«НҰР ОТАН» МЕН НАР ТҰЛҒАЛЫ ПАЛУАНДАР

«НҰР ОТАН» МЕН НАР ТҰЛҒАЛЫ ПАЛУАНДАР

«НҰР ОТАН»  МЕН НАР  ТҰЛҒАЛЫ ПАЛУАНДАР
ашық дереккөзі

Билік партиясы қазақ күресін дамытуға мүдделі

«Қазақстан Барысы» қоры мен «Нұр Отан» партиясы бірлесе отырып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт денсаулығын бұқаралық спорт негізінде нығайту жөніндегі саясатын жүзеге асыруға кірісті. Қазақтың ұлттық дүниесі саналатын ұлттық ойындары – бұл атадан балаға жалғасып келе жатқан иглікті дәстүрдің бірі. Біз ұлттық ойындарға жай ғана ойын деп қарамағанымыз абзал. Қазаққа ғана тән ұлттық ойындардың баланың денсаулығына жақсы әсерін тигізетін де жақсы жақтары бар. Аттың жалында өскен, асық ойнап, доп қуалаған, бір-бірімен алысып, балуан күресіне қатысқан қарадомалақтың шымыр да, мығым болып өсетініне кепілдік беруге болады. Сондықтан, қазақтың ұлттық спортын дамыту дегеніміз – ұлттың денсаулығын жақсарту дегеніміз.

Осы орайда, қазақша күресті дамытуға күш салып жүрген «Қазақстан барысының» алғашқы қадамы да оң нәтижесін беріп отыр. Сондықтан «Қазақстан барысы» мен «Нұр Отан» ХДП ұлттық қасиетіміздің белгісі болып саналатын қазақша күресті жас ұрпақ арасында насихаттап, қалың жұртшылыққа танытуда жақсы үрдісті қолға алмақшы. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» екі мәрте республикалық деңгейде өткізілген еді. Енді бұл жоба қанатын кеңге жаймақшы. Әрі екі тарап та бұл спорт түрінің кең етек жаюына мүдделі болып отыр. Олар саламатты өмір салтын насихаттаудан бөлек, талантты қыз-бозбаланы, атап айтқанда, ауыл жастарын таныту үшін, әрі оларды кәсіпқой спортқа баулу мақсатында әлеуметтік тұрғыда көтермелеуге ниетті.

«Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Карин Меморандумға қол қою рәсімінде: «Біз «Қазақстан Барысы» жобасын тек спорттық жоба ғана емес, көптің мүддесіне бағытталған әлеуметтік жоба деп санаймыз. Осы жобаның арқасында және жер-жерлерде өткізіліп жатқан спорттық турнирлердің арқасында жастар қабілет-қарымын шыңдап, бойдағы тепсінген бұла талантын жарқырата көрсетуге, сөйте жүріп, бір-бірімен араласып-құраласуына және өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік туады.

Бұл жобаның аясында жеткіншектердің республикалық деңгейде жарыстарға қатысып, көптің алдына шығуына һәм кәсіпқой мамандар мен кәнігі жаттықтырушылардың назарына ілігіп қалуына да жасалып жатқан үлкен бір мүмкіндік деп санауға болады.

«Нұр Отан» партиясы мұның осындай әлеуметтік маңызын және жан-жақты тиімділігін ескере отырып, осы жобаға атсалысуға ынта білдірді, – деп атап өтті. Ынтымақтастық меморандумына қол қоюшы тараптар барлық деңгейдегі турнирлердің ауқымды және сапалы өтуіне мүдделілік танытпақ. Көп ұзамай ауылдық, аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі додаларды өткізу шаралары анықталатын болады. Екіжақты келісімге орай, ұлттық ойын өткізілетін турнирлерді бірігіп іске асыруға қажетті мүмкіндіктерді тартуға екі жақ бірдей ынталы.

– «Нұр Отанның» аймақтарда филиалдары көп. «Қазақша күресті» дамыту қорының мақсаттарының бірі – республикалық турнирлерге ең лайықтылар мен дарындыларды ғана тарту. Ол үшін жергілікті жерлердегі іріктеу сайыстарының әділетті өтуіне қадағалау болып табылады. Сондықтан, осы мәселеде «Нұр Отан» атсалысса, ойымыздағы болады деп ойлаймыз. Солайша, ең күшті, ең мықты деген жас спортшылардың бағын асыру үшін әділдік күтеміз, – дейді «Қазақстан барысы» қазақша күресті дамыту қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Арман Шораев.

Қазақша күресті дамытуға мүдделі болып отырған «Қазақстан барысы» мен «Нұр Отан» ХДП –ның бұл игілікті шарасы қуантарлық жайт. Қазақтың өзіне ғана тән ұлттық ойындарын дамытып қана қоймай, оны әлемдік деңгейдегі спорт түрлерінің қатарына қосу да басты мақсат болуы тиіс. Қазақтың күресін қазақ қана танымауы керек. Оны әлем мойындауға тиіс. Қазақтың Қажымұқандары елдің арасында көптеп саналады. Болашақ барыстарды тану, әрі оны таныту – сауапты іс.

Гүлзина Бектасова