ЕЛ ІРГЕСІ БЕРІК ПЕ?

ЕЛ ІРГЕСІ БЕРІК ПЕ?

ЕЛ ІРГЕСІ БЕРІК ПЕ?
ашық дереккөзі

Қазақстан шекарасы:

Шекара шебіндегі қайғылы жайттар қайталанған сайын ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік тұтастыққа алаңдайтынымыз анық. Елбасы Үкіметке ел іргесін бекітуді күшейтуге пәрмен беріп, шекаралық проблемаларды шешуді тапсырған.

Қазақстан Президенті Н.Назарбаев «Ел боламыз, мемлекет боламыз десек, айбынды Қарулы Күштеріміз болуы шарт. Сонда ғана бізді басқалар сыйлайды, өзіміздің егемендігімізді, тәуелсіздігімізді баянды етіп, жеріміздің тұтастығын болашақ ұрпаққа, ата-бабамыздың бізге бергеніндей бере аламыз. Бізге ұшқыштар да, танкистер де, әскери-теңіз күштері де, жалпы Қарулы Күштердің барлық түрі қажет. «Қазақстан 2030» стратегиялық бағдарламасында көрсетілгендей, ел қауіпсіздігі – біздің бірінші басымдығымыз болып тұрған шақта бұл тақырыпқа көңіл аудара беретін боламыз», – деп ашық мәлімдеді.

Шекараның беріктігі – кез келген мемлекеттің тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігінің кепілі. Соңғы кездері шекара бекеттерінде орын алған келеңсіз жайттар мен қайғылы оқиғалар отандық шекара қызметінің қаншалықты ақсап қалғанын көрсетті. Болған жайттарды сан-саққа жүгіртіп сәуегейсіп, болжам жасауда алдына жан салмағандардың айтар уәжі де саналуан. Парламенттің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшесі, Қазақстанның коммунистік халық партиясының (ҚКХП) жетекшісі Владислав Косарев: «…қазақ шекарасында болған жағдайларға буржуазиялық қарым-қатынастар кінәлі», – дейді. Депутаттың пікірінше, олардың көздеген мақсаты шаш-етектен пайдаға кенеліп, баю, ал шекарашылар ел шекарасын бизнес көзіне айналдырып алған: «Командирлер шекарашылардың тәрбие жұмысын бетімен жіберген. Егер шекара арқылы контрабанда өтіп жатса, мен еш таңданбас едім. Меніңше, солай болған да сияқты. Қаржы полициясындағылардың бетін тойтарған шекарашылар дұрыс істеді, әскери қызметші ретінде беделі өсті. Бірақ жеке құрамның моральдық келбеті түпкілікті түрде жақсартуды қажет етеді». Ал «шекара әскерлерінде болған төтенше оқиғалар бүкіл Қазақстан қоғамында жүйелі проблемаларды көрсетіп бергенін» көлденең тартқан саясаттанушы Санат Көшкімбаев: «Егер бүкіл қоғам дертке шалдықса, демек оның шекара қызметі, кеден қызметі сияқты жекелеген салалары да сырқат деген сөз. Бұл жалпы қоғамдағы жүйелік проблемаларды көрсетеді», – дейді.

Өткен аптада ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің басшылығымен өткізілген жалпы отырыста депутат Бақытбек Смағұл Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметовке депутаттық сауал жолдады. Өз сауалында: «Бүгінде 1993 жылдың 2 сәуіріндегі №1158 ҚР «Әскери-Теңіз күштерін құру туралы» Президенттің жарлығына сәйкес, ҚР Үкіметі – Қорғаныс саласына әскери-теңіз флотының инфрақұрылымы және әлеуметтік мәселелері бойынша қаулылар шығарып, оны орындау мақсатында концепциялар қабылдағын болатын. Бірақ 2012 жылдың 10-13 қазан аралығында бір топ депутаттармен Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында болып, Каспий теңізіндегі, Жағалау шекара және құрлықтағы аймақтық басқармаларына барып, мемлекеттік шекара мен ҰҚК Шекара әскерлерінің қызметкері мен олардың әлеуметтік мәселелерімен танысып қайттық. Сапар барысында Тәуелсіздік жылдарында қорғаныс саласында инфрақұрылымдық бағытта қол жеткізілген толағай жетістіктер көңілге сенім ұялатқанымен, әлеуметтік – тұрмысты дамыту мен реформалауды қажет ететін дүниелердің де парапар екендігіне көзіміз жетіп қайтты», – деп мәлімдеген халық қалаулысы өз сауалында көрсеткен мәселелерді ескере келе, отандық шекарашылардың әлеуметтік ахуалын жақсарту мақсатында бірқатар ұсыныс айтты: «Біріншіден, сар­баздардың «Баутино» поселкесінің теңіз жағалауындағы казармалары 1960 жылдардың басында салынғандықтан, қыстың күндері суықтан, жатып-тынығуына қиындық туғызғандықтан жаңа стандарттарға сай казарма салуды қолға алу керек. Екіншіден, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері жөнінде бүгінгі күні офицерлердің 38 пайызы, ал келісімшартпен қызмет етушілердің 6 пайызы ғана тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданындағы құрлықтағы шекара бекетінде келісімшартпен қызмет ететін сарбаздардың екі-үш отбасы бірігіп, ешқандай тұрмыстық жағдайлары жасалмаған сарайларды (времянкаларда) жалдап жатса, «Баутино» портындағы келісім шарттағы теңізші матростардың тұрғын үйлерінің жоқтығынан корабльдерде өмір сүруде. Осы әскери қызметкерлердің 2 жастан 6 жас аралығындағы балаларының балабақшаға баруы мәселелері 50%-ға жуығы ғана шешілген. Үшіншіден, шекара бекеттеріне ауызсуды жергілікті коммуналдық кәсіпорындардан сатып алу арқылы, су тасығыш (водвоздар) автокөліктермен 60-180 шақырым қашықтықтағы әскери бөлімдерге жеткізілуде және автокөліктердің сайманының тозуы мен жанармайдың ысыраптылығы қаржылай орасан шығындар әкелуде. Аталған мәселені толыққанды шешу үшін, ауыз су құбырларын әскери бөлімшелерге дейін тарту жолын қарастыру қажет. Төртіншіден, инфрақұрылым мәселесі – теңіз шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Елбасының жарлығына сәйкес, ҚР Министрлер кабинеті 1993 жылдың 3 мамырдағы №342 қаулысында – Қорғаныс, Көлік және коммуникация (бұрынғы құрылыс) министрліктері мен Маңғыстау, Атырау облыстарының әкімшіліктеріне, Ақтау қаласынан және 160 шақырым жердегі «Баутино» портынан әскери – теңіз корабльдерінің су аймақтары мен маяктардың жұмыстарын күзетуге, тұрғын үйлер мен мәдени-тұрмыстық нысандар, автокөлік жолдарын салу және байланыс жүйелерімен қамтамасыз етуге тапсырмалар берілген. Ал 1996 жылы осы тапсырмаларды орындауда және экономикалық-шаруашылық пен материалдық-техникалық қамтамысыз ету үшін, жер телімі бөлінген, бірақ белгісіз себептермен бүгінгі күнге дейін корабльдер тұрағы салынбай, аталған жерге мемлекеттік акті берілмеген. Қыстың желтоқсан және көктемнің наурыз айларында мұз қату салдарынан әскери кемелер мен катерлердің келіп тоқтауына көп кедергілер келтіруде. Каспий теңізіндегі шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, 49 кеме бірліктігін бөлу туралы қаулы шыққан. Осы уақытқа дейін, бар болғаны 28 бірлік берілген. Ал теңіз шекара қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз ету үшін әлі де 21 әскери кемелер қажет және тікұшақ қону мен заманауи техникалық құралдарымен толыққанды жабдықталуы тиіс. Кемелерге жанар май құю, азық-түлік, медициналық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету және бұзылған саймандарын ауыстырудағы қиындықтардың болмауы үшін, аталмыш мәселеге қатысты мамандардың берген ақпараты бойынша ұзындығы 2500 км-ден астам теңіз шекарасындағы әскери кемелер мен катерлердің жағалауға уақытша немесе толыққанды тұруына, кем дегенде 4 тұрақтар салуды қажет етеді». Халық қалаулысының пікірінше, Үкімет шекара бекеттеріндегі қорғаныс мәселесіне баса назар аударған кезде ғана елдің іргесі берік болмақ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ