МҮМКІНДІКТЕР САРАЛАНДЫ

МҮМКІНДІКТЕР САРАЛАНДЫ

МҮМКІНДІКТЕР САРАЛАНДЫ
ашық дереккөзі

«TARAZ INVEST-2012»:

Жамбыл облысының инвестициялық әлеуетін Таразда таразылаған шара нәтижесінде миллиондаған сомаға бағаланған келісімдерге қол қойылды. Бұл облыстың ғана емес, жалпы Қазақстан экономикасын дамытуға сеп болары сөзсіз.

ҚР Президенті Н.Назарбаев халыққа Жолдауында индустриалдық-инновациялық жобалардың әлеуметтік маңызына тоқталған болатын: «Бұл бағдарлама экономиканы модернизациялаудың маңызды бағыты болып қала бермек. Барлық мемлекеттік органдар бұл жұмысты өздерінің басты міндеті деп білуі тиіс. Былтырдың өзінде ғана жалпы құны 970 млрд. теңге болатын 288 жоба жүзеге асырылды. Осының нәтижесінде 30 мыңнан астам тұрақты да сапалы жұмыс орны қалыптасты. Біз экономикамыздың жетекші кластерлерін қалыптастырып, дамытуды жалғастырудамыз. Бұл шаруаның қарқыны бәсеңдемеуі керек. Үкіметке инновациялық кластерлердің инфрақұрылымын дамытуға арналған қажетті қаражатты бөлуді тапсырамын». Елбасының осы пәрмені бүгінде рес­публикамыздың түкпір-түк­пі­рінде жан-жақты іске асырылуда. Үс­тіміздегі жылдың 8 қарашасында Та­раз­да өткен «TARAZ INVEST-2012» инвес­ти­циялық форумында қаузалған басты мәселелер де осы тақырып төңірегінде болған.

Жамбыл облысының әкімдігі ҚР Индустрия және жаңа техно­логиялар министрлігі мен «Нұр Отан» ХДП-ның қолдауымен, «Тараз» АӨК демеушілігімен ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – Жамбыл облысының инвестициялық мүмкіндіктерін көрсету, тікелей инвестиция тарту, Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі инвестициялық ахуалды жақсарту мен экономикалық даму келешегін талқыға салу. Форум жұмысына Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау, сонымен қатар еліміздегі басқа да министрліктер мен ведомство өкілдері, экономика саласындағы сарапшылар, инвес­тор­лар, қазақстандық және ше­тел­дік кәсіпкерлік өкілдері қа­тыс­ты. Форумның маңыз­ды­лығы сол, бірнеше сессияға бөлінген жиын­ның әр отырысында аса маң­ызды мәселелер қарас­ты­рыл­ды. Мәселен Deutsche Bank AG Қазақстан бойынша Бас директоры Ульф Вокурка жүргізген «Қазақстанға инвестиция салу. Инвестордың көзқарасымен» атты бірінші сессияда елімізге келетін инвестициялар, инвестициялық ахуалдың артықшылығы мен кемшілігі, шетелдік инвесторлардың пікірі, отандық экономика мен Жамбыл облысына тартылатын тікелей инвестиция көлемін арттырудың тиімді жолдары, экономиканың түрлі салаларының негізгі үдерістері, олардың проблемалары мен даму келешегі, инвестицияны көбейтудің тетіктері т.б. маңызды тақырыптар қаузалды.

Кәсіпкерлермен бірге «Қазақстанның логистикалық картасы» жобасына білдірілетін ұсынысты бекіту, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік жолын салу шеңберінде көлік тасымалының кластерін қалыптастыру мүм­кін­діктерін қарастыру мәселелері қа­растырылған ин­вес­ти­циялық форумда қатысушылар назарына Жезқазған – Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл темір жолының құры­лысын салу, Ақтау портын кеңейту, «Қорғас» пен «Қорғас – Шығыс қақпалар» арнайы экономикалық аймағының аясында ынтымақтастық орнатуға бағытталған жобаларды инвестияциялау мен бизнесті тиімді дамытуға арналған ұсыныстар айтылды. Мәселен «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ логистика жөніндегі вице-президенті Есқалиев халықаралық транспорттық дәліздер бойынша жүк тасымалындағы бәсекелестікті арттыруда және транспорттық инфрақұрылымды дамытуда Қазақ Үкіметі тарапынан отандық және шетелдік инвесторлар үшін нақты мүмкіндіктер қарастырылғанын жеткізді.

Отырыстар барысында қызу пікірталас тудырған тақырыптардың бірі – маман тапшылығы. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда кәсіби біліктілігі жоғары мамандардың аздық ететінін айтқан қатысушылар кадр тапшылығын шекара сыртынан әкелінетін азаматтармен бәсеңдету керектігін көлденең тартты. Бұл орайда вице-министр Раудың өзі ел экономикасының ерекше қарқынмен дамуынан маман тапшылығы туындап отырғанын мойындай келе, келешекте кәсіби-техникалық білімді кәсіпкерлік құрылымдар өздері басқаратындықтан керекті мамандарды дайындау проблемасын шеше алатынын айтты. Сонымен қатар шараның «Туризм және транзиттік әлеует» сессиясында Қазақстанның оңтүстік аймақтарының транзиттік әлеуетін пайдалану, Жамбыл облысында көлік-логистикалық орталығын құрудың келешегі және туристік нысандарға инвестиция құюдың мүмкіндіктері, туризм саласын өркендетудің шағын және орта бизнестің рөлі, сондай-ақ, бес жұлдызды үлкен қонақүй тұрғызу мәселелері жан-жақты талқыға салынды.

Инвестициялық форумды қорытындылаған облыс әкімі Қанат Бозымбаев: «Біз өзге аймақтардағы кәсіпкерлердің де пікіріне құлақ асқанды жөн көрген едік. Бүгін Македония, Сауд Аравиясы секілді көптеген елдерге тән ерекшеліктер жайлы ой айтылды. Жамбыл облысының инвестициялық ахуалын жақсартуға қатысты айтылған ұсыныстардың барлығын қарастыруға және жүзеге асыруға мен сөз беремін. Бұл мәселеде тек мемлекеттік шенеуніктер ғана емес, инвесторлар да мүдделі болуы тиіс. Сондықтан жүйелі түрде жұмыс істейтін әрі кәсіпкерлік пен мемлекеттің мүддесін қатар қорғайтын шараларды қарастыруды көздейміз. Облысымыздағы барлық мемлекеттік орган қызметкерлері бизнесті дамытуға ықпал етуге міндетті. Сіздерді орынбасарларымның есігі кәсіпкерлер үшін тәулігіне 24 сағат бойы әрдайым ашық болатынына сендіремін», – деді. Сессиялар барысында Ульф Вокурка Қазақ билігі тарапынан инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында іске асырылып жатқан шаралардың нәтижесі мол екендігіне тоқталды: «Ресей, Әзірбайжан сияқты күшті бәсекелес елдер тұрғанда инвесторлар неге Қазақстанды, Жамбыл облысын таңдайды? Менің тікелей бастығым Президент жанынан құрылған инвесторлар кеңесінің мүшесі. Ол маған үнемі Қазақстанда қалыптасқан инвестициялық ахуалдың сырттан инвестиция тартуға жағдай жасайтынын және жергілікті кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік беретінін жиі айтады. Тараздағы инвестициялық форум барысында мен де осыған көз жеткіздім және осы орайдағы көшбасшылықты міндетті Жамбыл облысы өз мойнына алғанын байқадым».

Ульф Вокурка: «Қазіргі кезде Германияда өндіріс шеңберін Орталық Азия елдерінде кеңейтуге мүдделі инвесторлар көп. Мен оларға Жамбыл облысына келіп, инвестиция салуға ұсыныс айтқалы отырмын», – деп мәлімдей келе, облыстағы шыны өндірісін дамытуға қатысты келісімдерге байланысты неміс компанияларының арасында шыны шығаратын құрал-жабдықтарды орнатумен бірге өнім шығару процесіне қатысқысы келетіндердің бар екендігін жеткізді.

«Еврохим» ААҚ Қоғаммен байланыс жөніндегі басқарма бастығы Владимир Ториннің мәлімдеуінше, ресейлік «Еврохим» кәсіпорны Қаратау мен Жаңатас қалаларындағы балабақша, мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандарды дамытуға 5 млн. доллар көлемінде қаражат бөлгелі отыр. Сонымен қатар аталған кәсіпорын Жаңатастан фосфор өңдеу кешені мен Қаратаудағы минералдық тыңайтқыштар зауытының құрылысын салуға 2 млрд. долларға жуық қаражат салынбақ. Аталған нысандардың құрылысы 2016 жылы қолға алынатын көрінеді.

Жамбыл облысындағы көмірсутегі шикізаты қорының көп болуы Қазақстан мен шет елдердің ірі инвесторларын көптеп тартуға мүмкіндік беретінін айтқан облыс әкімі Қ.Бозымбаев: «Шикізат қорының көптігі химиялық, металлургиялық, құрылыс саласына Қазақстан мен шет мемлекеттерден инвестицияны көптеп тартуға жағдай жасайды. Облысымызда «Қазфосфат», ресейлік «Еврохим» сияқты химиялық компаниялар, «Алтын Алмас» алтын өндіру кәсіпорны, «ЖамбылГипс» құрылыс материалдарын өндіруші ЖШС, германиялық «KNAUFF» компаниясы, фрранцуздардың «VICAT» цемент жасау кәсіпорны секілді секілді ірі кәсіпорындар жұмыс істеуде», – деп мәлімдеді. Бүгінде 2010-2014 жылдар арасында энергетика нысандарын қайта құрылымдауға және кеңейтуге 498 млрд. теңге қарастырылған, 29 инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл Жамбыл облысындағы электр жарығын тұтыну көлемін арттырудан туындап отырған қажеттілік.

Жамбыл облысында электр жарығының қолжетімділігі, кәсіби білікті әрі арзан жұмыс күші, кәсіпкерлікті қолдаудағы мемлекеттік шараларды тізбелеген әкім оңтүстігінде Қырғызстанмен шекаралас жатқан Жамбыл облысының транспорттық логистикасы, темір жолдарының торабы мен халықаралық әуежайдың барлығын көлденең тартты. Оның айтуынша, инвесторлар тарту мақсатында «Тараз» агроөнеркәсіптік кешені құрылған. Вице-министр Альберт Раудың мәлімдеуінше, мемлекеттің «Глобал-2000» тізімінен 169 ірі кәсіпорынды бөліп алып, инвесторлардың назарына ұсынып отыр: «Олардың 40-ы ендігі жұмыс істеуде. Қазақстан инвестиция тартуда жан басына шаққандағы көрсеткіштер бойынша жетекші орында. Кезінде елімізде мұнай-газ саласы ерекше қарқынмен дамыса, қазір өңдеу саласы барынша жақсы дамытылуда». Биылдан бастап шетелдік инвесторлар сырттан әкелінетін құрал-жабдықтарға салынатын баж салығынан босатылады. Инвестициялау барысында Қазақстан экономикасына 50 млн. доллардан астам қаражат құйса, жеті жылға дейін жоғары технологиялық өнімдерді өндіруге мүлік және жер салығын төлемейді. Бұл орайда «Біздің салық жүйеміз – ең тартымды жүйелердің бірі. Ол Жер шарындағы 15-орынға ие. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен ҚР сыртқы істер министрлігі «Жол картасын» қалыптастырып, ендігі Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 40 жоба жұмыс істеуде», – деп мәлімдеген Альберт Рау Қазақстанның инвесторлар үшін барынша ашық әрі жария саясатын ұстанатынын айтты.

Форумға қатысушылар шараны қорытындылау барысында бірқатар меморандумға қол қойды. Мәселен Тараз қаласындағы әуежайдың ұшу-қону алаңын жаңарта отырып, жаңа терминалын салу, сондай-ақ, «Тараз» Аграрлық қайта өңдеу логистикалық орталығы», «Мерке» Асыл тұқымды зауыты» АҚ-ын кеңейту және модернизациялау», қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу зауытын салу, «Тараз қаласындағы шыны зауытын салу» т.б. жобаларды жүзеге асыру қолға алынбақ. Аталған жобаларға жалпы көлемі 109,1 млрд. теңге (шамамен 722,5 млн. доллар) қарастырылған. Бұл Жамбыл облысының ғана емес, Қазақстан экономикасының дамуына оң ықпал етері сөзсіз.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ