Итбегі

Итбегі

Итбегі
ашық дереккөзі
Төрехан МАЙБАС

Тұяқ ЫСҚАҚҚА

Ақшағат дүр сілкінді. Түн ішінде мылтық атылды. Қатарынан төрт рет. Іле қаңқ еткен иттің жетім дауысы жетті. – Асат екен!.. – Не болып қалды соншама? – Болғаны сол, жатырынан қағынды деп… – Сонсоң?.. – Желқұйынды атып тастапты… – Соған бола төрт оқ шығындап… – Үшеуі күшігі… – Соны да сөз деп!? Тағы бір иті күшіктер… – Сөз болғанда қандай, Желқұйыны ауылдың соңғы таймасы емес пе?.. Олар азғанда дүрегейдей топырлатып күшіктейді дейді ғой. Соны көтере алмаған да… – Жатырынан қағынған десеңші… – Өзің де біліп тұр екенсің ғой.. *** – Ылыққан немелер, құс сияқты қиқулап, ұшқалы жүр ме?– деп кіші шешесі үйге сөйлей кірген. Мұны естіген әкесі күні бойғы ыңқыл-сыңқылын сырып тастап, далаға оқтай атылған. – Кәһ-кәһ!..Кәһ-кәһ, Желқұйын!.. Ауыл сыртындағы иттің шәуілі, арсылы, ырылы, қыңсылы қосылып кеткен итшуыл тұр. Көп ұзамай алқынып қайта кірген. – Әйтеуір, аман екен… Жатыры қағынбай тұрғанда жүрейін, – деп сөзіне жауап тоспас­тан жолға жинала бастады. – Артын алақаныңмен жауып отырайын деп пе едің? – деп кіші шешесі күңк етсін. – Оттапсың!.. – десін әкесі. Желқұйынның қарғыбауын байлап, бұлар тарақтағанша сапарға да дайын болған. Шығып бара жатып: – Апта айналып келемін, – деп жөнін айтсын. – Ерейменге баратын болдың ғой, – деп кіші шешесі тон пішсін. Әкесі сол бойы қайырылған жоқ, бөтен ауыз сөз де қоспады. Енді бұл ойлансын. Үлкендердің тураламай итқұс деп атауында бір шындық жатқан сияқты. Әкесі айтар еді: – Бұл шіркіндер құсқа шыққанда кәдімгідей құс сияқты қиқулайды, – деп. Айтып отырған құсы – дуадақ. Жаз бойы көкті пышақкесті орады-ау. Сонан бөтегесінен бөртіп, далпылдап ұша алмай қалады. Біреуге жем болып кетпеуі үшін дыбыс бермеуге тырысады. Ал ит болса, сол дуадақтың дауысына салып, дулап береді. Құс солайынша ұсталып қалады. Дала көкжалы да осы тәсілді қолданады. Соған орай қасқырды итқұс деп атайтын шығар деп өзінше тон пішеді. Қасқырдың құсша қиқулағанын естіген емес, алайда өзі солай ойлайды. Құмайтазы дейтіндері де бар. Жерде жүгіргенде тазы, өкшесі жерден көтерілгенде құмай болады дейді. Құмай деп отырғандары құс атауы. Кіші шешесі де дөп басып тұр. Ит демей, құс деп… Желқұйынның қар басқанына биыл үшінші жыл болады. Тазының таймас деген тұқымынан. Біз жақта жоқ тұқым. Қытай асқан бабаларымызда сақталып қалған. Елуінші жылдары бері өткен туғандар әлгі тұқымды кері алып өтіпті. Ереймендіктер сол таймасты ұстап, қасқырға салуды әуезе көреді екен. Бір жазда құдалық жөнімен Ереймен барған әкесі қатарынан қайта-қайта үш жыл барғыштап жүріп, осы Желқұйынды соқыр күйінде алып келген. Жасынан ит танып өскен Асатқа таймастың сопақ басы қатты әсер еткен. «Ешкібас» деп қойған іштей. Барбиған башайларын көріп те сүйсінсін. Ұнамағаны құлағы. Есекқұлақ екен. Ал ұнағаны құйрығы болды. Сымпылдың сымпылы… – Ит жақсысы сымпылынан, – деп отыратын әкесі. – Ат терге! Бұл сасып қалды. – Ойланбай айта сал! – деген кіші шешесі. Мұның аузына түскені: – Желқұйын! – болды. Бір аптадан соң көзін ашты. Тағы бір үш күн өткенде қарайғанға кәдімгідей көз тоқтатып, жан-жағын ажырата бастады. Араға тағы бір апта түскенде дыбысқа елеңдейтін болды. Желқұйын десең жалт қарайды. Қадау-қадау, шолақ шап, кел, кет сынды бұйрықтарды тез-ақ меңгеріп кетті. Екі қайталатпайды. Әкесі ауру-сырқаудан сырт болсын деп итаяқты да аршадан шапқан. Тез ширайды деп қараторғай ұшасын өз қолымен қақтап берер еді. *** Бұлардың тұрған жерін ауыл деуге келмейді. Олай дейтіні қалай дегенде қалаға ұқсастығы көптеу. Жұмысшылар кентіндегідей аспан тіреген үйлері болмаса да, екі-үш қабатты үйлері баршылық. Тіпті, тұтастай көшелері де бар. Дені мекемелер. Мектебі, емханасы, ауруханасы, тұрмыстық комбинаты, мәдениет үйі кәдімгідей екі-үш қабаттан тұрады, екінші қабатына сатымен көтеріледі. Ауылдың қараборбайлары соны таңсық көріп, осы мекемелерді айналшықтап, шыға қоймайды. Ал төрт қабатты бастықтардың мекемесінде бұлардың ішінде болғандары ілуде біреу. Өйткені оларда күзет бар. Әке десең өткізбейді. Елдің айтысы бойынша онда да саты бар. Ел жоғары қабаттарға сол сатылармен көтеріледі екен. Онан басқа екі лифт бар дейді. Біреуі адамдарды көтереді де, екіншісі құрал-жабдықтарды көтереді-мыс. Көтергенде бірден төрт адамды көтереді дейді. Бейне өзіұшар сияқты. Жерден тік көтеріледі. Қайтып тік түседі. Бастықтардың лифтісін көрмесе де, кеншілердің лифтісін көрген. Оған кемінде бір қора адам сыйып жүре береді. Бірақ онысын кілет дейді. Адамдар жер астына сонымен түседі. Сол кілет арқылы кенді қыр үстіне шығарады. Екінші жағынан кеншілер қонысын қалашық деуге де келмейді. Өйткені өлгеншектердің түтіндері әлі үзілмей тұр. Өлгеншегіміз кәдімгі жеркепе. Оларда да ел тұрады. Негізінен ауып келгендер. Жер аударылғандар. Кешегі жау тұтқындарының тұқымдары. Олар ел сияқты жұмыс істемейді. Немен шұғылданатыны бір өздеріне ғана аян. Елдің айтуынша олардың дөкіменттері де жоқ. Соған қарамастан тұрып жатыр. Жұмысқа тұра алмайтындары саяси жағынан сенімсіздер. Ата-бабаларының кінәраты бар. Өздерінде де бар, ытырынып совет өкіметін жақтырмай тұрады. Өліп бара жатсын орысқа барып тіленбейді. Өліп бара жатсын өз тілдерінен басқа тілде сөйлемейді. Сонысымен елге жұмбақ. Осыған орай ел де олармен араласа қоюға құлықты емес. Олардың айналдыратыны сауда-саттық жағы. Кенттен шыға алмайды. Сонда да саудалары жүріп тұр. Шыға алмайтындары кент жабық қалашықтар қатарына жатады. Мұндағы ел Мәскеу уақытымен жүреді, Мәскеу уақытымен тұрады. Әлгілердің ішінде тау халықтары басым. Болгар, гректері де кездеседі. Кейінгілері боза ашытумен, шарап қайнатумен шұғылданады. Ал алдыңғылары ит өсірумен айналысады… Негізінен абшаркаларды. Олардың күтімі баланың күтімінен де бапты. Өйткені Ақшағатта иттің бағасы жүріп тұр. Сауда жүрген жағдайда шахтердің айлығын шығарады. Қазақтың қоржын үйлері кенттің шетіне қарай орналасқан. Үй деп те айтпайды, соғынды дейді. Өйткені қалай болса солай, ықылассыз соға салған. Аяқ алып жүре алмайсыз. Бір-бірімен қабырғалас, ащы шектей шұбатылған соғындыларды ақшағаттықтардың өздері шуалшын деп кеткен. Тура осыған ұқсас өкімет үйлері де бар. Оларды барақ дейді. Қыс түскенде жаяу борасын әлгі үйлерді басып қалады. Ауыл баласының мұндайда аяғы жерге тимейді. Олар борасын жүрген үйлерді басып, мектептеріне кетіп бара жатады. Сондайда арттарынан аяққа оратылып Майлыаяқ, Жолдыаяқтары ілесер еді. Олар мектепке дейін шығарып салады, қайтып та кетпейді. Бастарын алдыңғы екі аяғына салып жатар еді тосып. Сонан ақшам түсіп, балалар сабақтан шығады. Сәл аялдап, ойынға алданып қалар еді. Ымырт түссе де олар қорқа қоймайды. Өйткені олардың Бөрібасарлары үнемі жанында жүреді. Асаттың Желқұйыны бар. Өзінен бір елі қалмайды. Ұйқтағанда ғана бөлек жатады. Бала сайын Бөрібасардың жоғы түсінікті. Алайда әр үйде үргеншектің барлығы шындық. Оның да себебі бар. Мұндағы қыр қазағы иттерді өздерін асырау үшін асырайды. Асырағанда аң қақпайды, бөрі де талаттырмайды. Бары құлағы сақ болса болғаны. Үргеншек болса тіпті қатып кетеді. Қысқасынан қайырсақ табыс табады. Мұнда адамдарды жұмысқа қабылдағандай иттерді де жұмысқа қабылдайды. Күзетші қылып…Рас, табысы шахтердікіндей бола алмайды, колхозшынікіне жеткізбейді… *** Тазының таймас тұқымы тәкаппар келеді. Кірпияз келеді. Жатқан жерін таза ұстайды. Әрине, құйрығын сыпырғы қылып, үй айналасын шаңытып жатқан жоқ. Бастысы сырт жемтік әкелмейді, итаяқтан ғана тамақтанады. Өзі қараторғай ұстағандай болса, онысын ұзап барып ас қылады. Адал асыңды арамдауға да жоқ. Керек десеңіз көз де салмайды. Тектілігі осылайша мен мұндалап тұрады. Мысықша дәреттенеді. Ауылдың бұралқыларындай үй аралап тіміскіленбейді де. Әкесі аңкөс адам. Аңға тазымен, оның ішінде таймасымен шыққанды әуезе көреді. Аңға шығатынын басқалар тұрсын үй іші де білмей қалады. Жетекпен түлкі алмайды деп сырт бақылаушы болып тұрмақ. Таймаста үн болмайды, бұлар да тіс жармайды. Бірақ бәрі ойлағандай жүріп жатады. Қоянды қуып алмайды, буып алады. Жолын кескестеп, жазыққа шығарып алып төтеннен қосылар еді. Түлкіні терлетіп алар еді. Алдымен адымын аштырмай қуар еді, соңынан итбүлкекке салар еді. Бұл екі ортада шап терісі қатып, айласы асқан деген түлкіңіз адымын аша алмай қалады. Дуадақ оруы да қызық. Әуелі құс көзіне түспейтіндей жер таңдайды. Соңынан дулап дауыс береді. Дуадақ аңқау құс. Бұл бармайды. Келмей жатса тағы бір дулап қояды. Сөйтіп, дуадақ өзі келеді. Бұл екі-ақ аттап барып, далбалдап ұшқанша тамақтан орып жібереді. – Текті, текті, – деп тамсанады әкесі, – құс жарықтық қалай дегенде өзі үшін алады, ит болса… – Иесі үшін алады, – деп бұл тақ ете қалады. – Иесі үшін алады деген осы-е… Алғанда да һарам кетірмейді ғой. Оруын айтсайшы, оруын. Пышақпен кескендей. Бұл бәрін түсінеді. Әкесі өзімен өзі сөйлескенімен әлгі әңгімелерді бұл ұға берсін деп айтады. Көз көрмеген әңгіменің құлаққа сіңбейтіні бар. Аң қағуға да мұны сол үшін алып шығатын сияқты. Әйтпесе үйлерінен қызыл үзілген емес. Кіші шешесі жақтырмағанда: – Одноразовый… – деп отырады. Онысы түсінген адамға текті деген сөзі. Өйткені Тәуіт бір сапарында не екі дуадақ, не екі түлкі, не екі қоян алмайды. Не алса да жалқылап алады. Ауыл итіне де көп сүйкенісе бермейді. Балаққа жармасқан ауылдың бұралқыларына да қарамайды. Шындаса мойын омыртқаларын ұсатып жіберер еді деп ойлайды бұл. Әзірге Желқұйынның алдын кескестеген ит көрген емес. Сонан да Асаттың мерейі ауыл балалары арасында үстем. Әкесіне деген ризашылығы да ала бөтен. Бір күні үйге Асан шал келген. – Тұқым алайық, – деп. – Не айтып тұрсың өзің? – десін әкесі. – Жүйрік ортақ деген бар емес пе? Тұлпар ортақ, қаптағай ортақ, келепан ортақ, қаратіл ортақ…Таймас ортақ… – Ал? – Алы сол, тұқым алайық, – деймін. – Қайтіп? – десін қитыққан әкесі. – Сүріп… – Сондағы сүргішбай өзіңбісің?.. – Е-е… – деген келуші манаурап, – әйеліңнің аулығын қойып, енді итіңнің жырбақайына қарауыл болайын дедің бе? – Жәутіктеріңе былғатпаймын, – деді әкесі тістеніп. – Көрерміз… – деген келуші зілденіп. Асанды ел Асан деп атамай Асан шал деп шалын тіркемелеп атайды. Үлкені де, кішісі де. Бұлайша ерекшелей қоятындай елде басқа Асан жоқ. Алайда ауылдағы сақалды еркек осы Асан ғана. Ел сол сақалын сыйлап айтатын болса керек. Әйтпесе, әкесіне құрдасқа жақын адам. Заманында колхоз басқармасы болып істеген. Сөйткен Асан шал бұларға жұдырығын қалта ішінде түйіп, зілденіп кетті. – Өзің сүрмексің бе? – деп. *** Ақшағат кенішінде қорғанысқа қажетті кендер өндіріледі. Кешегі соғыс кезінде танкбұзар оқтарды осы жерден өндірген. Бұл кеніштің қазағы-орысы қарақағаз дегенді білмеді. Өйткені бұлардың Батысқа барғаны жоқ. Шахтерлердің брондары бар. Сұрансаң да жібермейді. Содан да қыр қазағының осындағы жұмысқа кіруге деген ынтасы жоғары. Бірақ оларды адам-ау деп жатқан бұлар жоқ. Өздерін шақтерміз дейді, шахта сөзін де бұзып шақты деп атайды. Бір жақсысы қарын тоқшылығы бар. Он сегіз сағатқа шыдас берсең болды. Жер үстінде паегің дайын тұрады. Ауыртпалық бар. Кенді қолмен шабады. Кейіндеу тұтқын жапондар келді. Тұтқын немістер келді. Ауыр жұмысқа соларды жекті. Олардың өлгендері өлді, өлмегендері Ақшағатты мекендеп қалды. Одан берменде талай су ақты, жер қарайды, дегенмен мұндағы кен өндіру тоқтаған емес. Қорғаныс болғаннан соң-ақ күзет мықты. Жүзінші бөлім деген бөлім бар. Ол әскери болып табылады. Былайғы жұрт оны біле де бермейді. Өйткені құпия бөлім. Иті барлардың барлығының сол бөліммен қатысы бар, әйтеуір. Өйткені онда итті жұмысқа алады, жұмыстан шығарады… сатып алады… Өзің дұрыс болмасаң итіңді де жұмысқа алмайды. Сондықтан мұнда көшіп келген қыр қазақтары бір ізбен жүруге құлықты. Иттің қадірлі болатыны мұнда күзет мықты. Шахтыдан шыққан кеннің күзеті итке тапсырылған. Сонан жүз шақырым қияндағы Бозадыр стансасына барып тиегенше итте де, иесінде де маза болмайды. Онан кейін екі күн демалыс. Сонан қайтып жалғасады. Асаттардың мұнда көшіп келгеніне үш-төрт жылдың жүзі болған. Әкесі соғыс мүгедегі. Ауылда шатауат болып істеген. Мұнда ондай шот қағатын жұмыс табыла қоймады. Алға соғысқа кіргенін салған. Сонда да жұмыстың реті келмеді. Есесіне Желқұйынды жұмысқа кіргізді. Үйді асырап отырған сол Желқұйын. Басқа елді қайдам, ал осы үйдің тілеуі Желқұйынның үстінде. Мұнда көшіп келген себептері көп. Анасы баладан қайтыс болды. Шарана теріс келген. Ақшағатта болғанда анасы да, бауыры да аман қалады екен. Өйткені мұндағы дәрігерлер мықты. Алматы, Мәскеулерден келіп емделеді. Оның үстіне әкесінің де денсаушылығы сыр бере бастаған. Дәрігерлерге көрініп тұрмаса болмайды дейді. Сонымен бұлар Ақшағатқа жылжыған. Алды-арттарына кіші шешесі де қаратпады. Кіші шешесінің есімі Жібек. Бірақ бұл айта алмады Жібек деп тіркемесімен. Кіші шеше дейді. Оған қазір елдің бәрінің құлағы үйренген. Ал кіші шешесі өзін тумам дейді. Кейін білсе, бұл бөтенім емес деген сөз екен ғой. Кіші шешесі бәденді адам. Шегелеп сөйлейтін жандардың қатарынан. Сөзін қалай рәсуа қылмаса, ас-табаққа да сондай. Өзіне жақсы қарайды. Барды ұқсата біледі. Өзінің түбі осы Ақшағаттан. Бұлардың қоныс аударуының тағы бір себебі осында жатыр. Сол кіші шешесі осындағы итқораға жұмысқа кірді. Санитар болып. Мұндағы қоралар екеу. Біреуі осы – итқора да, екіншісі – атқора. Екеуі де атшаптырым жерді алып жатыр. Атқорадан адам үзілмейді. Ауласында ұзынды-қысқалы жүздеген арба тұрады тізіліп. Шақтының жүгін осы арбалармен тасымалдайды. Итқорасы болса қиқулап тұрады. Шынында да иттің құспен бір шатасы бар. Олардың құс болып сұңқылдайтындары бар. Мұндағы иттер операцияға керек. Барағы да, қапталы да, төбеті де сонда. Не көбеймейді, не азаймайды. Кіші шешесі оларды мүгедектер дейді. Расында солай. Өйткені мұндағы дәрігерлер операцияны адамға жасамас бұрын алдымен осы иттерге жасайды. Шешесі солардың итаяқтарына ас құяды, астын тазалайды. Бар-жоғы осы. Ал Желқұйын болса осы иттерді күзетеді. Асат шешесіне еріп талай барған. Біреуінің аяғы құндақтаулы болса, екіншісі белінен шойырылған. Біреулері әлгі аяқтарын тістелеп әуре, ал енді біреулері басын алдыңғы екі аяғына қойып, мөлиіп жатады. Енді біреулерінің көзінен жас көрінеді. Сонда Асаттың жаны шығып кететіндей көрінетін… Кіші шешесі де өзі сияқты екен. Соларды аяп, өбектеп жатады. Ең жаманы мұнда ондай сезімге орын жоқ. Соқыр, шұнақ, ақсақ иттер өріп жүр. Онысы аздайын мүлдем аяғы жоқ самаурын иттер де бар. Самаурын деп төрт аяғы бірдей жоқ иттерді айтады. Соның бәрін істейтіндер адамдар. Адамдар болғанда ақ халаттылары. Дәрігерлер… Бұрынырақта дәрігер болсам деп қиялдап қоятын. Дімкәс әкеме бір себім тие ме деп. Қазір ойға да алмайды. Әрі-беріден кейін әлгі дәрігерлеріңді жек көреді. Жек көретіні соншалық, асай-мүсейлерін көздерін ала беріп қасақана шатыстырып қояды. Бұл әңгімелерден әкесінің де хабары бар. Содан ба екен, әкесі бұл жаққа мүлдем аяқ басқан емес. Білетіні Желқұйыны. Соны ұрғашы тарақпен күлтелеп жатады. Тараққа темірлігін немесе мүйіздігін пайдаланбай ағаштығын пайдаланады. Мұндай тарақ терісіне жара түсірмейді. Жалпы, әкесі ағашқа құмар. Сонан да бәрін ағаштан шабады. Бұл үйдегі түйнеш те, табақ та, балдақ та, тарлау да ағаштан шабылған. Болмай бара жатса құрандысын жасай салады. Ең бастысы залалы жоқ. Бұл әкесінің ісмерлігін іштей мойындайды. Не істесе де жанын салып істейді. Әкесінің қолынан шыққан дүниелер бейне бір зауыттан шыққандай. Оларын жосалап қояды. Иттарақты бояп қажеті жоқ. Аршадан жасағандықтан қынатүстеніп тұрады. Аршаның иісі шыққан жерге бүрге жоламайды. Сонан да Желқұйын қотырдан дін аман. Кіші шешесінің де місекерлігі бір басына жетеді. Ит түбітінен шұлық тоқығанынан басқа белдеме де тоқиды. Оларды сұраушылар көп. Солардың көбісі шақтерлер. Санитар болып істегендіктен анда-санда болса да ит майын шыжғырып жүреді. Өкпенің бірден бір дәруі осы ит майы. Құрт ауруының мың да бір емі. Осындағы кәрістердің құрт ауруымен ауырғаны естілмейді. Естілмейтіні олар ит етін біздің жылқы етімізден де жоғары қояды. Енді түсінікті болар. Ақшағат тек қана кен өндіріп қоймайды. Ит те өсіреді. Пышаққа жығу үшін, күзет үшін, сойыс үшін. Мұның қайсысы болсын қып-қызыл ақша. Мұнда итке операция жасайды… Мұнда итті жұмысқа алады… Мұнда ит етін жейді… *** – Бұларға бұтын көтеріп зәр сындырған­дардың бәрі ит… Шам шақырған әкесінің мінезі қызық. Ол кісінің ашуы ел тараған соң басталады. Сонда да біреуді жеті әкеден әрі жіберіп жатпайды, басқа да былғаныш сөздермен былапыттамайды. Жазығы – күңкілдейді. Өзімен-өзі. Қайдан екені белгісіз, аршат тауып әкелген. Бәлкім, Ерейменнен, бәлкім, Қарқаралыдан. Шипасы жағынан аршаның өзінен аршаты күшті. Өйткені не нәрсенің болсын құнары оның тамырында болады. Әкесі сондай себеппен таймас үшін суаяқ құрап жатыр. Айтысы бойынша тұтас шабуға келмейді. – Әй, иттің де иті бар ғой. Дүрегей де ит, таймас да ит деп кім айтты екен? А?..Құс патшасы бүркіттер сынық, не қосар жұмыртқа шайқайды. Ал таймастар жалқы ғана күшіктейді. Аң патшасы болмаса да таймастың тектілігін осыдан көрмес пе? Топырлатып күшіктейтіндей оны доңыз, қоян, итақай көре ме? Аздың құрметі жоғары. Әйтпесе, алтында қасиет қалар ма еді?.. Көлденең жатса… Таймас та солай. Мұндай сөзге Асат та елеңдей қалады. Құлағына жағып барады есті сөз. Бір сәт өзінің жалғыздығын ойлады. Келер сәт әкесінің де бір атадан жалғыздығы есіне түсті. «Ім-м…» деп қояды іштей. – Тоғыз аптадан кейін топырлата салатын итақай деп жүр ғой, мұндар… Жоқ, не асылдың бәрі тереңде жатады. Таймастар дүниеге түйетолғақпен келеді. Тоғыз апта көтерсе де екі жылда бір толғатады… …Әкесі барып-барып әзер басылады. Оның сөзін өзінен басқа естіп жатқан ешкім жоқ. Асан шал баяғыда ұзап кеткен. *** Биылғы күз ересен суық келді. Жаздан кейін бірден қыс түскендей болды. Қара суық табаннан өтеді. Әкесі соны көтере алмады. Жағдайы күн өткен сайын нашарлай берді. Содан үйдің берекесі кете бастаған. Кіші шешесі де ашушаң болып алған. Сөз көтере алмайды. Беттен алады. Бұл үндемей құтылады. Ермегі Желқұйыны. Сол ғана мұны түсінетіндей. Алыпсоқ та бір пәлені сезетіндей. Әкесінің жанынан шықпайды. Басын алдыңғы екі аяғына салып жатады да қояды. Шешесі итқораға жүгіріп кеткенде өзін қасына шақырып алған: – Мен олай-бұлай болып кетсем қорықпа! Жылама да, сықтама да! Шешең өзі жөнелте жатар. Оған да тапсырып қойғам. Саған айтарым қандай жағдай болса да мені ата-бабаларымның басына апарып қой. Шешеңнің оң жағына қоюды ұмытпа!.. Бұл әке сөзіне онша мән бермеді. Тұрып кетеді деп ойлады. Бұрын да солай болған. Талай жатып, талай тұрып кеткен. Сөйткен әкесі ертеңінде көз жұмды. Кіші шешесінің айтқан жоқтауы сай-сүйегін сырқыратты. – Молаңды күзетіп қалдым-ау… Бұл сөз Асатқа ауыр тиген. *** Бабаларының қорымы Ақшағаттан сегіз шақырым жерде болатын. Әкесін жаяу-жалпыламай атарбамен апарып қойды. Бұл кезде Арқаның қара суығы басталған. Қайтарда күтпеген оқиға болды. Жел­құйын қорымда қалып қойды. Қалай шақырса да орнынан қозғалмады. Ауылға тек төртінші күні ғана оралды. – Есті жарықтық! – деп қойды кіші шешесі. *** – Молаңды күзетіп қалдым-ау… Кіші шешесінің осы бір жоқтау сөзі естен шығар емес. Моласы несі деп бір ойлады. Қай моланы айтып тұр деп тағы ойлансын. Айтқан моласының тұрып жатқан соғындылары екенін іштей біліп тұр. Бәлкім, дұрыс та шығар деп ойлады. Ол үшін мола ғой… Жаратқан Алла кіші шешесіне бір шикі өкпе де бермеді. Ау, сонда күзететіні қалай? Демек кіші шешесі ешқайда да кетпейді ғой… Іші жылып қоя берді. *** Әкесінің аманатын бұлжытпай орындаған. Мал шалып, алдымен жетісін, соңынан қырқын да өткізіп тастаған. Күйкі тірлік соңы­нан басталған. Ағайын-туғандардың араласуы жиілейін деді. Мұны қолдарына алмақшы. Өз қолы өзіне жеткенше бағып-қақпақшы. Реті келіп жатса бөлек отау шығармақшы. Бұл тіс жармады. Әкесі бәлендей бөтен сөз қоспаған. Ендеше басы неге ауруы керек? Бәрін уақыт көрсетеді деп шешкен. Сонымен кіші шешесімен тұрып жатыр… *** Кіші шешесімен тату. Қату да болған. Әкесі жоқта бұзауды жамыратып алған. Үйді асырап отырған жалғыз төрт емшек еді. Сонан сабасын келіп мұны. Көкала қойдай қылды. – Мені аямасаң да әкеңді аясаң-ды. Енді қайттым, бейшараға ыстық сүтті үзіп алатын болдым-ау… Бұл не десін. Тіс жармады. – Өзімді сауам ба?.. Мұның жаны шығып кете жаздаған. Үйден безіп шыққан. Ымырт үйіріліп, құтпан шыққан уақыт. Қайда барарын білмеді. Айналып келіп аранға тоқтаған. Шөптің үстіне шығып алып ал кеп қыстығып жыласын. Өзінің дәрменсіздігіне. – Асат, ау, Асат!.. Келе ғой енді, айналайын… Бұл тіс жармады. Біраздан кейін елегзиін деді. Алыпсоқты іздеген. Алыпсоқ деп отырғаны Желқұйынға дейінгі дүрегейлері. Кәртайып барып өлді. Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді дейді ғой. Ауылдан ұзап барып өліпті. Әкесі жеткені жері деп жерошақ қазып, сол жерге көмді. Тышқаншылап жүрген шығар деп қойды. Сөйтіп жатып көзі ілініп кетіпті. Түс көрді. Сақылдаған сары аяз ішінде жүр екен. Тас болып қатып қалыпты. Қатпаймын деп жанталасып жатыр… Сөйтіп жатып оянып кетті. Қараса жанында Алыпсоғы жатыр. Күпәйкесінің омыраулығын шешіп тастапты. Қыз-қыз қайнап жатыр. Алыпсоғын бұрын да жек көрмейтін. Енді оған жабысты да қалды. Алдымен байбалам салған кіші шешесі болды. – Мынау кісікиіктеніп барады. Алыпсоқтан басқа ешкімді көрмейді, – деп. Әкесі ойланып қалған. Оңаша қалғанда ғана күбірлегендей қылып: – Итке әуезе бола берме, – деген. – Неге? – деген бұл. – Ит болып кетесің… Бұл да тілін тартпады. – Мұнан да ит болғаным жақсы еді, – деп. *** Кіші шешесінің таңғы шаңқылынан көз ашқан. Алдымен мән бермеген. Соңынан таң атпай не боп қалды деп құлақ түрген. – Асатымның әкесінен орнынан садаға кет! – деп қояды. Байқайды үйде біреу бар. Дауысы құмығып шығады. Мұрын астынан міңгірлеп қалған біреу. «Кім екен?» Біраздан кейін пайымдай бастады. Бір жерден естіген дауыс. А-а… Асан шал… Орнынан атып тұрған. Қалай жетіп барғанын білмейді. Қол-аяғы байлаулы, көзі бақырайып Асан шал жатыр. Аузына әкесінің шылғауын тығып қойыпты. – Жазасын өзің бер! – деді кіші шешесі. – Ит қосам! – деді бұл шімірікпестен. – Қоссаң қос!.. Жаннан тәтті ештеңе жоқ екен ғой. Асан шал Желқұйынға қара шалдырмай кетті. Бәрі түс сияқты. Дір-дір етеді… – Балам! – деді кіші шешесі. – Шешем! – деді Асат. *** Таймастан тұқым алу мүмкін емес дейді ит соңында жүргендер. Алайда ора­йын келтірушілер бар. Әкесі бастап бұлар үш рет алды. Алла қаласа төртіншісін де алады. Осыдан бастап Асаттың Асат есімі ұмытыла бастады. Оны көрген көлденең жұрт итбегі дейтін болған. Үш ретінде күшігін соқыр күйінде, саңырау күйінде аманат иесіне апарып берген. Сонау Ерейменге барып. Бәтуа солай. Әкесі солай бәтуаласқан. Бүгінде Ақшағатқа бара қалсаң ел шақтерлердің жалақысы емес итбегі жөнінде әңгіме айтады… Иесінің мәйітін үш күн күзеткен Желқұйын туралы айтады… Асан шалдың аузына шұлғау тыққан Асаттың шешесі жөнінде айтады… Қашқан Асан шалға жете алмаған Желқұйын жөнінде айтады… *** Ауылдың Асан бастаған шалдары жер шұқыды. – Нағыз итбегі екен! – деді біреуі. – Итбегі…итбегі…– деп бас шұлғыды қалғандары. – Бабасы Бәутік ес берген екен… – деп қалды Асан шал. – Ол не қылған ес? – деп сұрады шалдардың біреуі. – Асаттың Бәутік бабасы да итбегі болатын. Ел өсіре алмаған таймасты сол кісі өсіре алды. Қотанымыздың құты еді. Ауылда Таймас барда қотанға итқұс жоламайды. Сол дәуренді Бәутекең өз қолымен шолағынан қайырды. Жатырынан қағынды деп өзін де, дүниеге келген он күшігін де өз қолымен бауыздады. – Неге?– деп қалды бастапқы шал. – Негесі несі? Ойбай-ау, Таймас тазының тектісі емес пе? Содан да жалқы табады. Көрінген сарыған соң тектіліктен не қалушы еді? Солай, жаным… *** Таймасты бір көрсем деуші едім… Итбегіні бір көрсем деуші едім… Арнайы іздеп барғам. Ақшағаттың орны ғана қалыпты. Қирандылар арасынан Желқұйынның ізін іздегем. Таба алмадым. Дауысы ғана қалыпты. Құлағымнан қайдағы бір құс дауыс кетпейді. Итбегімен де кездесе алмадым. Кейін білгенімдей көшіп кетіпті. Ерейменге. *** Ақшағат маған Таймас болып үріп тұрғандай көрінді… Ақшағат маған Желқұйын болып ұлып тұрғандай көрінді…