ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДА — ЕЛБАСЫНЫҢ ЕҢБЕГІ ҮЛКЕН

Альберт РАУ,

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі:

Кез келген елдің экономикасы ішкі және сыртқы инвестицияларға мүдделі. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау мырзамен өткізген сұхбатта елімізге тікелей тартылатын инвестициялардың келешегі, инвестициялық ахуалды жақсарту мен кәсіпкерлікті қолдаудағы мемлекеттік шаралар мен бағдарламалар, республикамыздағы аймақтардың даму ерекшеліктері секілді басқа да маңызды мәселелер жайында болған еді.

– Альберт Павлович, сіздіңше, бүгінгі инвестициялық форумның елімізге инвестиция тартудағы ықпалы қандай болмақ?

– Биыл Таразда екінші рет өткізіліп отырған инвестициялық форумның маңызы зор. Соңғы бірнеше жылда ҚР Президентінің тікелей тапсырмасымен инвестиция тарту жөніндегі ұлттық жоспар түзіліп, ол құжат заңдық-нормативтік актілер бойынша және белсенді түрде әрекет етуге кіріскен мемлекеттік құрылымдар арқылы барлық деңгейде жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен біз инвестициялардың аймақтарға барынша көптеп тартылуына мүдделіміз. Сондықтан дәл қазір елімізде, сондай-ақ, қаржылық құрылымдарда түзілген мүмкіндіктерді пайдалануда аймақтар белсенділік танытулары тиіс. Бүгінде мемлекет тарапынан отандық шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жан-жақты қолдау көрсетуі де игі істердің нәтижелі болуына сеп. Тек аймақтар ашық та жария түрде белсенді әрекет етіп, әлеуеті жоғары инвесторлардың қызығушылығын арттыруы керек. Бұл орайда Жамбыл облысы ешқашан қамшы салдырған емес. Таразда алғаш рет ұйымдастырылған инвестициялық форумнан кейін бірнеше миллиард теңгеге бағаланған жобалар жүзеге асырылуда. Олардың ең бастысы – «Еврохим». Бүгінгі форумда одан басқа да қызықты ұсыныстар айтылып, жуық арада қолға алыну көзделуде. Осы облыстағы инвестиция салуға деген бәсекелестіктің артуы ел экономикасының дамуына да оң ықпал етеді деп ойлаймын. Форумдағы сессияларда белгілі бір тақырыптарды талқылау барысында инвесторлар тарапынан нақты ұсыныстар білдірілді. Мен Германияға жасаған әр сапарымда ұшақтан түскен бетте қаз-қатар тізілген жел диірмендерін көріп, көңілім құлазитын. Бірақ Қазақстан мен Қырғызстан шекарасына таяу маңдағы Қордайда жел диірмендерінің пайда бола бастағанын көріп, қатты қуандым. Демек, бізде де пайдалы әрі тиімді жобалардың жүзеге асы­рыла бастағанының куәсі бұл. Бір­неше жылдан бері сөз жүзінде қалып келген мәселені жайлап еңсере бастадық. Әрқашан алғашқы қадамды жасау қиынға соғады. Сосын барып көшіміз жүре түзеліп, шаруамыз оңала береді. Әлбетте бірінші қадамды жасағандардың соңынан ілескендер үшін көп нәрсе оңайға түсері сөзсіз. Дегенмен кім қиын мәселені бірінші бастаса, сол міндетті түрде жеңіске жетеді. Сондықтан әрдайым игі істің басынан табылатын Жамбыл облысының әкімі Қанат Алдабергенұлының іскерлігіне тәнтімін. Бүгінгі инвестициялық форумның да жемісті өтуі – соның кепілі.

– Егер аймақтардағы инвес­ти­циялық ахуалдың алуандығын ес­керсек, Жамбыл облысына тән қан­дай ерекшелік бар?

– Бүгінгі шарада инвестицияның көп болуы облыс басшысына тікелей қатысты екендігі жайлы көп айтылды. Бірақ бизнес өкілдері бірініші басшымен ғана емес, орташа, кейде тіпті төмен деңгейдегі шенеуніктермен де бетпе-бет келетін кездер жиі кездеседі. Мұндайда олардың бірі кәсіпкердің тиімді жобасын іске асыруға көмектессе, бірі кесірін тигізуі мүмкін. Сондықтан облыстардағы инвестициялық ахуалды бағалау меніңше, дұрыс емес. Оны сандық көрсеткіштердің өсуіне, инвестициялық ағымның артуына қарай бағамдаған жөн шығар. Бүгінгі таңда Жамбыл облысы инвестиция тартуда жағымды көрсеткіштер жағынан кенде емес. Бұйыртса, биыл Таразда екінші рет өткізіліп отырған инвестициялық форум облысқа құйылатын инвестицияны жақсарта түседі деген үміттемін.

– Жуырда Қазақстан уран өндіруде әлем бойынша бірінші орынға шыққанын айтқанда, сөзі­ңізге көңілдері толмағандар та­был­ған еді…

– Иә, бұл мәлімдемемді Интернет­те­гі ағайын қырын қабылдады. Шын мә­нісінде, Қазақстан уран өндіру бойынша алдыңғы қатарда. Бәлкім Канаданың көрсеткіші сәл-пәл жоғары шығар. Бірақ біздің еліміз жетекші елдердің тізімінде тұр. Мәселен еліміз 2009 жылы уран өндіруден бірінші орынға көтеріліп, шығарылған өнім көлемі 14, 214 мың тонна болған. Ал 2010 жылы бұл көрсеткіш 17, 803 мың тоннаға жетті. Былтырғы көлем 19, 450 мың тоннаға теңгеріліп, әлемдік уран өндірудің 35 пайызын еңсергенбіз.

– Сіздіңше, экономиканы әртарап­тан­дыруда Қазақ Үкіметі қандай салаларға ба­сымдық беруі керек?

– Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы №958 Жарлығымен бекітілді. Бағдарламаның мақсаты – экономиканы әртарап­тан­дыру және бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы оның тұрақты және теңгерімді өсімін қамтамасыз ету. Бағдарламаның негізгі міндеттері: экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігінің артуын қамтамасыз ететін басым­дық­тағы секторларын дамыту; индус­трия­ландыру үшін қолайлы орта қалыптастыру; экономикалық әлеуетті өңірлік ұтымды ұйымдастыру негізінде экономикалық өсім орталықтарын құру; экономиканың басымдықтағы секторларын дамыту барысында мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын қамтамасыз ету. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру нәтижесінде Қазақстан 2014 жылға қарай төмендегідей негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуі тиіс: 7 триллион теңгеден кем емес ІЖӨ өсімі, нақтылы түрде ІЖӨ өсімі 15%-ды құрайды; ІЖӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін 12,5%-дан төмен емес деңгейге дейін арттыру; экспорттың жалпы мөлшерінде шикізаттық емес экспорт үлесін 40%-дан төмен емес деңгейге дейін арттыру; өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің жиынтық мөлшеріндегі шикізаттық емес экспорт үлесін 43%-дан төмен емес деңгейге дейін арттыру; өңдеуші өнеркәсіпте еңбек өнімділігін 1,5 еседен кем емес мөлшерде арттыру. Үдемелі индус­трия­лық-инновациялық дамудың негізгі құралдарының бірі тікелей инвестициялар тарту болып табылады. Жалпы қолайлы инвестициялық ахуал құру жөніндегі шаралармен қатар Қазақстан Республикасының аумағында жобаларды іске асыру бойынша ірі және трансұлттық компаниялар үшін арнайы жағдай жасау көзделді. Бұл үшін тікелей инвестициялар тарту жөніндегі біртұтас жүйе құру ұйғарылып отыр, ол ынталандырушы шараларды да, сондай-ақ шетелдік инвесторлармен жұмыс істеудің институционалдық те­тіктерін қамтитын болады. Инвес­ти­цияларды ынталандыру барысында экономиканың басым салаларындағы инвестициялық жобалар үшін «Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделетін инвестициялық преференциялар; жедел және өтеусіз негізде шетел мамандары үшін келу визаларын берудің арнайы тәртібі қарастырылған. Ал АЭА аумағында іске асырылатын инвестициялық жобалар үшін әлемдік үздік практиканы ескере отырып, ерекше салық салу тәртібі. Жеңілдіктер осы Бағдарламада айқындалған өлшемдер бойынша іріктелген кәсіпорындарға ұсыну жоспарланды. Сонымен қатар танымал шетелдік инвесторлар, трансұлттық компаниялар қатысатын неғұрлым ірі және басым инвестициялық жобалар бойынша мемлекеттік қолдаудың ерекше шаралары ұйымдастырылып, салықтық жеңілдіктер және преференциялар, ұзақ мерзімді мемлекеттік ең аз тапсырысты және ұлттық компаниялардың тапсырыстарын қамтамасыз ету; ынталандырудың басқа да қаржылық және қаржылық емес шаралары көзделетін жекелеген инвестициялық келісімдер жасау басты назарда ұсталған. ҚР Президенті өз тапсырмасында қазақстандық экономиканы әртараптандыруды және оның бәсекеге қабілеттігінің өсуін қамтамасыз ететін басым секторларын дамытуды басты назарға алған. Мәселен «Дәстүрлі индустриялардағы» өндірісті әртараптандыруда мұнай-газ саласы, мұнай химиясы, кен металлургиясы саласы, химия өнеркәсібі, атом өнеркәсібі, ішкі сұраныс негізінде салаларды дамыту, машина жасау, фармацевтика өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және құрылыс материалдарын өндіру, экспорттық әлеуеті бар салаларды қолдау, агроөнеркәсіптік кешен, жеңіл өнеркәсіп пен туристік сала секілді маңызды мәселелер бар.

– Инвестиция тартуда Қазақ­стан­ның ТМД елдері арасында­ бірінші орында тұрғанын айт­ты­ңыз. Сіздіңше, инвесторлар қы­зы­ғу­шылығын оятқан не нәрсе?

– ТМД елдері мен Орталық Азия мемлекеттеріне салынған ин­вестицияның 80 пайызы Қазақ­стан­ның үлесіне тиді. Бұл Елба­сы­ның тікелей қадағалауымен әрі­ тапсырмасымен мемлекеттік дең­гей­де жүзеге асырылып жатқан шаралардың нәтижесі. Үкімет әлем бойынша АҚШ, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея секілді жалпы саны 20 мемлекетке басымдық берді. Отандық тау-кен өндірісі, металлургия, химия, құрылыс пен машина индустриясы, ауыл шаруашылығы т.б. экономиканың басты салалары бойынша мақсатты түрде жұмыс жүргізілуде. «Инвестицияның көлемін арттыру үшін не істеу керек?» деген сауал маған жиі қойылады. Оған беретін жауабым: «Жұмыс істеу керек». Төңкеріс жасау немесе қайта құрудың қажеті жоқ. Мемлекеттік бағытта айқын көрсетілген. Тиісті заңдар бар. Аймақтардағы атқарушы билік алдарына келетін кез келген инвестордың әлеуетті инвесторға айналуы мүмкін екендігін әрдайым есте ұстағаны абзал. Халықаралық статистикаға жүгінсек, бір инвесторды тарту үшін шамамен 300 келіссөз жүргізу керек екен. Бұл дегеніңіз орасан зор еңбекті қажет ететіні айқын. Мен: «Демек, аудан не облыс әкімі күн сайын ауыз жаппай, ондаған адаммен сөйлесуі керек», – деп күлемін. Шын мәнісінде жергілікті атқарушы биліктің күнделікті шаруаларды шешуден-ақ қолы босамайды ғой. Кейбір аудандарға кейде әкім-қаралар ат ізін салуға мұршасы жетпей жатады. Сонда 1 инвесторды табу үшін 300 келіссөз қалай жүрмек? Әкім боп тұрған кезде бір қызық жайт болған. Лисаковск ауданында он үш жылдан бері бір канадалық бизнесмен жұмыс істеп жатыр. Шаруасына мығым. Шығаратыны – тіркеме жатки. Тауарының жартысын Ресейге экспорттайды. Өте тиімді әрі өте пайдалы кәсіп! Оны есімде жақсы сақтап қалуға себеп болған бір жайт бар. Әлгі кәсіпкер қайда барса да, алдынан түрлі кедергілер шыққан, әркім бір әбігерге салып, сенделтіп қойған екен. Бір күні маған келді де, «жаткалар шығарумен айналысқым келеді», – деді. Аудандағы кеңестік заманнан қаңырап қалған бір цех болатын. Қабырғалары арса-арса, ішінде ескі бір құрал ғана бар. Мен «Сенен ештеңе дәметпеймін. Маған сенен ештеңе керек емес. Бірақ егер осы цехты кәдеге жаратып, шаруаңды дөңгелетіп әкетсең, цех – сенікі», – дедім. Ол қуанып кетті. Мұндай жауапты күтпеген орынбасарым «Альберт Павлович, мүмкін бір алаяқ шығар? Асығыстық жасаған жоқсыз ба?» деп шошып кетті. Мен: «Бәлкім біздің елге пайдасы тиетін еңбекқор біреу шығар?» деп қарсы сұрақ қойдым. Айтқандай, канадалық азаматтың еңбегі босқа кетпеді. Аз ғана уақыттың ішінде әлгі ешкімге керегі болмай, қаңырап қалған цехқа жан бітіріп, өнімін көптеп өндіре бастады. Жүз адамды жұмыспен қамтып, күн сайын өндірісін жақсартудың жолдарын қарастырып келеді. Бір күні тауарының жартысын Ресейге экспорттайтын да жағдайға жетті. Жуырда ауыл шаруашылығы техникасының көрмесінде кездестірдім. Қолынан іс келетін осындай азаматтарды көргенде кеудемді мақтаныш кернейді. Меніңше, аймақтарға инвестиция тартуда әрбір облыс не аудан басшысы тәуекелге бел буа отырып, белсенді түрде әрекет етуі тиіс.

– Қазақстан экономикасына инвестиция құюға мүдделі шетелдік қалталылар көп. Бірақ біздегі сыбайлас жемқорлық, бюрократия көптеген игі іске кедергі. Не істемек керек?

– Мен өзім үшін жауап бере аламын. Бар болғаны пара алмау керек. Болды! Қалай өмір сүрем деу, әркімнің өз еркі. Мен билікке бизнестен келдім. Адамға көп нәрсе керек те емес қой. Бәріміздің баратынымыз – бір жер. Ол жаққа өзіңмен бірге ештеңе алып кете алмайсың.

– Бүгінгі форумда маман тапшы­лы­ғы төңірегінде пікірталас қызу бол­ды. Бұл проблеманы тиімді ше­шу­дің жолы қайсы?

– Біріншіден, жаңа айтқан ойымды жалғастырсам… Сіз «коррупция көп» дейсіз. Бірақ бүгінгі пленарлық отырыста ең басты қиындық маман тапшылығы екендігі анықталды. Он жыл бұрынғы жағдайды еске алайықшы. Жемқорлықтың белең алғаны, несиенің қымбаттығы сияқты мәселелер жайлы жиі сөз қозғалатын. Бірақ бүгінде сол проблемалар өзектілігін жоғалта бастады. Өйткені нақты шаралар жүзеге асырыла бас­тады, ілгері жылжушылық бар. Үш жыл бұрын облыс әкімі лауазымында жүргенде салынып жатқан тұрғын үй құрылысына су тарта алмайтынмын. Себебі құрылысты жүргізіп жатқан компания – жекеменшік, ал оған атқарушы биліктің көмектесуге құқы жоқ. Егер заңға құлақ аспасаң, қыл­­мыскер атанып шыға келесің: «Жеке кәсіпкерге неге көмектестің?» деген айып тағылады тағы. Ал қазір керісінше. Мемлекеттік тұрғыда көмектесуге рұхсат етілген. Бұл дұрыс та. Президент әрдайым «Қытайға қараңдаршы, олар құрылыс нысандарына су жеткізіп береді, ал біз неге солай істемейміз» деп жиі айтатын. Қазір тиімді тәжірибені біз де қолдана бастадық. Ешкім «бәрі керемет, бәрі жақсы» деп отырған жоқ қой. Дегенмен ілгері жылжу бар. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Осы тұрғыда маман тапшылығы проблемасы туындады. Меніңше, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың күрішті күрмектен ажырату туралы тапсырмасы соңына дейін орындалған жоқ. Жоғары деңгейдегі кәсіби білікті мамандар Қазақстанға келіп, кедергісіз жұмыс істей бастауы керек, ал төмен деңгейдегілер шекарадан енгізілмеуі тиіс. Өйткені қарапайым жұмыс күші өзімізде де жеткілікті. Бүгінде мұның аражігін ажырату көпшілікке қиынға соғып отыр. Сондықтан мен қарапайым жұмыскерді емес, жоғары білікті мамандарды ғана шекара сыртынан әкелуді қолдаймын.

Мемлекет кәсіби техникалық мамандықты игерушілер қатарын көбейту мақсатында жұмыстар атқарып жатыр. Бизнес өкілдері өздеріне қажетті мамандарды дайындауда кемшіліктерге жол берілетінін айтып, билікке жиі шағымданады. Егер арызданудың орнына, маман тапшылығын жоюға, өздеріне қажетті мамандарды дайындауға үлес қосқаны абзал емес пе? Мәселен студент, яғни болашақ маман оқу орнындағы екі күнді теорияға арнаса, үш күнді кәсіпорындарда тәжірибе жинақтауға жұмсасын. Екіншіден, жуырда ғана бір топ инженер кәсіби білікті арттыру мақсатында Германияға жол тартты. Келесі жылы енді «Болашақ» бағдарламасы бойынша қаржыландырылатын машина құрылысы мамандары тәжірибе жинақтауға аттанады. Мамандар еңбек етіп жүрген кәсіпорындар қалтасынан көк тиын шығын шықпайды, есесіне біліктілігі жоғары мамандарға зәру Қазақстан мемлекеті барлық шығынды өз мойнына алып отыр. Кейде кәсіпорын басшылары жас мамандарын осындай шараларға жіберуге құлшынбайды. Меніңше, әрбір басшы қарамағында қызмет ететін кез келген жұмысшының біліктігін жоғарылатуға әрдайым мүдделілік және белсенділік танытуы тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Back to top button