АУЫРМАУДЫҢ ЖОЛЫН БІРГЕ ІЗДЕЙІК

Еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы Елбасының Жолдауында көрсетілген нақты тапсырмаларды жүзеге асыруға негізделген. Елбасы айтқандай, халық денсаулығы – баға жетпес байлық, мемлекеттің қымбат қазынасы. Денсаулығы мықты адам ғана қоғамға лайықты қызмет етеді, оның гүлденуіне, экономикасын жақсартуға үлес қосады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде денсаулық сақтау жүйесін дамыту мен реформалаудың 2010-2014 жылдарға арналған бірыңғай ұлттық мемлекеттік бағдарламасы жасалып, ол арнайы Жарлықпен бекітілген болатын. Осы бағдарлама медицина қызметкерлерінің алдына жауапты міндеттер жүктегені анық.

Бұл кезеңде медицинада халық денсаулығы үшін біршама жұмыстардың қолға алынғаны байқалады. Міне, әлгі бағдарламаның заңды жалғасы іспетті еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қабылданып отыр. Өткен 2011 жылдың 1-қаңтарынан бастап жүзеге асырылып жатқан бұл жаңа жоба отандық денсаулық сақтау жүйесінде «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегенді ұстанатын болады.

Аталмыш мемлекеттік бағдарламаны еліміз бойынша жүзеге асыруға 445 млрд. 670 млн. теңге жұмсалды. Яғни «Саламатты Қазақстанның» бұрынғы бағдарламалардан айырмашылығы – басымдық ретінде денсаулық сақтау саласының әлеуметтік бағытын айтарлықтай жақсарту көзделуде. Әңгіме арқауына айналған жаңа бағдарламаның ерекшелігі еліміздің ауыл-аймақтарына білікті дәрігерлерді, әсіресе жас мамандарды тарту мәселесі көзделген. Бұл шара екі тәсілмен жүргізілмек. Біріншісі – жылжымалы көлік арқылы. Мұның нышандарын ауылдықтар медициналық пойыз түріндегі шаралардан көріп жүр.

Тағы бір елді елең еткізер жаңалық – шалғайдағы ауылдарға дәрігерлер мінген көліктер көші қатынай бастады. Ағымдағы жылдың 29 қазаны мен 7 қараша аралығында арнайы диагностикалық қызмет көрсететін «Жәрдем» медициналық пойызы Маңғыстау облысындағы елді мекендерге, Жаңаөзен және Шетпе қалаларына жол тартты. Бұл әлеуметтік шараны «ҚазМұнайГаз» АҚ компаниясы мен Маңғыстау облыстық әкімдігі ұйымдастырды. Халыққа медициналық қызмет көрсетіп, алыс ауылдардың тұрғындарын сауықтырып, аурудың алдын алуға бағытталған бұл кешенді шаралар Елбасының тапсырмасымен 2001-2015 жылдарға жасалған «Саламатты Қазақстан» атты денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүргізілуде. Осы бағдарламаға үстіміздегі жылы мемлекеттік бюджеттен бөлінген 86 миллион теңгеге отызға жуық жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. «Денсаулық», «Жәрдем» пойыздарындағы әрбір кешен түрлі дәрігерлік қызмет көрсететін алты кабинеттен тұрады. Мұнда толықтай жабдықталған Рентген-кабинет, зертхана, УЗИ-кабинет, стоматология, гинеколог, жалпы ауруларды қарайтын дәрігердің қабылдау кабинеті және лор, офтальмолог, хирургтің кабинеті жұмыс істейді.

Ауылға «ақ халатты абзал жандарды» тартудың осындай жолы жүзеге асып, бұрын жабылып қалған ауылдық-дәрігерлік амбулаториялар қайта ашылып, жаңа тұрпатта қызмет істемек. Емханаларда отбасылық-медициналық, яғни алғашқы медициналық көмек көрсететін бөлімшелер ашылады. Оның құрамында психологиялық, медициналық, әлеуметтік саладағы бөлімшелер болады. Демек олар халыққа тек медициналық жәрдем ғана емес, сонымен қатар психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетпек. Жалпы 2015 жылға қарай Қазақстан халқының өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа дейін жетуге тиіс. Ал өршіп тұрған өкпе құрты індетіне шалдығушылар саны бірден 10 пайызға төмендемек. Сондай-ақ, дене шынықтыру мен спортты серік ететін көпшіліктің саны 25 пайызға артады.

Алдағы бес жыл ішінде Ақтөбе, Алматы, Астана мемлекеттік медицина университеттерімен келісім жасасып, облыстың емдеу орындары жоғары білікті дәрігерлермен толық қамтылмақ. Емханалар мен ауруханаларда емдеу сапасы жақсарып, дәрігерлер арасында бәсекелестік жоғарылай бастады. Осындай кешенді сауықтыру жұмыстарын жүргізудің нәтижесі адамдардың саламатты ұзақ ғұмыр кешуіне жол ашады.

Қорыта айтқанда, алдағы уақытта бұл бағдарлама жүйелі жүзеге асатын болса, ол еліміздің азаматтарының денсаулықтарының айтарлықтай жақсаруымен бірге, әлеуметтік- демографиялық дамудың барысына да нақты ықпал жасайтыны даусыз.

Динара ДҮРМӘН

Back to top button