ҚАЗАҚСТАНДА ҒАЛАМТОР ӨРІС АЛУДА

ҚАЗАҚСТАНДА ҒАЛАМТОР ӨРІС АЛУДА

ҚАЗАҚСТАНДА  ҒАЛАМТОР ӨРІС  АЛУДА
ашық дереккөзі

Жарнаманың түрi көп. Бүгiнде тiзе берсең қоғамдық орындардан бастап жуынатын бөлмеге дейiн жарнама орналастырылған. Олардың тиiмдiлiгi туралы айтып жатудың қажетi жоқ, себебi әрқайсысының өз аудиториясы бар. Десек те ғаламторлық заманауи жарнаманың орны ерекше. Қазақстан Үкiметi соңғы кездерi бұған ерекше назар аударуда.

Қаржы дағдарысымен келген ауыр толқын ел экономикасын, өнеркәсiп пен шағын кәсiпкерлiктi ойсыратып кетсе де, жарнама саласының мұртын да бұза алмапты. Қайта 2011 жылмен салыстырғанда 2012 жылы жарнама беру 10 пайызға өскен. Соның iшiнде ғаламторлық жарнама бiрiншi орынды иеленсе керек. Жылдың басында PWH Coopers «БАҚ пен ойын-сауық индустриясының бүкiләлемдiк шолуын» жасағанда 2012-2016 жылдар еншiсiнде теледидар арқылы көрсетiлетiн жарнаманың үлесi 6,6 пайызға жетедi деп жорамалдапты. Сол сияқты көшеге қойылатын жарнаманың үлесi 5 пайызға, ал радиомен таратылатын түрi 3,8 пайызға өседi екен. Ал бұқаралық ақпарат құралдарының ең ежелгi түрi – баспасөз беттерiндегi жарнама бар болғаны 3,5 пайызға ғана көбейедi деген болжам бар. Әрине, аз көрсеткiш, бiрақ бұл жалпыәлемдiк баспасөзге қатысты жасалған шолу. Ал әңгiменiң негiзiне айналған ғаламторлық жарнаманың потенциалы бәрiнен басым. Алдағы төрт жылда 15,9 пайызға жетуi мүмкiн. Бiрiншiден, бұл әзiрге болжам күйiнде қала тұрады. Осыдан екi жыл бұрын осы саланың сарапшылары екi жылдың iшiнде баспасөз бен радиодағы жарнама жойылады деген едi. Бұл болжамның қате айтылғанына уақыт өзi куә болды.

Батыста жарнаманың түрлi тәсiлдерi туралы талай кiтаптар жазылып, теориясы құрастырылғалы қашан… Әзiрге дамудың шегi деп бiлетiн ғаламтордағы жарнама осы саланың басқа түрлерiн бiртiндеп жойып келедi. Батыс сарапшыларының айтуынша, нарыққа терiс әсерiн тигiзетiн әлсiз экономика мен индустриялық өзгерiстер. Бiрақ бұл аталған белгiлер Қазақстанда ендi ғана етек жая бастаған ғаламторлық жарнамаға ешбiр әсер етпейдi. Керiсiнше әлемдiк нарықты титықтатып отыр.

Бүгiнде ғаламтордың қызметiн қол­да­натындар саны анағұрлым артқан. Қазақстандық банктер бiрiншi кезекте ғаламтордың қызметiн пайдалану арқылы, жұмыстарын бiраз жеңiлдетiп отыр. Өз сайттарын ашу арқылы құлашын кеңге жайған түрлi өнеркәсiп салалары да қызығын көруде. Десек те ғаламторлық жарнаманы әлi де болса әлсiздер қатарына қосып, қаржыландыру жағына келгенде қорқақтап қалатындар да бар. Ғаламторға жиi кiретiндер саны елiмiзде 7,5 миллионға жеттi дейдi сарапшылар. Қазiргi таңда интернет Қостанай, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан, Павлодар, Алматы және Ақтөбе облысындағы ауылдық елдi мекендерде қолжетiмдi. «Ағымдағы жылдың аяғына дейiн олардың қатары Қарағанды, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Солтүстiк Қазақстан, Ақмола облыстарымен толықпақ», – дейдi Қазақстанның ұлттық телекоммуникациялық қауымдастығының президентi Асылбек Хайрушев. Биыл 900-ге дейiн базалық станса орнату арқылы елдiң барлық аумағын қамту жоспарланып отыр. Бұл әрбiр ауыл тұрғынының телекоммуникациялық қызметке деген сұранысын қанағаттандыруға мүмкiндiк бередi. Ауылдық жерлерге ғаламтордың желiсiн жеткiзу жергiлiктi тұрғындардың, яғни оқушылардың бiлiм сапасына айтарлықтай әсер етпек. Сондықтан ауылдық жерлерде ғаламтордың тарифтерiн қайта қарап, төменгi құнын шығару керек. Бұл ауылға ғаламтор жеткiзудiң бiрден-бiр жылдам жолы. Ғаламторға кiру пункттерiн, сымсыз байланысты, флеш-карталарды енгiзу арқылы ауылды ақпараттық-коммуникациялық жағынан қамтамасыз ету жөнiндегi қатынастарды күшейту керек. Бұл туралы Үкiметтiң арнайы шаралары жүзеге асырылуда. Алматыда «i-Mix»I қазақстандық интернет-конференциясы да осы мақсатты кеңiнен таратып бердi. Алдағы үш жылда Қазақстанда ғаламтордың жылдамдығы 100 мбит/сек болады деп уәде еткен-дi Үкiмет.

Қазнетке деген қызығушылық артқан: түрлi салалардағы компаниялардың назары интернеттi коммерциялық, инновациялық, басқарушылық және стратегиялық мақсаттарға қол жеткiзу құралы ретiнде пайдаланылып отыр. Оған дәлел ретiнде электронды үкiметтi дамыту бойынша Қазақстан БҰҰ-ның рейтингiсiнде 38-орынды, ал он-лайн қызметi бойынша – 14-орынды иеленiп отырғанын айтуға болады. Қазiргi уақытта тұрғындарға 11 миллионға жуық электрондық анықтама берiлген. Осыдан екi жыл бұрын бар болғаны 18 мың анықтама берiлсе керек. Бiздiң елiмiз желiлiк дайындық бойынша 55-орында келедi, телефон желiсiн тiркеу бойынша – 46-орында, ал ұялы байланыс абоненттерi бойынша – 38-орында. Сондай-ақ, бүгiнге дейiн дүйiм жұрт www.egov.kz порталы арқылы мемлекеттiк қызметтi пайдалана бастаған. Ал 2013 жылы үкiметтiк қызмет көрсету орындары 100 пайыз электрондық форматқа көшу жоспарлап отыр.

Дәстүрлi бұқаралық ақпарат ғалам­тор­дың пайда болуымен шеттетiледi деген даурығулар халықты сендiргендей болды. Кезiнде радио дүниеге келгенде де осы даурығу талайды естен тандырған. Заманауи ақпарат көздерiнiң өзiндiк орны ерекше, өтiмдiлiгi жоғары, бiрақ баспасөз бетiндегi жарнама мен мақаланың деректi, сенiмдi құрал екенi баршаға айқын. Сондықтан болар, газет-журналдағы жарнама нақты және шыншыл. Соған орай бағасы да қымбат. Ал ғаламтордағы жарнаманың бағасы газет-журналдан екi есеге арзан екен. Арзан нәрсенiң сапасы да белгiлi дегендей, ғаламтор қалың орманнан қыл iздегенмен бiрдей күмәндi, күдiктi. Ал жарнаманың атасы, көшбасшысы – теледидар, қаржыландырудың 56 пайызы осы салада. Қазақстан интернет қауымдастығының президентi Шавкат Сабиров конференцияда ғаламтор болашағының жарқын екенiн айтты:

«Қазақстандық интернеттiң ком­мер­циялық қызметi өткен жылдан бас­тап кiрiстi бола бастады. Ендi алдағы жылы бiзде де ресейлiктер сияқты интернет ресурстарының капиталдану үрдiсi жүредi. Қазiргi таңда мен бiр ғана нақты коммерциялық ұсынысты бiлемiн. Онда интернет ресурстарының бiрiне 0,5 миллион доллардың ұсынысы жасалған», – дейдi. ҚР Парламентiнде «Коммерциялық электронды сауда туралы» Заң қабылданады. Бұл интернет нарығын дамытуға өзiндiк үлесiн қоспақ. Егер бұл жоба жүзеге асса, Қазақстан Кеден одағы аумағында өзiндiк бiр интернет алаңға айналады.

Ақниет ОСПАНБАЙ