» заманауи оқу бағдарламасын енгізуге, материалды-техникалық базаны жақсартуға ат салысуда. Жыл сайын оқу гранттары мен стипендиялар тұрақты бөлініп отырады.

Қ.Сәтбаев атындағы техникалық университет бірнеше жыл бойында «Шеврон» компаниясының Қазақстандағы серіктесі. Аталмыш компания ҚазҰТУ мен Колорадо тау-кен мектебі (КТМ) арасындағы ынтымақтастықтың орнауына мүмкіндік туғызып отыр. Сонымен қатар «Шеврон» университеттің кафедраларын жаңа зертханалық құралдармен, компьютерлік құрал-саймандармен жабдықтап келеді. Халықаралық маман дайындау ісін қолға алған компания ағылшын тілін үйрену бағдарламасын ашты, оның аясында 90 адам тіл үйреніп, тәжірибе жүзінде еркін қолдануда.

Ақниет БЕЙІМБЕТҚЫЗЫ