АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА – 300 МЛРД. ТЕҢГЕ

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА – 300 МЛРД. ТЕҢГЕ

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА – 300 МЛРД. ТЕҢГЕ
ашық дереккөзі

«Атакентте» басталған үш көрме ертең аяқталады. Жер шарының 33 мемлекетінен келген 300-ден астам қатысушы қазақ нарығынан инвестиция тартсам дейді. Бұл көрме отандық экспорт көлемін арттыруға да сеп.

Апта басында Алматыдағы «Атакент» көрме орталығында басталған «WorldFood Kazakhstan – Азық-түлік өнеркәсібі», «AgroWorld Kazakhstan – Ауыл шаруашылығы» және «KazUpack – Орау, ыдысқа салу, этикетка және полиграфия» – үш шара бір-біріне ұқсас. Көрменің ашылу салтанатына қатысқан ҚР Ауыл шаруашылығының вице-министрі Марат Толыбаев: «Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнеркәсібін дамытудағы мемлекеттік рөлі жүйелі. Аталған салаларға құйылатын мемлекеттік инвестиция көлемі Ішкі жалпы өнімнің 3,5 пайызына тең. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу кезеңінде мемлекет тарапынан бөлінетін инвестиция көлемі ІЖӨ-нің 10 пайызына дейін ұлғайтуға мүмкіндік алады. Осыған орай, біз осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдалануды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі көрмеде «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасын көпшілікке кеңінен таныстырмақпыз. Бұл құжат ауыл шаруашылығындағы субъектілердің Дүниежүзілік сауда ұйымына ену жағдайындағы бәсекелестік қабілетін арттыруға арналған», – деп мәлімдеді. Ресми деректерге сүйенсек, мемлекет ауыл шаруашылығы саласын қаржылық сауықтыру мақсатында 2013-2014 жылдарға 300 млрд. теңге бөлгелі отыр. Ал «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы министрлігі қай өңдеу кәсіпорындардың ақ қант, құрғақ сүт, сары май мен сыр өндіруге қажетті шикізатті сатып алуға кететін шығындарды жабуға көмектескелі отыр. «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың мәлімдеуінше, отандық ауыл шаруашылығын субсидиялауға қатысты 130 келісімге қол қойылып, 130 млн. долларға жуық қаражатқа несие бөлінген.

Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнер­кә­сібі үнемі мемлекеттің қолдауына зәру. «Кәсіпкерліктің жол картасы-2020» бағдарламасында қарастырылған мәселелер негізінен осы салаларды дамытуға арналған. Құжат шеңберінде күні бүгінге дейін 1935 келісімшарт түзіліп, жекеменшік кәсіпкерліктегі 1550 субъект 2,7 млрд. доллар көлеміндегі мемлекеттік қолдауға сүйеніп отыр. Азық-түлік пен сусын өнеркәсібінде 270 кәсіпорынға қаржылай қолдау көрсетілген. Алматыдағы Голландиялық экономикалық офистің жетекшісі (Нидерландтар корольдігінің Қазақстандағы елшілігі) Вилко Рогеканмп көрмеге голландиялық өнімдердің де ұсынылып отырғанын, өз елінде ауыл шаруашылығы саласының жақсы дамығанын көлденең тарта келе, қазақ инвесторларын голландиялық экономикаға инвестиция салуға шақырды.

«Iteca» көрме компаниясының атқарушы директоры Юрий Бородихиннің айтуынша, кез келген көрме – нарықтың келбеті. WorldFood Kazakhstan көрмесі ұйымдастырылғалы 15 жылдың ішінде шараға қойылатын тауарлар көлемі 5 есеге дейін өскен. Бүгінде «Атакент» көрме орталығын түгел қамтыған «WorldFood», «AgroWorld» және «KazUpack» көрмелеріне Жер шарының 33 мемлекетінен 371 компания өкілдері қатысты. Биылғы көрмеге Венгрия, Голландия, Нидерландтар, Сербия, Сингапур, Чехия, Эстония мен Германияның ұлттық компаниялары алғаш рет атсалысқан көрінеді. Сонымен қатар Бельгия мен Қытайдан да келген компаниялар өте көп. 2012 жылы қатысушылар саны 16 пайызға артқан көрмелердің жаңалығы сол, отандық инвесторларға нан пісіруге арналған құрылғылар мен қондырғылар кеңінен ұсынылыпты. Бұл еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік иелерінің көбеюіне сеп болары сөзсіз.

Көрмелер барысында ҚР ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Марат Толыбаев отандық бұқаралық ақпарат құралдары мен ауыл шаруашылығы саласының өкілдеріне аграрлық саланы дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу жайынан сөз қозғады. Шара барысында белсенділік танытқан шаруалар қауымы да көкейлерінде жүрген көп сұраққа жауап алды, құзырлы органдарға өз ұсыныстарын айтты.

2012 жылдың 6-9 қарашасы аралығында келем деушілерге есік ашатын үш көрмеде біз Түркия мен Сербияның кәсіпкерлерімен сұхбаттасып, олардың қазақ нарығы туралы ойларын білген едік.

Осман ГҮМҮШРЕНДЕ, «Goztepe» компаниясы, Түркия:

«Еуропадан кем қалған емеспіз»

– Осман бей, Қазақстан тарапынан ұйымдастырылып отырған бүгінгі көрмеден түйген ойыңыз қандай?

– Біздің компания Қазақстандағы халықаралық көрмеге алғаш рет қатысып отыр. Меніңше, әлемнің бірнеше елінен қатысушыларды жинаған бұл шара тауар өндірушілерге де, инвесторларға да өте тиімді. Негізі түрлі көрмелер Түркияда да жыл сайын өткізіліп отырады. Онда еліміздегі саналуан зауыттар, фабрикалар, кәсіпорындар мен басқа да өндіріс орындарының өкілдері қатысып, ынтымақтастық пен серіктестік шеңберін кеңейтуге мүмкіндік алады. Қазақстандық инвесторларға ұсынып отырғанымыз – жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін тұздауға, қақтауға, мұз қылып қатыруға, консервілеуге, маринадтауға т.б. арналған құрылғылар. Олардың арасында өнімдерді қабығынан аршитын, ішіндегі тұқымынан ажырататын, құрғатып, кептіретін де машиналар бар.

– Қазір жаңа техника мен технология Қазақстанға негізінен Еуропадан, көбінесе көршілес Қытайдан әкелінеді. Бәсекелестікке төтеп бере аласыздар ма?

– Технологиялық тәжірибе тұрғысынан алғанда, Қытайда емес, Түркияда өндірілген өнімдер өте сапалы. Машиналарға тот бас­пайтын материалдарды пайдаланамыз, олардың қызмет көрсету мерзімі де 10-20 жыл аралығында. Қытайдың сапасыз да арзан тауарлары бізге бәсекелес бола алмайды дегеніміз сондықтан. Ал Еуропаға келсек, сапа жағынан алғанда, асып түсеміз деу қиын. Бірақ батыстықтардан артта қалғанбыз деуге де болмайды. Яғни өнімдеріміздің сапасы бір-біріне жете-ғабыл. Біздің компания шығаратын 350-ден астам құрылғыларымыздың ба­ғ­асы қазақстандықтардың қалтасына сал­мақ салмайтынына және сапасы да сыр бер­мей­тініне сенімдімін. Тауарларымыздың құны күрделілігіне де байланысты, әрине. Мәселен 5 мың еуродан бастап, 300 еуроға дейін жететін машиналарымыз бар.

– Кез келген кәсіпорын өзіне лайықты серіктес іздейді. Қазақ еліндегі серіктеске айтар қандай басқа тиімді ұсынысыңыз бар?

– Қазақ пен түрік – түп-тамыры бір, бауырлас халық. Атажұрттан серіктес іздеп келгенде де біз осы тарихи тамырластыққа иек артамыз. Әлбетте, технологиялық жаңалықтарға келгенде Түркия ешқашан Еуропадан кеш қалған емес. Өйткені 1958 жылдан бастап Еуропалық Одаққа мүше белді мемлекеттерге жұмыс істеуге аттанып, ендігі сол елдерде немере сүйіп отырған құрдастарымыз көп. Олардың санын айтсақ, 6 жарым миллионнан астам. Демек Еуропада таңертең шыққан жаңа бір дүниені түстен кейін-ақ Түркиядан көретініңізге шүбәңіз болмасын. Бүгінгі таңда бүкіл әлем Қазақстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстан сияқты басқа да дамушы елдердің нарығына көз тіккен. Экономикалық және қаржылық дағдарыстан тұралаған Еуропаның түрі анау. Өндірісі тоқтап, жұмыссыздық белең алған. Табиғи байлықтан ада. Ал Қазақстанға келсек, Кеңестер Одағының «ұртоқпағынан» құтылып, өз алдына тәуелсіз шаңырақ құрды. Алланың берген сыйы сол, Қазақ елі әлі толық игеріліп үлгермеген жерасты, жерүсті байлыққа ие. Осы көл-көсір байлықты еуропалықтармен бөлісе ме, яғни батыстықтардың техника, технологиясын сатып ала ма, әлде бауырлас түрік халқының экономикасына инвестиция сала ма? Егер тарихи шындықты біле тұра Еуропаға иек артуға мүдделі болса, қазақ инвесторларына сын. Бұл орайда, халқының саны 76 миллионнан асып түскен Түркия да қаражаяу емес. Өйткені жылдың төрт маусымында өсетін барлық жеміс-жидек пен көкөніс түрі көп. Керісінше, Батыста не байлық жоқ, не жеміс-жидек. Қазақ пен түрікке тиесілі несібенің игілігін осы бауырлас екі халық бірге көруі тиіс. Бұл экономикалық, саяси және сауда-саттық мәселелеріне де қатысты. Егер қазақ тұтынушы түрік өнімі тұрғанда еуропалық тауарға қызығушылық танытса, өзгеге емес, өзіне обал қылады. Сондықтан нарықтағы бәсекелестік мәселесінде бауырластық пен тамырластыққа иек артуға мүдделіміз. Қазақстанда ұйымдастырылып отырған бүгінгі көрмеге келгендегі басты мақсатымыз да – қазақ бауырларымызға өз ниетімізді жеткізу.

– Сол мақсатыңызға жетіңіз! Қазақстаннан сенімді серіктес табуларыңызға тілектеспін.

***

Қазақстан мен Сербия арасындағы Еркін сауда туралы келісімге 2010 жылдың 7 қазанында қол қойылып, 2011 жылдың 1 қаңтарында заңды күшіне енді. Аталған құжат екі елдің бір-біріне экспорттайтын тауарларына түрлі салық, кедендік пошлина, басқа да төлемдер салудан босатады. Келісім Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты одан ары дамыту әрі нығайту мақсатында қабылданған болатын. Осының арқасында серб өнімдері Қазақстанның ғана емес, Ресей мен Белоруссия импортерлерінің де қызығушылығын тудырған. Олар Сербиядан өндіріс орындарын ашуды көздеп отырған көрінеді. Көрмеде біз сербиялық екі компания – «FRUVELA doo» және «PACKOM INT.» өкілдерімен кездесіп, әңгімелесудің сәті түскен еді.

Владимир Бркич, «FRUVELA doo» ААҚ, Сербия:

«ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЗА АЙМАҚТАРДЫ ТАҢДАЙМЫЗ»

– Владимир, көрмеден күтеріңіз не?

– «FRUVELA doo» ААҚ – Сербиядағы салқындатылған азық-түлікті өндірумен және сақтаумен айналысатын ең ірі компаниялардың бірі. Сақтау қоймасының көлемі 6500 тоннаға жуық, мұздату қуаты – сағатына 10 тонна. Негізгі азық-түлік түрі – жаңа піскен және мұздатылған жеміс-жидек пен көкөніс: бүлдірген, шие, таңқурай, қара өрік, алма, бұрыш т.б. Кәсіпорнымыздың жоғары сапалы өнімдері Ресей, Украина, Бельгия, Голландия, Германия, Австрия, Польша мен басқа да мемлекеттерінің нарықтарына енгізілген. Қазақстандағы көрмеге алғаш рет қатысып отырғанымызбен, соңғы екі жылда Ресейдегі көрмелерге атсалысып келеміз. Қазақстандағы екі компаниямен келісімшарт жасастық. Енді осы серіктестік шеңберін бас кәсіпорындармен кеңейтуді көздейміз. Бүгінгі шараның арқасында жаңа байланыстар түзіп, тиімді ұсыныстар аламыз, өнімдерімізді қазақ нарығына экспорттай бастаймыз деген үміттеміз.

– Қазақстан халқы жаңа піскен жеміс-жидек пен көкөніске құмар. Біздің нарықтағы тұтынушылық сұранысты қытай, қырғыз бен өзбек өнімдері қанағаттандырып келеді. Сіздердің мұзға қатырылған өнімдеріңізді біздің халық қабылдай қояр ма екен?

– Біз Ресей мен Батыс Еуропа нарығынан өз орнымызды тауып, өнімдерімізді ұсына бастағалы біраз болды. Мұздатылған өнімдермен қатар жаңа піскен жеміс-жидек, көкөніс те бар. Олардың дәмі, исі, сақталу сапасы әлемдік тұтынушылар тарапынан жоғары бағаға ие. Біз сақтаумен қатар өсіру барысында да экологиялық тұрғыдан таза аймақтарды таңдаймыз. Яғни адам ағзасына зияны тимейді. Оның үстіне, мұздатылған өнімдерді тез арада пайдалану міндет емес. Жартылай дайын өнімдер болғандықтан пайдалану мерзімі ұзағырақ, оларды тәтті тоқаш не бәліштердің ортасына салу үшін де сатып алады.

– Қазақстанның қай аймақтарына басымдық бересіздер?

– Бұл мәселеге орай арнайы зерттеу жүргізген жоқпыз. Алдымен Қазақстаннан серіктестер тауып, сосын тұтынушылық сұранысы жоғары аймақтарды игеруге кіріспек ойымыз бар. Басты мақсатымыз – қазақ нарығындағы бос кеңістікті игеру.

– Істеріңізге сәттілік тілейміз!

Лазар Дрезга, «Packom International», Сербия:

«Біздің кәмпиттерді бикелер ұнатады»

– Лазар, естуімізше, сіздің кәсібіңіз бабадан балаға мирас болатын отбасылық кәсіп көрінеді?

– Иә, дұрыс айтасыз. «Packom International» – Сербиядағы өзінің дәмі тіл үйіретін ұлттық тәттілерімен аты шыққан шағын отбасылық бизнес. Өндіретініміз – түрлі кәмпиттер. Сербиялықтардың көпшілігі үшін ұмыт бола бастаған бұл дәстүрді менің аталарым жалғастырған. Оны келешек ұрпаққа мирас ету – менің міндетім.

– Өнімдеріңіздің ерекшелігі неде?

– Компаниямыз дәмі саналуан әдемі кәмпиттердің өте көп түрін шығарады. Олардың құрамындағы ингредиенттер – табиғи. Ешқандай химиялық заттар қосылмайды. Мәселен «Jake» кәмпиті қантсыз, аздап жеміс-жидектің ароматы қосылған, түрлі дәрумендерге, табиғи балауыз бен көк шай, кофеин немесе таурин сияқты энергетикалық қоспаларға бай. Тағы бір өнімнің құрамында адамдар ағзасына өте пайдалы С дәруменінің 4 түрі – жүзім, таңқурай, мандарин, шабдалы бар. Отанымызда бұл өнімдердің барлығына да сұраныс жоғары.

– Өнімдеріңізді қай мемлекеттерге экспорттайсыздар?

– Халықаралық стандарттарға сәйкес өнімдерімізді Қазақстанға алғаш рет әкеліп отырғанымызбен, Македония, Босния, Герцеговина, Алжир секілді елдерге біраз уақыттан бері экспорттап келеміз. Сонымен қатар Франциямен де экспорт мәселесінде келісім жасап қойдық.

– Қазақ нарығында кәмпиттің түрі көп. Отандық, алыс-жақын шет елдерден келетін өнімдер… Бәсекелестіктен қорықпайсыздар ма?

– Жоқ, бәсекелестіктен қорықпаймыз. Өйткені біздің өнімдеріміз – жәй кәмпит емес, құрамында ағзаға пайдалы дәрумендері көп. Екіншіден, қазақ нарығын тіл үйіретін дәммен, сапамен жаулап алмақпыз. Тағы бір ерекшелігіміз, баға кез келген тұтынушының қалтасына салмақ салмайды.

– Тұтынушылар арасында кәмпитте­ріңізді кімдер көбірек сатып алады?

– Осы сұраққа біз де жауап іздеп, арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген едік. Көз жеткізгеніміз, біздің кәмпиттеріміздің негізгі тұтынушысы әйелдер қауымы екен. Бірақ бұл ерлер жағы өнімімізді тұтынбайды деген сөз емес. Тіпті балалар да ұнатады.

– Лазар, қазақ нарығында да тұтыну­шыл­арыңыздың көп болуына тілектеспіз!

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ