КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ КЕЗЕК КҮТТІРМЕЙДІ

КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ КЕЗЕК КҮТТІРМЕЙДІ

КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ КЕЗЕК КҮТТІРМЕЙДІ
ашық дереккөзі

Өткен аптада шырайлы оңтүстік өңірінің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында облысқа арнайы жұмыс сапарымен Премьер-министр Серік Ахметов келді. Алдымен Шымкент қаласында таяуда ғана ашылған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болып, оның «Үдемелі Индустриялды-Инновациялық Даму» Мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жұмыс барысымен, жаңа жобаларымен танысты.

Серік Ахметов ат басын бұрған аталмыш орталық Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлеріне қызмет көрсетіп, бизнесін жоспарлауға, қаржыландыру ісіне қолдау көрсететін болады. Қазіргі таңға дейін әртүрлі көмек сұрап келгендердің саны 177-тен асып жығылыпты. Бұлардың арасында ірі кәсіпорындар мен ісін жаңадан бастап жатқандары да бар. Және көпшілігі қосымша шаруашылық ашқысы келген ауыл азаматтары.

Орталықтан көмек сұрай келген кәсіп­керлердің бірі Гүлмира Ыстықұлова таяуда ұлттық киімдер мен сыйлық жасайтын цех ашпақ ойда. Ол орта және шағын бизнеске қатысты мемлекет қандай жәрдем көрсететінін білгісі келіпті. КҚКО мамандары осыған сай бизнес-жобасын жасауға көмектесіп, қаржыландырудың тиімді шарттарын түсіндіріп беріпті.

Орталықтың алғашқы клиенттерінің арасында қаржылық жағдайын жақсартып, жаңа өнім өндіруге ықылас танытып отырған аты облысқа кеңінен танымал кәсіпкерлер де бар. Мәселен, «Әлем-Принт» ЖШС-нің басшысы Ерман Бие­кеев сондайлардың бірі. КҚКО директоры Нұржан Әлтаевтың айтуынша, келушілердің қатары қалың. Күн сайын ондаған адамдар алғашында орталық қызметімен танысу үшін келіп, соңында қызығушылығы артып, көмек көрсетуін сұрайды екен. «Біз ешқайсысына көмек көрсетуден қашпаймыз. Себебі кез келген кәсіпкерге жәрдемедесу біздің міндетіміз», – дейді орталық директоры.

«Бір терезе» жүйесі жемқорлықпен күресудің тиімді жолы екені белгілі. Сондай-ақ, әкімшілік кедергілерден құтқаратын бірден-бір жол болып табылады. КҚКО жұмысы өзінің тиімділігін дәлелдеген халыққа қызмет көрсету орталығы секілді жұмыс істейді. Бұл жерде тұрғындарға жобада көрсетілген өңірдің климат жағдайын есепке ала отырып, айналысуға болатын кәсіпті таңдауға көмектеседі. Себебі бизнестің сәтті басталуы осыған тікелей байланысты көрінеді. Облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың айтуынша, мұнда кез келген қаржы институттарының, екінші деңгейлі банктердің өкілдері бар. Құжаттарды рәсімдеу, бизнес-жоспар даяр­лау, несие беру, әртүрлі курстардан өту, мастер-класс дәрістері – мұның барлығы орталық қызметкерлері көрсететін қызмет түрлерінің бір бөлігі ғана.

КҚКО жұмысымен жан-жақты танысқан соң Серік Ахметов «Индустрияландыру картасы» аясында Оңтүстік Қазақстан облысында жүзеге асып жатқан 11 жаңа жобамен танысты. Бұлар әртүрлі бағыттағы кәсіпорындар. Атап айтсақ, фармацевтика және тамақ өнеркәсібі, тігін және құрылыс индустриясы. Бұлардың кейбірі жұмысқа кірісіп те үлгерген болса, біразы жыл соңына дейін, біразы келесі жылы пайдалануға берілмекші.

Сонымен бірге тағы бір айта кететін нәрсе, Оңтүстік Қазақстан облысы Үдемелі Индустриялы-Инновациялық Даму бағдарламасы аясындағы кәсіпкерлік субъектілер мен жобалардың көптігі жөнінен еліміз бойынша көш басында тұр. 79 инвестжоба мақұлданған.

Шымкент шаһарына жасаған сапары барысында Үкімет басшысы Серік Ахметов облыста ҮИИД бағдарламасы бойынша жасалынып жатқан ауқымды істерге өзінің жоғары бағасын берді.

Үкіметбасы сондай-ақ, Түркістан мен Кентау қалаларына да барып қайтты. Бұл сапарында ол аталмыш қалалардағы энергетика мен өнеркәсіп секторлары және білім нысандарын аралады.

Премьер-министр алдымен Түркістан қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы 300 орындық мектепте болып, ұстаздармен кездесті. Аталмыш мектептің сыныбын компьютер жабдықтарымен қамтамасыз етті. Сонымен бірге облыстағы білім беру жүйесінің даму жағдайымен танысты.

Ал Кентау қаласында Серік Ахметов «Кентау-Сервис» энергокешені және трансформатор зауытының жаңадан іске қосылған өндірістік цехтарының жұмысымен танысты. Естеріңізге сала кетейік, аталған энергокешен биылғы жылы күрделі жөндеуден өткен болатын. Бүгінгі таңда қаладағы 39 білім, 10 денсаулық нысандары қысқы жылыту маусымына дайын болса, барлық 325 көпқабатты үйлердің жылыту жүйелері сығымдаудан өткізіліпті. Серік Ахметов технологиялық үрдісті жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Үстіміздегі жылы «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-да кабель және шкаф цехтары іске қосылып, қосымша 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Сонымен қатар, кәсіпорын жанынан салалық политехникалық колледж ашылған.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы