ЕЛБАСЫ КҮНІ – ЕЛДІККЕ ҚҰРМЕТ МЕРЕКЕСІ

Күнтізбелік мерекелер бойынша биыл біз елімізде Тұңғыш Президент күнін алғаш рет мерекелейтін боламыз. Былтыр Парламент 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен Тұңғыш Президенттің сайлауына қатысты осындай шешім қабылдаған болатын.

Еліміз тұңғыш рет Президент күнін атап өткелі отыр. Қазақстандықтар үшін бұл – маңызды оқиға. Былтырғы жылдың қоңыр күзінде, яғни ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында бір топ депутаттарымыз 1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні ретінде мемлекеттік мерекелер санатына қосу туралы бастама көтерген еді. Депутаттар өз ұсыныстарының мәнін Тұңғыш Президенттің сол 1 желтоқсанда сайланып, Қазақстан Рес­публикасында президенттік институтқа қадам дәл осы күні басталғанымен түсіндірген еді. Осылайша «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға тиісті қосымша енгізіліп, 1 желтоқсан ресми негізде Тұңғыш Президент күні болып белгіленді. Әрі мұның әлемде бар үрдіс екенін айрықша атап көрсеткеніміз де орынды.

Сонымен 2012 жылдың 1 желтоқсаны елімізде алғаш рет Тұңғыш Президент күні болып тойланбақшы. Бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы, оның бірлігін қамтамасыз етуші, ел Конституциясын, адам мен азаматтың құқы мен бостандығын қорғаушы ретіндегі рөлі негіз етіп алынған. Шындығында, Мемлекет басшысының елімізді аяғынан нық тұрғызып, әлемге танытудағы еңбегі ұшан-теңіз. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, егемендік алғалы бері де жиырма жылдан асты. Осы уақыт аралығында Қазақстанды барша әлем таныды десек те болады. Мәдениетіміз, өнеріміз, экономикамыз, білім мен ғылымымызбен өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылдық деп мақтанышпен айтуға қақымыз бар. Экономика мен әлеуметтік салаларда, халықаралық қатынастар мен сырт­қы саясатта діттеген межеге жетіп, ендігі көздегеніміз бәсекеге барынша қабілетті елдер қатарында мейлінше биік орын тебу екенін де жасырмаймыз. Осы орайда бірнеше қоғам қайраткерлеріне төмендегі сауалдарды қойған едік.

– Басқа мемлекеттердің тарихында Президент күні аталып өте ме?

– Елімізде алғаш рет аталып өтілгелі отырған Тұңғыш Президент күні несімен мәнді?

Ғарифолла Есім,

сенатор:

– Қай елде Президент күні аталып өтетіндігі туралы толық ақпаратым жоқ. Біздің елде Президент күні аталып өтеді. Өйткені бұл ерекше жағдай. Біздің бұл – тұңғыш Президентіміз. Тұңғыш Президент сайланған күн. Қазақ халқының тарихында ешқашан да өз еркімізбен Президент сайлап көрген жоқпыз. Ерте тарихта Шыңғысхан тұқымының мұрагерлері бірінен соң бірі хандық билікке ие болып келді. Бұдан кейін Ресей заманында бодандық кезінде біздің қазақтардың атқарған қызметі болыс, ауылнай ғана болды. Кеңес үкіметі кезінде Шаяхметовті, Қонаевты Мәскеу тағайындап, билікті қолдарына ұстап отырды. 1991 жылы 1 желтоқсанда қазақстандықтар тұңғыш рет Президент сайлады. Бұны басқа елдермен салыстыруға болмайды. Өзіміздің қазағымызды өзіміз демократиялық жолмен сайлап алу – тарихта болмаған жайт. Сондықтан тұңғыш Президент күні дегеніміз – қазақ халқы үшін, мен үшін өте керемет мереке. Бұл біздің нағыз тәуелсіздігіміздің басы. Бұл мерекенің орны бөлек. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевты халық өз еркімен сайлап алған күн. Сондықтан бұл күннің маңызы да, мәні де жоғары.

Бақытбек Смағұл,

Мәжіліс депутаты:

– Басқа мемлекеттерде бар ма, жоқ па, білмеймін. Бір білетінім Англия өз Ханшайымының туған күнін атап өтеді. Ал біздің Президентіміздің туған күнін тойлауды қаламайтынын әрі дабыра қылмайтынын білесіз. Мәселен, 19 мамыр түріктерде халықты ұлт-азаттыққа бастаған күн екен. 19 мамыр кейін Мемлекеттік жас­тар мерекесіне айналып кетті. Бізде жастар мерекесі жоқ. Тұңғыш Президент күнін атап өту дегеніміз – жастарды бірлікке үндейтін, мемлекетшілдікке бастайтын күн болмақ. Бұл күн әрбір шаңырақтың қуанышына айналуы керек. Біз жалпы, ескі мерекелерден, яғни құлдық санадан арылуымыз қажет. Тәуелсіз мемлекеттің төл перзенттерінің тойлайтын төл мерекелері болуы керек те, оған әрі басымдық бергеніміз дұрыс. Елбасымыздың өзі: «Жаңа жылға қарағанда, Наурызды өзіміздің жаңа жылымыз етіп тойлағанымыз жөн деп ойлаймын» деген еді. Жаңа жылға мысалы, бір ай бұрын дайындық басталады, әрі оған қаншама шығын шығарып, жарнамалаймыз. Сондықтан өзіміз көңіл бөлетін төл мерекелеріміз болғаны жөн. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні, одан кейін 16 желтоқсан – тәуелсіздік күні келеді. Бұл дегеніңіз, тәуелсіз елдің өз төл мерекелерін тойлайтын кез келді деген сөз. Бұл жастарымызды елдікке, отансүйгіштікке, мемлекетшілдікке үндейтін, соған бастайтын мерекелер болмақ.

Дархан Қыдырәлі,

Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары:

– Әрине, мұндай атаулы күн өркениетті елдердің көбінде бар. Мәселен, АҚШ-та 1971 жылы Президент Ричард Никсонның ұсынысымен және Конгресстің шешімімен әр ақпанның үшінші дүйсенбісі «Президент күні» болып жарияланып, ресми мерекелер қатарына қосылды. АҚШ-тың тұңғыш Президенті Джордж Вашингтонның туған күніне сәйкес келетін бұл мерекеде әсіресе жастарды отаншылдыққа, елшілдікке тәрбиелеу мақсатында түрлі шаралар өткізіледі. Сол сияқты Британияда мау­сым айында патшайымның туған күні салтанатты жағдайда, мемлекеттік деңгейде аталып өтіледі. Шығыстағы Жапонияда императордың туған күніне айрықша мән беріледі. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Әр жерде әрқалай аталғанымен Президент күні елді топтастырып, жұртты жұмылдырып, жастарды мемлекетшілдікке тәрбиелейді. Сондықтан бұл мемлекеттігін орнықтырып, тәуелсіздігін енді нықтап келе жатқан біздің еліміз үшін де тағылымы мол мереке болады деп ойлаймын.

Тарихқа үңілсек, байырғы бабаларымыз хан мен қағанға ерекше ілтипат көрсетіп, оларға Тәңірдің құты ретінде құрметпен қараған. Солардың ішінде әсіресе халықты бодандықтан құтқарған, ел түзген, мемлекет құрған қағандарды айрықша әспеттеп, оларды Елтеріс, Құтлық деп атап, ұлыстың атасына балағаны да белгілі жайт. Бұл жағдай бертінге дейін жалғасып келді. Хан Кененің басынан айырылғалы қазақ халқы құты мен қасиетінен қол үзіп, елдігінен ажырады. Алаш пен азаттық арасында үзіліп қалған сол алтын арқау тәуелсіздікпен бірге қайта жалғанды. Қазақ жұрты елдікпен бірге Елбасылы болды, Елбасы арқылы елдігін дамытты. Сондықтан Елбасы ұғымын ту, елтаңба, әнұран сияқты мемлекеттің елдігі мен бірлігін, тәуелсіздігі мен тұтастығын айқындайтын негізгі рәміздердің бірі деп ойлаймын. Бұл орайда Ел мен Елбасы – етене егіз ұғымдар. Осыған байланысты Елбасыға деген құрметті елдікке құрмет деп қараған жөн сияқты. Ендеше Елбасы күнін атап өтуді мен елдікті еңселетіп, тәуелсіздікті тұғырлы ете түсетін ерекше күннің бірі деп санаймын.

Гүлзина Бектасова

Back to top button