БИЫЛ АСТЫҚ АЛАҢДАТПАЙДЫ

Апта басталысымен Парламент Сенатында 2013-2020 жылдарға арналған агроөндiрiстiк кешендi дамыту бағдарламасының жобасы талқыланды.

Ауыл шаруашылығы кешенiн дамытудың 2020 жылға дейiнгi бағдарламасында аграрлық сектордың әлсiз тұстарын аяққа тұрғызу қамтылған. Бұл iрi жобаны жүзеге асыру үшiн 3 трлн. теңге қажет. Оның 75 пайызы тауарлар менқызмет түрлерiнiң экономикалық қолжетiмдiлiгiн арттыру шараларына, 14 пайызы агрокешеннiң мем­лекеттiк қамсыздандырылуын дамы­туға және 10 пайызы қаржылық сауық­тыруға жұмсалады. Ауыл шаруашылығы министрi Асылжан Мамытбековтің айтуынша, бағдарламада ауылшаруашылығы өндiрушiлерiн қолдау үшiн 6 қаржылық­құрал қарастырылған. Оның iшiнде инвестициялық субсидия, несие және лизинг бойынша сыйақы мөлшерiн субсидиялау сынды бағыттар бар.

Ал азық-түлiк қауiпсiздiгi бойынша шаралар кешенi жеке-дара әзiрленбек. «2020 жылға қарай елiмiздiң азық-түлiк қауiпсiздiгi iшкi нарық есебiнен қамтамасыз етiледi және бұл 80 пайыз деңгейiнде орындалады деп ойлаймыз. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы кешенi ел экономикасының толыққанды саласына айналып, инвестиция үшiн де тартымды бағытқа айналады», – дедi министр. Осы тұста Парламент сенаторы Қуаныш Айтаханов суармалы жерлерге толыққанды көңiл бөлiнбегенiне қарсылық бiлдiрдi. Себебi ел экономикасының 30 пайызын көтерiп отырған ауыл шаруашылығындағы суармалы жердi кеңейту керек едi деп қалды депутат мырза. Агроөндiрiстiк саланы дамытуға бағытталған бағдарлама жобасының әлi де пысықтайтын тұстары көп деп шештi Сенат қауымы. «Бұл жерде барлық мүмкiндiктер сарапталып, негiзделiп жасалды. Бұл – экономикамыздың 7 пайызға өсуiнiң негiзiнде жасалған бағдарлама. Бiз сараптай келе техниканы субсидиялау әлдеқайда тиiмдiрек болады деп ойлаймыз. Бұл қатып қалған дүние емес, егер мүмкiндiк ашылып, бюджет тартылып жатса 8 жылда мың өзгертемiз, мың құбылтамыз. Мүмкiндiк болса әрине, ұлғаяды», – дедi Асылжан Мамытбеков.

ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ОБЛЫС ӘКIМДЕРIН БIРЛЕСЕ ЖҰМЫС IСТЕУГЕ ШАҚЫРДЫ

Жыл сайын елiмiзде жиылған астықтың рекордты көлемi баршамызды таңқалдырып жүрдi. Жылдан жылға егiстiк алқаптарын кеңейтiп, мол өнiмге кенелудi бас жоспарға енгiздiк. Бiрақ табиғаттың тосын сыйлары мен әлемдегi дағдарыс жайы осы тұста ескерiлмесе керек. Биыл 13 миллион тонна астық жиналды. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 3-4 миллион тоннаға аз. Бiрақ iшкi нарық пен экспортқа молынан жетiп тұр.

Биыл суармалы жерлердi, қолданыстан тысқалған аумақтарды өңдеу қолға алынып, егiстiк алқаптарының көлемi ұлғайтылған едi. Осы жерлерге дәндi-дақылдар себiлiп, күзгi науқанда мол өнiм күтiлдi. Бiрақ биыл жиылған астыққа қанағат, себебi қандай күнде де iшкi тұтынуға молынан жетiп артылады. Ал астық экспортына келер болсақ, дүние жүзi бойынша өнiм аз шықты. Экономиканың қай саласынан да бәсекеге төтеп беретiн Ресей астығының көлемi бұрынғыдай емес. Украина, Белорусь бидайлары да көп емес. Ауа райыныңқолайсыздықтарынан,қырымдағы күннiң аптап ыстығынан егiн орағы тыныш өттi. Ауа райы келеңсiздiктерi әлемдiк нарықтағы астық бағасын көтерiп жiбердi. Биыл дүние жүзiндегi ас­тық­тың ауыспалы қорының тө­мен­деуi­не байланысты баға әжептәуiр көтерiлген. Астық жө­нiн­дегi ха­лықаралық кеңестiң қыр­күйек айын­дағы мәлiметi бой­ынша 2012-2013 жылдары бидай өндiру көле­мi әлемде 657 миллион тоннаға дейiн төмендей бередi. Бұл өткен жылдағыдан 38 миллион тоннаға кем деген сөз. Мұндай жағдай халықаралық биржалардағы бағаның шарықтауына әкелiп соқты. Осы тектес жағдайлардың бiрi Чикаго биржасында байқалды. Мұнда 1 тонна ас­тық­тың бағасы 21 АҚШ дол­ла­ры­на көтерiлсе, Париж бир­жа­сында 33 долларға дейiн артқан. Сөйтiп, қыркүйектiң бiрiншi он­күн­дiгiнде осы екi биржадағы ас­тық­тың 1 тоннасының бағасы тиiсiнше 319 және 337 долларды құ­ра­ған. «13 миллион тонна тауарлық дән­дi дақыл алу нәтижесiнде және осы­ған дейiнгi өткен жылдан қал­ған астық көлемiн есепке алғанда, бiз сыртқа шығарылатын экспорт көлемiн былтырғы деңгейде сақ­тай аламыз деп ойлаймын. Өңiр­лер ең алдымен мемлекеттiк қор­ға астық сату жөнiндегi өздерiне жүктелген мiндеттi орындауы және жиналған астықтың сақ­та­луын қамтамасыз етуi тиiс. Со­ны­мен бiрге, астықты iшкi және сыртқы рыноктарға өткiзу жұ­мыстарына кiрiсуi керек», – дедi Серiк Ахметов.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Back to top button