ГЕРМАНИЯ ҚАЗАҚСТАНМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА ЫНТАЛЫ
ГЕРМАНИЯ ҚАЗАҚСТАНМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА ЫНТАЛЫ
Михаэль ГРАУ: ГЕРМАНИЯ ФЕДЕРАТИВТІК РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БАС КОНСУЛЫ:
Қазақ пен неміс елдері арасындағы екіжақты саяси, экономикалық және мәдени байланыстар жыл өткен сайын нығайып келеді. Тәуелсіздіктің 20 жылында Германиядан тартылған инвестиция көлемі де ұлғайған. Бұл мүдделі тараптардың мақсатты түрде жұмыс жасай білуінен.
ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің жуырда Германия Федеративтік Республикасына жасаған іссапарының барысында Германия экономикалық шығыс комитетін басқаратын Экхард Кордеспен кездесті. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың іргетасы осыдан 60 жыл бұрын қаланған Комитеттің мерейтойымен құттықтаған хатын Кордеске табыстаған Ахметов соңғы жылдары қазақ-неміс елдері арасында түзілген екіжақты экономикалық қатынастың нығая түскеніне тоқталды. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан мен Германия арасындағы сауда айналымы 2012 жылдың алғашқы 8 айында 2,5 млрд. долларға жеткен. Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасындағы германиялық бизнестің үлесі де артып келеді. Мәселен елімізде тіркелген неміс инвесторлардың қатысуымен құрылған 1200 экономикалық құрылым жұмыс істеуде. Оның ішінде, біріккен кәсіпорындар, германиялық банктер мен компаниялардың өкілдіктері т.б. бар. «Біз ҚР Президенті Н.Назарбаевтың ақпан айында Берлинге жасаған іссапары барысында қол қойылған Шикізаттық, өндірістік және технологиялық салалардағы серіктестік туралы келісімді жүзеге асыруға белсене атсалысуымыз қажет», – деп мәлімдеген Серік Ахметов аталған құжатты іске асыруда қазақстандық-германиялық Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі іскерлік кеңестің маңызды рөл атқаратынын айтты: «Қазақстандық тарап экономиканың басымдыққа ие салаларына бағытталған біріккен жобаларды жан-жақты қолдайды. Олар Қазақстан экономикасына заманауи технологиялар мен жаңаша бастамаларды, сондай-ақ, инвестициялар мен инновацияларды енгізуді қамтамасыз етеді. Өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға негізделген жобалардың барлығын жүзеге асыруға Қазақстанда толық жағдай жасалған». Биыл мерейлі жасқа толып отырған Германия экономикалық шығыс комитеті EXPO-2017 көрмесін Қазақстанда өткізуге қатысты білдірген Астана ұсынысын қолдайды. Қазақ Премьері осы мәселеге орай да немістерге алғыс айтуды ұмытпады. Қазақстан экономикасына жаңа технологиялар мен инвестициялар тартуға, біріккен кәсіпорындарды құруға Германия да мүдделі екендігін жеткізген Кордес: «Меніңше, Қазақстан мен Германия компаниялар арасындағы ынтымақтастықтың жаңаша әрі белсенді кезеңіне көтерілді», – деп мәлімдеді.
Бүгінгі таңда Германия мен Қазақстан арасындағы мәдени қатынастар да нығая түскен. Германия Федеративтік Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Михаэль Грау мырзамен өткізген бүгінгі әңгіме екіжақты экономикалық, саяси және мәдени байланыстар жөнінде өрбіген еді.
– Консул мырза, Германия – Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Сіз екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалай бағалайсыз?
– Германия мен Қазақстан арасындағы байланыстың аса қарқынды дамуына екі ел арасындағы орын алған ресми сапарлар дәлел бола алады. Қазақстан Президенті Германияға 2012 жылы ақпан айында барып қайтты, осы сапар кезінде шикізат шығарудағы, индустрия мен технологиядағы ынтымақтастық жайлы үкіметаралық келісімшартқа қол қойылды. Германияның сыртқы істер министрі д-р Гидо Вестервелле 2012 жылдың 28 тамызында Астанаға келіп, келіссөздер жүргізді, ал Қазақстанның жаңа Премьер-министрі осы лауазымда алғашқы рет 24-25 қазанда Берлинге ресми сапар шекті.
Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бері экономика саласында қол жеткізген табыстары мен елді үнемі Еуропаға қарай бағыттауға арналған игі істері қарым-қатынастардың бүгінгі таңдағы деңгейіне қол жеткізуге өз үлесін қосты. Мұндағы ең маңыздысы – Қазақстанның инвестиция орны ретінде күшеюі және білім беру саласындағы менеджерлерге арналған бағдарламалар мен молынан стипендия бөлу саясаты болып табылады. Соның арқасында жас қазақстандықтар Германияда білім алып, екі ел арасындағы байланыстардың дамуына жаңа леп берді. Либералды экономикалық және қаржы саясатының негізінде Қазақстанда тұратын этникалық немістердің әлеуеті екі елдің арасындағы қарым-қатынастардың дамуына пайдасын тигізетін болады. Осындай топтың арқасында біздің байланыстарымыз қарқындау үстінде.
Біздің демократиялық сенімдерімізге сәйкес және Германияның ата заңы – конституцияда бекітілген құндылықтарға сай екі ел арасындағы қарым- қатынастар тек қана экономикалық мәселелермен шектелмейді. Германияның Орта Азияға арналған стратегиясының шеңберінде және Еуропа одағы мен ЕҚЫҰ аясында Германия Қазақстанмен көптеген салаларда келіссөз жүргізуде, оның ішінде әсіресе адами өлшемдер, құқықтық мемлекет орнату және адам құқығы сияқты мәселелерді атап өткен жөн. Дәл осы күндері (29-31.10.12) Алматыда ЕҚЫҰ-сарапшыларының Орта Азиядағы қылмыстық құқық мәселесіне байланысты форумы өтуде, оған Германия зор қолдау көрсетуде. Бұл форум Германияның Қазақстанның сыртында бүкіл Орта Азиялық аймақтың өркендеуіне де көңіл бөлетінін көрсетеді. Осы себепті тыныштық мекені – Қазақстан біз үшін аса маңызды серіктес болып табылады.
– Мәдени және гуманитарлық салаларда екі жақтың қарым-қатынастары қалай дамуда?
– Германия Қазақстанда мәдениет саласында маңызды істер атқаруда. Алматыдағы Неміс-Қазақ университеті оның бір шамшырағы болып табылады. Гёте атындағы Институттың және Германия академиялық алмасу қызметінің ақпараттық орталығының мәдениет саласындағы атқарған істері, екі ел университеттерінің арасындағы ынтымақтастық, әр түрлі стипендиялар мен мектептердегі неміс тіліне байланысты іс-шараларымен бірге Қазақстанда Германия мекемелерінің атқаратын қызметі сан алуан түрде. Қазақстандықтардың, оның ішінде жастардың қызығушылығы мен іс-шараларға белсене араласуы – Германияның мәдени мекемелерінің Қазақстанда ізгі ниетпен қызмет атқаруының бірден бір себебі болып табылады.
Екі ел арасындағы қатынастардағы адами өлшемдер туралы мен айтып өттім. Қоғам арасындағы қатынастар көптеген деңгейлерде орын алған. Мысалы 2012 жылғы қыркүйек айында Қазақстанға Германия үкіметінің адам құқығы және гуманитарлық көмек мәселелері бойынша ресми өкілі келіп кетті. Германияның саяси қорлары да Қазақстанда әртүрлі іс-шараларды өткізуде. Қазақстан тарапынан көрсетіліп отырған сан алуан саяси және қоғамдық алмасуға деген қызығушылықтың да келешегі зор.
– Қазақстан Германия инвестицияларына мүдделі. Германия инвесторлары Қазақстан нарығын қалай бағалайды?
– Германия экономикасы Қазақстанда жақсы орын алған. Алматыдағы Германия экономикасының клубы осы күндері Германия экономикасының заңды өкілі болып құрылуда, сөйтіп ол екі елдің экономика саласындағы серіктестерінің үлкен үмітін ақтауға тырысуда. Мен Қазақстанда төрт аптадан бері ғана қызмет атқарудамын, осы уақыт аралығында Алматыға Германия үкіметінің қолдауымен келген үш топ Атакент көрме орталығында ұйымдастырылған көрмелерге қатысып кеткенін атап өтуге болады.
Экономика мен сауда саласындағы Германия-Қазақстан үкімет жұмыс тобының 5-ші отырысы 30 маусымда Қарағандыда өткізілді. Германия экономикасының Шығыс комитетінің Берлинде өткен 60 жылдық мерекесіне арналған отырысына Қазақстан үкіметінің басшысы Серік Ахметов мырза қатысып, сол арқылы Қазақстанның Германия экономикасымен ынтымақтастыққа мүдделі екенін дәлелдеді. Бұл қадам өте жақсы қабылданды.
Германия жаһандастыру талаптарына сай болуға тырысып, экспортқа шығаратын ел ретінде шетелде үнемі белсенділік көрсетіп әдеттенген ел. Германия үшін еркін экономика туралы және әлеуметтік даму үшін экономикалық дамудың ролі жайлы ойларын бөлісетін, оның сыртында экономикалық даму үшін жарысуға қабілетті жағдайларды ұсынатын ел неміс кәсіпорындары үшін үнемі нағыз серіктес болып табылады.
– Германия мен Қазақстан арасындағы тауар айналымының мөлшері қандай?
– 2012 жылғы жарты жылдық тауар айналымы алдыңғы жылғы жарты жылдықпен салыстырғанда 10 пайызы өскен. 2011 жылы 2008-2009 жылдардағы дағдарыс салдарынан жеңіспен шықты. Жарты жылдық тауар айналымы 6,2 миллиард еуроға (2010 жылмен салыстырғанда +18,5 пайыз) жетті, сөйтіп жаңа рекорд жасалды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ