АҚША САРАЙЫН САЛҒАН АҚСАҚАЛ

АҚША САРАЙЫН САЛҒАН АҚСАҚАЛ

АҚША САРАЙЫН САЛҒАН АҚСАҚАЛ
ашық дереккөзі

Аятхан Тұрысбекұлымен кездесіп, өткен өмірі туралы, моңғол қазақтарының көші-қон мәселелері туралы, қазіргі Қазақстандағы оралмандардың жағдайы туралы, жалпы қазақ елі туралы көзқарасын, Қазақстан азаматы ретінде еліміздің келешегі туралы ой өрбітуін сұраған едік.

– Аятхан Тұрысбекұлы, Қазақстанның тәуелсіздігі жылында туғандар ат жалын тартып мініп, ер-азамат болды. Өткен күндерге көз жіберсек талай сынақтан өткеніміз аңғарылады…

– Тәуелсіздік деген қасиетті арманымыз еді ғой. Әсіресе біз сияқты оралмандар жат жерде төгілген қанымыз бен терімізді айтпағанның өзінде, ел деп еңіреп жүрдік, ал ертерек елге жеткен бауырларымыздың қуанышында шек жоқ. Бәрі де көз алдымызда өтті ғой…

Аятхан ақсқал сөзін одан әрі былай жалғастырды:

«Мен 1941 жылы тамыз айының 30-жұлдызында Баян-Өлгийде дүниеге келдім. Әке-шешем шаруа адамдар болды. Әкем 67 жасында, ал шешем 37 жасында жастай дүниеден өтті.

Орта мектепті моңғол тілінде оқып бітірдім, келешекте Ұланбатырда оқимын және қызмет етемін ғой деген ойменен.

Онжылдықты үздік бітірдім. Үздік бітірген оқушыларға арнайы жолдама берілетін еді. Мен Украинаға, Киев қаласына, технологиялық институтқа, онжыл­дықты бітірген балалардың ішінен байқаудан озып шығып, жолдама алдым. Киевте 70 қазақ студенттері болды.

Осы балалардың бәрімен қоян-қолтық араластық. Қазақ тілін білмейтін, Алматыдан келген баланы ақырында қазақша сөйлейтін еттік. Мәскеуде оқитын (марқұм) Болатхан Тайжан, Мұрат Әуезовтермен байланыс жасадық. «Жас тұлпар» ұйымына белсене араластық. Міне бұл жігіттермен қырық жылдан астам уақыт сырласпыз, дәмдеспіз.

Мәскеуде, Ленинград т.б. қалаларда оқитын қазақ студенттерімен байланыста болдық. Сондағы ойымыз осы бойы кете берсек, тілімізді, дінімізді жандандырмасақ ертең елге барғанда пайдамыз тимесе не болғанымыз? Осылай кете берсек 30-40 жылда қазақи ұлттық мүддеге қақпақ жау­ып қоятын шығармыз деген ой бізді алға жетеледі. Қазақтар жиі-жиі бас қосатын болдық. Қазақша әңгіме, өлең оқып, ән салатын болдық. Арамызда аспиранттар да, докторанттар да, солдаттар да болды. Оқу бітіріп елге оралдық, Моңғолияға. Мен Киевтің Жеңіл өнеркәсіп технологиясы институтын «Өлшеу құралдары және автоматика» мамандығы бойынша бітірдім. Қызметті слесарлықтан бастадым. Моңғолдар қазақтарды қатты сыйлайтын. Бізді алғыр, іскер, білімді, таза, адал деп бағалайтын. Барлық құпияны қазақтарға сеніп айтуға болады, бұлар бізді ешқашан сатып кетпейді деп есептейтін. Өйткені Моңғолияда қытайлар көп қой. Өте көп. Қытайда моңғолдарды қытайландыру деген мәселе көтеріліп, осы процесс жүріп жатқан кез. Моңғолдардың сағын сындыратын небір әңгімелер айтылады. Қытайлар оларға: «Біз – теңізбіз, сендер балықсыңдар, балық теңізден шығып қайда барады», – дейді. Қытайлар «бәрібір моңғолдардың жері біздің жеріміз болады», – дейді. «Сендер екі миллион ғанасыңдар, ал біз миллиард­пыз. Үстеріңнен самолетпен қытайдың екі жүз миллион шалбарын тастасақ сендер соған-ақ тұншығып қаласыңдар», – дейді. Қазіргі Қытай оқулықтарындағы қазақтың жерін өз жері етіп көрсететіні секілді саясат қой. Моңғолияда өз ішіндегі қытайлардан құтылудың жолдарын қарастырып жатады.

Сол бізге деген сенімнің арқасында, Даңға деген білімді басшының көмегімен (бұл кісі Цеденбалмен жерлес әрі құрдас болатын) алты айдан соң инженерлік қызметке тұрдым, бір жылдан соң бас инженер болдым.

Біздің комбинат мал өнімін түгел қажетке жарататын, тері илейтін зауыты бар, тоқыма фабрикасы бар, кілем фабрикасы, не керек оннан астам бөлімі бар үлкен бірлестік еді. Мына қазақтың басы істейді екен деп, мені киіз өнімдерін шығаратын фабрика салуға жіберді. Оны іске қостым.

Осы кезде «Монетный двор» (ақша сарайын) салу мәселесі көтерілді. Таңдау маған түседі. Комбинат мені жібергісі келмеді. Жоғарыдағылар бұл «ұлттық мәселе» деп шешім қабылдаған. Арнайы құрылымның адамдары менің ата-балаларымның қандай көзқарасы болғанын, қашан келгенін, қайшы әрекеттері, сөздері болмады ма, не керек әбден тексеріпті. Сөйтіп осы мемлекеттік маңызды шаруаны маған тапсырды ғой.

Бұл жұмысты бітіруге сегіз жыл уақыт кетті. Берлин, Будапешт, Варшава, Ленинград, Мәскеу «ақша сарайларында» болып, тәжірибе жинақтадым.

Еш мемлекет өз құпиясын айта қойғысы келмейді. Сондықтан іске кіріспестен бұрын сол елдің туының астында тұрып, арнайы кітапқа «мен осы жерден үйренген құпиямды жазбаша да, ауызша да ешкімге ешқашан айтпайтын боламын» деген қолхат бересіз. Осы аталған қалаларда, ақша сарайларында менің қолхатым сақтаулы тұр.

Бәрібір біз қайтсек те Қазақстанға кетеміз деген үлкен ойдың үстінде жүрдік қой. Сыртқа көп шығатынымды пайдаланып, атамекенге қалай оралудың жолдарын қарастыра жүрдім.

Мәскеуде «Зарубежцветмет» деген бірлестіктің моңғолдармен бірлескен кәсіпорыны болды. Мен кейінгі жылдары сонда істедім. Моңғолияда өндірілген түсті металдарды ол жақта байытатын да, Қазақстанға әкеліп айыратын. Осы кезде мен Қазақстанға көп келіп жүрдім. Горбачевтің «Қайта құруы» басталған кезде-ақ «Отанға оралатын сәт туды» деп шештік.

Мен 1989 жылдан бастап Қазақстанға келген сайын көшу жайлы айтып жүрдім. 1991 жылдың аяғына дейін Мәскеудің аузына қарадық қой. Содан Қазақстанда «Отан» қоғамы ашылды, соны жағаладық, Шерхан Мұртаза секілді ұлтжанды ел ағаларына бардық. «Көшіп келгеннен басқа жол жоқ, ол жақта қанша жерден өсіп-өндік дегенмен тек осында көгересіңдер», – деді.

Баян-Өлгий 1940 жылы қазақ аймағы болып құрылған. Қазақша мектеп, газет, баспа, радио, музыкалық драма театры бар ол жерде. 140 мыңдай халық тұрады. Қазақстаннан көп көмек келіп тұрды ғой.

1991 жылы Қазақстанға көшу жолын таптық. Ол «Еңбек шарты» деген келісім болды. «Зарубежцветметте» құрылыс жағын басқарған Зуха Жапарұлы екеуіміздің үш ай ойласып, тапқанымыз осы болды. Негізгі мақсат – бергі бетке бір өтіп алу, жол тауып алу. Моңғол ағайындарды да күні бұрын сезіктендірмей, «өз елімізді тастап қайда барасыңдар» десе, «еңбек шартымен» бес жыл жұмыс істеуге бара жатырмыз, – деп айтамыз», – деп келістік.

Сонымен, не керек Алматыға келіп, Талдықорған облысының Кербұлақ ауданы халық депутаттары атқару комитетінің бастығы Тілеухан Садықұловпен таныстық. Ұлтжанды азамат екен. Көп әңгімеден кейін 100 адам әкелетін болып шарт жасадық. Поезбен Ұланбатырдан Новосібірге, одан Ташкент поезына отырып, 100 отбасы осылай жеттік. Алғашқы көш келгеннен кейін Тілеухан азаматтық жасап, жан-жағындағы аудандарға жасырын хабарлады. «Мен бұлардың келе алалатынына сенбеп едім, енді сендер де шартқа отырыңдар», – деді. Осылайша көш іске араласты. Ал Моңғол үкіметінің ол кезде бізге қарауға шамасы жоқ еді, тапшылық, жоқшылық, жұмыссыздық жайлай бастаған. Біз осы кезеңді пайдаландық қой. Кейбір моңғолдардың өздері де шет елдерге еңбек шартымен кете бастады.

Ал енді, қазіргі көші-қон мәселесі мені онша қанағаттандырмайды. Қазір Жаңатас, Қаратау сияқты кіші қалаларда бос үйлер, бұрынғы Ресей армиясынан босаған елді мекендер бар. Қазақ аз тұратын облыстарға қазірдің өзінде оралмандарды миллиондап көшіріп әкелуге болады ғой. Қытайдан, Моңғолиядан келетін қазақтар әбден жоқшылықты көріп өскен еңбекқор қазақтар. Бұл жаққа келгенде олар қиналмай, тез жерсініп, күнін көріп кетер еді.

Азаматтық алу, паспорт алу дегеннің өзі үлкен қиындықпен жүзеге асады. Моңғолиядан Қанат деген жас жігітті алып келгенмін. Ол моңғол ғарышкер Гүррагчаның дублері болған, Мәскеуде оқыған. Сол баланы пайдаланудың орнына паспорты жоқ деп қайтарып жіберді. Сайлау алдында барлық партиялардың басшыларына көші-қон мәселесі қалай шешілуі тиіс деген ұсынысымызды жеткіздік. Қағаз жүзінде бәрі бар, іс жоқ. «Өзіміз күн көре алмай жүргенде сырттың қазағын әкеліп не керегі бар», – деген сөздерді де естіп жүрміз.

Айналып келгенде, бізді шаршатып отырған нәрсе тек көші-қон емес. Шаршатып отырған – жалпы қазақтың рухының көтерілмей отырғандығы. Құдайға шүкір, қазақ елі бүгін аштық көріп отырған жоқ. Жаһандану деген онсыз да мүшкіл жағдайда тұрғанда бізді одан әрмен ұлтсыздандыратын нәрсе. Әлі шөкелеген күйдегі тіліміз анау.

Үлкен кісінің маңайында ұлтжанды адам жоқтың қасы…»

P.S. Аят ақсақал 70-тен жасы асса да, қаруы қайтпаған, әлі тың. Жеке кәсіпкер. «Орда» атты жеке кәсіпкерліктің, келешек этнографиялық кешенді салтанат сарайының иесі. Тұрған жері Бутаковка шатқалында, тау өзенінің бойында, бие байлап, қымыз ашытып, демалуға келген кісілерге ыстық тамақ дайындайды. Үй ішімен балалары, келіндері, жұбайы барлығы бір кісідей еңбек етеді Жазда үш-төрт киіз үй тігіледі. Қысы-жазы көбігі бұрқыраған сары қымыз үзілмейді бұл жерден. Аятхан ақсақалдың арқасында.

Өскенбай ҚҰЛАТАЙҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі