«ЕЛІМ МЕНІҢ» – ЕЛДІҢ НАЗАРЫНДА

«ЕЛІМ МЕНІҢ» – ЕЛДІҢ НАЗАРЫНДА

«ЕЛІМ МЕНІҢ» – ЕЛДІҢ НАЗАРЫНДА
ашық дереккөзі

Мамыр айынан бастап «Қазақстан» Ұлттық арнасында «Елім менің» атты патриоттық, ойын-сауықтық думан халықтың назарына ұсынылған еді. Аталмыш жоба аз уақыттың ішінде көрерменнің жүрегін жаулап алды. Өйткені бұл жоба қазақ телевидениесі үшін тың дүние. Жобаны Қазақстан ұлттық арнасының тапсырысы бойынша «Adam media group» компаниясы түсіруде.

Ескендір Хасанғалиев, Сауық Жақанова, Ермахан Шайхы, Арыстанбек Әбілов, Марат Мәзімбаев, Аян Өтепберген, Меруерт Түсіпбаева, Бақыт Жұматова, Лұқпан Жолдасов, Сара Тоқтамысова, Қанат Әлжаппаров, Исраил Сапарбай сияқты қатысушылар сайыс сынынан мүдірмей өтті.

Мөлдір Әуелбекова көрермендердің алдында жаңа қырынан ашылуда. Жүргізушілік шеберлігін шыңдап жүрген Мөлдір қазір жұрттың назарында. Ал, Мұрат Қожа мен Қаракөз Тілеубекова өз топтарына көмек берудің жаңа әдістерін тапты. Қай топбасшы жеңіске жетеді екен?

Елтану бойынша сынақ қатысушылар үшін оңай соққан жоқ. «Елім» деп жүрегі соққан нағыз патриоттар ойын соңында анықталуда.

Жоба туралы төртінші билік иелері қандай пікірде екен? Соны біліп көрелік.

Бауыржан ЖАҚЫП,

«Қазақ энциклопедиясы» баспасының бас директоры:

– «Елім менің» жобасы ойымнан шықты. Нағыз халықтық жоба. Жалпы қазақтың рухын көтеретін бағдарлама.

Жүргізуші Мөлдір Әуелбекованың өзіндік жүргізу ерекшелігі бар. Сұрақтары да тарих, мәдениет, ғылым салалары бойынша жақсы дайындалған.

Бағдарламаға қатысып, өз білімдерін көрсетіп жүрген танымал тұлғалар сұрақтарға жауап беру арқылы халыққа білім береді. Ал халық қатысушы азаматтардың ой-өрісін байқайды, сынайды. Кейде олардың сұрақтарға жауап бере алмай қалған тұстарын көреміз. Оған да кешіріммен қарау керек. Өйткені әр саланың адамы өз саласының маңында ғана еңбектенеді.

Жобаға қолдау ретінде демеушілік жасап, «Қазақ энциклопедиясы» баспасы атынан «Қазақстан тарихының төрт томдық энциклопедиясы», Сейіт Кенжеахметұлының «Қазақ салт-дәстүрлерінің энциклопедиясы» кітаптарын жеңімпаздарға тарту етудеміз. Бұл теңдессіз, құнды кітаптар қазақ халқының шежіресі және ұлттық киімдері, тағамдары, салт-дәстүрлерінен сыр шертеді.

Болашақта «Елім менің» бағдарламасы өз атына сай болып, Қазақстанды түгел қамтитын жобаға айналса. Тек бір студияда ғана емес, еліміздің барлық облыстары мен елді-мекендеріне барып түсірілсе. Бір жағынан, ауылдардағы еңбегі сіңген адамдар танылады, екіншіден халық арасында жобаға деген сұраныс өседі.

Темірхан МОМБЕКҰЛЫ,

жазушы, гео-саяхатшы:

– «Елім менің» бағдарламасын көрген кезде бойымда сергектік пайда болып, патриоттық сезімім оянады. Басқа арналарда күнде апат, күнде атыс-шабысты көріп, өмірден түңіліп кеткен кезде, «Қазақстан» Ұлттық арнасында Мөлдір Әуелбекова жарқ етіп шығып, барлық жамандықты жуып-шайып кеткендей болады. Көріп отырып жаңа леппен өмір сүргіміз келеді.

Екі топбасшы топты жақсы басқарады. Топтарына жақсы көмек беріп, бәсекелесіп, тартысты ойын көрсетуде. Қаракөз өзімнің жерлесім. Бірақ, кейде Мұрат бауырым басымдылық, ширақтық көрсетіп кетеді. Сол кезде Қаракөзге жаным ашитынын жасырмаймын.

Болашақта қатысушы ретінде әртүрлі мамандық иелерін алса деймін. Мысалы ұшқыш пен еден жуушы, депутат пен қарапайым жұмысшы бір-біріне қарсы командада ойын көрсетсе керемет болар еді.

Отбасымен отырып көруге арналған бағдарлама. Әсіресе мектеп оқушылары мен шала қазақтарымыз көрсе, Қазақстан туралы барлық мәліметке қанық болады. Оқушыларымыз тест жаттағанша, осы бағдарламаны көрсе деймін.

Ермахан ШАЙХЫ,

«Айқын» газеті

бас редакторының орынбасары:

– Бағдарламада қатысып, өз білімімді тексеріп көрдім. Ойын керемет болды. Әсіресе, ұйымдастырушылық жағы. «ADAM Media Group» компониясының осы бағдарламаны түсіріп, көрермендерге тарту еткеніне қуаныштымын. Түсіру алаңында барлық жағдай жасалған. Барлығы қарастырылған. Бағдарлама көреремендерге ой береді. Тың дүние екені көрініп тұр. Жобаға айтар сыным жоқ.

Сырттай көріп отырғанда, оңай сұрақтардың жауабын айта алмаған қатысушыларға қарап сын айтамыз. Бірақ тура қатысуға келгенде адам сасқалақтайды екен. Білгенімізді ұмытып қалдық. Көкірегімізде жауап сайрап тұрса да, жауап бере алмай қалған кездеріміз болды.

Маған бейнесауалдар арқылы атақты кинофильмдер мен салт-дәстүрлер туралы сауалдар қойылатын айналым ұнады. Оларға тез жауап беру үшін шапшаңдық керек.

«Елім менің» бағдарламасының ғұмыры ұзақ болса деймін. Жаңарып, көркейіп, халыққа қуаныш сыйлай берсін.

Торғын ӘБУШАХМАН