Қазақстан – серпінді дамитын ел

Қазақстан – серпінді дамитын ел

Қазақстан – серпінді дамитын ел
ашық дереккөзі
Отандық экономиканы дамытудағы басты бағыттар, инвестициялық ахуалды жақсартудың тиімді жолдары, шағын және орта кәсіпкерлік жолындағы кедергілерді жою, көмірсутегі шикізатынан түсетін кірісті тиімді пайдалану сияқты басқа да маңызды мәселелерді қамтыған Преиденттің халыққа Жолдауында Үкіметке бірқатар міндет жүктелді. «ТМД елдері арасында инвестиция тартуда алдамыз» ҚР Президенті «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» тақырыбындағы халыққа Жолдауында «Біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында бірінші болып жеке меншікке, еркін бәсекелестікке және ашықтық принциптеріне негізделген нарықтық экономиканың заманауи үлгісін жасадық. Біздің моделіміз шетелдік инвестицияларды тартудағы мемлекеттің белсенді рөліне негізделген. Біз елімізге 160 млрд. доллардан астам шетел инвестициясын тарттық. Кәсіпкерлік қызмет үшін негізгі талаптар мен заманауи салық жүйесі қалыптасты. Біз ұлттық экономиканы жоспарлы түрде әртараптандырудамыз. Үдемелі индустрияландыру бағдарламасында екі бесжылдықта экономикамыздың бет-бейнеcін өзгертіп, оны шикізаттың әлемдік бағаларының ауытқуына тәуелсіз ету міндетін қойдым. Стратегия-2030 қабылданғаннан бері 15 жыл ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне енді. Нәтижесінде, 2012 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің көлемі жағынан біз әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кіреміз. Әлемнің барлық елдері өз дамуын салыстыратын мойындалған рейтингтер бар. Осыдан алты жыл бұрын мен алдымызға әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру жөнінде жалпыұлттық міндетін қойдым. Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде 51-орынды иеленді. Біз бүгін осы мақсатымызға «таяқ тастам ғана қалдық», – деп мәлімдеді. Тәуелсіздік алған 21 жылдың ішінде елімізге тікелей тартылған инвестициялар мен ішкі салымдардың деңгейі жоғарылады. «Біз дамудың нақты, орнықты және үдемелі қарқынына қол жеткізу міндетін қойдық. Біз осы міндетті тарихи тұрғыдан алғанда аса қысқа мерзімде шештік. «Қазақстан-2030» Стратегиясында басты назар экономикалық өсуге аударылды. Нәтижесінде, 15 жыл ішінде ұлттық экономиканың көлемі 1997 жылғы 1,7 триллион теңгеден 2011 жылы 28 триллион теңгеге өсті. Елдің Ішкі жалпы өнімі 16 еседен артып, 1999 жылдан бастап Қазақстанның ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсуі 7,6 пайызға теңгерілді. Осылайша Қазақстан алдыңғы қатарлы елдерді басып озды», – деп мәлімдеген Президент жан басына шаққандағы Ішкі жалпы өнім 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам деңгейге көтерілгенін көлденең тартты: «Қазақстан әуел бастан жан басына шаққанда тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі жағынан ТМД-да көшбасшы болды. Бүгін бұл 9200 АҚШ долларына жетті. Біз сыртқы сауданың – 12 есе өсуіне, ал өнеркәсіп өнімін өндіру көлемінің 20 есе өсуіне қол жеткіздік. Осы жылдар ішінде мұнай өндіру – 3 есе, табиғи газ өндіру 5 есе ұлғайды. Біз шикізат ресурстарынан түскен кірісті Ұлттық қорға жібердік. Бұл – ықтимал экономикалық және қаржылық сілкіністерден қорғайтын сенімді қалқанымыз. Бұл – бүгінгі және болашақ ұрпақ қауіпсіздігінің кепілі». Үдемелі индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде 2010 жылдан бастап жалпы құны 1 797 млрд. теңге болатын 397 инвестициялық жоба іске асырылып, 44 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске асырылған екі жыл ішінде жалпы көлемі 101,2 млрд. теңге сомасындағы несиеге 225 жоба мақұлданыпты. Энергетикалық қорларға келсек,­ Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақ­станның мұнай-газ кешені күллі эко­но­миканың алға сүйреуші күші болып­ табылатындықтан әрі басқа көмір­сутегілерден түсетін пайданы ысырап етпес үшін мемлекет экономиканың заманауи, тиімді мұнай-газ және тау-кен өндіру саласын құруға тиіс болған еді. Президенттің пікірінше, еліміз бұл міндеттің де үдесінен шықты. Бүгінде шикізат саласының табысын болашақ экономиканы құру үшін пайдалануда: «Елдің Ішкі жалпы өніміне шаққанда мұнай-газ саласы үлесінің тұрақты өсу қарқыны байқалады, ол 1997 жылғы 3,7 пайыздан 2006 жылы 14,7 пайызға және 2011 жылы 25,8 пайызға артты». «Біз – бүгін халқының табысы орташа деңгейдегі және серпінді дамитын экономикасы бар елміз» деген Елбасы Жолдауының «Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм» деп аталатын бөлімінде экономикалық мәселелердің маңызды жайттары қарастырылған. Атап айтқанда, түгел қамтитын экономикалық прагматизм, жаңа кадр саясаты, макроэкономикалық саясатты жаңғырту, сондай-ақ, бюджет, салық, ақша-несие мен мемлекеттік және сыртқы қарызды басқару саясаты, инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік активтерді басқару жүйесін жаңғырту, табиғи ресурстарды басқарудың жаңа жүйесі, индустрияландырудың келесі кезеңінің жоспары, ауыл шаруашылығын жаңғырту мәселелері. Елбасының назарынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде және саудада қожалықтар мен шағын және орта бизнесті дамыту мен су ресурстарына қатысты саясат та тыс қалмады. Қазақстанның ұлттық экономикасын алға сүйреуші күш саналатын жеке кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау шеңберінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің жаңа үлгісі – «қуатты кәсіпкерлік – қуатты мемлекет» бағыты, жекешелендірудің жаңа кезеңі – мемлекет рөлінің өзгеруін жүзеге асыру көзделіп отыр. «Қалыптасқан Қазақстан – мемлекеттілігіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналуы. Дәл 15 жыл бұрын біз Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі стратегиясын қабылдадық. Бұл 1997 жыл – кеңестік кезеңнен кейінгі бей-берекеттік түбегейлі еңсерілмеген, дағдарыс Оңтүстік-Шығыс Азияны және басқа да кейбір нарықтарды сансыратқан кезең болатын. Бізге де аса қиын соқты. Осы жылдар ішінде біздің Стратегиямыз басты мақсатымыздан ауытқымай, шамшырақ сияқты біздің жолымызға сәуле шашып, алға басуға жігерлендірді. 1997 жыл естеріңізде ме? Парламентте мен сөз сөйлегеннен кейін абдырау мен абыржу болды. Көпшілік: «Бұл не – насихат па? Әлде аспаннан түскен нәрсе ме?» деп сауал қойып жатты. Сол кезде алға қойған міндеттер соншалықты асқақ болып көрінетін», – деп ағынан жарылған Елбасы аталған мәселелерді шешу үшін мемлекеттің іргесін қалау мен нарықтық экономикада серпіліс жасау, әлеуметтік мемлекеттің негіздерін қалау және қоғамдық сананы қайта өзгерту мақсатында жаңғырту жүргізілгенін айтты: «Біз өзіндік жолымызды айқындауға тиіс едік. Бұл жол «Қазақстан-2030» Стратегиясында белгіленген болатын. Бұл құжат стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді пайымдаған, көзқарасымыздағы маңызды серпіліс болды. Халық нақылында айтылғандай: «Мақсат – жетістіктің желкені». Орынды мақсаттар ғана табысқа жеткізеді». ҚР Президенті халыққа Жолдауында 2007 жылы басталған қаржылық және экономикалық дағдарыстың кері әсері Қазақстанға тимегенін, тіпті 2008-2009 жж. әлемдік экономиканы тұралатқан қиындықтардан еліміз аман өткенін мақтанышпен айтты. «Біз таңдаған ел дамуының саяси, әлеуметтік-экономикалық және сыртқы саяси үлгісі өз тиімділігін дәлелдеді» деді. Жетістіктердің барлығын еске алған Елбасы «Қазақстан 2050» Стратегиясының бағыттары туралы ойымен бөлісті. Ең маңыздысы, жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм. Яғни, жаңа бағыт экономикалық саясатының мәні – түгел қамтитын экономикалық прагматизм, шын мәнінде бұл біздің бүгінгі көзқарастарымыз бен ұстанымдарымызды түбегейлі өзгерту. Біріншіден, экономикалық және басқару шешімдерін түгелдей экономикалық мақсаттылық және ұзақ мерзімді мүдделер тұрғысында қабылдау. Екіншіден, Қазақстан толыққанды бизнес-серіктестік ретінде қатыса алатын жаңа нарықтық тауашаларды айқындап, экономикалық дамудың жаңа тіректерін құру. Үшіншіден, экономикалық әлеуетті арттыру мақсатында қолайлы инвестициялық ахуал құра отырып, инвес­тициядан түсетін пайда көлемін арттыру. Төртіншіден, экономиканың тиімді жеке секторын құру және мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту. Экспортты мемлекеттік ынталандыру. Мемлекеттің қарызы қадағаланады Кез келген мемлекетті алға сүйреуші салалардың бірі – экономика кадр саясатымен тығыз байланысты. Осы себепті, «Қазақстан 2050» бағдарламасы шеңберінде басқарушылық ресурсын жетілдіре отырып, менеждменттің жаңа құралдарын және мемлекеттік сектордағы корпоративтік басқарудың қағидаларын енгізу көзделуде. Сонымен қатар халықаралық еңбек бөлінісінен пайдалы жағын алу, әсіресе, жаңа бағыттың бірнеше міндетін іске асыру үшін аутсорсинг бағдарламалары арқылы сыртқы кадр ресурстарын тарту қолға алынады. Ашық нарықтағы ең үздік шетел мамандарын тартуға және оларды елімізге жұмысқа шақыру . «Кең көлемді халықаралық тәжірибесі бар әрі білімді басқару кадрларды пайдалану екі бірдей нәтиже береді: біз өндірісіміздің менеджментін жаңғыртумен қатар, өзіміздің отандық кадрларымызды үйретеміз. Бұл – біз үшін жаңа тәжірибе», – деп мәлімдеген Президент 2050 жылға дейін кезең бойынша шешілуі тиіс міндеттерді айқындады: біріншіден, мемлекеттің макроэкономикалық саясаты жаңғыртылуы тиіс. Ол үшін бюджет саяса­ты басты назарда ұсталады: «Біз бюджет саясатының жаңа принциптерімен қарулануға – өз мүмкіндіктеріміз шегінде ғана шығындануға және тапшылықты барынша мүмкіндікте қысқартуға тиіспіз. Ұзақ мерзімде олардың сақталуын қамтамасыз ете отырып, «қиын-қыстау» күнге резервтер жинау қажет. Бюджеттік-қаржылық процеске деген көзқарас жекелей салымдарға көзқарас секілді ұқыпты да ойластырылған болуға тиіс. Басқаша айтқанда, бірде-бір бюджеттік теңге ысырап болмауға тиіс. Мемлекет бюджеті ұзақ мерзімді перспектива тұрғысынан қарағанда өнімді, мәселен, экономиканы әртараптандыру және инфрақұрылымды дамыту секілді жалпыұлттық жобаларға бағытталуы тиіс». Бұл орайда инвестициялар үшін нысандарды олардың мақсаттылығы және қайтарымдылығы тұрғысынан қатаң іріктеу қажет. Ең заманауи нысандардың өзі оларды ұстап тұру үшін шығыстарды талап етіп, бірақ кірістер әкелмейтін болса және ел азаматтарының проблемаларын шешпейтін болса, бюджетке масыл боларын есте сақтаған жөн. Тағы бір маңызды жайт, салық саясаты. Яғни өндіріс және жаңа технологиялар саласындағы салық салу нысандары үшін қолайлы салық режімін енгізу қажет. Бұл шара ендігі жүзеге асырылу үстінде. Н.Назарбаев аталған жүйені жетілдіруді тапсырды. Осы мақсатты құзырлы органдар қолданыстағы салық жеңілдіктеріне тексеру жүргізіп, оларды мейілінше тиімді етуге күш салады. Бұл орайда отандық нарыққа қатысушыларды салықтан жалтарудың жолдарын емес, бәсекелестікке деген қабілетті күшейтудің жолдарын насихаттаған жөн. «Салықтық қадағалауды прагматикалық азайту шаруашылық субъектілерінің салық қызметімен диалогын азайтуға тиіс. Алдағы бес жылда бәріміз онлайн-электрондық есептілік режіміне көшуіміз керек. 2020 жылдан бастап біз салықтық несиелендіру практикасын енгізуіміз керек. Басты міндет – кәсіпкерлердің инвестициялық белсенділігін ынталандыру. Жаңа салық саясаты әлеуметтік бағыт алуға тиіс. Бұл үшін 2015 жылдан бастап ынталандыру шаралары кешенін, соның ішінде білім беруге, өзін, өз отбасын, қызметкерлерін медициналық сақтандыруға қаражат салатын азаматтар мен компанияларды салықтан босату практикасын көздейтін ынталандыру кешенін әзірлеу қажет» – деп мәлімдеген Елбасы осылайша, кәсіпкерлік деңгейіндегі болашақ салық саясаты ішкі өсімді ынталандыруы және сыртқы нарықтарға отандық экспортты, ал азаматтар деңгейінде олардың қорларын, жинақтарын және салымдарын ынталандыруға тиіс деген пікірде. Ал ақша-несие саясатына келсек, «әлемдік экономикадағы қолайсыз ахуалды ескере отырып, біз инфляциядан әрбір қазақстандықтың кірістерін қорғауды қамтамасыз ететін және экономикалық өсім үшін лайықты деңгейін ұстап тұратын боламыз. Бұл жай ғана макроэкономикалық мәселе емес, бұл елдің әлеуметтік қауіпсіздігінің мәселесі. Және де бұл – 2013 жылдың өзінен бастап Ұлттық Банк пен Үкімет жұмысының басты мәселесі. Қазақстандық банктер өз кезегінде өзінің мақсатын орындауға және нақты экономика секторының кредиттік ресурстарға деген қажеттілігін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте қаржылық жүйеге бақылауды әлсіретуге болмайды, банктерді проблемалық кредиттерден тазарту және қорландыру мәселелерімен тығыз айналысу қажет». Бұл үшін Ұлттық Банк пен Үкіметке Президент Әкімшілігінің үйлестіруімен экономиканы қажетті ақша қорымен қамтамасыз етуге бағытталған түбегейлі ақша-несие саясатының жаңа жүйесін дайындайды. Ресми деректерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың басында Қазақстанның мемлекеттік қарызы 26,6 млрд. АҚШ долларына тең болған. Оның ішінде Үкімет желісі бойынша, 15,8 млрд. доллар және Ұлттық банк бойынша – 10,7 млрд. доллар. ҚР Үкіметінің сыртқы қарызы 3739.7 млн. долларға жуық. Жолдауда мемлекеттік және сыртқы қарызды басқару саясаты туралы да айтылды: «Біз елдің мемлекеттік қарызының деңгейін тұрақты бақылауда ұстауға тиіспіз. Ішкі жалпы өнімге шаққандағы бюджет тапшылығын 2013 жылғы 2,1%-дан 2015 жылы 1,5%-ға дейін төмендету керек. Мемлекеттік қарыз аз мөлшерлі деңгейде қалуы тиіс. Бұл қағидатты міндет, өйткені, біз әлемдік тұрақсыздық жағдайында бюджетіміздің тұрақтылығын және ұлттық қауіпсіздігімізді тек осылай ғана қамтамасыз ете аламыз. Экономиканың квазимемлекеттік секторы борышының деңгейін қатаң бақылау қажет». Қазақстан экономикасын дамытуда отандық инфрақұрылымға қатысты қағиданы жаңа көзқарасқа сәйкес түзген абзал. Ол үшін екі бағыт: ұлттық экономиканы жаһандық ортаға бейімдеу және республика бойынша аймақтарды қамту. ҚР Президенті ұлттық пайданы ескере отырып, Қазақстанның шегінен тыс өндірістік көліктік-логистикалық нысандарын, әсіресе Еуропада, Азияда, Америкада, мысалы, теңізге тікелей шыға алатын елдердің порттары, әлемнің тораптық транзиттік нүктелеріндегі және тағы басқа, көліктік-логистикалық хабтар секілді қазіргі заманғы кәсіпорындар құру керектігін айтты. Осы мақсатта «Жаһандық инфрақұрылымдық интеграция» арнайы бағдарламасын әзірленеді. Осының арқасында, Қазақстан транзиттік әлеуетін дамытуға мүмкіндік алады. Оның үстіне, бүгінде 2020 жылы еліміз арқылы транзиттік тасымалдау қуатын екі есеге ұлғайтатын бірқатар ірі жалпыұлттық инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр. Елбасының айтуынша, 2050 жылға қарай – бұл көрсеткіш он есе ұлғаюы тиіс: «Осының бәрі басты мақсатқа – экспортымызды тек біздің өніміміз бен қызметтерімізге деген ұзақ мерзімді сұраныс болатын әлемдік нарықтарға қарай жылжытуға бағынуға тиіс. Инфрақұрылым жасау, сонымен қатар, табыстылық заңына бағынуға тиіс. Жаңа бизнестерді дамытуға және жұмыс орындарын ашуға бастайтын жерде ғана құрылыс жүргізу қажет. Шалғай өңірлерді немесе тұрғындарының тығыздылығы жеткілікті емес өңірлерді өмірлік маңызды және экономикалық қажет инфрақұрылым объектілерімен қамту үшін біз «инфрақұрылымдық орталықтар» құруға тиіспіз. Бұл үшін көлік жүйесінің озыңқы инфрақұрылымын құруды қамтамасыз ету қажет». Аталған тапсырманы орындауға міндетті Министрлер кабинеті келесі жылы Инфрақұрылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны дайындайды. Сонымен қатар мемлекеттік активтерді басқару жүйесін жаңғырту да маңызды. «Қазақстан – әлемдік ауқымда көлемі шағын экономика. Сондықтан оны өте тиімді басқару қажет. Ел біртұтас корпорация секілді жұмыс істеуі тиіс, ал мемлекет оның өзегі болуға тиіс. Корпоративтік ойдың қуаты барлық процестердің біртұтас алып қаралуында жатыр. Барлық деңгейдегі мемлекеттік басқарушылар осындай бизнес-пайымға үйренуге тиіс», – деп мәлімдеген Н.Назарбаев отандық бюджетті тек бөлумен шектелмей, пайдалы да кірісі мол салаларға инвестиция салуға нұсқау берді: «Тиімділіктің басты өлшемі – біздің салымдарымыздан түсетін қайтарым деңгейі. Елдің өндірістік әлеуетін қаншалықты еселей алсақ, Қазақстан халықаралық нарықта қосалқы емес, солғұрлым тезірек әлеуетті ойыншығына айналады». Шикізаттан түскен пайда – келешек ұрпаққа Елбасының айтуынша, Ұлттық қор жаңа экономикалық саясатқа көшудің басты күші болуы тиіс. Ұлттық қордың қаражатын бірінші кезекте ұзақ мерзімдік стратегиялық жобаларға бағыттап, 2013 жылы Ұлттық қорда қаражат жинақтау жалғасуы тиіс, бірақ бұл қаражатты мейілінше тиімді де ойластырып пайдаланған жөн. Мемлекет Үшінші индустриалдық төңкеріс нәтижесінде пайда болатын салаларды ескере отырып, ұлттық компаниялар арқылы болашақтың экономикасын дамытуды ынталандыруы, ұлттық индустрия ішкі тұтынушылық сұранысты қанағаттандыруға қабілетті заттар өндіруді қолға алады. Мемлекет ақпараттық технологиялар саласында транзиттік әлеуетті дамытуды ынталандыра отырып, 2030 жылға қарай Қазақстан арқылы әлемдік ақпараттық ағынның кем дегенде 2-3 пайызын қамту қажет. Ал 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш кем дегенде екі еселенеді Осы мақсатта жеке компаниялардың өз қаражатын зерттеулер мен жаңа бастамаларға салуын ынталандыру керек: «Мына нәрсені баса айтқым келеді: инновацияларды енгізудің маңызы зор, бірақ бұл басты нысана емес. Біздің жаңа технологиялар сұранысқа ие болғанда, олар нарықта қажет болғанда ғана ел нақты пайда алатын болады. Олай болмаған күнде инновация – ақшаны босқа шығындау деген сөз». Елбасы Қазақ қоғамында жиі дау тудыратын мәселені назардан тыс қалдырмады: «Жекелеген компаниялар мен салаларды іріктеп қолдау тәжірибесін тоқтату керек. Біз әлеуметтік-маңызды стратегиялық функцияларды атқаратын және өзінің тиімділігін дәлелдейтін салаларды ғана қолдауға тиіспіз». Тағы бір маңызды мәселе – табиғи ресурстарды басқарудың түбегейлі жаңа жүйесін енгізу. Жерасты және жерүсті табиғи байлығымызды экономикалық өсуді, ауқымды сыртқы саяси және сыртқы экономикалық уағдаластықтарды қамтамасыз ету үшін Қазақстанның маңызды стратегиялық артықшылығы ретінде пайдалануға көңіл бөлінбек. Бүкіл әлем қаржылық дағдарыстың жаңа легін күтіп, алаңдаулы. Мұндайда күйреуден аман алып қалуға сеп – шикізат қоры. Сол себепті тығырыққа тірелгелі отырған нарықтарға Қазақ еліне тиесілі шикізатты тез арада шығаруды тапсырған Президент: «Біздің негізгі импорттаушыларымыз шикізат сатып алуды елеулі қысқартуы, ал баға күрт төмендеуі мүмкін. Ал біздің озыңқы стратегиямыз кейіннен елге ықтимал жаһандық дағдарыс кезеңінен аман өтуге көмектесетін қаражатты нарықтардың тұрақсыздануы басталғанға дейін өте тез жинақтауға мүмкіндік береді», – деді. Көмірсутегі шикізатының нарығында ірі ойыншы болып қала отырып, Қазақстан энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге ұмтылмақ. Н.Назарбаевтың айтуынша, «егер қазақтар шикізат ресурстарынан түсетін кірісті 35 жылдан кейін пайдаланғысы келсе, бұған бүгіннен бастап дайындалу керек. Бізге арнайы стратегия әзірлеу – барлық ірі корпорациялар мен концерндер тәжірибесіндей алда тұрған барлық жылдарға барша жұмысты бөліп жоспарлау үшін басымдықтарды, серіктестерді айқындап алу қажет. Бұл – біздің төл тарихымыздың басты сабағы: Қашаған бойынша келіссөздер мен дайындықты біз осыдан 20 жыл бұрын дерлік бастадық, ал нәтижесін тек қазір ғана алуға кірістік». Ал стратегияны әзірлеудің негізгі бағыттарына келсек, өңірлер инвестициялар тартуға мүдделі болуы үшін жер қойнауын пайдалануға мораторийді жою; шикізат тасымалдаумен шектелмей, энергетикалық қорларды қайта өңдеу мен аса жаңа технологиялармен алмасу саласындағы ынтымақтастыққа көшу және 2025 жылға қарай отандық нарықты жаңа экологиялылық стандарттарға сәйкес келетін жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ету; шетелдік инвесторларды елімізге ең заманауи өндіру және қайта өңдеу технологияларын ұсынған жағдайда ғана тарту; Қазақстанды инвестиция салуда Еуразиядағы ең тартымды аймаққа айналдыру; барлық өндіруші кәсіпорындар тек экологиялық зиянсыз өндірісті енгізу т.б. Басты бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы 2014 жылы Үдемелі инновациялық индус­трияландыру бағдарламасын іске асырудың бірінші бесжылдығы аяқталады. Осыған байланысты Қазақ Үкіметі индустрияландыру бағдарламасының келесі кезеңінің жоспарын әзірлемек. Сондай-ақ, келешегі зор технологиялық бағыттарды дамытудың сценарийі түзіледі. Осының нәтижесінде, экспорттың жалпы көлеміндегі шикізаттық емес экспорттың үлесі 2025 жылға қарай екі есеге, ал 2040 жылға қарай үш есеге ұлғаюы тиіс. Ол үшін 2050 жылға қарай Қазақстан өзінің өндірістік активтерін ең жаңа технологиялық стандарттарға сәйкес толықтай жаңартуы тиіс. Сондай-ақ, отандық тауарлар бәсекеге қабілетті болуы шарт. Өйткені 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның, Ресей мен Беларусьтің қатысуымен Біртұтас экономикалық кеңістік құрудың іс жүзіндегі кезеңі басталды. Назарбаев кеңістікті құруда Қазақстан өз егемендігінен айрылмайтынын баса айтты. Ол үшін «экспортқа бағытталған шикізаттық емес секторды кеңейтуге негізделген жаңа өндірісті дамытуға тиіспіз. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын өнеркәсіптік қуаттарды импорттауға және технологиялар алмасуға бағыттауға тиіспіз. Бұл үшін бізге бірлескен халықаралық компаниялар мен ел үшін пайдалы серіктестіктер құру мен дамытудың кіші бағдарламасы қажет. 2030 жылға қарай Қазақстан ғарыш қызметтерінің әлемдік нарығындағы өз тауашасын кеңейтіп, басталған бірқатар жобаларды қисынды аяқтауға дейін жеткізуге тиіс. Мен Астанадағы ғарыштық аппараттар құрастыру-сынақтан өткізу кешенін, қашықтан зондтау ғарыштық жүйесін, ғарыштық мониторинг пен жердегі инфрақұрылымның ұлттық жүйесін және жоғары дәлдіктегі спутниктік навигация жүйесін айтып отырмын. Екі жетекші инновациялық кластерді – Назарбаев Университетін және Инновациялық технологиялар паркін дамытуды жалғастыру керек. Бізге төменкөміртекті экономикаға жедел көшу қажет». Халыққа Жолдауында Елбасы 2013 жылы «жасыл көпір» халықаралық ұйымын құруды, сонымен қатар, Алматының маңындағы төрт серіктес қалада Green4 жобасын іске асыруды бастауды ұсынды. Бұл орайда ЭКСПО-2017 қуатты серпіліс беретіні анық: Астанада ғылым мен техниканың үздік әлемдік жетістіктері ұсынылады. Ел экономикасын дамытуда ауыл шаруашылығын дамыту да аса маңызды. Әсіресе, сыртқы және ішкі нарықта тұтынушылық сұраныс деңгейі күтпеген жерден көтеріліп кеткен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және оны әлемдік нарыққа тасымалдау мәселесі күн тәртібінде тұр. Елбасы өз сөзінде: «Әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру үшін бізге мыналар қажет: Егістік алаңын ұлғайту. Мұндай мүмкіндік барлық елдерде бірдей жоқ екенін атап өтемін. Егістік түсімін, ең алдымен жаңа технологиялар енгізу есебінен елеулі көтеру қажет. Біз әлемдік деңгейдегі мал шаруашылығы жемшөп базасын құру үшін үлкен әлеуетке иеміз. Біз экологиялылыққа баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құруға тиіспіз. Нәтижесінде мен агроөнеркәсіптік кешеннің алдына – экологиялық таза өндіріс саласындағы жаһандық ойыншы болу міндетін қоямын. Ауылшаруашылық қайта өңдеуде және саудада фермерлік пен шағын және орта бизнесті дамыту. Бұл – өзекті міндет. Бұл арада бізге: Жер өңдеу мәдениетін өзгерту және жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғыртуымыз қажет. Аса ірі экспорттық нарықты меңгеру үшін біз қай азық-түліктің жаппай өндірісін басты етіп қоятынымызды айқындауымыз керек», – деп мәлімдеді. Осының арқасында 2050 жылға қарай отандық Ішкі жалпы өніміндегі ауыл шаруашылығы өнімінің үлесі 5 есе артады. Осы мақсатта ел Үкіметі келес жылы отандық агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейінгі дамуының жаңа бағдарламасын әзірлейді; 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың көлемін 4,5 есе арттырады; ең жаңа агротехнологияларды қолдануға бағытталған орта және ірі тауарлық ауылшаруашылық өндірістерін құру жөніндегі заңнамалық және экономикалық ынталандырулар жүйесін тұжырымдайдіы берілгеннен кейін белгілі бір кезеңде игеру қолға алынбаған жерлерге салық мөлшерлемелерін көтеруді енгізеді. Отандық ауыл шаруашылығы туралы айтқанда еліміздің су ресурстарына қатысты жаңа саясатты назардан тыс қадыру мүмкін емес. «Ауыл шаруашылығы мұқтаждығы үшін бізге аса көп су көлемі қажет. Осыған байланысты басқа елдердегі, мысалы, Австралиядағы сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешудің озат тәжірибесін мұқият зерделеп, оны біздің жағдайымызда пайдалануға тиіспіз. Бізде елеулі қоры бар жерасты суларын өндіру мен үнемді пайдаланудың ең озат технологияларын енгізу қажет. Агроөнеркәсіп секторында ылғал үнемдеу технологиясына кешенді түрде ауысқан жөн», – деп мәлімдеген Елбасы қоғамдағы ой-сананы түбегейлі өзгертіп, ең басты табиғи байлығымыз – суды ысырап етуді тоқтатуға шақырды. Сондықтан 2050 жылға қарай Қазақстан сумен қамтамасыз ету проблемасын түбегейлі шешуі шарт: «Үкіметке дәйектілікпен, бірінші кезеңде 2020 жылға қарай – тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету, 2040 жылға қарай суару проблемасын шешетін ұзақмерзімді бағдарлама жасауды тапсырамын».

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ